Сәрсенбі, 4 Маусым 2025
Абай.tv 890 0 пікір 2 Маусым, 2025 сағат 13:56

«Тор» операциясы: Украина Ресей ұшақтарын талқандады

Суреттер: bbc.com сайтынан алынды.

Дональд Трамптың әкімшілігіне Украинаның ресейлік әуеайлақтарға шабуылы туралы хабарланбаған. Бұл туралы Ақ үйдің өкілдері оқиғаға түсініктеме беруден бас тартты.

Бұған қоса, Axios басылымы Киевтің Вашингтонға алдын ала хабарлағаны туралы өз мақаласын түзетіп отырды. Мақаланың жаңартылған нұсқасында былай делінген: «Украиналық шенеуніктің айтуынша, Украина Трамп әкімшілігіне шабуыл туралы алдын ала хабарлаған жоқ».

Кеше Украина Ресейдің бірқатар өңіріндегі, әсіресе тыл аймақтардағы әскери нысандарға, соның ішінде әуе базаларына дрондармен шабуылдады. «Тор» деген атау қойып, әскери операция жүргізді.

1) Ресейдің Рязан облысындағы «Дягилово» аэродромына дрондар шабуылдады.

2) Ресейдің Иркутскі облысы. Усолье-Сибирское дейтін қалашық бар. Сондағы «Белая» дейтін әскери гарнизон мен әуе айлағы соққының астында қалды. Бұл Ресейдің Сібіріне жасалған алғашқы шабуылдардың бірі.

3) Мурманскі облысындағы «Оленья» дейтін авиабаза соққының астында қалды. Бұл жерде ядролық қару тасымалдаушылар орналасқан.

4) Мурманскі облысындағы Серевоморск қаласы шабуылға ұшырады. Североморск - ядролық оқтұмсықтары бар сүңгуір қайықтарға қызмет көрсететін Ресей флотының негізгі қалаларының бірі.

5) Брянскі және Курскі облыстарында теміржол көпірлері сериалы түрде талқандалды.

Ресейдің ең кемі 4 әуежайына (айлағына) шабуыл жасалған. Олар: «Оленья», «Дягилево», «Белая» және «Иваново». Нақты қанша ұшақтың жойылғаны әзірге белгісіз. Кей ақпарат көздері 40-қа жуық десе, тағы бір дереккөздер ең кемі 12 ұшақ жойылғанын жазуда. Бұлардың барлығы дерлік Ресейдің стратегиялық ұшақтары. Құны 200 млн доллардан асатын А-50, Ту-95 және Ту-22 М3 ұшақтары бар.

Бұл сөзсіз осы соғыстағы Украинаның ең ауқымды және ең нәтижелі операциясы. Себебі, Украина мен Иркутскінің арасы 4,7 мың шақырымға дейін жетеді. Ал Украина мен Мунманскі ортасында Беларусь, Литва, Латвия, Эстония мен Финляндия мемлекеттері жатыр. Қашықтығы 2,2 мың шақырымға жуықтайды.

Украина БАҚ-тарының жазуынша, «Тор» операциясы 1,5 жыл бойы ұйымдастырылған. FPV-дрондар әуелі жүк көліктері арқылы Ресей аумағына кіргізілген. Кейін қашықтан басқару арқылы әуеге көтерілген.

Сарапшылар құны 200-300 млн долларлық стратегиялық ұшақтарды Украинаның 300 долларлық FPV-дрондары талқандағанын жазуда.

Abai.kz

0 пікір