Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4116 0 пікір 3 Наурыз, 2013 сағат 18:02

Дәурен Қуат. Жаңа ақпараттық саясат: қандай мәселелер шешімін табуы керек?

Ақпанның 28-і күні «Аманат» интеллектуалды пікірсайыс клубының жетекшісі Берік Уәли мырзаның шақыруымен «Жаңа ақпараттық саясат» атты тақырып бойынша өткен дөңгелек үстелге қатысып сөз сөйлеген едік. Сол жиын үстінде айтқан ойларымды Abai.kz порталының оқырмандарына ұсынуды жөн көрдім. Сонымен...

 

1. ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІ: НЕ ҰТТЫҚ? НЕДЕН ҰТЫЛДЫҚ?

Елбасымыз бар, Мемлекеттік хатшымыз бар - бәріміз ақпараттандыру саясатына назар аударып, көңіл бөліп жатырмыз. Бұнымыз өте дұрыс. Меніңше болғанда Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің тұжырымдамалары билік пен баспасөздің бұдан былайғы қарым-қатынасы қалай болуы керектігін, қандай форматта қалыптасуы керектігін  аңғартса керек. Хатшы «БАҚ үгіт насихат құралы болып қалмауы керек» деді. «Ура-ураны азайту керек» деді. Мемхатшының бұл байламдары баспасөздің өз миссиясын өзіне қайтарып беру қажет дегенді аңғартады. Осы жайтты басқа емес, алдымен, журналисттер қауымы, біз өзіміз түсініп алуымыз қажет сияқты.

Ақпанның 28-і күні «Аманат» интеллектуалды пікірсайыс клубының жетекшісі Берік Уәли мырзаның шақыруымен «Жаңа ақпараттық саясат» атты тақырып бойынша өткен дөңгелек үстелге қатысып сөз сөйлеген едік. Сол жиын үстінде айтқан ойларымды Abai.kz порталының оқырмандарына ұсынуды жөн көрдім. Сонымен...

 

1. ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІ: НЕ ҰТТЫҚ? НЕДЕН ҰТЫЛДЫҚ?

Елбасымыз бар, Мемлекеттік хатшымыз бар - бәріміз ақпараттандыру саясатына назар аударып, көңіл бөліп жатырмыз. Бұнымыз өте дұрыс. Меніңше болғанда Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің тұжырымдамалары билік пен баспасөздің бұдан былайғы қарым-қатынасы қалай болуы керектігін, қандай форматта қалыптасуы керектігін  аңғартса керек. Хатшы «БАҚ үгіт насихат құралы болып қалмауы керек» деді. «Ура-ураны азайту керек» деді. Мемхатшының бұл байламдары баспасөздің өз миссиясын өзіне қайтарып беру қажет дегенді аңғартады. Осы жайтты басқа емес, алдымен, журналисттер қауымы, біз өзіміз түсініп алуымыз қажет сияқты.

Баспасөз бетіндегі «ураларды» айтсақ, ойымызға бірден қазақ газеттері түсетін шығар. Алайда, бауырлар, қазақ газет-журналдарының өткен жиырма жылдағы бар тарихы «уралардан» ғана тұрмайды. Олай дейтін болсақ қаламына адал, мынау заманның бар қиын-қыспағына үнсіз төзіп келе жатқан журналистердің еңбегіне қиянат жасағанымыз. Маңдай терге, төзімге, сенімге, сарқылып жұмсалған қажыр-қайратқа қиянат жасағанымыз. Қысқа қайырып айтсам кейінгі жиырма жылдың шегінде:

- Қазақ газет-журналдарының қарасы көбейді. Жұрттың қолы салысытырып оқитын баспасөзге еркін жете бастады;

- Жабық тақырыптардың бәріне түрен салынды: тарихи ақтаңдақтар, ұлтымызға жасалған зорлық-зомбылық, сынақ алаңдары, экология, көші-қон мәселесі, әйгілі адамдар өмірінің құпия беттері, ұлттық-этнографиялық танымдық дүниелер... Құдай-ау, толып жатыр;

- Алаштанушылардың институты да осы қазақ баспасөзінің бетінде қалыптасты.

Ал, енді осының бәрін жоққа шығарып, аузымызды қу шөппен сүртіп, қарап отырайық па? Жоқ, бауырларым. Тегінде, өткенді бағаламай, оның жақсы жағын, мазмұнын түсініп алмай ілгері жылжу мүмкін емес. Осыны алдымен ойымызға бекітіп алайық. Әйтпесе бәрін ысырып тастап өмеңдегенімізден ештеңе өнбейді. Кезекті бір науқан болады да қояды. Қысқасынан қайырсақ, мазмұн жағынан қазақ баспасөзі ұтты, баянды белге көтерілді. Ұтылған жағымыз да бар:

- Ақпараттық технологиялардың дамуынан үнемі кейін қалып келеміз;

- Жарнама нарығында шет қақпай көрудеміз;

- Оқырман сұранысын зерттеп, соған орай «өнім» ұсынудың тәсіліне аса мән бермейміз, менеджмент жоқ;

- Өзара кәсіби бәсекелестік дегенді бақталастық деңгейінен жоғары көтере алмаудамыз;

- Ақпараттық кеңістігімізді беріп қойдық,т.б.

Қалғанын күнде айтып жүрміз, оны өздеріңде жақсы білесіңдер. Ең бастысы біз осы уақытқа дейін билік ұлттық ақпараттық қауіпсіздікке мән берсе екен деп зарлаумен келдік. Соны, сол мәселені -

 

2. ҰЛТТЫҚ АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕСІ

- дегенге кезекті рет көңіл бөлейікші. Сендер Ресей телеарналарының біздің елде қалай тарап жатқандығынан толық хабардарсыңдар. Ресей билігі сол телеарналардың Қазақстанда таралуына қаншалықты мүдделі деп ойлайсыңдар? Әрине, олар өздері ықпал ететін ақпараттық кеңістікте қазақ билігі тұтас қоғамымен өмір сүргенін қалайтын шығар. Оның үстіне бұл заманда кім кімге ақпарат кеңістігінде ықпал еткісі келмейді дейсіз. Мен сіздерге айтайын, бір қызығы орыс газеттері мен телебағадарламаларының, радиохабарларының таралуына алдымен біз өзіміз құлшыныс танытудамыз. Алма-ТВ, Айкон-ТВ дегендерді білесіңдер. Кабельді сигнал арқылы телеарналардың таралуын қамтамасыз ететін құрылымдар. Осы Алма-ТВ, Айкон-ТВ дегеннің екі тізгін бір шылбырын қолына ұстағандар «әке-көкелеп» Ресейге барып телеарнабасшыларымен келіссөздер жүргізеді. Сөйтеді де НТВ, РенТВ,т.б арналардың Қазақстандағы қалаларда кабельдік жүйе арқылы таралуын қамтамасыз етеді. Аталған арна қожайындары эфирді тегінге бермейді, қып-қызыл ақшаға береді. Сол ақшаны қайтарып және оның үстіне пайда табу үшін жаңағы Алма-ТВ қайтеді дейсіз ғой, жарнама тартады. Қазақстандағы барлық жарнама берушілерді Ресейдің телеарналары арқылы ұстап отырады. Осылайша Алма-ТВ ақша үшін  ақпараттық экспанцияға жол ашып, әрі орыс телеарналарын байытып жатыр. Демек, Қазақтелеком басшылығымен бірлесе отырып бетімен кеткен Алма-ТВ, Айкон-ТВ сияқтылармен Мемлекеттік хатшы немесе Мәдениет және ақпарат министрінің бірі  дұрыстап сөйлесуі керек. Орыс телеарналарының таралымына тиым жасау өз қолымызда, бірақ соған мойнымыз жар беремей, жар берсе де «жағдайымыз» келмей-ақ жүр.

Ресей газет-журналдарының таралымы да осындай кепте. Қазпресс, Ернұрпресс... осындай пресстерді білесіңдер. Сол пресстер орыс газеттерін Ресейден «престеп» әкеліп таратудан ерінбейді. Нарқыты, нарықтағы сұранысты әбден меңгеріп алған. Ресейден әкеледі де үйіп тастайды. Қазақстандық биліктің үгіт-насихатынан шаршаған жұрт оны пышақ үстінде бөлісіп алады. Соңғы кездері орыстілді газет-журналдар Қазақстанда бұрынғыдай көп таралады деп айта алмаймын. Бірақ, жаңғы пресстер үйреніп қалған жүрістерінен танар емес. Ресейдің 140-130 миллион халқы бар. Оқырман қауымы бізден әлдеқайда көп. Сондықтан орыс басылымдары Қазақстанға нарық таппай келіп жатыр дегенге мен өз басым сенбеймін. Олар Қазақстаннан ақпарат саясатын жүргізетін алаң таппаса, пәлендей табыс тауып жатқан жоқ шығар. Алайда, бұны сараптау керек. Есеп жүргізу керек. Ең оңайы әлгі Қазпресс, Ернұрпресс дегендердің жарғысын қарап, қайта тіркеуге алу керек немесе қызметтеріне тиым салу керек. Сол кезде барып біз аттап бассаң алдыңнан шығатын саржағал орыс журналдары мен газеттерінен құтыламыз. Әйтпесе осылай жүре береміз. Орыссыз өмір сүретін уақыт болды емес пе?! Осыны біздің жігіттер неге ұқпайды? Түсінбеймін.

Бөтен тілде ақпарат тарататын, бөтен елдің баспасөзі бізге дос болмайды. Ал үлкен саясатта үлкен достық тіпті жоқ. Болмағанда. Сондықтан бұл ұсақ-түйек мәселе емес, Марат Тәжиндер, Мұхтар Құл-Мұхаметтер ойланатын мәселелер.

 

3. АЙМАҚТЫҚ БАСПАСӨЗ. БАЛАМА БАР МА?

Ұлттық ақпараттық қауіпсіздік туралы ойлағанда біз аймақтардағы қазақ журналистикасының жай-күйін де тұрақты сөз етіп, білгенімізді ортаға салып жүруіміз керек.

Қазір облыстық, аудандық газеттер ескірді, қартайды. Аталған газет басшыларының да жасы ұлғайып кетті. Олар өздері басқарып жүрген газеттерден де әрмен қартайды. Неге десеңіз, газет әйтеуір жаңа заманның жаңалықтарын айтып, соны хабарлап жатады ғой. Мына заманда облыстық, аудандық газеттерге жастар бармайды. Қайтіп барады? Екі жастың біріне келмей қартайып, қаусап отырайық деп бара ма? Өйткені облыстық газеттердегі патриархтар, ақсақалдар дейікші, сені өзінен асырғысы келмейді. «Бала, қайда барасың, тоқта, - дейді. - Біз сендей кезімізде үлкендерге дүкеннен отты су мен  темекі таситынбыз. Сен де әйда, шап, мәгәзінге!» Бұл бір жағынан қызық, өзінше тәтті өмір. Бұзғың келмейді. Бірақ бүгінгі ақпараттағы аламан бұндай өмірге қарамайды. Сондықтан облыс орталықтарынан қазақ сайттарын ашу керек. Әрине, менің бұл пікіріме оппоненттер көп табылатын шығар. Мен оларды түсінемін. Рас, интернетке шекара жоқ. Аймақтың мәселесін Алматыда не Астанада отырып алып қаузай беруге болады. Алайда, сен аса бір елеулі оқиға болмаса, ұзына кеш өз сайтыңды аймақ мәселесімен ұстап отыра алмайсың ғой. Солай ма? Ал, облыс жұртшылығын алдымен облыс аумағындағы ауыс-түйіс, гу-гу әңгіме, ұсақ-түйек оқиға, шетін мәселе қызықтырады. Солар толғандырады. Ендеше облыстық, аудандық газеттерге балама ретінде аймақтағы ақпараттарды толассыз беретін қазақ сайттарын неге ашпаймыз? Бұл біріншіден,  аймақтардағы қазақ журналистикасының дамуына  әсер етеді. Екіншіден, аймақтардың мәселесін республика жұртшылығының назарында ұстауға мүмкіндік тудырады. Үшіншіден, ақпараттық тұтастықты қамтамасыз етеді. Төртіншіден, жергілікті билік органдарын ақпарат саласымен жаңа үлгіде жұмыс жасауға жетелейді. Бесіншіден, аймақ тұрғындарының азаматтық белсенділігін арттырады. Осылай тізе беруге болады. Егер, облыс орталықтарындағы жалынды жастардың ойында сайт ашу мәселесі жүрген болса, Abai.kz ұжымы ақыл-кеңес беріп, тәжірибе бөлісуге дайын.

Менің біліумше, кейінгі кездері облыстық газеттердің қағаздық нұсқасынан гөрі веб-парақшалары көп қарала бастайтын болды. Кейбір газеттер, мысалы, Ақтөбе облыстық «Ақтөбе» газетінің электронды нұсқасы барлық талапқа сай жария көріп тұр,  altaynews.kz сайтының жаңалықтарына орталықтағы телеарналар сілтеме жасайтындай жағдайға жетті.

Ел ішінде интернет жаңалықтарын тұтынуға деген сұраныс та жоғары. Осыны ескере отырып Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазателеком АҚ-мен ортақ мәмілеге қол қойып алыс ауылдарға дейін интернет желісін тартып беруі керек. Біз қағаз өндірмейтін елміз. Жеріміз ұлан-байтақ. Газеттер уақытында жетпейді. Ал, интернет «алты айшылық жерлерден көзіңді ашып-жұмғанша жылдам хабар» беріп отырады. Осы бір шаруаны тездетіп қолға алып жіберсек, ақпараттандыру саясаты өзінің алғашқы нәтижесін беріп үлгерер еді.

 

4. ИНТЕРНЕТ ЖУРНАЛИСТИКА

Аймақтық баспасөз туралы айтып отырып біз аяңдап Интернет журналистикаға да келіп қойыппыз. Қазір осы Жаңа медиа жайында айтып жатырмыз, күнде айтатын болдық. Мен соның ішінде мына бір жайтқа тоқталсам деймін.

Интернет журналистика азаматтық журналистиканың белсенділігін тудыруда. Бұл дұрыс. Бірақ қазақ интернет журналистикасын ойлағанда біз қазақ баспасөзінде қалыптасқан мектепті, қалыптасқан кәсіби біліктілікті ұмытпауымыз керек. Турасына көшсек, қазір біз қазақ баспасөзіндегі дәстүрлі мектептің тәжірибесін интернет журналистиканың жаңашылдығымен үйлестіре білуіміз керек. Қазақ баспасөзі туралы бір сұхбатында Ерлан Қарин мырза «Қазақ баспасөзі ұлттық партияның қызметін атқарып келе жатыр» деп еді. Қазақ баспасөзінің сол позициясы, сол ұстанымы, сол мазмұны енді интернет журналистикадан көрініс табуы қажет. Содан кейін оны ішінен жаңарт, өзгерт, түлет, дамыт. Ең бастысы біз қазықты мықтап қағып алуға тиіспіз. Интернет журналистиканы азаматтық журналистика деп қана түсініп, азаматтық журналистикаға ерікті беріп қойсақ, онда біздің «Жаңа медиа» деп жүргеніміз балабазар болып кетеді. «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі Есенгүл Кәпқызы өткенде бір қызық мысалдар келтіріп еді, қазір ұмытып отырмын... қысқасы, азаматтық журналистиканың өкілдері, блогерлер, жазу мәдениетімен жете танысып, жазуды үйреніп алса, қуанар едім. Түбі солай болатын шығар. Әйтпесе, ойын толық жеткізе алмайтын блогердің белсенділігі өз басының соры не мазағы ғана болып қала береді. Азаматтық журналистиканың өкілдері -  ақпараттық технологияларды қалауынша пайдалана алатын жастар. Енді осы қабілеттеріне жазу өнері мен байқампаздықты, алғырлықты қосып дамытса, дәстүрлі БАҚ-қа теңдессіз әріптес әрі бәсекелес болар еді. Қазірдің өзінде сол нышан байқалады. Азаматтық журналистика азаматтық қоғамның қалыптасуын жылдамдататын күшке айналама деп үміттенемін. Азаматтардың белсенділігін арттырадыма деген ойдамын.

Азаматтық қоғамда журналистерге тақырыпты ортаның өзі дайындап береді. Тарата айтсақ, бір ұйым бір жерде наразылық акциясын ұйымдастырып жатады, бір ұйым жаңа бастама көтеріп жатады, тағы бір ұйым тағы бір іске мұрындық болып жатады. Содан журналистер тыным таппайды. Бізде керісінше. Қоғамға тақырыпты журналист тауып береді. Қоғам оған содан кейін барып мән береді. Міне, сол тақырыпты тауып беру мәселесімен қазір интернет журналистика айналысуда. Дәстүрлі БАҚ-тан оның озықтығы да осыдан байқалады. Әйтседе, қайталап айтамын, қазақ баспасөзінің мазмұны енді Жаңа медиадан жалғасын табуы керек. Ол үшін ғалымдар, тарихшылар, бәрі-бәрі, интернетке көңіл бөліп, онымен тіл табысуы қажет. «Мен интернетті білмеймін, сайтты білмеймін» деген сөз «мен - наданмын» деген сөз.

 

5. КАДРЛАРДЫ ДАЙЫНДАУ. ҚАЙТА ДАЙЫНДАУ

Қара тани алатын қазақ интернеттің тұтынушысы бола алады. Оған тек ықылас қойса болды. Ал Жаңа медиада - интернет журналистикада, қызмет ету аздаған еңбек етуді талап етеді. Мемлекеттік хатшының жиынында кадрларды дайындау мәселесі айтылып қалды. Күте беріңіздер, біздің науқаншыл қоғамда таяуда бір қарбалас басталады. Қандай дейсіз ғой? Мемхатшы көтерген мәселеге орай Жоғары оқу орындарының оқытушылары шетелдерге тәжірибе алмасуға аттанады. Газеттерде сала-құлаш мақалалар көбейеді. Бір екі белсенді студенттің шимайы тіпті «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде де жарық көруі мүмкін. Жарайды, бұлай болмайды делік. «Урадан» қашып отырған Тәжин мырзаның өзі ондай жылтырақтарды тиып тастауы мүмкін. Алайда, Еуразия мен Әл-Фарабидің (еліміздегі іргелі оқу орындары) журналист кадрларын дайындап жатқан оқытушылары бастарын сығымдап алып шапқылайтыны сөзсіз. Мырзалар, басты қатырудың қажеті шамалы, біздіңше болғанда кадр дайындаудың тамаша бір мүмкіндігі бар! Ол мүмкіндік - бүгінгі ақпараттық технологияның өз мүмкіндігі. Әсілінде, шәкірттің теориялық дайындығы кемел болғаны жөн, бірақ практиканың аты - практика. Оқытушы күнұзақ шәкірттің миын теориямен «шіріткенше» қолына айфон  ұстатып көшеге жібергені дұрыс. Аудиторияда оқытушының өзі ғана қалып, оқиға ортасында жүрген  шәкірттерінің жұмысын «ватцап» бағдарламасы арқылы қабылдап алып және тапсырма беріп отыруды оқудың іс-тәжірибесіне енгізе алса болды, жарты жылда «жалмаңдаған» рептортер дайын деген сөз. Осы орайда белгілі тұлғалармен онлайн-лекциялар өтікізіп, ықпалды басылымдармен бірлесе отырып онлайн-практикалар ұйымдастырудың да басы артық болмас еді.

Мемхатшымыз студенттердің іс-тәжірибе сынағынан өте алмайтындығын да біледі екен. Расында солай және шынына жүгінсек, тәжірибе жұмысына жүрдім-бардым, ілдебаймен келетін шәкірттің  редакция басшыларының бірінен тапсырма алып тындыра қоятын жұмысы да аз. Сондықтан тәжірибеден өтудің бағдарламасын ЖОО өздері дайындауы керек. Бағдарламада шәкірттің таңдаған редакциясы (газеті, радиосы, телеарансы, сайты), редакция тарапынан белгілеген жетекшісі, алған тапсырмасы, шәкірттің өзі ұсынған тақырып, шәкірттің ақпараттық технологиямен жасаған жұмысының нәтижелері, т.б. тегіс қамтылуы керек. Тәжірибе жұмысы және бір ай, жарты аймен шектелмей жыл бойына жалғасуы тиіс. Тәжірибеден жалқы сәт мойыны босамаған шәкірт ЖОО оқу бағдарламасынан тыс дербес ойлай алатын, өз бетімен ізденетін, бойындағы қабілет-қарымымен тиісінше жұмыс жасай білетін тұлғаға айналады. Сондай талапкер баланың жазған сызғаны газет беттерінде көрініс тауып, эфирлерден шығып жатса, оған еш таң қалмаймыз.

Кадрларды қайта дайындау мәселесі радио мен телевизияның журналистеріне әсіресе қатысты мәселе. Оны осы саланың мамандарымен кең отырып сөз етсек құба-құп болады деп ойлаймын.

 

6.КӘСІБИ БӘСКЕЛЕСТІК БАҚТАЛАСТЫҚ ПА?

Менің ұғымымда бәсекелестік дегеніміз -  алдымен бірлік. Бірлік бар жерде, түсіністік пен жарастық орын алған ортада шынайы кәсіби бәсекелестік қалыптасады. Қазақ журналистері бір-біріне жанашыр болуы керек. Бір-бірімен көрген білгенін бөлісіп жүрудің де артықтығы жоқ (әрине, әр редакцияның коммерциялық,т.б. құпиялары болады. Оны қызметтік этикаға байланысты жария етудің қажеті жоқ). Мемлекеттік, ұлттық мазмұны терең мәселелерде қазақ журналистері тіпті тұтасып кетуі керек. Өкінішке қарай, қазақ журналистерінің арасында кәсіби бәсекелестікті бақталастық деп түсінетін бір қортық түсінік бар. Кәсіби бәсекелестік бақталастық емес. Алайда бізде кәсіби бәсекелестікті жолға қоятын тетік те табылмай тұр. Мысалы, 300-350 мың жалақы алатын телеарна тілшісімен 40-50 мың жалақымен күнелтіп жүрген апталық газеттің қызметкері қандай бәсеке нарығында қатар тұра алады? Бұл мүмкін бе? Былай қарасаң екеуінің де мұрыны қанап жұмыс жасап жатқаны шамалы. Телетілші оқиға ортасына барады, сюжет түсіреді. Стендап жасайды. Студияға келеді. Текстін жазып, оқиды. Бейнематериалды монтаждайды. Бітті. Осылай тынбай бір айда 20-22 сюжет жасаса жетеді. Кемінде 200-250 мың теңге қалтада. Телетілші әлгі бір ай бойы жазғандарын жиып алып қараса, «Түркістан» апталығының жарты беті, асса бір беті. Ал апталық тілшісі редакцияда отырып алады да аннан-мыннан оқығанын, ойына түйгенін жапсырып жазып шығады. 200-300 жол. Жаны аса қинала қойған жоқ. Апталыққа бір, белсене кіріскенде екі мақала жазсаң, жетіп артылады. Газеттің қалған беттерін редактордың сүйікті авторлары-ақ толтыра салады. Бірақ, құрығыр ақшасы аз. 40-50-ақ мың теңге. Зейнеткер сияқтысың. Мен бұл сөзімде басқаны емес, таза әлеуметтік мәселелерді айтып отырмын. Енді не істеу керек? Не істеу керек дейсіз бе? Апталық газеттерді журналдарға айналдыру керек. Қазір әлемде апталық газет деген атымен жоқ. Аптасына бір рет шығып тұратын журналдар бар. Күнделікті жарық көретін газеттің тілшісі күнде жазады. Демек, оның осы еңбегіне орай жалақысы мен қаламақысы да жоғары болуы қажеті.  Ең дұрысы қаламақы. Қаламақы белгілеу тәртібі    редакция қызметкерлерінің ішкі бәсекелестігін қамтамасыз етуі керек. Бір шындықты айтайын. Қаламақыны біздің қулар дұрыс қоймайды. Журналистің еңбегін еңбегіне қарап емес, пысықтығына, өзіне жақындығына қарап бағалайды. Сол себептен де бұндай қаламақы жүйесін Батыс баспасөзінде қолданылатын «Таймшит» бағдарламасына өзгерту қажет. Аталған бағдарлама бойынша әр журналист өзіне өзі қаламақы қоя алады. Артық қаламақы талап ете алмайды, кем алдым деп ренжімейді. Әгәрәки, билік баспасөзбен жұмыс істеудің мемхатшы айтқандай жаңа форматына тәуекел етіп көше алса, қаламақы белгілеудің «Таймшит» бағдарламасы қазақ баспасөзінде (ТВ, радио, газет, сайт) көрініс табары даусыз. Қоғамды ақпараттандырудың жаңа саясаты, қаржы, еркіндік, бәсеке, кәсіби біліктілік толықтай бір арнадан үйлесім тапса, қазақ баспасөзінің бағы ашылар деген ойдамын.

Қазақ газеттері қазір қандайда бір «ЖШС»-лердің құзырында өмір сүріп келеді. Әйткенменде сол «жшслердің» қазақ газеттерін жарылқап жатқандары шамалы. Қазақ газеттері мемлекеттік сатып алу конкурстарының арқасында күн көріп келеді. Мемлекеттің арқасында күн көріп келеді. Әрбір салық төлеушінің арқасында күн көріп келеді. Бірақ, қазақ газеттері салық төлеушіге емес, билікке қызмет етеді. Жүйе солай етіп қойған. Жүйе деген қазақ баспасөзін жүйкелетіп бітірді. «Ананы жазба, мынаны жаз!». «Ана мәселені неге жазғансың?! Неге жазғансың деймін оны?!» деп Елорда жақтан қоңыраулар соғылған кезде бас редакторлардың бүрсең қақпайтыны кем. Содан кейін «аш құлақтан тыныш құлақ, қойшы осы, текке жүрейінші» деген ұстанымға кімде болса бой алдырары сөзсіз ғой.

Мемлекеттік сатып алу конкурстарынада «лот» деген пәле бар. Лот дегеніміз - тақырып. Кім қандай лотты, яғни тақырыпты ұтты, соны сол жыл бойы жырлап шығуға міндетті. Жырыңнан айныма. Тапсырма сол. Тапсырыс беруші тараптың да түсінігі - осы, орындаушының да түсінігі - осы. Сонда бұл не? Бұл түкте мес. Мемлекеттік хатшының тілімен айтсақ, «ақшаны отқа лақтыру», қазақшаласақ, «ақшаны желге шашу». Қоғамды ақпараттандырудың жаңа жағдайына, жаңа мәдениетіне біржола көшпесек, бұл ахуалдың өзгере қоюы да қиын. Өте қиын. Қазақ баспасөзіндегі творчестволық дамуды тежеп тұрған да, қазақ журналистерін масылдық психологияға душар еткен де осы мәселе.

Қазақ газеттерін мемлекеттік тапсырысқа ғана қаратып қоймаудың тағы бір жолы бар. Ол жол газеттердің акцияларын ұлттық компанияларға сату дер едім. Мәселенки, елімізде орыс тілінде шығатын газеттердің аржағында ірі коммерциялық құрылымдар, қаржылы топтар тұр. Солай екен, ендеше, коммерциялық құрылымдар қазақ газеттерінің акцияларына да иелік етсін. Директорлар кеңесі газет редакторын бекітсін. Газет редакторы директорлар кеңесінің шешімі бойынша  үш жылға тағайындалуы керек. Үш жыл ішінде бас редактор өзіне жүктелеген міндеттемелерді толық орындай алса, келісім шартты одан әрі ұзартуға болады. Орындамаса, тағайындау шартын мерзімінен бұрын тоқтатып тастаған жөн. Бұл талап сөз жоқ бас редакторлардың арасындағы кәсіби бәсекелестікке серпін әкеледі деген ойдамын. Және бұл талапты газет редакторларына ғана емес, барлық БАҚ басшыларына қойған абзал.

Қазақтілді БАҚ Жарнама нарығынан шет қалуда. Ол үшін Жарнама туралы заң қайтадан қаралуы керек.

 

7.САРАПШЫЛАР БАР. САРАПТАМАЛЫҚ ОРТАЛЫҚТАР ЖОҚ

Мен орыстілінде сараптамалық мақалалар жазатын жазғыштарды білемін. Ресейдің ықпалды басылымдарындағы ойларды алады да қазақ қоғамына ыңғайлап жасай салады. Қала берді философиядағы, социологиядағы авториттетерден келсін-келмесін цитат аладыда сілемейлеп бірдеңе жазған болады . Оның айтқаны біздің жағдайға келе ме, жоқ па оған тіпті мән бермейді. Біздегі шынайы жағдаймен орыстіліндегі сараптамалық материалдарды салыстырып қараңыз, күлесіз. Қоғамымыз өз шындығынан аса алмай жатады, ал, оған қатысты айтылған ойлар мен идеялардың бәрі ақ дамбалға қара жамау салған сияқты бірдеңе:  космоплоиттік идеялар мен ойлар. Бір қызығы тап сол кезде қазақ тілінде де белгілі бір жағдайға тиісінше сараптамалық мақалалар жазылып жарық көріп жатады. Әлгі мақаладан мол мағлұмат аласың, ситуацияны түсінесің, ой түйесің. Бірақ оны билік құлағына ілмейді. Неге? Себебі осы уақытқа дейін билік қазақ тілінде айтылған қоғамдық ойлармен есептесудің мәдениетін меңгере алмай келеді. Қазақ сайттарында, қазақ баспасөзінде қаншама құнды дүниелер жазылды? Әлі де жазылатыны даусыз. Соның бәрі есепке алынуы керек. Қит етсе билік орыстілді зерттеу орталықтарының, сараптамалық орталықтардың өтірік-шыны аралас, өтірігі басым мәліметтеріне сүйеніп сөйлейді. Тап соны қазақтілді жігіттер жасай алмайды ма? Жасайды. Жасағанда қандай! 2000 жылдары Мұхтар Сеңгірбай мен Ержан Әбдіраманның күнделікті мақалаларының өзі бір институттың мамандары отырып алып жасайтын сараптамалық  материалдардан кем түспейтін. Қазір осы екі жігіт  баспасөзден көрінбей жүр. Көңілдері қалған болар. Әйтседе қажудың, қолды сілтеп кетіп қалудың қажеті жоқ. Қазір қазақ баспасөзімен қойынқолтық жұмыс жасайтын сараптамалық орталықтар аса қажет. Ол орталықтардың  қоғамдық қызметін мемхатшы өзі белгілеп беріп отырса да қарсылығымыз жоқ, қайткенде зерттеу, сараптау орталықтары енді қазақ тілінде жұмыс істеуі керек. Саяси оқиғаларға маман ретінде де қазақтілді жастар, ұйым өкілдері көптіп тартылсын. Себебі біз өз мемлекетіміздің өркендеуіне мүдделіміз. Қазақ қоғамында космополиттік емес, ұлттық ойлау жүйесі қалыптасып қанат жаятын уақыт жетті.  Ақпараттандыру саясаты дегенде біз міне, осы жайттардың да шешімін табуын үнемі ойлап жүрейік, құрметті әріптестер.

Астана. «Аманат» интеллектуалды пікірсайыс клубы, 28 ақпан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3226
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5282