Хатты оқыған Шаханов. Ал шындықты жазған кім?
Орталық биліктің 1986 жылы Д.А.Қонаевты зейнетке жіберіп, орнына Г.В.Колбинді бірінші хатшы етіп тағайындауы, тұтас қазақ халқының қарсылығын тудырды. Мәскеудің бұл озбыр саясатына әсіресе жастар көнгісі келген жоқ. Олардың қарсылығы Алматы қаласында 16-17 желтоқсанда көтеріліске ұласып, оның соңы қанды қырғынмен аяқталды. Желтоқсан көтерілісін кім ұйымдастырды деген сауалға әлі ешкім толық жауап бере алмай келеді. Десе де, «желтоқсан шындығына» ширек ғасыр өткен соң көз жеткізе бастадық.
Мәскеудің ұлт өкілдерімен санаспастан, өзім білемдікке салып, қазаққа түк қатысы жоқ айдаладағы Г.В.Колбинді әкеліп бірінші хатшы етіп тағайындауы жұрттың аза бойын қаза қылды. Осы кезде жастарды алаңға ұйымдастырып алып шыққан Театр және өнер инситутының студенті Аманбай Канетов еді. Ол екі күн бойы Алматы жатақханаларын аралап, Мәскеудің шешіміне көнбеу керектігін айтып, жастарды алаңға шығуға үндейді. Кеудесінде намысы атойлаған жастар Аманбайдың үндеуіне үн қосып, алаңға лек-легімен келіп, билікке өз талаптарын қойып, қарсылық білдіреді. Екі күнге созылған қарсылықтың соңы қанды-қырғынға ұласып, көтеріліс күшпен басылады.
Тағы бір мәселе – желтоқсан оқиғасына қатысты Мәскеудің біржақты берген бағасын өзгертуге кім атсалысты дегенде бәріміз ақын М.Шахановтың атын атаймыз. Әсілі, 1989 жылы М.Шахановтың Мәскеуде Жоғары Кеңес сессиясында Желтоқсан оқиғасының әділ бағасын беру жөнінде оқыған хатын Арон Атабек жазған еді. Ал, Арон Атабек жазған хатқа қазақтың жеті зиялысының қолын қойдырып, оны Мәскеуге алып барған Рашид Нұтышев пен Алмас Естеков болатын. Ол екеуі алғашқыда хатты Олжас Сүлейменовке оқытамыз деп ойлаған. Алайда, Олжастың хатты оқуға жүрегі дауаламапты. Тіпті, М.Шахановтың өзі де хатты бірінші көргенде, қолдай қоймаған көрінеді. Рәкең (Рашид Нұтышев) марқұм: «Кабинетінде отырып, М.Шахановты әбден қайрадық. Соның өзінде: «Жарайды, оқимын», - деп уәде бере алмады. Мәскеуден Алматыға көңілсіз оралып, әуежайдан таксимен үйге келе жатқанымызда радиодан М.Шахановтың хатты оқып тұрғанын естіп, шат-шадыман боп қуандық», - деген еді.
М.Шахановтың 2010 жылы «Желтоқсан эпопеясы» атты кітабы шыққанда, Арон Атабек, Рашид Нұтышев, Алмас Естековтың атын іздедім. Бірақ, ақын ағамыз өз сөзімен айтқанда «шындығын жоғалтып алыпты». Кітаптың желтоқсан оқиғасын ақтауға қатысты ешбір жерінде Арон Атабек, Рашид Нұтышев, Алмас Естековтың аты аталмайды. Тек, Арон Атабектің есімі бір-екі жерде 80-шы жылдардың аяғындағы саясатқа қатысы бар адам ретінде көрсетілген. Бәлкім, Рашид Нұтышев қате айтқан болар деп хатқа қол қойған зиялылардың бірсыпырасымен сөйлесіп көрдім. Барлығы хатты Арон Атабек жазғанын, ал хатты Мәскеуге алып барған Рашид Нұтышев пен Алмас Естеков екенін ескертті.
Бұл жазбаны Мұхтар Шахановты күстәналау үшін жариялап отырған жоқпын. Есіл ерлер жан тәсілім боларынан бұрын маған аманат еткеннен кейін жазып отырмын. Бұл деректі Рәкеңнің (Рашид Нұтышев) өз аузынан естігеніме 15 жылдан асты. Аталған деректің растығына көз жеткізуіміз үшін біраз уақыт жұмсадым. Дереу жариялауға жалқаулығым да сеп болды. Атағынан ат үркетін ақынымыздың ақ-адал бейнесіне көлеңке түсіріп алармын деп те үркектедім. Әйткенмен, аманатқа қиянат жасау кешірілмес күнә. Біз сол ақиқат - аманатты халыққа жеткізіп, тағдыр жазған уәзипамыздан құтылуды ғана ойлап отырмыз.
Суретте: Аманбай Канетов, Арон Атабек, Рашид Нұтышев
Мұхан Исахан
Abai.kz