Бейсенбі, 6 Наурыз 2025
Ақмылтық 482 1 пікір 5 Наурыз, 2025 сағат 13:32

Финляндия феномені һәм Қазақстан...

Сурет: polk.press сайтынан алынды.

Редакциядан белгілі журналист Думан Бықайдың әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған мына шағын сараптамалық мақаласы туралы пікір жазуымды сұраған тапсырма келіп түсті... Әрине, ол үшін маған автордың көзқарасын мұқият оқып шығу керек еді. Оқу барысында кейбірде «Шынында да солай ма?» деген сұрақ үнемі мазалады. Өйткені, Финляндия – Екінші дүниежүзілік соғыста (1939‑1940 жж) КСРО сияқты империядан жеңілмеген мемлекет. Мүмкін, финдер сол соғыстан сабақ алып, өзінің дербес саясатын жүргізген болар деген сұрақ көкейге оралды...


Енді, мәселені одан әрі талқылау үшін Думан Бықайдың жазбасын келтіреміз. Себебі, мақаладағы үзік‑үзік фрагменттер мәселенің тұтас мағынасын жеткізе алмайды. Сонымен, Думан Бықайдың пікірі мынау:

«Кіші мемлекеттің үлкен державаға қарсы амалсыз қолданған стратегиясы... Бүгін бір күнімді өте бір көлемді еңбекті оқуға арнадым. Байғұс, финндер дәл қазіргі біздің жағдайға ұқсас күйді бастан өткерген екен. Кеңес Одағынан келетін тікелей немесе жанама қысымдарды азайту үшін бірқатар саяси шектеулерді саналы түрде қабылдаған екен. Қызық енді... Халықаралық ұйымдарда немесе БҰҰ шеңберіндегі дауыс беруде Финляндия көбіне КСРО-ның мүддесін ескеріп, ашық қарсы шықпай, сақтық танытып отырыпты.

КСРО-ға қарсы сыни пікірлер мен медиа материалдар қатаң бақылауда болған екен, антикеңестік қозғалыстарды, белсенділерді билік үнемі тыйып тастап отырған. Мұндай белсенділер әдетте саяси алаңнан шеттетіліп, БАҚ беттерінен жоғалып кететін болыпты. Билік оларды «мемлекетті соғысқа ұрындыруы мүмкін» деген желеумен қоғамнан оқшаулауға тырысқан екен.

Орыс жүрген жерде дау-дамай да ілесе жүреді ғой, міне, сондай кездері баспасөз өз ұстанымын барынша жұмсартып беруге мәжбүр болыпты.

Антикеңестік ұран көтерген саяси партияларды парламентке жолатпаған, сайлауға қатысқанымен, жеңіске жету мүмкіндігінен айырған. КСРО-ны сынаған кітаптар баспадан шықпай қалатын немесе таралымы шектелетін болған. Фин билігі мұны «елдің қауіпсіздігін қорғау» деп түсіндірген. Мектеп оқулықтарында кейбір саяси аспектілер (мысалы, орыс-фин соғысы) жұмсартылып берілген. КСРО-мен өзара сауда қатынастарын орнатқан. Көптеген кәсіпорын орыстардың нарығына қарай бейімделіп, алыс-беріс саясатын үнемі ескеруге мәжбүр болған.

Фин қоғамы «финляндизация» саясатының қажеттілігін жалпы түсінген, бірақ оған деген көзқарас біркелкі болмапты. Бірақ, бәрібір де «ішкі келісім» болған секілді. Халықтың басым бөлігі елдің тыныштығын сақтау, экономиканы көтеру және жаңа соғысқа ұрынбау үшін осы саясатты қолдаған немесе үнсіз мақұлдаған. Қоғамда «орыстардың қытығына тимей, тыныштық сақтап, өз жолымызбен ілгері басайық, тағы да жерімізден айырылып қалмайық» деген іштей ортақ түсінік орнаған. Былайша айтқанда, ұлттық санада белгілі бір компромисс ретінде орныққан.

Орысқа қарсы оппозиция бас көтерген кезде финндердің сол кездегі президенті Кекконен алдымен Хрущев, кейінірек Брежневтің кабинетіне кіріп, Финляндияның мүддесі үшін екі шалдың шағымын үнсіз ғана тыңдауға мәжбүр болған екен. Айта берсең, көп енді...

КСРО құлаған соң, финдер ұзақ жыл бойы айтуға жүрексініп келген нәрселерін ақтара бастаған ғой, әйдәған ғой Ресейді. Бұрын орыстарға ұнамайтын тақырыптарды қозғауға қорқатын тарихшылар архивтерді аршып, жаңа тарихи еңбектерді жарыққа шығара бастаған. Орыстардарды сынағаны үшін шеттетілген тұлғалар ұлттық қаһарманға айналған.

Финляндияның Еуроодаққа қосылуы кезінде ел арасында: «Бұрын Мәскеуден келетін қоңыраудан қорқушы едік, енді Брюссельден келетін хаттан қорқатын болдық» деген әзіл тараған екен. Түсінгенім, финндер уақытқа ғана сенім артты. Уақытты қару ретінде пайдаланды. Орыспен ашық кикілжіңге барудың орнына бейбітшілік пен тұрақтылықты басты орынға қойды. Сол арқылы олар ұлттық экономикасын дамытты, халықтың тұрмысын жақсартты, білім жүйесін жетілдірді.

Қысқасы, елдің «ішкі қуатын» (негізі осы сөздің әдемі термині бар) күшейтуге басымдық берді. Бұл негізі «орыс ыдыраған кезде біз дайын болу керекпіз» дейтін өте-мөте сауатты стратегия. Финдер толыққанды тәуелсіздікті болашаққа сақтаған секілді көрінеді... Әлбетте, бұл «тыныштықтың» өз құны болды»...

Думан Бықайдың сараптамалық пікірі осымен аяқталды. Не ой түйдіңіздер: келістіңіздер ме, әлде, жоқ па? Енді осыны сараптайық... Ол үшін бірнеше іргелі тарихи жағдайларға шолу жасау керек болады:

1. Финляндия‑Ресей қатынасы тарихы. 

Финляндияның мемлекеттік қалыптасуы XIX ғасырда Ресей империясымен тығыз байланысты болды. 1808–1809 жылдардағы Ресей-Швеция соғысынан кейін бұрынғы швед провинциясы болған Финляндия Ресей империясының құрамына автономиялық аймақ ретінде енді және өзінің бұрынғы конституциялық-құқықтық мәртебесін сақтап қалды. Александр I патша жеке уния (уния ‑ монархияға бағынышты одақ) аясында «Финляндияның ұлы князі» титулын қабылдап, 1809 жылы Борго/Порвоо сеймінде финдерге барлық тарихи еркіндіктер мен артықшылықтардың сақталуын кепілдендірді. Олардың қатарына швед билігі кезінде пайда болған сословиелік жиналыстар институты, діни сенім бостандығы (Ұлы князьдіктің халқы негізінен лютерандардан құралды), сондай-ақ Ресей империясының басқа аймақтарымен салыстырғанда кең ауқымды конституциялық артықшылықтар кірді. Келесі жүз жыл бойы Ұлы Финляндия князьдігінің астанасы болған Гельсингфорс/Хельсинки мен Санкт-Петербург арасындағы күрделі қарым-қатынастар конституциялық және әкімшілік-саяси тұрғыдан үнемі дамып отырды. Осылайша, Ұлы Финляндия князьдігі ақырында Ресей империясының ішінде жоғары дәрежеде автономды мемлекеттік құрылымын қалыптастырды.

2. Ресей империясында Финляндия әртүрлі әкімшілік реформаларды сынақтан өткізетін алаңға айналды. Бұл әсіресе Александр II тұсындағы 1860-жылдардағы реформалар кезінде айқын көрінді: жарты ғасыр ішінде алғаш рет сословиелік жиналыс қайта шақырылып, фин тілі бұған дейін әкімшілік іс жүргізуде жалғыз қолданылған швед тілімен теңестірілді. Осы өзгерістер қазіргі Финляндияның саяси мәдениетінің негізін қалады. Тіпті Александр III кезіндегі ұлтшылдық және империалистік күшею, әсіресе Николай II басқарған кезеңде де, Ұлы Финляндия князьдігі мен Санкт-Петербург арасындағы қарым-қатынастар салыстырмалы түрде тұрақты болып қалды.

3. Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін-ақ Ұлы князьдікті орыстандыру және оны «отанға» неғұрлым жүйелі түрде байлау әрекеттері фин элитасының қатаң қарсылығына тап болып, сәтсіздікке ұшырады. Финляндиядағы саяси элита мен қоғамдық пікір әрдайым өздерінің тарихи конституциялық құқықтарын және соған сәйкес заң үстемдігін қорғау идеясын басты назарда ұстады. Осындай жағдай халықаралық қолдаудың да артуына ықпал етті, оның жарқын мысалы – 1899 жылы Николай II-ге жолданған фин тілін қолдауға арналған петиция. «Pro Finlandia» деп аталған бұл үндеуге мыңнан астам еуропалық өнер қайраткері, яғни іс жүзінде бүкіл еуропалық гуманитарлық элита қол қойды.

4. Сонымен қатар, Финляндия Ресей империясының әлсіреген кезеңдерін өз мүддесіне тиімді пайдалана білді. Мәселен, 1905 жылғы революция Финляндияға айтарлықтай әсер етпесе де, ол бірпалаталы парламент – Эдускунтаның құрылуына және әйелдерге сайлау құқығының берілуіне алып келді. Нәтижесінде, Финляндияның сайлау жүйесі мен саяси құрылымы Еуропадағы ең озық жүйелердің біріне айналды, ал Социал-демократиялық партия (СДП) Бірінші дүниежүзілік соғыс басталмай тұрып-ақ елдегі шешуші саяси күшке айналды.

Бұл тарихтан нені байқауға болады?

Біріншіден, финдер осыған дейін Швеция құрамында болғандығын айту керек. Ал, Ресей империясы Швеция королдігімен болған соғыстан кейін, Балтикаға жол ашып, Финляндияны өзіне «одақтас княздік» (Уния) еткен соң, одан әрі Швециямен текетіреске баруды саяси тұрғыдан тиімсіз деп санағандығы; Екіншіден, Ресей осы кездері Наполеондық Франциямен соғысып, Мәскеуден ажырады. Тек 1812 жылдан бастап, Ресей армиясы француздарды жеңіп, шегіндірді. Үшіншіден, осы Отан соғысынан кейін Ресей империясының өз территориясын кеңейту мақсаттағы барлық саяси күш‑жігері Оңтүстік батыс (Кавказ, Қырым, Қара теңіз), Шығысқа (Сібірге) және Оңтүстікке, яғни, Орталық Азияға қарай бағытталғанын көреміз. Сол себепті, Солтүстікті алып жатқан шағын Фин елі өзінің автономды жағдайын біршама сақтады. Оны «орыстандыру» да сәтсіз болды, себебі, финдер ұлттық тұрғыда шоғырлана орналасып, локалды жағдайда тілінен, дәстүрінен, мәдениетінен ажырай қойған жоқ. Табиғаты қаталдау Фин жеріне жаппай көшуге, сөйтіп «орыстандырудың» адами ресрстарын жасауға орыс шаруаларының да құлықты болмағаны – финдерге оңтайлы болғаны анық.

ФИНДЕРДІҢ ТӘУЕЛСІЗДІК АЛУЫ

Ресей империясымен өзара әрекеттесу механизмдерін Финляндия жақсы игергені соншалық, 1917 жылғы Ресейдегі революция фин элитасының көпшілігін аңтарылыста қалдырды. Сол кезде фин элитасы Ресейден тәуелсіздік алу және бұрынғы Ұлы князьдікті дербес мемлекет ретінде мойындатуға дайын заңды билік өкілдерін іздеу туралы шешім қабылдады. Олар оны айлар бойы күту керектігін сезді. Үздіксіз ізденісте болды. Өз ұстанымдарын жасырын түрде қайта бағдарлау қажет болды. Сөйтіп, 1917 жылдың желтоқсан айының басында Хельсинкидің саяси элитасы мұндай адамды Лениннің тұлғасында тапты. Себебі, Лениннің антиимпериалистік бағыты Финляндия мүдделерімен іс жүзінде толық сәйкес келді. Сөйтіп, Фин халқы өздерінің саяси көрегендігі, элитасының ұлтшылдығы мен мемлекетшілдігі арқасында Ресей құрамынан шығып, өз алдына тәуелсіз мемлекет болып бөлінді.

Ал, Ресей болса, осыдан кейін бірнеше жыл азаматтық соғысты бастан өткеріп, көптеген өңірлерде ашаршылық болып, өздері жаулап алған территорияны қалайша игереміз деп басы қатып жатты. Тып‑тыныш жатқан Финляндияға «назар аударуға» мұрша болмады...

ФИНДЕРГЕ КСРОДАН ТӨНГЕН АЛҒАШҚЫ ҚАУІП

Осы уақытта жас фин мемлекетінің қауіпсіздігі мен әлсіз тәуелсіздігіне нақты қауіп төндіре бастаған Сталин басқарған Кеңес Одағы болды. 1920–1930 жылдары Финляндия өз мемлекеттігінің сақталуына кепілдік беру мәселесін шеше алмады, дегенмен бұл туралы болашақ президент Юхо Кусти Паасикиви (1870–1956) бірнеше рет ескерткен еді. Осы ерте кезеңде-ақ Паасикиви, Ресей мен Кеңес Одағы бойынша басты сарапшы ретінде, Финляндияның мемлекеттігін тек Мәскеумен ынтымақтастық арқылы ғана қамтамасыз етуге болатынын, оларға қарсы тұру тиімсіз екенін түсінді.

1930-жылдардың соңына қарай бұл мәселе шиеленісе түсті, өйткені Сталин бұрынғы Ресей империясының шет аймақтарын бақылауға алу ниетін ашық мәлімдеп, Финляндиядан шекарасын өзгертіп, Мәскеумен жақындасуды талап етті.

КСРО-дағы елші ретінде Паасикиви 1939 жылдың күзінде-ақ Сталиннің әскери-саяси талаптарын барынша қанағаттандыруды, тіпті, мүмкін болатын аумақтық берілулерден бөлек, ең төтенше жағдайда Кеңес әскерінің шектеулі контингентін фин жеріне орналастыруға рұқсат беруді жақтады. Ол да, сол кездегі фин армиясының бас қолбасшысы Карл Густав Маннергейм (1867–1951) де бұл талаптарды орындамаған жағдайда Финляндия Кеңес Одағымен соғысқа тап болатынын және оны жеңе де, аман қала да алмайтынын ашық айтты. Алайда 1939 жылдың күзіне қарай фин үкіметінің көпшілігі Сталиннің талаптарын қабылдауға қарсы шықты. Олар, ең алдымен, халықаралық құқыққа негізделген қатаң ұстанымның Кеңес басшылығын әлсіздікке ұшыратады деп үміттенді.

1939‑1940 ж.ж. КСРО‑ФИН СОҒЫСЫ

Өкінішке орай, бұл үміт ақталмады. Керісінше болды: 1939 жылдың қарашасында Финляндия жасырын түрде кеңестік әскери агрессияға ұшырады және өз үміттеріне қарамастан, 1940 жылдың наурызына дейін жалғыз өзі қорғануға мәжбүр болды. Қорғаныстың жалпы табысты болуы және жас мемлекеттің неоимпериалистік агрессорға өзін жаулап алуға жол бермеуі ‑ финдердің ұлттық санасының қалыптасып алуы еді. Қысқы соғыста бұл шешуші факторға айналды.

Иә, Финляндия белгілі бір аумақтарын жоғалтты (алайда, бұл кеңестік қолбасшылықтың бастапқы күткенінен әлдеқайда аз болды), бірақ фин халқы тек армиясының төзімділігімен ғана емес, бүкіл қоғамның жан-жақты жұмылуымен де таңғаларлықтай жеңіске деген ерік-жігерін көрсетті. Дәл осы кезеңде бүгінгі күнге дейін фин қорғаныс доктринасын үлгілі деп санауға мүмкіндік беретін жан-жақты, тіпті тоталды ұлттық қорғаныстың негіздері қаланды.

1939–1940 жылдардың қысында үш жарым ай бойы Финляндия Кеңес Одағына қарсы тұрды. Алайда, дәл сол сәтте Батыс одақтастары өздерінің стратегиялық мүдделері үшін Финляндия жағына шығуға дайын болған кезде, Маннергейм мен Хельсинкидегі саяси басшылық КСРО-мен ауыр бітім жасасу туралы шешім қабылдады. 1940 жылдың наурызында жасалған (бірінші) Мәскеу бейбіт келісіміне сәйкес, Финляндия соғысқа дейінгі кеңестік талаптардың негізгі бөлігін орындауға міндеттенді.

Паасикиви болашақ бейбіт келісімнің нақты шарттарын талқылау міндетін өз мойнына алды. Ол фин халқының көптеген азаматтарының өмірін түбегейлі өзгерткен ауыр кеңестік талаптармен келісуге мәжбүр болды. Бұл талаптарға Батыс Карелияның едәуір бөлігінен, соның ішінде елдегі екінші ірі қала – Выборг/Виипуриден бас тарту (бұл 422 мың адамның, яғни ел халқының 12%-ының эвакуациялануына себеп болды), әскери-стратегиялық тұрғыдан маңызды жағалаудағы аудандарды беру және ел астанасынан оңтүстік-шығысқа қарай 100 шақырым жердегі Ханко түбегінде кеңес әскерін орналастыру сияқты ауыр міндеттемелер кірді.

ФИНДЕРДІҢ ЕСЕ ҚАЙТАРУ ӘРЕКЕТІ СӘТСІЗ АЯҚТАЛДЫ

1940 жылғы «бейбіт келісім» Финляндия үшін өте ауыр болды; ел элитасы да, қоғамның көп бөлігі шекараларды қайта қарау үмітіне сүйеніп, русофобиялық көзқараспен ұштасқан реваншизм сезіміне берілді. Сондықтан Хельсинки саналы түрде ұлттық-социалистік Германиямен әскери одақ құруға ұмтылды. Финляндия Гитлердің КСРО-ны жоюға және «азиялық» Ресейді Оралдың арғы жағына ығыстыруға бағытталған «Барбаросса» операциясын қолдады.

Алайда, бұл жоспардың алғашқы кезеңде-ақ сәтсіздікке ұшырауына байланысты, Финляндия Маннергеймнің басшылығымен (ол бұл процестерде шешуші рөл атқарды) 1943 жылдың көктемінен кешіктірмей соғыстан біржақты шығу туралы шешім қабылдады. 1944 жылдың қыркүйегінде КСРО-мен жасалған жаңа бейбіт келісімдер Финляндияның патшалық Ресей империясындағы қалыптасқан бұрынғы саяси дәстүрлеріне қайта оралтты.

Бұл саясаттың негізінде: КСРО-мен (және қазіргі Ресеймен де) 1300 шақырымнан асатын құрлық шекарасы бар Финляндияның егемендігі географиялық жағдайлардан бөлек қарастырыла алмайды деген принцип орнықты.

БЕЙТАРАП САЯСАТТЫҢ НӘТИЖЕСІ

Осыдан кейінгі онжылдықтарда, президенттер Паасикиви мен Урхо Кекконеннің (1900–1986) басшылығымен «өзін-өзі бейтараптандыру» деп аталатын саясат қалыптасты. 1960-жылдарға қарай «финляндизация» термині тұрақты ұғымға айналды. Бұл терминді  алғаш рет Батыс Германияда  Рихард Левенталь мен Франц Йозеф Штраус идеологиялық клише ретінде қолдаған болатын.

Кекконен бұған жауап ретінде жағдайдың оң аспектілерін алға тартты. Оның айтуынша, «өзін-өзі бейтараптандыру» және КСРО-мен жақсы қарым-қатынастар орнату Финляндия егемендігін айтарлықтай шектемеді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін пайда болған «финляндизация» саясаты Еуропадағы бейбітшілікті қамтамасыз етуге және ширығуды бәсеңдету саясатын жалғастыруға қосқан үлесі арқылы халықаралық аренада маңызды рөл атқарды. Сондықтан Кекконеннің пікірінше, Шығыс пен Батыс арасындағы қақтығыс жағдайында Финляндия үлгісін ақылға қонымды саясаттың көрінісі ретінде қарастыру қажет. Ал оны большевиктерге бағыну ретінде сипаттау қате түсінік болды.

Қалай болғанда да, бұл саясат ең алдымен Финляндияның мемлекеттік егемендігін сақтап, оны «кеңестендіруден» қорғады. Хельсинки мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынас қаншалықты реттелсе, Кеңес Одағының Финляндиямен тұрақты байланыстарға деген сенімі соғұрлым артып, финдер үшін саяси маневр жасау мүмкіндігін кеңейе түсті. Бұл елдің ішкі құрылымына да әсер етті: Кеңес нарығына тәуелділік пен өзін-өзі цензуралау үрдісіне қарамастан, Финляндия шведтік әлеуметтік моделін қабылдап, ұлттық және әлеуметтік-саяси тәуелсіздігін сақтап қала алды.

Бұл үрдіс әсіресе сыртқы саясатта және Финляндияның халықаралық қатынастар жүйесіндегі орнын анықтауда айқын көрінді. Солтүстік Еуропамен интеграция күшейген сайын, Кекконен өзінің «бу дипломатиясы» («фин моншасы» деген сөз болса керек) арқылы суық соғыс кезеңіндегі қайшылықты азайту саясатының маңызды делдалы және орталық тұлғаларының біріне айналды.

Міне, талдауды аяқтадық. Бұдан не қорытуға болады:

Біріншіден, финдер ешқашан «орыстандыру» саясатының ауыр зардабын басынан өткермеген, санасы еркін, мәдени тәуелсіз ел болғанын көреміз. Сондықтан, финдерде «КСРО-дан қорқыныш» саясаты емес, керісінше, ұлт басшылары шебер мемлекетшіл саясат ұстанған деу ‑ шындық;

Екіншіден, финдердің тәуелсіздік тарихына Орта Азия халықтарының, не Кавказ халықтарының, не Қырым татарларының «көзімен қарау» – түбегейлі қате қорытындыларға алып келеді. Ондай жағдайда, біз осы халықтар бастан кешкен этноцид әсерінен туындайтын «қорқыныш сезімін» финдерге проекциялаймыз да, олардың Дербес әрі Мемлекеттшіл, әрі ұлтшыл‑мемлекетшіл саясатының мағынасын түсінбейтін боламыз.

Үшіншіден, Финляндияны басқарған барлық президенттердің өз ұлтының нағыз патриоты, өз елінің нағыз азаматы болғанын оның тарихы бізге үлгі ретінде көрсетіп тұр – біз одан сабақ алуымыз керек.

Төртіншіден, Финляндия КСРО құра алмаған «шынайы социализмге», яғни, ғылыми тұрғыда айтылатын «әлеуметтік жауапкершілікті мемлекетке» қол жеткізгенін, олардың КСРО‑ның кейбір экономикалық және әлеуметтік даму үлгілерін ала отырып,  оны еуропалық дамыған технологиямен ұштастырғанын, елді «ұранмен» емес, тынымсыз «алға қойған мақсатқа жету» қағидасын ұстана басқарғанын көреміз...

Сондықтан, финдер «КСРОдан қорқуды» емес (Д.Бықай оны «орыстан қорқу» деп қателескен), КСРО-ға «достықты» ұсына отырып, оның табиғи ресурсын, басқа да мүмкіндіктерін, мемлекет басқару принциптерін өздеріне ыңғайлап отырған деуге болады. Әрине, олар осыған ашық қарсы шыққан «радикалды пробатысшыл» азаматтарын шектеген. Өйткені, финдерге ондай «байбалам» салатындай ‑ КСРОдан төніп тұрған қауіп жоқ еді. Финляндия бейтарап тәуелсіз ел (батыстан да, шығыстан да) ретінде дамыды, әрі, үлкен жетістіктерге жетті! Қазақ айтқандай, олар ез елін «финдердің Жерұйығына» айналдыра алды. Осы маңызды!

Әбдірашит Бәкірұлы,

философ

Abai.kz

1 пікір