Сенбі, 23 Қараша 2024
Әріптестің әңгімесі 3086 3 пікір 15 Желтоқсан, 2022 сағат 13:52

«Қостанай таңы» кімнің қол майлығы?..

Қостанай облысында маңдайға біткен жалғыз қазақ газеті бар. Ол ­- іргетасын Бейімбет Майлин мен Мұхамеджан Сералин қалап кеткен «Қостанай таңы» газеті. Биыл басылым ғасыр тойын тойлап, үлкенді-кішілі түрлі шаралар өткізді. Мерейтойға деп газет тарихынан сыр шертетін кітап шығарды. Кітап деген аты болмаса, заты сын көтермейтін дүние. Онымен қоса, Бас редактор өзінің сыныптастарына арнап тағы бір кітап басқан көрінеді. Жүз жылдық пен редактордың жеке өмірінің не байланысы бар екенін түсіне алмадық. Осы орынды өзінің жеке меншігіндей көретін редакторсымақтың осы уақытқа дейін жарық көрмеген қаншама кітабы редакция есебінен шықты. Қанша қаражат жұмсалғанында есеп жоқ.

Менің айтайын дегенім бұл да емес. Айтайын дегенім, осы басылымда Жанұзақ Аязбеков зейнеткер болса да қанша жыл сақалы сапсиып орнын бермей, ойып тұрып отырып алды. Ол келгелі ұжымның берекесі кетіп, газеттің де тиражы төмендеді. Енді жаңа жылға екі ай қалып, жыл аяқталғалы тұрғанда облыстық әкімдік аяқ астынан редакторды орнынан алып тастады. Оның артынан апта өтпей-ақ орынбасары Жұматай Кәкімжанов та зытты. Екеуі де дым бітірмей редакцияны тақырға отырғызып, тайды да тұрды.

Осы басылымға қосақталған екі ұйым бар. Оның бірі - Әлеуметтік зерттеу орталығы да, екіншісі – облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі орталығы (РСК). Бұл екеуін кезінде облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы болған, марқұм Жанділдә Мақанов ашқан еді. Екеуі де осы редакциядан қаржыландырылады. Оларда еңбек ететін кім, не іс тындырып жатыр. Ол жағы да құпия. Ал енді осы әлеуметтік зерттеу орталығында арнайы қор бар. Ол не қылған қор, оған түскен қаражат қайда жұмсалады? Бұл жағы да құпия.

Енді менің тағы бір айтарым мүйізі қарағайдай басылымның негізгі оқырманы Аманкелді және Жанкелдин аудандары. Бірақ осы екі ауданда да арнайы тілшілері жоқ. Аманкелдіде Бейбіт деген студент бала жазып тұрады. Ал Торғайдан бір тілші бұйырмаса да, сол елдің әйгілі «олигархы» Кәкімжан Кәрбозовтың қатыны Рәш Әбішева тіркелген екен. Ал оның газет бетінен бір ауыз мақаласын көрген емеспіз. Сонда ол не мақсатта жалақы алып отыр? Әлде Торғайды «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстайтын  Кәрбозов осы уақытқа дейін кеткен редактордың аузын майлап келген бе?

Жалпы редакция жыл сайын мемлекеттік тапсырысты орындауға үкіметтен қыруар қаржы алса да бір жарыған емес.

Қазақ газетінің жай күйін кеше ғана кеткен облыс әкімі Архимед Мұхамбетов білді ме екен, әлде оның да бұл жерге қатысы бар ма? Қазақ газеті қазақтың жаны мен жайын, мәселесін көтеретін басты басылым. Оны тек қаражат көзі ретінде қол майлық немесе мол байлық ретінде қолдану арсыздық. Тексеріс жүргізіп, дұрыстап қабылдап алмағанына қарағанда, жаңадан келген су жаңа редактор ханым да сол кеткендердің артын жабуға келді ме, бір құдай білсін. Өйткені, жылда жыл аяғында берілетін сыйақыдан да ұжым қағылғалы отырған көрінеді. Естуімізше, кеткендер редакцияны қарызға белшесінен батырып кеткен. Не болса да маңдайымызға біткен қазақ газетінің жағдайы бір оңалмай-ақ қойды-ау...

Сыдық Дайрабай

Ескерту! Abai.kz еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға Қазақстанның кез келген азаматы құқылы. Материалда есімі аталатын жекелеген тұлғалар редакцияға жауап беруге құлықты болса, алдағы уақытта олардың да пікірін жариялауға әзірміз. 

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522