Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 4910 8 пікір 9 Желтоқсан, 2022 сағат 13:46

Трумэн: Атом бомбасын тастау дұрыс шешім болды

және бұл жағдай үшін АҚШ ЕШҚАШАН КЕШІРІМ СҰРАМАЙДЫ

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталар тұсында Америка Құрама Штаттары Жапонияға қарсы соғысты тезірек аяқтау мақсатында атом қаруын қолданды. 1945 жылы 6 және 9 тамызда Хиросима және Нагасаки қалаларына атом бомбасы тасталды. Бұл оқиға адамзат тарихындағы адам баласына қарсы қолданылған алғашқы атомдық бомбылау ретінде тарихта қалды. Жапонияны түпкілікті тізе бүктіру мақсатында жасалған бұл атомдық бомбылаудың қажеттілігі болды ма деген мәселе әлі күнге дейін үлкен талас тудырып келеді.

Шындығында да, бүкіл қала халқын, оның ішінде жасы да, кәрісі де, әйел де жас балалар да бар, әскери маңызы жоқ нысанды жаппай қырып жоятын қарумен бомбылау қаншалықты қажет болды?

1944 жылы қыркүйек айында АҚШ президенті Ф. Рузвельт пен Ұлыбритания премьер-министрі У. Черчиллдің Гайд-парктегі кездесуі кезінде Жапонияға қарсы ұрыста атом қаруын пайдалану мүмкіндігі туралы сөз болады. 1945 жылдың жазына қарай Америка Құрама Штаттары Ұлыбритания мен Канаданың қолдауымен Манхэттен жобасы бойынша атом қаруын дайын етудің соңғы кезіне жетеді.

АҚШ екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында 400 мыңнан астам адамынан өлідей айырылады, оның тең жартысы жапондармен болған ұрыс қимылдарының нәтижесінде болады. 1945 жылдың сәуір-маусым айларында Окинава аралы үшін болған ұрыстарда американдықтар 12 мың адамынан айырылады, 39 мың адамы жараланады. Соғыстың соңғы айларындағы адам шығынын есептеген американдық командавание Жапонияны толық тізе бүктіру үшін одан да едәуір шығынның болатындығына күмән келтірмейді.

1945 жылғы 10-11 мамырда Лос-Аламоста атом қаруын қолданудағы негізгі нысандарды таңдау бойынша өткен кеңесте Киото (индустриялық орталық), Хиросима (кару-жарқ қоймалары орталығы, әскери порт, және әскери-теңіз флоты бас штабы орналасқан орын), Иокогама (әскери өнеркәсіп орталығы), Кокура (ірі әскери арсенал), Ниигата (әскери порт және машина жасау орталығы) таңдалады. Бірақ атом бомбасын тастауда тек әскери нысанды таңдау қажеттілігі қабылданбайды. Өйткені, шағын ғана аумақты алып жатқан әскери нысанды бомбылауда қателесу және оған дәл түсіруде де қателік болу мүмкін екендігі ескеріледі.

Сондықтан да атом бомбасын тастау нысанын таңдауда психологиялық факторларға назар аударылды. Әсіресе, жоғары психологиялық тиімділікке қол жеткізу алдыңғы қатарға қойылды. Алғашқы атомдық бомбылаудың қажеттілігін халықаралық қауымдастықтың да мойындауы да басты назарға алынды. Халық саны көбірек Киота қаласын таңдауда ондағы халықтың білімінің жоғары екендігі ескерілді, ал Хиросима қаласын таңдауда, оны қоршап жатқан төбелер тасталған бомбаның тиімділін арттыратындығы назарға алынды. АҚШ-тың әскери министрі Генри Стимсон Киото қаласын оның мәдени маңыздылығына байланысты тізімнен алып тастайды.

1945 жылы 16 шілдеде Нью-Мексика штатындағы полигонда алғашқы атом қаруының сынағы сәтті өтеді. Жарылыстың қуаты тротилондық эквивалент бойынша 21 килотонды құрайды. 24 шілдеде Подстам конференциясцы кезінде АҚШ президенті Трумэнге атом бомбасының сынақтан сәтті өткендігі туралы хабарлама келеді. Трумэн Сталинге АҚШ-тың аса қуатты қаруға ие болғандығын айтады. Бірақ оның атом қаруын екендігін айтпайды. Сталин оған мән бере қоймайды және оның қандай қару екендігін сезсе де өзінің ондай қаруға деген көңіл-күйін де, таңданысын да білдірмейді. Черчилль өзінің мемуарында Сталин Трумэннің не айтпақ болғанын түсінбегендігін жазады. Ал Жуковтың мемуарында Сталиннің Трумэннің не айтқанын анық түсінгенін, бірақ өзінің сыр бермегенін, «Молотовқа Курчатовтың өз жұмыстарын тездету керектігі» туралы тапсырма бергенін жазады.

25 шілдеде Трумэн 3 тамыздан бастап Хиросима, Кокура, Ниигата, немесе Нагасаки қалаларының бірін ауа райының қолайлы болу жағдайына қарай бомбылай бастау туралы бұйрыққа қол қояды. 26 шілдеде АҚШ, Ұлыбритания және Қытай Жапонияға тізе бүгуді талап еткен Подстам декларациясына қол қояды. Келесі күні жапон басылымдары ұшақтар арқылы жапон жеріне түсірілген үнқағаздар мен радио арқылы хабарланған тізе бүгу туралы талаптың қабылданбағандығы туралы хабарлайды. Жапон үкіметі осылайша тізе бүгу туралы талапты қабылдамайды. Жапонияның премьер-министрі Кантора Судзуки өз үкіметіне соғысты жалғастыра беруді тапсырады.

1945 жылдың мамыр-маусым айларында Тиниан аралына американдық 509-шы авиациялық топ келе бастайды. Арал басқа нысандармен салыстырғанда өте қырағы күзетке алынады. 20 шілдеде «Индианаполис» крейсері аралға алғашқы атом бомбасын жеткізеді. 28 шілдеде Штаб бастықтарының біріккен комитетінің бастығы Джордж Маршал ядролық қаруды қолдану туралы бұйрық береді. Бұйрықта 3 тамыздан кейінгі ауа райы қолайлы болған кез келген күні ядролық соққы беру туралы айтылады. 29 шілде күні Тинианға АҚШ стратегиялық авиациясының қолбасшысы генерал Карл Спаатс Джордж Маршалдың бұйрығын алып келеді. 28 шілдеде және 2 тамызда екінші атом бомбасы мен оның компонеттері Тинианға жеткізіледі.

Хиросима теңіз деңгейінен сәл жоғары жазықта, Ота өзенінің сағасында, алты аралды алып жатқан қала. Қалада бесінші дивизия штабы және фельдмаршал Сюнроку Хатаның екінші негізгі армиясының штабы орналасқан болатын. Соғыс аяқталар түста қалада 245 мыңдай халық болды.

31 шілдеде атом бомбасын тастаудың барлық дайындығы аяқталады. Тек ауа райының қолайлы болуы ғана күтіледі. 6 тамызға дейін Хиросима аспанын қою бұлт пен жаңбырлы күн және тұман басып тұрды. Ақырында 6 тамыз, дүйсенбі күні Хиросима аспаны ашылады.

Таңғы уақыт 2 сағат 45 минутта Тиниан аралынан полковник Пол Тибетс басқарған В-29 бомбылаушы ұшағы тротилондық эквивалент бойынша қуаты 20 килотондық атом бомбасын алып, аспанға көтеріліп, аралдан 2500 шақырымдағы Хиросимаға бағыт алады. Оған алты ұшақ, оның бірі қосымша ұшақ, үшеуі барлаушы ұшақ және екі бақылаушы ұшақ ілеседі. Нагасаки мен Кокуреге бағыт алған барлаушы ұшақтар бұл қалалардың аспанын бұлт басып тұрғанын хабарлайды. Үшінші барлаушы ұшақтың командирі майор Изерли Хиросима аспанының ашық екенін хабарлап, «Бірінші нысанды бомбылау» туралы белгі береді.

Жеті сағат 09 минутта жапон радарлары қалаға бірнеше американдық ұшақтың жақындағаны туралы хабарлайды. Бірақ бір немесе үш ұшақтың ғана көрінгені туралы мәлімет алған ескерту командасы әуеге жапон ұшақтарын ұшыру туралы команда бермейді. Тұрғындарға бомбадан қорғану орындарына бару туралы ғана белгі (сирена) беріледі.

8 сағат 14 минут 15 секундта Пол Тибетс 9 мың метр биіктіктен бомба люгіндегі атом бомбасын люктен босатады. Төмен қарай құлдыраған төрт тонналық бомба жерге 400-600 метр қалғанда іске қосылып жарылыс жасалады. Бомба Айон көпірі маңына түседі. Көпірге жақын жерде 600 метр жерде ауыр дертке ұшыраған балаларды емдейтін Сима госпиталы бар болатын. Атом бомбасы ешкімді де аямады.

Жарылыстың дәл уақытын сол кезде тоқтап қалған сағат тілдері де 08 сағат 15 минутты көрсеткен болатын. Экипаж командирі Тиббетс жарылыс нәтижесінен көргеннен кейін әскери базаға «Жарылыс нәтижесі біз күткеннен де жоғары болды» деп хабар береді.

Жарылыстан іле-шала кейін Токионың хабар тарату корпорациясының операторы Хиросима станциясының эфирге белгі (сигнал) беруін тоқтатқанын байқайды. Ол басқа телефон линиясы арқылы қайтадан хабарды қосуға әрекеттенеді. Бірақ одан да ештеңе шықпайды. Жарылыстан 20 минуттан кейін Токио темір жол басқару орталығы Хиросимадан солтүстікке таман телеграфтық линияның жұмыс істемей тұрғанын біледі. Дегенмен де Хиросимада он алты шақырым қашықтықтағы кішігірім станциядан сұмдық жарылыстың болғаны туралы ресми емес мәліметтер түседі. Бұл хабардың барлығы Бас штабтың ставкасына жіберіледі.

Жақын маңдағы әскери базалар да Хиросимаммен байланыс жасауға әрекеттенеді. Ешқандай жауаптың берілмеуі Бас штабты тығырыққа тірейді. Бас штаб Хиросима жақта ешқандай ірі әскери әуе шабуылының болмағанына сенімді болатын. Сонымен қатар қару-жарақ қоймаларында да ірі жарылыстың болмағанын білетін. Сондықтан да Хиросимаға жас ұшқышты тез арада ұшуды және Хиросимаға қонып жағдайды біліп қайтуға жібереді. Бас штаб Хиросима маңында ірі жарылыстың болғаны туралы сөзді қауесетке бағалайды.

Хиросимаға қарай ұшқан ұшақ офицері және оның пилоты қалаға 160 шақырым қалғанда бомба түтіндерінен пайда болған бұлтты байқайды. Аспан ашық болса да қара бұлт Хиросиманы жауып тұр екен. Төменнен түтінге оранған қала қирандысы көрінеді. Қаланы айнала ұшқан олар өз көздеріне сенбейді. Қаланың оңтүстік тұсына қонған олар Токиоға болған жағдайды хабарлайды және өздері басқаларды құтқаруға кіріседі.

Атом бомбасының тасталғаны туралы алғашқы ресми хабарды атом бомбасы тасталғаннан кейін он алты сағаттан кейін Вашингтон ресми түрде хабарлайды. Осы хабардан кейін ғана жапондықтар апаттың неден болғанын түсінеді.

Жарылыс эпицентріне жақын болғандар сол сәтте-ақ қаза болды, олардың денелері сол сәтте-ақ күлге айналды. Сол жерде ұшып бара жатқан құстар ауада жанып кетті. Эпицентрден екі шақырым жердегі құрғақ жанғыш заттар да (қағаз және т.б.) бір сәтте жанып кетті. Жарық сәулесі адамдардың киімдерін денелеріне жабыстырды немесе жандырып жіберді.

Ғимарат сыртында болғандар алдымен көз қарықтыратын жарықтың болғанын айтады. Жарықпен бір мезгілде адамды тұншықтыратын ыстықтың ұрғанын туралы да айтылады. Эпицентрге жақын болғандар бір сәтте күшті ауа толқынынан жерге құлаған. Ғимарат ішінде болғандардың көпшілігі жарық сәулесінен аман қалғанымен, қирандылар астында қалған. Бірненше минут ішінде эпицентр маңында болғандардың 90% өлген. Жарылыс толқыны 19 шақырымға дейін жеткен. Бір уақытта пайда болған мыңдаған шағын өрттер, көп ұзамай біртұтас үлкен отты шарға айналып, бүкіл қаланы қалың от орайды. Сағатына 50-60 шақырым болған жел екпіні де отты одан сайын күшейте түседі.

Атом бомбасы тасталғаннан бірнеше күннен кейін медиктер жарылыстан аман қалғандардан алғашқы сәулелену белгілерін байқайды. Көп ұзамай жарылыстан қаза болғандар саны өсе түседі. Сәуленуден қаза болғандардың ең жоғары көрсеткіші 3-4 аптада байқалады, 7-8 аптадан кейін сәулеленуден өлгендердің саны азаяды. Бірақ сәулелену зардабын өмір бойы тартқандар көп болды. Радиациялық уланудан алғашқы қаза болған адам ретінде актриса Мидори Нака тіркелді. Хиросима жарылысының куәгері болған Мидори 1945 жылы 24 тамызда жан тапсырады.

Екінші атом бомбасын тастау 11 тамызға белгіленген болатын. Бірақ ол екі күнге алға жылжытылды. Өйткені 10 тамыздан бастап бес күні бойы ауа райының бұзылатындығы туралы мәлімет түседі. Сондықтан да екінші бомбылауды бес күнге кешіктіргеннен гөрі, екі күн ерте тастау туралы шешім қабылданады. Осылайша алғашқы атом бомбасын тастаудан кейін, үш күн өткен соң майор Чарльз Суини басқарған В-29 бомбылаушы ұшақ плутоний атом бомбасын алып аспанға көтеріледі.

Бомбылау нысаны ретінде Кокура қаласы таңдалады. Бірақ нысанаға жетер тұста Жапонияның оңтүстігінен көтерілген жел сол тұста жанып жатқан металлургиялық комбинаттың түтінімен Кокура қаласының үстін жабады. Бұл кезде ұшақтың жағармайы да таусыла бастаған болатын. 8 сағат 50 минутта бомбылаушы ұшақ Кокуре қаласына бет алады және 9 сағат 20 минутта Кокура аспанына жетеді. Бірақ қала аспанын түтін және бұлт 70% басқандықтан қаланы үш рет айнала ұшып нысанаға бомбаны тастау мүмкін болмағандықтан экипаж командирі Суини амалсыздан қосымша нысана – Нагасакиге бет алады.

10 сағат 53 минутта жапондық әуе қорғанысының күштері екі американдық ұшақтың қалаға жақындағанын байқайды. Бірақ оларды барлаушы ұшақтар ретінде қабылдап әуе дабылын бермейді. 10 сағат 56 минута В-29 бомбылаушы ұшағы нысанаға жетеді. Бірақ бұл қаланы да бұлт баса бастаған еді. Соңғы сәтте нысана көздеуші капитан Кермит Бихан бұлттар арасынан қала стадионының көрінісін байқап қалады. Бомбаны тастауға бұйрық беріледі. Осылайша 11 сағат 02 минутта Нагасаки қаласына атом бомбасы тасталады.

Бұл бомба да бірінші бомба сияқты күткен нәтиже береді. Ғаламат зор жарылыс болады. Жарылыс күші 21 килотоннаны құрайды. Жарылыстан қаза болғандар саны шамамен 70-80 мың адамға жетеді. 1945 жылдың соңына қарай қарай онкологиялық және сәулелену зардаптарынан қаза болғандар саны Хиросимада 90 мыңнан 166 мыңға дейін, Нагасакиде тағы 60-80 мыңға дейін жетеді. Атом бомбасының зардабынан қаза болғандар саны одан кейінгі жылдары да өсе түседі. 2013 жылғы 31 тамыздағы мәлімет бойынша бомбылау әсерінен қаза болғандар саны шамамен 450 мың адамды, Хиросимада 288818, Нагасакиде 162083 адамды құрайды. Бұл санға радиацияға шалдыққан әйелдерден туған және одан кейін қайтыс болған балалар да кіреді.

6 тамызда Хиросима қаласына тасталған бомбаның сәтті жасалғаны туралы хабар алғаннан кейін АҚШ президенті Трумэн «Біз қазір Жапонияны толық талқандау мүмкіндігіне ие болдық. Біз олардың жер бетіндегі барлық өндірістік қуатын, кез келген қаласын талқандауға дайынбыз. Біз олардың порттарын, зауыт-фабрикаларын, олардың коммуникацияларын талқандаймыз. Біз Жапонияның осындай қырғынға ұшырамауы үшін 26 шілдеде ультиматум жібердік. Бірақ олардың басшылығы біздің талабымызды орындамады. Егер олар біздің талабымызды тағы да орындамайтын болса, олардың төбесінен бұрын соңды тарихта болмаған отты қырғын тасталады» деп мәлімдеме жасайды.

Атом бомбасының қуаты жапондықтарды естен тандырды. 8 тамызда Жапонияның премьер-министрі Кантора Судзуки және Жапонияның сыртқы істер министрі соғысты тоқтату керектігі туралы айтады. 14 тамызда Жапон императоры Хирохита тізе бүгу туралы рескриптке қол қояды. 15 тамызда Жапония өзінің тізе бүгетіндігі туралы ресми түрде жариялайды.

9 тамызға дейін Жапонияның әскери кабинеті түпкілікті тізе бүгуді төрт шарт бойынша қабылдау бойынша кеңес өткізді. Тізе бүгу туралы төрт шарттың бірі Кеңес Одағының делдалдығымен тізе бүгуді жеңілдету қарастырылған болатын. Бірақ 8 тамызда Кеңес Одағының Жапонияға қарсы соғыс жариялағаны туралы және 9 тамызда Нагасаки қаласына да атом бомбасының тасталғаны туралы хабар келеді. 9 тамыздан 10 тамызға қараған түні «Үлкен алтылықтың» отырысында дауыс үште үш болып тең бөлінеді. Талқылауға император араласады. 10 тамызда одақтастарға тізе бүгу туралы ұсыныс жасалады. Тізе бүгу ұсынысында бір ғана шарт – император билігін қалдыру сұралады. Тізе бүгуге қарсылар әскери төңкеріс жасауға да әрекеттенеді. Бірақ император олардың есіне атомдық бомбылауды түсіреді. Император «Қарсыластың қолында сұмдық күшті қару бар. Ол қару мыңдаған кінәсіз бейбіт адамдардың өмірін жалмайды және біздің өндірісімізге өлшеусіз зардабын тигізеді. Егер біз қарсыласуды жалғастырсақ тек жапон халқы ғана емес, бүкіл адамзат қырғынға ұшырайды. Қазіргі жағдайда біз өзіміздің миллиондаған отандастарымызды құтқара алмаймыз. Және өзіміздің ата-бабаларымыздың алдындағы қасиетті аманатымызды орындай алмаймыз. Сондықтан да біз қарсыластың талабын және қойған шарттарын орындауға тиіспіз» деп сөз сөйлейді.

9 тамызда Кеңес Одағы Жапонияға қарсы «Маньчжурия операциясын» бастайды. Шабуыл басталар қарсаңында Кеңес одағының Қиыр Шығыстағы әскер саны 1,7 млн., Жапонияның әскер саны 1 млн-нан астам адамды құрады. Күшті қорғаныс пен қиын кедергілерге қарамастан Кеңес Армиясының қарқынды шабуылына жапон әскерлері қарсы тұра алмайды.

2 қыркүйекте американдық «Миссури» линкорында Императордың және жапон үкіметінің өкілі ретінде Жапонияның сыртқы істер министрі М. Сигемицу, Жапония Бас штабының бастығы Й. Умедзу, Одақтастар әскерінің бас қолбасшысы армия генералы Макартур (АҚШ), генерал-лейтеннат К. Деревянко (КСРО), флот адмиралы Б. Фрейзер (Ұлыбритания) өздерінің мемлекеттерінің атынан «Жапонияның сөзсіз тізе бүгуі туралы» актіге қол қояды. Актіге қол қою кезінде Франция, Нидерланды, Қытай, Австралия, Жаңа Зеландия елдерінің өкілдері де қатысады. Осылайша алты жыл бір күнге созылған екінші дүниежүзілік соғыс аяқталады.

АҚШ-тың жапон қалаларын атом қаруымен бомбылауының қажеттілігі мен оның негізсіздігі туралы әскери, ғылыми және қоғамдық талас пікір әлі күнге дейін жалғасуда. 2005 жылы американдық тарихшы Сэмюел Уокер «бұл тақырыптағы талас пікірдің жалғасуы заңды, өйткені бұл талас тудыратын тақырып» деп жазды. Уокер сонымен бірге «Атом бомбасын қолдану АҚШ үшін Тынық мұхиттағы соғыста қаншалықты қажет болды?» деген сұрақты да көлденең тартады.

Бомбылауды жақтаушылар ол Жапонияның тезірек тізе бүгуіне себеп болды дегенді айтады. Яғни, бұл бомбылау АҚШ жақтан да, Жапония жақтан да және Азия елдерінің де, әсіресе қытай халқы жағынан да мүмкін болар адам шығынын едәуір азайтты дегенді дәлел етеді.

2015 жылы Хиросима мен Нагасаки қалаларына атом бомбасының тасталуының 70 жылдығында Трумэннің немересі Дэниел Клифтон Трумэн «Менің атам өмірінің соңына дейін Хиросима мен Нагасаки қалаларына атом бомбасын тастау дұрыс шешім болды. Және бұл жағдай үшін АҚШ ешқашан кешірім сұрамайды» деп мәлімдеген де болатын. Бомбылауды жақтамағандар атом бомбасы Жапонияны жеңуде тек қосымша күш ғана болды, бұл кезде жапондардың күші сарқылып, олардың жеңілетіндегі белгілі болған еді, атом бомбасын қолдану адамгершілік тұрғыдан да дұрыс қадам болған жоқ дегенді келтіреді. Кейбір зерттеушілер АҚШ атом бомбасын қолдану арқылы өзінің ғаламат күшін Кеңес Одағына көрсеткісі келді, өздерін әлемдегі ең күшті ел ретінде дәлелдегісі келді дегенді айтады. Шындығында да солай болған да сияқты.

«Әлемге әйгілі тұлғалар мен айтулы оқиғалар» кітабынан үзінді

Бекмырза Сырымбетұлы

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377