Сәрсенбі, 4 Маусым 2025
46 - сөз 1532 0 пікір 2 Маусым, 2025 сағат 13:43

Қазақстанға алғашқы АЭС-ті Қытай сала ма?

Сурет: centralasianlight.org сайтынан алынды.

Жуырда АҚШ-тағы беделді «Lansing Institute-тің» мәліметінше, Қазақстан өзінің алғашқы атом электр станциясының құрылысын Ресейдің «Росатомына» емес, Қытайдың ұлттық ядролық корпорациясы — «CNNC-ке» сеніп тапсырған.

Орталық бұл шешімді Астананың сыртқы саяси серіктестіктерін әртараптандыруға, Мәскеуге тәуелділікті азайтуға және ықтимал екінші деңгейлі санкциялардан қашуға деген ұмтылыс ретінде бағалайды.

«Lansing Institute» сарапшылары былай дейді: «Қытайдың ұсынысы экономикалық және технологиялық жағынан тартымды, өйткені «CNNC» озық реакторларды және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында тиімді қаржылық шарттарды ұсынады. Мәскеудің орнына Бейжіңді таңдау — Қазақстанның сыртқы саяси бағытын қайта қарауға ниетті екенін білдіретін белгі. Бұл өңірлік өзгерістерге әкелуі мүмкін: Өзбекстан, Аргентина және Түркия да осы жолмен жүруі ықтимал», — делінген зерттеу материалында.

«Қазақстанның «Росатомнан» бас тартып, Қытайдың «CNNC» компаниясымен әріптестік орнатуы — ел егемендігін нығайтуға бағытталған байсалды әрі батыл қадам. Бұл шешім Қазақстанның халықаралық серіктестіктерін теңгерімдеуге, геосаяси қауіп-қатерлерден алшақтауға және Еуразия кеңістігінде жаңа күш тепе-теңдігін орнатуға деген ұмтылысты көрсетеді», - дейді.

Сонымен қатар, сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның бұл таңдауы тек ұлттық деңгейдегі емес, аймақтық деңгейдегі салмақты өзгерістерге әкелуі мүмкін. Бұл үрдіс Орталық Азия елдері үшін үлгі бола отырып, Ресейдің ядролық технологиялар нарығындағы ықпалын әлсіретіп, Қытайдың жаһандық ядролық экспорттағы рөлін күшейтуі ықтимал.

2024 жылғы 6 қазанда Қазақстанның энергетикалық болашағын айқындайтын тарихи оқиға өтті — ел азаматтары алғашқы атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесі бойынша референдумға қатысты. Бұл шешім еліміздің стратегиялық бағытына, экологиялық қауіпсіздігіне және геосаяси серіктестіктеріне тікелей ықпал ететін маңызды қадам ретінде бағаланды.

Референдум нәтижесі бойынша дауыс бергендердің 71,12%-ы —АЭС құрылысына «иә» деп жауап берді. Ал 26,15% «жоқ» деп дауыс бергендер елде мұндай ауқымды жобаға әлі дайын емес деген пікірде. Осылайша, көпшіліктің таңдауы – атом электр станциясын салу бағытын қолдады.

Аталған бастаманы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қажетті жолы ретінде сипаттады өз сөзінде:

«Халқымыз АЭС салу мәселесіне қатысты дауыс беріп жатыр. Референдум – тікелей демократияның өте тиімді тетігі. Халқымыз қандай шешім қабылдаса, мемлекетіміздің түпкі байламы да солай болады. Нәтиже оң болады деп ойлаймын. Шын мәнінде, бұл – тағдыршешті оқиға. Сондықтан мен референдумды қолдаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жуналистердің «Референдум қорытындысы бойынша халқымыз АЭС салуды қолдаса, оның құрылысын қай ел жүргізеді?» деген сұрақтарына былай деп жауап берді: «Бұл оңай мәселе емес. Үкімет талдау жасап, тиісті келіссөздер жүргізуге тиіс. Менің пікірімше, Қазақстанда ең озық технологиялары бар әлемдік компаниялардан құралған халықаралық консорциум жұмыс істеуі қажет. Қалғанын уақыт көрсетеді», — деді.

Алайда, президент айтқандай, «қалғанын уақыт көрсетіп», бұл тақырып төңірегінде түрлі болжамдар мен пікірлер пайда болды. Бастапқыда Ресейлік «Росатом» компаниясы АЭС құрылысын жүргізуі мүмкін деген ақпараттар тарады. Бірақ кейінірек халықаралық сараптама орталықтардың зерттеулері бұл жорамалға нақты балама ұсынды.

Томирис Сайтхуджа

Abai.kz

0 пікір