Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3657 0 пікір 27 Ақпан, 2013 сағат 10:25

Ұлт сапасының төрт дұшпаны не?

 

 

Сонау бір жылы көршіміз Ресейде Путин мырзаның «таза орыс қалмады» деп ойбайлап, әр елде жүрген гені таза орыстардың Отанына көшіп баруы үшін жағдай жасайтынын ресейлік БАҚ-тар жарыса жазғаны есімізде. Көршінің бұлай атқа қонуының сыры - ұлтының қанын сақтап қалуды мақсат тұтқандығы. Қазақша айт­қанда, тегін тазалап, түзеп алғысы келсе керек. Ал кеше текке жете мән берген қазақтың бүгінгі ұлттық сапасы қандай? Ресей таза орысы­на жарнама беріп, шам алып іздеп жатқанда, біздегі ұлт сапасына қауіп төндірер төрт басты айдаһар сынды төрт дұшпанды айтпасқа болмайды...

Ханға қарадан қыз алуға үзілді-кесілді қар­сы болған бабаларымыз үшін тектілік аса жо­ғары мәнге ие еді. Бұқар бабамыз Абы­лай­дың өзіне «Ай, Абылай, Абылай! Қатын алма қа­радан, Қара тумас сарадан...» дегенде, ұр­па­­ғының ұсақталып, қанының бұзылатын­ды­ғын меңзеді. Ұлттың сапасына алаңдады. Ба­ба­лардың сол алаңы бұл күнде уайымға ай­налды.

Кейінде БАҚ-та «ұлт иммунитеті» деген тер­мин қалыптасып жүр. Сол айтқандай, бү­гін­гі қазақтың иммунитеті өте әлсіз болып тұр. Дәрігерлердің тілімен айтсақ, ұлт тұтас ағза болса, сол ағзаның жүрек, бауыр, өт, бүйрегі се­кілді ішкі құрылысына ауру-сырқау үйір­сектеп алды.

Маскүнемдік

Ғаламтордағы деректерге жүгінсек, Дү­ние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы спирт ішім­діктерін тұтыну деңгейін айқындау үшін 188 елде арнайы мониторинг жүргізіпті. Сонда 2011 жылғы рейтингіде Қазақстан 34-орын­ды иеленіпті. Бұл болса әрбір қазақ­стан­дық­тың басына шаққанда жылына 11 литрге жуық таза этил спирті екен.

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Жартылыққа есептегенде - 50 бөтелке арақ. «Нәтижеге үңілсек, Қа­зақстан бүгінгі күні Орталық Азияда нағыз ішімдікке құмар ел болып табылады. Мысал үшін айтатын болсақ, жоғарыда аталған рейтингіде Қыр­ғызстан - 106-шы, Түрікменстан - 114-ші, Өзбекстан - 131-ші, ал Тәжікстан 134-ші орында тұр. Тіпті көршілес Қы­тай­дың өзі 1,5 миллиард халқы барына қара­мастан, 95-ші орында тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықтың жан басына шаққанда алкоголь тұтынуының шекті деңгейін де есептеген. Ол жылына 8 литрден аспауға тиіс. Одан артық тұтыну ұлттың азып-тозуына, тіпті құрып кетуіне әкеп соғады. Осы әлеуметтік кесірлі құбы­лыстың ауыр салдарын біздің еліміздің мысалынан көруге болады», - деп Мәжіліс депутаты Ерген Дошаев дабыл қаққан еді. Дабыл қағылудан кенде емес. Бірақ нәти­же мардымсыз.

Соңғы бес жылда спиртті ішімдікті тұты­нудан 12 мыңға жуық қазақстандық қайтыс болған. 210 мыңға жуық адам наркологиялық диспансерде есепке алы­ныпты. Соңғы бес жылда мас күйінде жа­сал­ған қылмыстар саны екі есеге өсіп, 13 мыңнан астам фактіні құраған. Маскүнем қылмыскерлердің қолынан 3 172 қазақ­стандық қаза тауыпты. Соңғы бес жылда ішімдік ішіп көлік руліне отырған 330 мың жүргізуші ұсталыпты. Олар 1 814 жол-көлік оқиғасын жасап, соның салдарынан 494 адам қаза тапқан, 2,5 мың адам әр­түрлі жарақат алған. Бұл ұлт сапасына соқ­қы емес деп кім айтты?

Нашақорлық

Қазiр Қазақстанда ресми мәлiмет бойынша «54 мыңға жуық нашақор тiркеу­де тұр. Сараптаулар нашақорлардың 60 пайызы 30 жасқа дейiнгi жастар мен әйел­дер», - дейді. Қазақстанда ресми мәлiмет бойынша 5000-ға жуық жасөс­пiрiм есiрткi тұтынады. Қазақстанда жыл сайын 20 тон­наға жуық әртүрлi есiрткi алынады. Ресми көрсеткiштердi тек он еселегенде ғана нашақорлар санының нақты көрсеткiшi шығады екен. Бұл ұлт сапасына соққы емес деп кім айтты?

Жасанды түсік

Жыл сайын елімізде 300 мыңға жуық жасанды түсік жасалады. Бұл - 100 пайыз туу көрсеткішінің 80 пайызы. Мәліметтер жасанды түсік жасатушылардың жас ша­масы 12-14 жастан басталатындығын ай­тады. Еліміздегі жасөспірім қыздардың 10 мыңнан астамы екінші мәрте түсік жа­сататын көрінеді. Ал Нидерландия мем­лекетінде аборт жасататын адам саны жылына 10 мың ғана деседі. Бізде 300 мың!

Сапаны саралаудың ұшығы қайда жатыр? Ұлттың рухани сапасыздығының бір көрсеткіші - балиғатқа толмаған оң жақта отырған қыз баланың табалдырық аттамай жатып, абыройын төгуі. Жас қыздардың жасанды түсік жасатуы көре­гендіктің белгісі демейтін шығармыз... Бұл ұлт сапасына соққы емес деп кім айтты?

Жезөкшелік

Қазақстанда кейбір ақпарат 10 мың­нан астам жезөкше бар дейді. Бұл - «им­порт­тық» жезөкшелерді санамағандағы есеп. Ал Ішкі істер министрлігі таратқан мәлі­меттерге қарағанда, бір Алматы қала­сында 10 мыңға жуық жезөкше тіркелген. Әр күн сайын Алматыда 2000-ға жуық жезөкше көшеге шығады екен. Ол аз десеңіз, «200-ге жуық притон мен 150-ге тарта саунада қыздар ақшаға сатылады» деген деректер де бар. Интернет сайт­тарында жезөкшелердің жасы 14-жастан басталатындығына бүгінде ешкім таң қал­майды дейді. Жезөкшелікті, тіпті ұлтқа қар­сы геноцид ретінде бағалаушылар да бар. 2010 жылы 314 жезөкше мен 56 жең­гетай тізімге алыныпты. Ал тізімдел­ме­гені бұдан бірнеше есе көп. Бұл ұлт сапа­сына соққы емес деп кім айтты?

Нүкте

Күнделікті тұрмыста, өмірде өзіміз кө­ріп жүрген жайттар арқылы, қоғамды іштен ірітіп-шірітетін адам­ның азғындауы­на әкеліп соғатын қазақтың бүгінгі қас дұш­панын санамалауға тырыс­тық. Сонда ұлтты улауға, басқасын айтпағанның өзін­де осы «төрттік» те анау-мынау атом қаруы­нан кем түспей тұр. Философтар мұны «ішкі себеп» деп атапты. Сол ішкі себептер әр­қашан шешуші рөл ойнайды дегенді ай­тушылар да сол философия ғалымдары. Олай болса, бұл «төрттікке» арнайы тоқ­талуымыздың себебі де осында. Сырттан туындаған жоғарыдағы ішкі факторлар ұлт сапасына қауіп төндіріп отыр.

Британияның әйгілі тарихшысы Ар­нольд Джозеф Тойнби «Тарихты зерттеу» атты ұлы еңбегінде: «Бір мемлекеттің, тіпті бір ұлттың құрдымға кетуі, жойылуы өз ішінен басталады. Сыртқы күш құрып біту­дің алдында тұрған кездегі ең соңғы соқ­қыны береді» деп жазыпты.

Қаршыға МҰҚЫШ, философ, ғалым:

- Ұлттық сапаға әсер етуші ретінде бірнеше факторларды айтуға болады. Ғалымдардың айтуынша, генеоло­гия­лық ақпарат түрінде кез келген жақсы-жаман әдет ұрпаққа беріліп отырады. Демек, қоғамдағы келеңсіз жағдайға душар болған, я ол мас­күнем, я наша­қор, я жезөкше болса да, оның гені келешектегі ұрпағына бұл туралы ақ­паратты жеткізеді. Оның адам болып қалыптасуына «өз үлесін» қосатын болады. Қазақ «қан­мен беріледі» дегенде де осыны айтады. Олай болса, ішкілік­ке, не есірткіге бой алдырған, я жезөк­ше­лікке салынған адамнан әрбір ұрпақ сапалы деуге бола ма? Әлбетте, жоқ. Сондықтан бұларды да ұлт сапасына қауіп төндірер, ұлтты деградацияға тү­сірер фактор ретінде қарастыруға әб­ден болады.

Автор: Қызғалдақ АЙТЖАНОВА, Қарағанды облысы

"Алаш айнасы" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5299