Сейсенбі, 24 Ақпан 2026
Саңлақ 97 0 пікір 24 Ақпан, 2026 сағат 14:36

Қысқы Олимпияда сабақтары

Сурет: Сали Сабиров / olympic.kz.

Жаһан жұрты көз тіккен Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен XXV қысқы Олимпия ойындары мәресіне жетті. Төрт жылдықтың басты додасына әлемнің 94 елінен 2917 спортшы қатысып, 16 дисциплина бойынша 116 жүлде жиынтығын сарапқа салды.

Қазақстан ұлттық құрамасы қысқы Олимпиадаға 10 дисциплина бойынша 36 спортшымен (18 ер, 18 әйел) қатысты. Атап айтқанда, мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру, шорт-трек, фристайл-акробатика, фристайл-могул, шаңғымен тұғырдан секіру, тау шаңғысы, шаңғы жарысы, биатлон және шаңғы қоссайысы спорт түрлерінен сынға түсті. Отандастарымыз 49 медаль жиынтығы сарапқа салынған бәсекелерде бақ сынады.

Медал саны жағынан әдеттегідей Солтүстік Еуропа саңлағы Норвегия көш бастады. Біз 19-шы орынға табан тіредік. Климаты бізге жақын Белгия мен Финландияны артта қалдырғанымызды, алғашқы жиырмалыққа енгенімізді қанағат тұттық. Бізді 94 елдің ішінен алдыға шығарған жалғыз алтын. Бұл жолы Қазақстан құрамасының маңдайына жазғаны осы жолғыз алтын медал болды. Басқа күміс те жоқ, қола да жоқ.

Отандық спорт үшін биылғы Олимпиаданың ең ірі жетістігі 13 ақпанда тіркелді. Сол күні отандасымыз Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы атанды. Бұл – Қазақстанның қысқы Олимпиадада кейінгі 32 жылда жеңіп алған тұңғыш алтын медалі әрі мәнерлеп сырғанаудан ел тарихындағы алғашқы Олимпиада чемпионы. Бұған дейін бұл спорт түрінен Қазақстан қоржынында тек қола жүлде болған. 2014 жылғы қысқы Олимпиадада Денис Тен үшінші орыннан көрінген еді. Ал 2022 жылғы Олимпиадада аталған дисциплинада отандық спортшылар қатысқан жоқ. Қазақстанның қысқы Олимпиададағы бұған дейінгі алғашқы әрі әзірге ең кейінгі алтын жүлдесі 1994 жылы тіркелген болатын. Сол жылы шаңғышы Владимир Смирнов Олимпиада чемпионы атанған еді.

Олимпиада барысында отандық спортшылар бірқатар тәуір нәтижелерге қол жеткізді. Мәнерлеп сырғанаудан 19 жастағы Софья Самоделкина Олимпиададағы дебютінде 207,46 ұпай жинап, жеке рекордын жаңартып, 10-орын иеленді. Бұл – Қазақстан тарихындағы әйелдер арасындағы мәнерлеп сырғанаудан Олимпиададағы ең жоғары нәтиже.

Конькимен жүгіруден Надежда Морозова 3000 метр қашықтықта 6-орын, 5000 метрде 10-орын алып, 1998 жылдан бергі отандық конькишілердің ең үздік көрсеткішін тіркеді. Елизавета Голубева 1500 метрде 7-нәтиже көрсетіп, 3000 метрде үздік ондыққа енді. Сонымен қатар әйелдер құрамасы командалық жарыста Олимпиаданың ең үздік сегіз командасының қатарына қосылды.

Өзге спорт түрлерінде де айтарлықтай ілгерілеу байқалды. Шаңғымен тұғырдан секіруден 19 жастағы Илья Мизерных үлкен трамплинде 8-орын алып, осы спорт түрі бойынша Қазақстанның Олимпиада тарихындағы ең үздік нәтижесін көрсетті. Шорт-тректе Денис Никиша 500 метр қашықтықта 7-орынға ие болып, алдыңғы Олимпиададағы нәтижесін жақсартты. Фристайл-могулда бірден екі спортшымыз үздік ондыққа енді: Анастасия Городко 8-орын, Павел Колмаков 9-орын алды. Сондай-ақ конькимен жүгіру сайысында Евгений Кошкин 500 метр қашықтықта 9-орын, фристайл-акробатикадан (микст) командалық бәсекеде жерлестеріміз 7-орын алды.

Бұқаралық ақпарат құралдарында Министрліктің Миланда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына дайындық аясында спортшыларды төрт жыл бойы даярлауға 13,3 млрд теңге бөлгені айтылған еді. Негізгі қаржылық жүктемені өңірлер көтерген. Мәселен, жалпы соманың 50%-ы (6,65 млрд теңге) жергілікті бюджеттерден бөлінген. Республикалық бюджет шығындардың 35%-ын қамтамасыз етсе, қалған 15%-ы бюджеттен тыс және демеушілік қаражат есебінен түскен.

Жоғарыдағы жойқын сомаға қарап ел үмітінің ақталған-ақталмағанын өзіңіз пайымдай беріңіз. Министрлік бір ғана алтын медал иегері Михаил Шайдоров пен  оның командасының дайындығына 2025 жылы 263 394 581 теңге жұмсалғанын жариялаған еді. Бұған басқа емес, чемпионның өзі наразы болды.

«2025 жылы толыққанды жағдай жасалды, пікіріме құлақ асты және мен мұны бағалаймын. Бірақ олимпиадалық цикл алты аймен шектелмейді. Себебі бұл қолдау тек олимпиадалық маусымға берілетінін білдім және оны барынша тиімді пайдалануға тырыстым.

Министрлік алтын медаль үшін маған шот ұсынғандай көрінді. Ол дұрыс емес. Ақшаға емес, нәтижеге назар аударылғанын қалаймын. Мәнерлеп сырғанау қымбат спорт екенін бәрі біледі. Шыны керек, нақты қанша төленгенін де есептеп көрген жоқпын. Бірақ берілген қаржының барлығы тек дайындыққа жұмсалды. Бұған ешкімнің күмән болмауы тиіс», – деді чемпион.

Бұл жолғы қысқы аламанға елімізден спортшылар ғана емес, Надежда Парецкая  есімді төреші де қатысқан екен. «Ауылдағының аузы сасық» дегендей ол Шайдоров бастаған отандық мәнерлеп сырғанаушыларға төмен баға қойып, ресейлік мәнерлеушілер мұз айдында бірнеше мәрте аунап тұрса да жоғары бал қойған. Бұл жайт жұрт назарынан тыс қалмаған. Әлеуметтік желілерде кейбір белсенділер Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінен ресми түсініктеме талап етуде. Сонымен қатар, не себепті Олимпиадаға төреші ретінде 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Элизабет Турсынбаева жіберілмегені жөнінде де сұрақтар қоюда.

Милан Олимпиадасындағы төрешілер шешімі мәнерлеп сырғанауда кезекті дауға себеп болды. Қазақстандық төрешінің бағасы жанкүйерлер арасында қызу пікірталас тудырып отыр. Ал ресми органдар тарапынан әзірге нақты түсініктеме берілген жоқ.

Қысқы доданың аяқталуына байланысты Шайдоровтың тарихи алтынының буы басылып, сынға ауысты.

Елімізді бұл жолғы жаһандық аламанның бас жүлдегері Норвегиямен салыстырып жатқандар да табылып жатыр. Олар екі елдің де мұнайға бай, қысы ұзақ болғанымен, нәтиженің екі бөлек болуының себебін өз тұрғысынан пайымдап жатыр. Саяси құрылымын салыстырып жатқандар да бар. Қалай десек те, Норвегиядан үйренеріміз көп екені анық. Қысқы ойындарды көңіл көтеру үшін емес, маусымдық дағдыға, бұқаралық спортқа айналдырсақ, жалғыз алтын емес, қысқы спорттың барлық түрінен чемпиондар шығатыны анық.

Abai.kz

0 пікір