Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 8253 9 пікір 14 Желтоқсан, 2022 сағат 13:56

Жошы ұлысы атанған Түркі мемлекеті

Шыңғыс хан империясын қалыптасқан дағдымен «моңғол империясы» деп атағанымен, тарихқа шынайы талғаммен, шындықпен қараушы ғалымдар оның түркі-моңғол империясы екенін алға тартады. Егер оны «моңғол империясы» деп қараған күннің өзінде оны қалыптастырушы топ пен тіректі күштердің түркілер екенін ескерсек, бәрі бірде түркілер құрған алып ел саналады. Бүгінгі ұлт ұғымымен қарағанда билеушісі моңғол ұлтын құраушы тайпалардан шыққандықтан соған тәуелді, бағынышты аталды.

Рашид ад-дин дерегі бойынша сол тұстағы түркі ру-тайпалары өздерін билдеуші тайпаның өкілі етіп көрсету мақсатында «татар» немесе «мұғул» сынды ортақ тайпа атымен аталуды «мәртебе, атақ, абырой» санайтын болған. «Алайда бұл олай емес, өйткені мұғулдар ертеде (Ұлы) далада мекен еткен барша түркі халықтарының ішіндегі бір қауымы (руы ғана) болған[1].

Тарихи жер атауымен қарағанда да Шыңғыстың түркілерден бөлек жасайтындай, олардан оқшау тұрды дейтіндей ешбір тарихи негізі жоқ.

«Қазіргі Моңғол Халық Республикасының жерінде XIII ғасырға дейін түрік тілді «Керей, Найман, Меркіт, Жалайыр, Қоңырат, Ұйғыр, Қырғыз, Татар» тайпалары мекендеген. Мәселен, МХР-ның шығыс өңіріндегі «Далайнуурдың» шығыс оңтүстігінде Татар тайпасы; Далайнуурдың солтүстігінде, Онон өзенінің шығыс өңірінде Жалайыр тайпасы – «Хамұқ моңғол» атты моңғол тайпасымен көршілес мекендеді. Меркіт, Ұйғыр тайпасы – Байқал  көлінің оңтүстік өңірі мен Көпсукөл (Хөвсгөл)-дің шығыс өңірін мекендеді. Қырғыз тайпасы – қазіргі Тува АССР-інің жерінде  мекендеп тұрған. Найман тайпасы  – қазіргі МХР-ның Увс, Баян-Өлгий, Ховд, Говь-Алтай, Баянхонгор аймағыың жерінде мекендеген. Керей тайпасы – қазіргі МХР-ның Завхан, Архангай, Өвөрхангай, Төв аймағының жерінде, Бұлғын аймағының оңтүстігі мен Хэнтий аймағының батыс-оңтүстігі өңірінде мекендеген...»[2].

Моңғол зерттеушілері мен қаламгерлері қазір де өздері қоныстанған аймақтың ежелгі иесі түркілер болғанын жоққа шығармайды. С.Рахметұлы аудармасымен берілген Баабардың «Моңғолдың тегі» аталатын мақаласында: «Қазіргі Моңғолдың териториялық аумағы ежелгі моңғолдардың қоныстануынан бұрын түркі тектес ұлыстардың неше мың жылдар бойы мекенденген ұйығы»[3]  екендігін нақты мысалдармен түсіндіреді.

«Шыңғыс хан тарихына қатысты жер-су аттарының көбісі түрікше болғанына орай, ол атыраптардағы рулар да түгелдей дерлік түріктер. Бұл сөзімізге  көп қиналмай-ақ қыруар дәйек келтіруге болады. Нақтылай айтсақ, олар: керей (керейт), найман, жалайыр, дулат (дұғлат), қоңырат (қоңғырат), қыпшақ, қаңлы, тана, таз, дөйт (дөйтіғұт), алшын, байұлы (байоқұ, байұрқы, баяут), адай (дай), тама, кете, бес шекті (бес ермен), сіргелі (сіргеті), шанышқылы (чанчығұт), қылыш (қылыч, қалач), салжұқ (селжүк), құман, башқұрт (башқырт), түркімен, бұлғар, ұйғыр, қырғыз, т.б. болып  жалғасады. Мұндай ірі арыстарды былай қойғанда, жаныс, тарақты, аққойлы, қарақойлы, орақты (орақчыл), андас (анда), торы (торук), маңғытай (маңғыт), қият, төре, қарақас, қоралас, құлшығаш (құлшынты), күрлеуіт (қыпшақтың кіші руы), тағы сол сияқты ру-тайпалар. Осынау рулардың аты ғана түрікше емес, заты да таза түркі. Олар түрік халықтарының арасында, әсіресе қазақ ұлтының ішінде бүгінге дейін бәз-баяғысындай сақталған»[4].

Тарихшы ғалымдардың қай-қайсысы болмасын, түркі-моңғол, моңғол-түркі ұғымдарын бір-бірінен байланыссыз қарай алмайды.

Сол тұстағы сахаралық мемлекеттер туралы айтқанда Шыңғыс ханның алдындағы асу бермес асқар бел тек қана керейт Тұғырыл хан еді. Тұғырыл ханды қытай Алтан ханының көмегі арқылы бас көтерместей жеңіп, күйреткеннен кейін Шыңғыстың мейманасы ерекше тасыды.

«599 хижри жылының айларына сәйкес келетін тункуз (доңыз) жылы болған осы жылдың қысында ол Тимаүн кихара (Тимаүн даласы) аталатын жерде аңшылық жасады. Сосын соғыстан жеңген және жеңіске жеткен күйінде, бақытты және көңілі тоқ (күйде) өзінің үйіне, құтты ордасына қайтып келді.

Оның осындай ұлы жеңіске жетіп, атына патшалық ісі (билігі) бекігендіктен, оған шартараптан (түрлі) қауымдар өз бойұсынушылықтары мен бағыныштылықтарын білдіріп келіп жатты. Ол осындай ұлы шапағаттың шүкіршілігі үшін үлкен жиын жасап, игі бұйрықтар мен берік жарғыларын бекітіп, бақытты күйде хан тағына отырды»[5].

Сөйтіп, айдай әлемге аты мағлұм Тұғырыл ханды жеңіп, оның патшалығын иеленуі Шыңғысты төңіректің төрт бұрышына танытып, оның осы жолғы «ұлы жеңісінен» қаймыққан, ығысқан, бағынғандар дарғайына келіп бас ұрды. Ендігі жерде керей армиясының 30 мыңдық қолының кем дегенде жартысы оның бағыныштылығына өтіп, айналасындағы өзге тайпаларды бағындыруда елеулі қызметтер атқарды. Осы сайлауыт сарбаздар арқылы ол құдіретін нығайта түсті.

«Шыңғысханның айналасындағы замандастарының, қолбасы батырларының, мемлекеттік қайраткерлерінің тегі де анық жазылған: Таян, Күшлүк, Бұйрұқ – найман хандары, Ақшырын – татар ханы, Елшітей, Тұғырул – керей хандары, Тоқтабек – меркіт ханы; батырлары Саба, Мұқалы, Жебе, Жамуқа, Сүбітей, Желме, Бала – жалайырлар; Тататұңға, Кетбұқа – найман; Чынхай (Шыңғай),Бұлғай, Күйтемір – керей; Найаға – сіргелі, Сызған Құтқа – татар, Борашы – арғын, Бөріқұл – үйсін, Шормақан – тама; Көргүз (Көргіз) – ұйғыр, т.т»[6].

«Әулие Чаңчунның батысқа сапары»[7]атты кітапта Тян Жынхай есімді Шыңғысханның уәзірі хақында оның руы керей екендігі жөнінде аудармашы Қ.Ынтыханұлы мынадай түсініктеме берген:

«Тян Жынхай (田镇海) Шыңғыс қағанның сенімді уәзірлерінің бірі. Оның есімі «Юан тарихында» жазылған. Онда Жынхайды былай таныстырады: «Жынхай, керей руынан. Әу баста Тайзудың жасағын басқаратын қолбасылардың бірі болды. Онон өзені бойындағы ұлы құрылтайда осы Жынхай Тайзуға Шыңғыс қаған атағын беруді ұсыныс еткен. Тайзудың 5-ші жылы найманды шапқанда көрсеткен еңбегі үшін Тайзу оған  жүйрік атын сыйға тартты. Тайзудың  7 жылы  шүршіт, татар, қыпшақ, таңғыт, жүржін және Хыши төңірегіндегі елдерді шауып, он мыңнан астам тұтқын, алтын-күміс сияқты барлық олжасын ордаға әкеліп тапсырды. Тайзу оған Аруқан жерінде тың игеріп, Жынхай кентін салып, шекара күзетуді бұйырды ... »,-деп жазылған ( «Юан тарихы» 120 том,  өмірбаян 7). Тиян Жынхай оның туада қойылған аты жөні емес, ол қытай жерінде көп жыл билік жүргізгені үшін Орта Жазықтың салты бойынша өзіне Тян Жынхай 田镇海 деп ат қойып алған. Осындағы 田 егін, 镇 кент немесе қала, 海 теңіз, су, көл деген мағына береді, негізгі мағынасы егін салып, қала тұрғызып шекара күзетуші дегенге келеді. Кей деректе оның шын аты Сауыт деп айтылады».

Шыңғыс хан керейттер мемлекетінің қағандығы ғана емес әскери әмірлерін де қолына алып, әуелі найман ханы Таяң ханға шабуыл жасап, оған жеңіліс таптырды. Оның армиясының да бағынышты болған бөлегін өзіне қосып алды. Керейттертің қуатты қосынын өзгеде туыстас түркілермен толықтырған Шыңғыстың ендігі екпіні тау суындай тасқындады. Меркіт, Таңғұт, Қырғыз, Ұйғыр сынды елдерді бірінен соң-бірін бағындырды.

Сөйтіп, бүгінгі күнгі түркілік ұғымымен қарағанда бағынған, оның қол астына кіріп, жауларына ортақ атойлаған жауынгерлер легінің 90 пайызы түркі әскерлері болды. Төрт інісі, төрт ұлын арқау еткен жүздік, мыңдық, түмендік әскер басыларына ғана өзінің ең сенімді адамдарын тағайындап, жер қайысқан қалың қолды «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстады.

«…Шыңғыс хан әскерінен жеңіліс тапқаннан кейін, Моңғолияның түркі тілдес тайпалары өздері тұрған жерінен жағрафиялық бағытта батысқа қарай ығыса бастады: алдында наймандар, меркіттер, соңында керейлер. Бұл жағдай аталмыш тайпалардың қырғыз-қазақ даласына таралуына ықпалын тигізді»[8].

««Моңғолдың құпия тарихында» (239 үзік): «Қоян жылы (1207 жылы) Жошы оң қанат қолды бастап, орман елдерін бағындыруға аттанды. Өзіне Бұқаны жол бастаушы етіп алды... Шықшыт деген жерге жетті, Жошы – Ойрат, Бұрят, Барқұн, Урсут, Қом-Қанас, Қаңғыс, Тұбас тайпаларын өзіне бағындырып, Түмен қырғыздарының жеріне жетті. Қырғыз нояндары Иеди, Инат, Алдир, Олебек тегін қатарлылар келіп бас ді, ақ қаршыға, орауыз кер ат, қара суыр, тиін терілерін ала келіп, Жошыға сый-сияпат жасады. Жошы тағы да Сібір, Қастейін, Байт, Тұқыс, Тенлік, Төлес, Тас, Бажит тектес оңтүстік орман елдерін де бағындырды. Шыңғыс хан Жошыға ықыласы ауып, «сен менің үлкен ұлымсың, бұл болса алғаш жорыққа шығуың». Ат тұяғың жеткен жерлерді, ондағы мал-жанды, күллі бағынған орман елдерін түгелімен саған сыйладым!», – дейді»[9].

Осыдан кейінгі Шыңғыс хан жорығы әуелі Қытайға бағытталды.

«Шыңғыз ханның балалары Жошы, Шағатай және Үгетай үшеуі алдымен  Туң чаң, Тужту, Суан ди фу және Йұң жиу қалаларын иеленді»[10]. Шыңғыс ханның қытай еліне жасаған жеңісті шерулері жалғаса берді. «... Одан соң (Шыңғыз хан) Жошы, Шағатай мен Үкетайды оң қанаттағы тауға, сол жақта орналасқан аймақтарды бойсұндыруға жіберді. (Содан) олар Бау жиу қаласынан бастап Хуай миңжу қаласына дейінгі аралықтағы барлық қалалар мен қамалдарды басып алды»[11].

Басым пайызы түркілерден болған Жошы қолы осыдан кейін де жеңісті шайқастары арқылы талай ел мен жерді бағындырды.

Ең бастысы Шыңғыс қолының алдыңғы легіндегі «арыстан ұлдың» әке үмітін ақтап, оның сенімімен күрес жүргізуі – біздің тақырыбымызға орай айтқанда кейінгі – «Жошы ұлысы» аталған жаңа түркі мемлекетінің іргесін қалау негіздері еді. Оның ерліктері кейіннен өзінің басқару аймағына өткен Отырар, Жент, Баршынлық қалаларынан алуда да аңызға айналды.

Рашид ад-дин еңбегінде: «Ханзада Жошының Жент пен Баршынлық қалаларына бет алуы және олардың азат етілуі жайлы хикая»[12] ол жүргізген сәтті жорықтардың бірі еді.

Көп ұзамай Жошы Хорезмді алу шайқасына да аттанады. Самарқан алынғаннан кейінгі ендігі бір тақырып: «Шыңғыз ханның ұлдары Жошы, Шағатай мен Үгетайды Хорезм тарапына жіберуі және ол елдің азат етілуі»[13] деп өрбиді.

Сәл шегініс жасап, он ғасырға жуық өсекке мұрындық болған Жошының дүниеге келуіндегі күдікті әңгімеге азырақ орын берсек, Рашид ад-дин оның баянын да нақты жеткізеді.

Аңызда айтылғанындай Жошының шешесі Бөрте фужин меркіттердің қолына түскеннен кейін, керейттермен жаулығы саябырлап, жақсы қарым-қатынасқа түсе бастаған меркіт жағы Бөртені Тұғырыл ханға сыйға ұсынады. Сол тұстағы Тұғырыл ханның бүкіл әлемді аузына қаратып, атақ-даңқы аспан тіреп тұрған қаһарлы хан екенін ескерсек, бұл арада меркіттердің Бөртеге ойына келгенін істеп алып, одан соң ханға сыйға беруі немесе меркіттерден жүкті қылып барып Тұғырылға сыйлауы мүлде мүмкін емес еді. Керейт мемлекетінің айбынынан ығысатын меркіт сынды елдердің сол шақтағы жағдай бойынша Тұғырылдың шамына тиюі ажалына асыққанмен бірдей болатын.

«Олар (меркіттер – ред) Бөрте фужинді Оң ханға берді. Ол Шыңғыз ханның әкесімен екеуі анда болғандықтан, әрі Шыңғыс ханды ұлым деп атағандықтан, ол Бөрте фужинді сыйлайтын әрі құрмет ететін. Содан оны жаңа түскен келіннің жағдайында ұстап, өзгелердің көзінен қорғап отыратын. Ол өте пәк (таза) және қабілетті болғандықтан (Оң ханның) әмірлері өзара:

– Неліктен Оң хан Бөрте фужинді алмай жатыр? – дейтін. Ол (Оң хан):

– Ол менің ұлымның жас келінінің дәрежесінде және біздің алдымызда қауіпсіздікте, оған арам ойлармен қарау бекзаттық емес, – деді»[14].

Осы жолдардан талай шындықты аңғаруға болады. Ең бастысы мұнда Бөрте фужиннің «өте пәк (таза) және қабілетті» екені айтылады. Сондықтан да Тұғырыл ордасындағылар сыйға келген оны орда ханымы ретінде қабылдауға дайын екендіктерін жеткізеді. Ал Тұғырыл хан болса: «Ол менің ұлымның жас келінінің дәрежесінде және біздің алдымызда қауіпсіздікте, оған арам ойлармен қарау бекзаттық емес» дегенді айтады. Мұнда Шыңғыс пен Тұғырылдың арасындағы әке-балалық қарым-қатынастың өте жақындығы мен түркі халықтарындағы тектілік, адалдық, бекзаттық бірден көзге ұрып тұр. Тіпті қазақтар өмірінде қазірге дейін жалғасып келе жатқан ата мен келін арасындағы ар-ибадан аттамайтын әдеп ерекше айшықталады. Тұғырыл хан турасында айтқанда оның кейбір тарихтарда бұрмаланғанындай осал емес, «досқа адал, жауға қатал», пенделіктен аулақ нағыз ханға лайық таза болмысын көрсетеді.

Осыдан кейінгі оқиға желісі былайша жалғасады: «Шыңғыс хан бұл жағдай жайлы хабардар болғанда, ол Оң ханға Бөрте фужинді қайтарып беру туралы өтінішпен жалайырлар руының үнгіттері қатарынан болған, Арғын ханның бабалық шағында Абақа ханның бұйрығына сәйкес оның ордасының әмірі және Хорасан мен Мазандаранда әкім болған Сартақ ноянның атасы Саба есімді бір әмірін жіберді.

Оң хан оған көніл бөліп, қамқорлық жасап, оны Сабамен бірге қайтарды. Жолда кенеттен дүнеге ұл туылды, осы себептен оны Жошы (Жолшы) деп атады... (Жошы) өскен кезде, ол әрдайым әкесіне еріп жүрді және сәттілік кездерде де, қиындық кездер де үнемі оның жанында болды[15].

Тарихшы Зардыхан Қинаятұлы: «А.Жувейни, Н.Березин, Д.Оссон, Ш.Нацагдорж, Б.Сайшаал, В.Владимирцов, Әбілғазы бәрі-бәрі «Меркіттерге қолға түскен кезде Бөрте жүкті еді», – деп жазады»[16] деген дерек келтіреді.

Тұтас тарихтан қарағанда Шыңғыстың да, түркінің де жауы болған ішкі-сыртқы күштер «іштен ірітуді» Жошының күдікті тағдырынан іздеуге итермелеп келді. Бұл жайында М.Мағауин: «Жошыға қатысты жала, өсек қайдан туған? Бұл – Батыс тарихшыларының қайткенде де Шыңғыс ханға көлеңке түсіру ниетінің кезекті бір көрінісі. Жауыз Шыңғыс ханның алғашқы, үлкен ұлы Жошы өзінен тумапты! Көлденеңнен жабысқан жолдыбай екен! Атының өзі айтып тұр! – деседі. Ал жолда тусын. Көшпенді жұртта аттың жалы, түйенің қомында кім тумаған?!»[17] дейді.

«Жошы хан Шыңғыз ханның бұйрығына сәйкес, әркез жорықтарда жүрді. Көптеген аймақтар мен қалаларды азат етіп, бойұсындырды (содан мол әскери тәжірибеге ие болды»[18].

Жоғарыдағы жолдардан Жошы мен әкесі арасындағы байланыстың еш көлеңкесіз «сәттілік кездерде де, қиындық кездер де үнемі» бірге болғандығын көреміз. Әке-балалық қана емес, әскери өнердегі ұстаз-шәкірттік қатынасты да айғақтайды. Қазақтар сөзімен айтқанда: «тірі болса бір төбеден, өлі болса бір шұңқырдан табылатын» жақындықпен қан кешкен кешулерді бірге өткереді.

Тіпті әкесі ұлы Жошының үйленуіне де ерекше көңіл бөледі. «Оның балалық шағында және жігіттік уақытының басында-ақ Шыңғыз хан оған Оң ханның жиені (әсілі інісі – ред), Жағамбудың қызын атастырып берді. Оның аты Биктутмиш фужин (Бектумыш фужин) болатын. Ол Шыңғыз ханның әйелі  Ибақа бикенің сіңлісі, әрі Төле ханның әйелі Сұрғақтан бикенің (әпкесі) болатын. Ол Жошы ханның бәйбішесі болды[19].

Осы жолдардан көрінгеніндей Тұғырыл хан оған немере қызын береді. Бұл кез Шыңғыстың аты шыға қоймаған, Тұғырылдың дәурендеп тұрған шағы. Олай болса Жошы «жолда туған шата болса» Тұғырыл хан оған орда ханышаларының бірі Биктутмиш фужинді (Бектумыш фужин) бермес те еді. Бұл Тұғырылдың олардың ақсүйектік лауазымына деген сенім мен құрметі ғана емес, Жошыны таза хан тұқымы ретінде қабылдағандығында да болып отыр. Және де Биктутмиш фужиннің (Бектумыш фужин) Жошы ханның бәйбішесі болғанына назар аударсақ, орда ішінде оның ықпалды адам болғаны аңғарылады.

Тарихшы З.Қинаятұлы: «Тарихшы шежірешілер Баты хан (Бату – ред) Үкі-фуджиннен туды деп жазады. Қадырғали Жалайыр Сартақ-хатунды бас бәйбіше деп көрсеткен. Менімше, соңғы екі деректің қай-қайсысы да сенімсіздеу. Юань әулетінің алғашқы қағаны әйгілі Қубылай қаған ата-бабасының атақ даңқын мәңгіге қалдыру үшін, Бейжиңдегі (Пекин) қаған ордасы жанынан сегіз Үй-Музей тұрғызып, оның төртіншісін ағасы Жошы, оның бәйбішесі Бедешөміштің (Бектумыш – ред) ескерткішіне арнаған. Егер Үкі-фуджин Жошының бас бәйбішесі, Баты ханның анасы екені рас болса, әуелі сол аталуы тиіс еді. Өйтпеді. Тулуйдың (Төленің – ред) бәйбішесі Соркуктан-хатун (Сұрғақтан бике – ред) және Жошының бас бәйбішесі Бедешөміш-хатун бір туысады, Керейт Жақамбының қыздары.

Баты хан Тулуйдың бәйбішесі Соркуктан-хатунды ерекше сыйлап, одан туған Мөңке қағанмен етене жақын болғанына қарағанда, Баты хан Үкі-фуджиннен емес, Бедешөміштен туылуы мүмкін бе деп ойлаймыз. Өйткені Шыңғысхан әулетінде қаған, хан ұл туған бәйбішелердің ықпалы күшті болған. Ал Баты хан туылды делінетін Үкі-фуджиннің ықпалын еш жерден көре алмаймыз. Қалай дегенмен Жошының хан, бек, ноян ұлдары Сартақ және Бедешөміш хатуннан тарайды»[20] дегенді айтады.

Жошының басқа әйелдері де түркілік тектен болды. «(Орда) оның (Жошы ханның) қоңырат руынан шыққан үлкен Сартақ есімді әйелінен дүниеге келді»[21]. «Орданың бірінші ұлы – Сартақтай қоңырат руынан шыққан Жуга қатыннан дүниеге келді[22].

«Жошының екінші ұлы – Бату   қоңырат руынан шыққан Алшы ноянның қызы Уки фужин (Үкі фужин) қатыннан дүниеге келді»[23].

Тарихшы, жазушы М.Мағауин да өз еңбектерінде Шыңғыс, Жошы құрған алып елдің тұтас болмысының түркілік тектен ажырамағанын тілге тиек ете келіп: «Жақағамбудың қызы – Жошының бірінші қатыны деп білсек, әуелгі екі ұлға тетелес, кейінде Алтын Орда тағында отырған Берке хан осы Бектұтмыштан туды деп шамалауға мүмкін. Қайткенде де манағы қырық ұл және соншама қыз, шамасы сексен-тоқсан баланың ішінде Оң ханның жиендері болмады деп айту қиын»[24] дейді.

Шыңғыс хан көзі тірісінде Жошыға байтақ түркі даласының ұлтанды бөлігінен өз еншісін берді. «Ертіс өзені мен Алтай тауларының айналасындағы барша уәлаяттар мен ұлысты, ол аймақтардағы жайлаулар мен қыстауларды Жошы ханның билігіне берді. Және (Жошы хан) Дешті қыпшақ пен сол жақтағы өңірдегі мемлекеттерді азат етіп, өзінің иелігіне қосып алуы туралы бұлтартпас бұйрық берді. Оның (негізгі) жұрты Ертістің айналасында болды және оның мемлекетінің астанасы да сол жерде еді»[25].

Осы арада, айта кетерлік тағы бір жағдай –  Сібір хандығы мен Жошы ұлысы арасындағы байланыстардың орыстық әдебиеттерде көп бұрмалауға ұшырағаны дер едік. Атап айтқанда Сібір жерін қазақ даласынан бөлек қарастыруды мақсат еткен империялық идея олардың ара-қатынасындағы жақындықтарға мән бермегенсиді. Керейт сынды түркілерді одақ еткен Сібір хандығы өңірінің Жошыға еншіге берілген Ертіс бойында болғанын ескерсек, демек олардың ішкі басқару жағындағы даралық ерекшеліктерін айтпаған күнде, тұтастай қарағанда бір ғана ірі ұлыстың құрамында жатқандығы байқалады.

Сібір тарихын зерттеген Г.Миллер осы өңірді мекендеген жергілікті халықтар туралы түркітілдес тайпалардың бірлестігінің болғандығын, онда керейлердің басты рөл атқарғандығын атап көрсетеді[26].

Рашид ад-диннің хабарлауынша Дешті-Қыпшақ және онымен шекараласатын аймақтарға болған билеу, біріктіру идеяларында Шыңғыс пен Жошы арасында аздаған түсінбестіктердің орын алғаны  көрінеді. Сөйтіп қаһарына мінген хан оны жазаламақ та болады. Бірақ Жошының ауыр сырқатта болғаны мен ақыры өлімге душар болуы ханның да қабырғасын сөгеді. «Жошыға қатысты қайғылы оқиғаның (оның қайтыс болғанынының) хабары келіп жетті. Шыңғыз хан одан қатты көңілі түсіп, қапаланды»[27]. Жошы хақында өзіне жалған ақпарат жеткізген маңғытты өлім жазасына кесуге үкім етті.

Қазақ аңызы бойынша Жошының әскери қолбасшыларының бірі, үзеңгілес жолдасы Кетбұға Жошының өлімін Қағанға «Ақсақ құлан – Жошы хан» тарихи күйі арқылы жеткізеді.

Ұлытау маңындағы «Жошы ханның мазары» жайлы алғашқы хабар Бұхар билеушісі Абдаллахтың 1582 жылы Ұлытауға барған сапарына байланысты пайда болды. Онда «Осы айдың 6 жаңасы сенбі күні хан Жошы ханның мазары алдындағы сарайға тоқтады»[28] делінген. Жошы мазары жайлы Ю. Шмидт[29], В. Бартольд[30], және Ш. Уәлихановтар жазды[31].

«Археологиялық қазба жұмысы Ә.Х.Марғұланның басшылығында 1946 жылы жүргізілді. Екі бейітке жүргізілген қазба жұмысының нәтижесінде табылған сүйек сұлбалары және материалдық заттарға сүйеніп, алғашқы қорытындылар жасалды. Ә.Х. Марғұлан бірінші бейіттен табылған адам қаңқа сүйегінің бір қолы жоқ болғанына байланысты, оны «Жошы хан», ал екінші бейіттен табылған әйел адамның сүйегін оның бәйбішесі Керейт Тогорил Уан ханның (Тұғырыл ханның – ред) қызы Бектұтмыштың табыты деп пайымдапты»[32].

Тарихшы Арман Қият «Қазақ сұлтандары» еңбегінде Қадырғали Жалайырға сілтеме беріп: «Жошының әйелдері мен құмалары өте көп болған. Әйелдерінің ең үлкені Шыңғыс хан заманындағы керейттердің билеушісі болған Оң ханның ағасы Жақамбудың қызы – Бектумыш хатұн»[33] дей келіп, «Жошы хан бейітінде жанында жатқан әйелдің сүйегі осы Бектумыш хатун болар»[34] дейді.

Аталған деректерге негізделгенде Жошы-Қыпшақ ұлысындағы Бектумыш ханымның да атақ-абыройы осал болмағанға ұқсайды. Әрі оның сүйегінің Жошы хан мазарымен қатар жатқаны да елеулі тарихи ескерткіш саналады. Бетумыштың өзі ғана емес, төркін жұртының белгілі бөлігінің де Жошы қоластында қызмет еткенін еске салсақ, бұл да қазақ мемлекетінің іргетасын қалаудағы Құршақұз-Тұғырыл әулеті еңбегінің бір мысалы болып табылады.

«Жошы хан дүниеден өткен кезде, оның екінші ұлы Бату әкесінің орынбасары ретінде өзінің ұлысында хан тағына отырды. Бауырлары оған бағынып, мойын ұсынды»[35]. Бату билікке отырғаннан кейін 1226 жылы (кей деректе 1227 жылы) қазіргі Еділдің бойына қоныстанады. Ұлыс атауы «Алтын Орда» атын алады. Шын мәнінде Шыңғыс пен Жошының Дешті-Қыпшақ даласын бірлікке келтіруін 1220 жылдан қарастырғанда, Ұлы ұлыстың (Алтын орданың) құрылуын осы жылдан бастау түркілік тегіміз бен тарихымызға шынайы құрмет саналар еді. Олай болғанда мемлекетіміздің іргесі қаланғанына биыл (2020 жылы) 800 жыл толады.

1235 жылы Қарақорымда батыс жорығының мәселесіне қатысты үлкен жиын өтіп, Бату жорық басшысына тағайындалады да, 1236 жылы 60 мың әскер батысты бағындыруға аттанады. Тарихи деректер осы аттанған әскердің дені қыпшақтар екенін жазады.

Бату хан құрған Жошы ұлысы тарихта ең көп салтанат құрған түркі мемлекеттерінің бірі болып, үш ғасырға жуық үстемдік құрды. Қанатының астына жиналған 20 милионнан астам халықтың дені түркілер болды.  Бату ханның кезінде 80 мың тұрақты қарулы қолы болған. Оның 90 пайызы қыпшақ-түркі тектестерден құралған.

Алтын орда хандығы туралы айтқанда, «Ұлыс халқының этникалық құрамы да әрқилы болғаны рас. Олар негізінен түрік халықтары, Еділдің бойы, Қара теңіздің қыпшақтары, Хорезм мен Еділ Бұлғариясының халықтары, сондай-ақ шығыс славяндары мен угро-финдер де болды. Билеуші моңғол әулеті осы халықтардың мәдени ықпалына түсіп, XIII ғасырдың соңына қарай түркі тілі мен ислам дініне көшті»[36].

Бату өлген соң билік Сартаққа, одан Ұлақшыға жалғасып, олар бірінен соң бірі дүние салып, Жошы хан ұлысының хан тағына Берке отырды. Берке хан өлгеннен кейін ұлыс Бату хан ұлдарына қайта берілді. Алтын Орда тағына Батудың немересі Мөңке Темір отырған 1266 жылдан бастап Орда Қарақорымдағы орталық Ұлы қаған әмірінен тыс, тәуелсіз жеке саясат жүргізе бастады. Шын мәнінде дәл осы 1266 жылды Шыңғыс хан құрған «түркі-моңғол» империясы құрамынан жеке дара «Алтын Орда» аталған жаңа түркі мемлекетінің бөлініп шыққан кезеңі ретінде қарастыру қажет.

Шыңғыс хан жорығы шын мәнінде көшпенді түркілердің басын қосудың жаңа қамалдарын жасаған еді. Бүгінгі қытай мемлекетінің «моңғол дәуірі қазіргі қытай мемлекетінің қалыптасуының негізін қалады» дегеніндей, қазақ хандары мен қазақ мемлекеттігінің іргесін қалаушылар Шыңғыс хан және оның әулеттері болды. «Әкесі Шыңғыс жауыз болды, оның біздің елді біріктіріп, хандыққа отырғызған баласы Жошы – мемлекетіміздің түпкі иесі болған ұлы тұлға» десек, тарихи қателікті былай қойғанда, логикалық та қателік болар еді. Шыңғыстай ұлы тұлға тудырған, өзі тағайындаған, ел іргесін бекемдеп, халықтық болмысымызды жасап берген Жошы тұлғасы (оның ұлы Бату) біз үшін қанша биік болса, оның әкесі одан әлде қайда асқақ емес пе!

«Шыңғыс ханның жорықтарынан кейінгі ең бір айқын көрініс ретінде біздің ұлы мемлекетіміз – тарихта Қыпшақ ұлысы аталған Алтын Орда құрылды... Шыңғыс ханның жеңімпаз әскерінің негізгі бөлігін құраған түрік тайпалары еді. Сол кезде атағы шыққан зорлары – Керей, Найман, Жалайыр, Қатаған, Қоңырат»[37].

Шыңғыс ханның жаулап алу жорығы халықтың шаруашылығы мен мәдениетіне ауыр зардабын тигізгенімен, ертеден басталған қазақтың халық болып қалыптасу барысын бөгей алған жоқ. Қайта бытыранды қазақ тайпаларын біртұтас мемлекетке шоғырландырды. Тайпалар ара талан-таражды тиды. Сөйтіп, қазақтың халық болып қалыптасу барысының одан ары дамуын тездетті[38].

Осылайша, Дешті-Қыпшақ даласын ұйтқы етіп, кейіннен «Алтын орда», «Жошы ұлысы» аталған хандық мемлекеттің алмағайып күндері қазақ мемлекетінің қалыптасу негіздерін жасады.

Сөйтіп, «1241 жылы терістігі Солтүстік Мұзды мұхитқа барып жететін, оңтүстігі Дунай өзені, Қара теңіз, Әзірбайжан қалаларының арғы жағына дейін, шығыста Түркістан уәлаятын қамтитын ұшы-қиырсыз кең байтақ жерде  ұлы түркі мемлекеті құрылды. Тіпті Польша мен Ресейдің ескі кінәздіктері осы мемлекеттің құрамында болатын. Оған бұдан басқалары да тікелей бағынатын.

Осы мемлекет: Жошы ұлысы, Бату жұрты, Өзбек елі, Алтын орда, Татар мемлекеті аталып жүрсе де, елге машһүр есімі «Дешті-Қыпшақ» болатын. Бұл мемлекеттің астанасы Астрахан мен Саратов (кейінгі атаулары – ред) арасында, Еділдің сол жағасындағы Ақтөбе деген жерге орналасқан. Сол ғасырдағы батыс тарихшылары тамсана мақтайтын Сарай қаласы осы еді.

Даңқы жер жарған Шыңғыс хан өзінің сау-саламат шағында бүкіл мемлекетті төртке бөліп, ең үлкенін Жошыға береді. Шыңғыс ханның низамдары (заңы) бойынша осы төрт бөлек жерде төрт хандық болып, оның бәрі бір Қаханға (қағанға – ред) бағынуға тиіс еді. Шыңғыс пен оның балалары мұңғұл (мұғул – ред) болғанымен, әскерлері татар, ең көп бөлігі өзге түрік халықтарынан болатын. Әсіресе, Дешті-Қыпшақ жеріндегі әскерлер: Қыпшақтар (жалпы ұғым – ред), бұлғарлар, башқұрттар еді.

Мұңғұл хандары әскерлерінің көбі түріктер болғандықтан да, өз әдет-ғұрыптарын ұмытып, солардың жоралғыларын қабылдап кеткен-ді. Әскер басыларын да татарлар (түркі тайпалары – ред) көп еді, сол себепті «татар үкіметі», татар хандары деп жиі аталды. Осы әдет қырым және қазан хандықтары құрылғанға дейін жалғасты. Ал біздің Дешті-Қыпшақ мемлекетінің атын дәл, дұрыс атағымыз келсе, «Түрік мемлекеті» деуіміз керек»[39].

Осы идеяларды қуаттаған көрнекті түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы былай дейді: «Түрік қағанатының саяси, рухани-мәдени қуатының әсерімен кейін Хазар, Селжүк, Керей, Найман хандықтары өмірге келді.

Этностық рухани қуатының мықты қалыптасқаны соншалық, қандай бір күшті империялар түркілерді жаулап алса да, қаншама жүз жылдар бойы билесе де, сол жаулаушы этнос өздері түркіленіп, ассимиляцияға түсіп кетіп отырды.

Бұның бірден-бір дерегі Шыңғыс хан бастаған Моңғол империясы болмақ. Шыңғыс ұрпақтары түркілерді жаулап алса да, моңғол болдыра алмай, өздері түркіленді»[40].

Демек, Шыңғыс ханнан бұрынғы барлық ірі түркілік ұлыстардың басында түркі қағандары болғанын ескерсек, кейінгі ұлттық, діндік айырма  Шыңғыс ханды тарих сахнасына мұғул атауымен емес, моңғол ұлты ретінде көтерді. Алайда Шыңғыстың Тұғырыл ханнан ойсырай жеңілген соңғы соғысын еске алсақ, «осы соғыстан кейін Темужін бар болғаны 2600 шерігі ғана қалып, Моңғолияның қиыр шығыс жақ аймағына таман барып бой тасалайды»[41]. Керейт хандығын өзіне бағындырғаннан кейінгі деректік мәліметтердің барлығында 2600 сарбаз он есе, жүз есеге көбейіп отырады.

Рашид ад-диннің Иранның «Алтын дафтарынан» («Алтын дәптерінен») алған «мәліметі бойынша, Шыңғыс ханның өлер алдында (1227 жыл)  129 мың жауынгері болған» екен[42]. Әрине, оның көбі-ақ сол кезде сахарада жасап жатқан керей, найман, қоңырат, меркіт, қыпшақ, қаңлы, жалайыр, татар, т.б. ержүрек түрік ұлдарынан еді. Сөзіміздің басындағы баянда айтқанымыздай бүкіл әлемді оның алақанына салып берген осы түркі текті тайпалардың жаужүрек оғландары болатын.

Қазақ ақын-жырауларынан Ғұмар Қараштың:

«Шыңғыс, Бату хандық құрып тұрған ел,

Қарақыпшақ Қобыландылар туған ел» деп жырлауы мен, Мағжанның:

Тумайды адамзатта Шыңғыстай ер,

Данышпан, тұңғиық ой, болат жігер.

Шыңғыстай арыстанның құр аты да,

Адамның жүрегіне жігер берер, – деген жолдарынан да өр рухты түркілік тек  көрініп тұр.

Бір қызығы моңғол деректерінде сақталған ескілікті жырларда да тарихи оқиғаны артқы көрініс еткен жолдар көп. «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері»-нің III томына кірген «Алтын Орданың кіші тілек жыры» ерекше назар аудартады.

Онда мынадай жолдар бар:

... Жұлдызды аспаннан кие дарып,

Онон өзенінің,

Оқшау Дэлүүн болдогында туған,

Оң ханның мемлекетін алып,

Ордалы керейді билеген,

Ордос түменін орталық етіп,

Осынша қилы-қилы елдердің,

Иесі болған Шыңғыс хан!

... Ай мен күннің киесіне бөленген,

Найман Даян ханның мемлекетін алған,

Ұлы империяның иесі болған,

Бақ қонып, Қыдыр дарыған Шыңғыс хан!

Түмен жасақты салтанатпен бастап,

Туул дариясының ту басында,

Тұғырлы дарақтың қасында,

Ту көтеріп, сырнай-керней тарттырып,

Ту ұстаушы етіп сайлап,

Дарабоз Жалайыр Ғо Мухулайға,

Ту ұстатқан Шыңғыс хан!

Сайр Тарбағатайды бөктерлеп жүріп,

Сартауыл Жалилтан Сұлтан ханның,

Мемлекетін иеленген,

Саят құрып, сұңқар салып,

Салбурындап аң аулаған,

Сайыпқыран ұлдарына,

Олжа бөліп, қарық қылған Шыңғыс хан!

Өлке жерді кезіп жүріп,

Өте азғана Оңғұттарды,

Өкіміне бағындырып,

Өүлэн үжин анасына,

Тарту еткен Шыңғыс хан![43]

Тарнихшылар назарына аса іліге бермеген бұл мадақ жыр жолдарында аса үлкен тарихи деректер қамтылған. Біріншіден – жырдың Алтын Орда дәуірінде туғаны және Шыңғыс ханды мадақ етіп жырлағаны көрінеді.  Екіншіден – жырдағы Шыңғыс ханның «Оң ханның (Тұғырыл ханның – ред) мемлекетін алып, Ордалы керейді билеген»; «Найман Даян ханның мемлекетін алған»; «Ту көтеріп, сырнай-керней тарттырып, ту ұстаушы етіп сайлап, дарабоз Жалайыр Ғо Мухулайға, ту ұстатқан»; «Сайр Тарбағатайды бөктерлеп жүріп, Сартауыл Жалилтан Сұлтан ханның, мемлекетін иеленген»; «Өлке жерді кезіп жүріп, өте азғана Оңғұттарды, өкіміне бағындырып, Өүлэн үжин анасына, тарту еткен» оқиғалары оның тұтастай түркілер арқылы ел құрғанына толық дәлел бола алады. Соның ішінде бүгінгі қазақтың бел баласы болып отырған – Керей, Найман, Жалайыр, Уақ (Оңғұт) елдерінің оның тіректі күші болғаны, тіпті,  «ту көтеріп, сырнай-керней тарттырып, ту ұстаушы етіп сайлап, Дарабоз» басшы ретінде топ бастатқаны менмұндалап тұр. Және де «керей, найман, уақтарды қырып-жойып жоғалтты» деген сөз тіптен жоқ. Оң ханның (Тұғырыл ханның – ред) мемлекетін иелеп алып, ордалы керей еліне билік жүргізгені, Найман Даян ханның мемлекетіне иелік еткені, Жалайыр Мұқылайға ту ұстатып, әскер бастатқаны сөз болады. Аталған елдердің қазақ мемлекетін құраушы негізгі руларды құрағанын ескерсек, жыр жолдары олардың Алтын Орда хандығын құрушы негізгі күш болғандығын да дәлелдеп отыр.

Хандықтың құрамын хан емес, халық құрайды. Орыс тарихы да 300 жылдай билеген моңғол билеушілеріне байланысты өзгеге тәуелділік білдірмейді. Тіпті Кеңес Одағын бір мезет грузин ұлтының өкілі Сталин биледі екен деп ешкім де оны грузин мемлекеті деп атамайды. Билеушісінің кім болуына қарамастан бәрі бірде «орыс елі», «орыс мемлекеті» болып қала берді. Қытай мемлекеті де моңғолдар мен манжурлар биледі екен деп мемлекет атауын, ұлттық құрамын өзгерткен жоқ. Сол секілді Шыңғыс хан, Жошы құрған түркі мемлекеттері де, билеушінің тайпалық тегімен емес,  «түркі елі», «түркі мемлекеті» сынды жалпылама атаулармен атала береді.

«Жошы хан, оның ұрпақтары қыпшақ даласында шашыраған халықтың басын қосты, мемлекеттік нышандарын қалыптастырды. Олар өздері  мемлекет құрған  қазақ даласы, қазақ деген ұлт, оның тағдырына адал болды. Адалдығының белгісі Жошы ұрпағының түгелдей дерлік мәйіті қазір қазақ даласында жатқандығы»[44].

Моңғолдардың түркілік тегі мен түркі-моңғол туысқандығы, ажырамас жақындығы сынды көп түрлі дәлелдер Шыңғыс хан құрған алып империяның түркі-моңғол империясы екенін даусыз дәлелдейді. Оның ұлы Жошыға тиесілі байтақ аймағы – Түркінің жаңа мемлекеттерін, соның ішінде кейінгі қазақ хандықтарын қалыптастырғаны да талассыз шындық. Сөйтіп, Жошы ұлысының көне жұртына кереге жайып, шаңырақ көтерген ел қазақ түріктері атауымен, Қазақстан мемлекетімен әлемге танылды.

Жәди Шәкенұлы,

Жазушы-тарихшы. Қазақстан жазушылар одағының, Еуразия жазушылар одағының мүшесі.

[1] Рашид ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» 1-том. Фолиант, Астана. 2018 жыл. 86 бет.

[2] Қазақ ру-тайпаларының тарихы XV том – «Керей», «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, Алматы, 2014 жыл.

[3] Баабар «Моңғолдың тегі» мақаласынан. С.Рахметұлы аудармасы. «Шұғыла» 2016 жыл. №4 (191). 3-4 бет.

[4] М.Ысқақбай, Б.Нұржеке, Т.Әбенайұлы «Алтын орда кімдікі» «Қазақ үні» 20.05.2020. htths://qazaquni.kz/2020/05/20/146919.html.

[5] Рашид ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» 2-том. Фолиант, Астана. 2018 жыл. 77 бет.

[6] М.Ысқақбай, Б.Нұржеке, Т.Әбенайұлы «Алтын орда кімдікі» «Қазақ үні» 20.05.2020. htths://qazaquni.kz/2020/05/20/146919.html.

[7] «Әулие Чаңчунның батысқа сапары», тәржімалаған және ғылыми түсініктемелері мен қосымшаларын жазған: Қалбан Ынтыханұлы. Нұр-Сұлтан «Өрнек» баспасы, 2020 жыл.

[8] Аристов Н.А, Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности. СПб, 1897. 182-с.

[9] Су Бихай «Қазақтың жалпы тарихы», 2-том. Ауд: Т.З.Қайыркен. «Асыл кітап» баспа үйі, Алматы. 2019 жыл.  381-382 беттер. (Мұнда «Моңғолдың құпия шежіресінің» 1957 жылы қытайша басылған нұсқасының 234 бетіне сілтеме берілген).

[10] Рашид ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» 2-том. Фолиант, Астана. 2018 жыл. 112 бет.

[11] Бұл да сонда. 116 бет.

[12] Бұл да сонда. 150 бет.

[13] Бұл да сонда. 169 бет.

[14] Рашид ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» 3-том. Фолиант, Астана. 2018 жыл. 78 бет.

[15] Бұл да сонда. 78-79 беттер.

[16] З.Қинаятұлы «Шыңжаң қоғамдық ғылымы» журналы. ҚХР ШҰАР. 2000 жыл, № 1.

[17] М.Мағауин: «Империялық саясат үшін Шыңғыс хан түркі болмау керек болды». Сұхбаттасқандар: Ә.Меңдеке, Ж.Ырысбай «Аңыз адам» журналы. №22, 2017 жыл.

[18] Рашид ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» 3-том. Фолиант, Астана. 2018 жыл. 97 бет.

[19] Бұл да сонда. 78-79 беттер.

[20] З.Қинаятұлы. «Қазақстан тарихы» порталы. https://e-history.kz/kz/contents/view/563© e-history.kz.

[21] Рашид ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» 3-том. Фолиант, Астана. 2018 жыл. 80 бет.

[22] Бұл да сонда. 81 бет.

[23] Бұл да сонда. 88 бет.

[24] Мағауин М. «Шыңғыс хан және оның заманы». Деректі тарихи хикая. Алматы, 2011 жыл. 608 бет.

[25] Рашид ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» 3-том. Фолиант, Астана. 2018 жыл. 97 бет.

[26] Миллер Г.Ф., История Сибири. Т.1. Москва. Восточная литература, 1999. 190-191-с.

[27] Рашид ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» 3-том. Фолиант, Астана. 2018 жыл. 99 бет.

[28] Материалы по истории Казахских ханств ХV-ХVІІІ вв. – Алма-Ата: Наука, – С. 227.

[29] Шмидт Ю.А. Очерк Киргизской степи к югу от Арало-Иртышского Водораздела (Записки Западно-Сибирского отделения РГО). – 1894. – Т. 17. – Вып. 1-2. – С.

[30] Бартольд В.В. К вопросу о погребальных обрядах Тюрков и Монголов. - М.: Наука, 1968. – С. 388.

[31] Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. – Алма-Ата: главная ред. казах.сов. энциклопедии, 1984. – Т. 1. – С. 190-197.

[32] З.Қинаятұлы. «Қазақстан тарихы» порталы. https://e-history.kz/kz/contents/view/563© e-history.kz.

[33] Жалайыр.Қ. «Шежірелер жинағы», Алматы. «Қазақстан» 1997 жыл. 128 бет.

[34] Арман Қият «Қазақ сұлтандары». «Полиграфкомбинат» Алматы, 2017 жыл. 42 бет.

[35] Рашид ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» 3-том. Фолиант, Астана. 2018 жыл. 99 бет.

[36] «Қазақстан тарихы» – көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. ІІ том. – Алматы: Атамұра, 1998. – 87 б.

[37] М.Мағауин: «Тұңғыш немеремнің атын Бату қойдым». Мағауия Сембайдың Мұхтар Мағауинмен Прагададағы әңгімесі «Қазақ әдебиеті» газеті.

[38] Н. Мыңжани. «Қазақтың қысқаша тарихы», Шынжаң халық баспасы, 1987 жыл.

[39] «Шора» журналы. 1908 жыл. 2-сан.

[40] Қ.Сартқожаұлы, «Байырғы түрік жазуларының генезисі», «Арыс», Астана, 2007 жыл, 56 бет.

[41] «Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері», V том, Алматы: «Дайк-Пресс», 2006 жыл. 90 бет.

[42] К.Аманжолов, А.Тасболатов. «Қазақстанның әскери тарихы», Алматы: «Білім», 2008 жыл, 33-бет.

[43] «Қазақстан тарихы туралы Моңғол деректемелері», III том (Моңғолша мәтіндерді аударған, түсіндірмелері мен көрсеткіштерін жазған: Базылхан Н, Хинаят З, Мұхамадиұлы Қ, Тойшанұлы А, Қатран Д, Хинаят Б.), Алматы, «Дайк-Пресс» баспасы, 2006 жыл, 152-153 беттер.

[44] З.Қинаятұлы      «Шыңжаң қоғамдық ғылымы» журналы. 2000 жыл, №1.

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379