Өнер адамдарының елден кетуі сәнге айналып бара ма?
Күнделікті күйбең тірлік бәрібір пендені айтқанымен жүргізіп, айдағанына көндіреді-ау... Тіпті жер-жаһанды дүр сілкінткен жандар, мейлі әнші, мейлі киножұлдыз, мейлі талантымен тас жарған тағы біреу, көзден кетсе болғаны, көңілден де өше бастайтыны өтірік емес. Редакциямызға таяуда біреу хабарласты, салғаннан-ақ «осы Аянат қайда жүр өзі?» деп бастады әңгімесін. Әй-шай жоқ сөзді осылай бастаған соң, біз ойланып үлгермей қалдық «Аянат... кімді айтып тұр?» деп тосырқай қалдық. Содан соң барып біртіндеп көңіл түкпірінде көмескіленіп бара жатқан «Көшпенділер» жадымызда қайта жаңғырды.
Күнделікті күйбең тірлік бәрібір пендені айтқанымен жүргізіп, айдағанына көндіреді-ау... Тіпті жер-жаһанды дүр сілкінткен жандар, мейлі әнші, мейлі киножұлдыз, мейлі талантымен тас жарған тағы біреу, көзден кетсе болғаны, көңілден де өше бастайтыны өтірік емес. Редакциямызға таяуда біреу хабарласты, салғаннан-ақ «осы Аянат қайда жүр өзі?» деп бастады әңгімесін. Әй-шай жоқ сөзді осылай бастаған соң, біз ойланып үлгермей қалдық «Аянат... кімді айтып тұр?» деп тосырқай қалдық. Содан соң барып біртіндеп көңіл түкпірінде көмескіленіп бара жатқан «Көшпенділер» жадымызда қайта жаңғырды.
Есмағанбет пен Мұхаммедті елде қалдырып, Кісенбай мен Керей шетел асып кетті
Су түбінде жатқан тасты жел толқытса шығатынын кезінде Асандай атамыз айтып кеткендей, бір ғана жайт, кейде басқа да көптеген дүниеге қозғау салып кетеді. Аянатты іздеген кездейсоқ бір қоңыраудан кейін біз жалғыз ол жайлы емес, жалпы қазір көрінбей кеткен «жұлдыздар» жайлы ойланып кеттік. Қазақ таудай үміт артқан тарихи туынды «Көшпенділердің» басты рөлін жүздеген, мыңдаған дәмелі қыздардың арасынан суырып алып кеткен Аянаттың бағы емей немене? «Нағыз қазақ қызына тән бояуын жоғалтып алмаған көркі үшін алдық» деп режиссерлер түсініктеме берген еді, «фильмнің басты кейіпкері ретінде өзіне артылған жауапкершілік жүгін сезіне алмаған, неге басқа біреуді таңдамады?» деген көрермен сынына. Оған дейін Аянат Есмағамбетова Сатыпалды Нарымбетовтің «Қыз жылаған» атты трагедиялық фильмінде көрінгені есте болар. Ол кезде небары 14 жаста болса, араға екі жыл салып Аянат қыз 16 жасында «Көшпенділерге», ал 20-ға толғанда «Ұлжан» атты тағы бір кинокартинаға түсіп үлгерген. Оның режиссері - «Оскар» сыйлығының иегері Фолькер Шлиндорф. Қысқаша айтқанда, Аянаттың 20 жасына дейін тындырған ісі - осы, яғни айтуға тұрарлықтай. Алайда қазақ көрерменін дәл қазір «Аянат қайда?» деген сұрақ мазалап жүрсе керек. Сонымен сұрау салып көрсек, қызымыз шекара асып кеткеніне көз жеткіздік. Атап айтқанда, АҚШ-тың белді бір қаласы Нью Йорк киномектебінде оқып жүргенге ұқсайды. Айтпақшы, Аянатты қазір Есмағамбетова деген тегімен іздесеңіз таппайсыз, себебі ол өз тегін Кісенбай деп өзгертіп жіберген.
Тегі дегеннен шығады, осы біздің қазақ өнерпаздары шетел асса неге аты-жөнін өзгертеді екен? Ең бірінші осы үрдісті жезтаңдай әншіміз Майра Мұхамедқызы бастап еді. Еуропаның шақыртуымен ән салуға кеткен, кетісімен Керей болып шыға келді. «Онысы несі, әкесінің атынан руы артық боп кетті ме, тіпті қазақ болғаннан гөрі керей болғанды артық санады ма?» деп үдере көтерілген елдің сұрағына әншінің берген жауабынан аңғарғанымыз, еуропалықтар Майра Мұхаммед деп айтуға қиынсынады-мыс. Бұл - бір, екіншіден, Мұхаммед деген тегінен ел шошынады-мыс. Әсіресе, 11 қыркүйектегі оқиғадан соң дегенге саяды. Бұл, негізінен, қисынсыздау, себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мұхаммедтің есімі еуропалықтарға жат емес, тіпті дәл сондай есімді қара нәсілді боксшы Касиус Клей исламды қабылдағаннан кейін өзіне есім етіп алып, бүгінде «Мұхаммед Әли» атанғанынан күллі ғалам хабардар.
Із-түзсіз кеткен бір әнші, бір биші...
Қазақта әлі клип онша жоқ кезде «Звездные ночи» деген әнінің бейнеклипімен жарқ етіп экранға шыға келген Рахат Тұрлыхановтың жасы да сонда 15-те болатын. Артынша-ақ бірден «Асыл әжем» деп қазақшаға көшкен Рахат «Ботагөз», «Сағындым, аяулым сені» секілді бірнеше хит әндерді нөсерше төпелетті де, көп ұзамай көкжиектен жоғалды. Шыны керек, көрермен оны жақсы көріп үлгерген, сондықтан өң мен түстің арасында аң-таң болды да қалды. Бірақ Рахат жай жоқ болып кетпеп еді, Ұлыбритания астанасы Лондонға оқуға түскенін естіп, «жөн» дестік.
Осылайша, орнын сипатып кеткен бір тұлға - биші Шұғыла. Қазақ сахнасына мың бұралған биімен келгенде жарқ етіп таң атқандай болып еді. Билегенде тура буын-буыны былқылдайтын туматалантты көршілес Қытайда жүрген жерінен еліне арнайы алдырған Елбасымыздың өзі болатын. Ал бүгінде сол Шұғыла қайда? Би өнерін шынымен тастап кеткені ме? Неге бұлай дейміз, себебі бір-екі рет ән салып, клипімен шыққанын көргеніміз бар, бірақ тағы да басқа атпен. Анық-қанығын өзінен сұрайын десек, елден сұрап әзер қол жеткізген нөмірге қоңырау шалсаңыз, «бұл нөмір уақытша сөндірулі, кейінірек хабарласыңыз» деген оператор даусы өрекпіген көңіліңізді су сепкендей басып тастайды. Ал ел Шұғыласын сағынып жүр...
Айтпақшы, осыдан біршама жыл бұрын қазақтың жап-жас балерині Дастан Шыныбаевтың шетелге сап-сау кетіп, сүйегі оралғаны есіңізде болар. Қыршын кеткен қайран жасты сонда біріміз іздедік пе? «Қайда, қандай халде жүр, аш па, тоқ па?» деп біріміз ойладық па? Кезінде іздемеген соң, артынан өкінгенмен не пайда? Қысқасы, бір Аянаттан басталған әңгіме, талай шерді толқытып, біраз жайтты қозғап кетті. Әрине, іздер болса, өнерде де аттары мұнда аталмаған талай тұлғаларымыз бар, басқа саланы айтпағанның өзінде. Бір ауыз сөзбен түйіндегенде, айтарымыз - көзден кетсе, көңілден де кетіре салмай, өз перзенттерімізді іздей жүрейік те. «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын» деп Ахаң, Ахмет Байтұрсынов текке ескертіп кеткен жоқ қой?!.
Тұрсыновты не түлен түртті?
Биылғы жыл «Шал» секілді кесек туынды түсіріп, қазақтың қара шалын кайта тірілткен, көрерменнің көзіне жас алдырған кинорежиссер Ермек Тұрсынов кенет елді селт еткізер мәлімдеме жасамасы бар ма? Ол не мәлімдеме дерсіз? «Елден кетем!» деген. Әрине, дәл қазір емес, зейнет жасына жеткенде. Неге? Себеп, «Өзінің қарттарына құрмет көрсете алмайтын мұндай елді мен де құрметтей алмаймын. Сондықтан зейнет жасына жетісімен бұл елден кетем» деді ол «Мегаполистің» қойған сұрағына берген жауабында. Бүгінде 51-ге келген Тұрсынов, шынында «кетем» деп шешсе, онда оның бұл елді тастап кетуіне көп қалған жоқ. Бірақ шынында кете ме? Күмәндануымызға себеп Ермек Тұрсыновтың өз сөзі. Газетімізге берген сұхбатынан үзінді келтірсек: « - Сіз қаншама жыл шетелде, атап айтқанда Сирия, Йордания секілді ислам елдерінде өмір сүрдіңіз. Шетте өмір сүрген адам елдегі адамнан гөрі елін, Отанын әлдеқайда кеңірек танитыны сөзсіз. Сол жат елде өмір сүрген кездеріңізде, қазақ елі, Қазақстан жайлы не ой түйдіңіз? Біздің өзге елдерден қай қырымыз артық, қай жағынан бізге қарныңыз ашты? Елге қайта келген соң қандай сезімде болдыңыз? Қайтадан шекара асып кеткіңіз келе ме, әлде қандай да болса осы елде сүйегіңіздің қалғанын қалайсыз ба?
- Ешқайда кетпеймін, кетпек те емеспін. Бұл - менің жерім, мен өз үйімде жүрмін. Есімде, АҚШ-та өмір сүрген бір жылымда өң мен түс арасындағыдай күй кештім. Араладым, таныстым, оқу-шоқумен айналыстым, Ал одан соң... одан соң туған топырақты аңсай бастадым... Өзіме жайлы жұмыс, жақсы өмір ұсынған жат мемлекетте тып-тыныш жата беруіме болар еді. Киноны ол жақта да түсіруге болады. Төңкеріс жасаймын деген де ойым жоқ. Біреуге өз дүниетанымымды таңып, үйреткім келмейді. Тек өз күмәнімді ортаға саламын. Тек... киномызды қазір бәрі езіп жатыр... Шиеленіскен шаруа жетерлік. Алайда бір нәрсені ашып айта аламын. Елдің бәрі шетелге қашып жатқанда менің шетелден оралуымның да себебі сонда...»
Біз Тұрсыновтың осы сөзіне сенеміз, сондықтан оның «кетем» дегенін өзі үшін емес, қарттардың қамы үшін айтқанын сезіп тұрмыз, яғни осы сөзі арқылы ол ел тізгінін ұстағандардан бастап, қарапайым тұрғындарына дейін қарттарға деген құрметін оятуды көздеп отыр. Бұл - бір, екіншіден, өз қарттығын да ойлап отырғаны болар: «тұла бойда күшім барда керекпін, ал ертең сол күшімді сарқып берген соң, керек болмай қалсам, мұндай елден не қайран деп?» Ал бұл жалғыз Ермектің емес, бәріміздің жанымызды ауыртып, түн ұйқымызды бөлетін ой болуға тиіс.
Жалпы, бір емес, бірнеше жылдан бері үздіксіз жүзеге асып жатқан қазақ өнерпаздарының шетелге кетіп қалуының сырын түсіне қою қиын. Астарына үңілгіміз келді. Қазақта «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деген сөз барын білеміз. Ендеше елде бәрі жақсы болса, өнерлілеріміз неге елден кетеді? Кімге, неге өкпелейді? Осы сұрақты бірнеше жылдан бері елімізде төбе көрсетпей кеткен кинорежиссер Ардақ Әмірқұловқа қойып та көріп едік, бір кездескенде. («Алаш айнасы, 24 қараша, 2012 жыл»)
Ардақ Әмірқұлов, кинорежиссер:
- Халқымыз аз, «кішкентай» ғана елміз» дейсіз. Онда, Сіз, үлкен тұлға болсаңыз, неге еліңізде тұрмайсыз? Неге біздің көптеген өнер адамдарымыз, тұлғаларымыз мұнда ел-жұрты рухани, мәдени жағынан қиын жағдайда тұрғанда, шетелге кетіп, сонда шалқып өмір сүреді? Кетпес бұрын неге ең болмағанда жоғары жаққа еліміздің өнер жағдайын айтып, ашық хат жазбайды? Әлде елге деген өкпесін солай үндемей кету арқылы білдіргілері келе ме?
- Өзгелердың неге кетіп жатқанын түбегейлі түсіндіру мүмкін емес, себебі әркімнің өз себебі бар. Қазір мен олар жайлы бірдеңе дер болсам, сыртынан сыбағандық болады. Бірақ білетінім, жалпыға ортақ проблема - ақша. Бір жаманы, бізде елде жүрсең сыйың болмайды да, елден кетіп, содан соң сыртта жүріп жақсы туынды жасасаң, сосын барып өзіміздікілер саған жақсы ақша ұсынып, шақырады. Сондықтан, меніңше, кетіп жатқан адамдар тек ақша үшін ғана емес, өз бойындағы дарынын, өз мүмкіндігін көрсету үшін кетуге мәжбүр болатын сияқты. Ал өз басыма келсек, мен ешқайда кеткенім жоқ, осы Алматыда өмір сүремін. Тек, жеке бизнесіме байланысты шетелге жиі шығатыным болмаса. Үнсіз жатқаным, кетіп қалғаным болмаса керек. Сіздер ойлағандай, менің астамсып кеткенім жоқ. Өмірді сіздер қалай сүрсеңіздер, мен де солай сүремін. Бәлкім, өз алдыма жеке іс, жеке кәсібім болғанға «асып-тасып кетті» деп ойлайтын шығарсыздар? Білгілеріңіз келсе айтайын, мен негізі шығармашылықпен айналысуды армандаған адаммын. Ал енді жақсы тұрмысты, жайлы өмір кешуді аңсамайтын адам жоқ шығар. Бірақ менің қалауым тек ол ғана болған емес, қазір де өзгерген жоқ. Тек, бізде шығармашылықпен айналысу өте қиын. Біріншіден, бізде бәсеке жоқ. Сондықтан қарқын да жоқ.
Автор: Мәриям ӘБСАТТАР
"Алаш айнасы" газеті