Сахнада – «Ұлы мен Ұры»
М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Ұлы мен ұры» спектаклінің тұсауы кесілді. Белгілі жазушы, драматург Төлен Әбдіковтің туындысын сахнаға шығарған режиссер - Қазақстанның халық артисі Есмұқан Обаев.
Қойылымның бір ерекшелігі, онда кейіпкерлердің ныспысы аталмайды. Оларға Ұлы немесе Ардагер, Ұры, Журналист деген секілді жалпылама ат берілген. Ұлы - жұрттың құрметіне ие болған, ардагер-жазушы, профессор. Ал Ұры - қу құлқынның қамы үшін жұрттың мүлкіне қол салып жүрген бейбақ. Кездейсоқ осы екі кейіпкердің тағдыры тоғысады. Ұры «сырты бүтін, іші түтін» жанның трагедиялы тағдырымен танысады. Танысады да, көп нәрсені көңілге тоқиды.
Жалпы, спектакльді үш бөлімге бөліп қарауға болады. Біріншісінде, ұрымен қарапайым қарт ретінде өмір, адам құндылықтары жайлы сөз қозғаса, екінші бөлігінде журналистермен жазушы ретінде сұхбаттасып, қоғам, мемлекеттік туралы ойымен бөліседі. Оқиға шарықтау шегіне жеткенде қарттың ұлы келіп, әңгіме әке мен бала арасында өрбиді. Онда отбасылық құндылықтар тілге тиек етіліп, әке мен бала арасындағы проблема көтеріледі. Ендеше, оқиғаны сол бөлімдер бойынша тарата баяндайық.

Ұры Ардагердің үйін тонауға кіргенде тұтылады. Бірақ қатал қоғамның тәрбиесін көрген, тоқшылықтың емес, тапшылықтың себеп болуымен осы кәсіпті нәсіп етіп жүрген жігітті көпті көрген қария бірден кешіреді. Тіпті бөтеннің дүниесіне қол сұққан жігітті кінәламайтын да секілді. Өйткені қарттың ішкі әлемінде де бір «ұры» тығылып жатыр. Олай дейтініміз, ұрының: «Мен оңбаған адаммын» дегеніне профессор: «Оған еш қысылма, сен жоқшылықтан ұрлыққа түстің, ал үлкен мағынада алсақ, біз де ұрылармыз. Біз де біреулердің ойын ұрлаймыз да, соны өзіміздің пікіріміз деп жалпақ жұртқа жария етеміз. Оған еш қымсынбаймыз» деп жауап береді. Бірақ бұлай дегенін ұрыны ақтап отыр деп түсінбеуіміз керек шығар. Өйткені жас жігіттің «ұры» деген атағы болғанымен, адамгершіліктен жұрдай емес. Оның бойында баукеспе ұры мен сұрқия суайтқа тән жылпостық жоқ.
Екінші кезекте жазушы тележурналистермен сұхбаттасады. Тілшілердің тұқыртпа сұрақтарынан мезі болған жазушы ашуға мініп, қоғам жайлы пікірін ашық айтып салады. Жеке басқа табыну, яғни бастықтарға жағымпазданудан жалықпаған, құлдық санадан арыла алмаған адамдар жайлы ойын да еш бүкпесіз жеткізеді. Осылайша шындықтың бетіне тік қарайтын жазушы ұлына келгенде қауқарсыз. Иә, балаға келгенде қандай ата-ана болмасын әлсіздік танытады, көңіліне қарайды. Содан болса керек, іргесін баяғыда-ақ аулақ салған перзентінің мінезінде ерекшелік бар. Тәрбиесі бөтен ол жат қылық танытып, әкесімен сөз таластыра бастайды. Өзінің ескіден келе жатқан ренішін айтып, әкесінің жүрегіне жара салғанын біле тұра, аяушылық танытпайды. Көп айтыстың соңында дана қарттың дуалы сөзі оны райынан қайтарады.
Негізі, бұл қойылымдағы бас кейіпкер идеал тұлға емес. Оның ұлы мен үйіне түскен ұрының да кемшіліктері жетерлік. Қарт жазушы бір кездері сатқындыққа барған болса, ұлы әкесінің «бетінен алып, төсіне шапты». Ұрының көретін күні белгілі, жұрттың жиған-тергенін заңсыз иеленумен күнелтеді. Өздерін түрлі сылтаумен ақтап алғысы келгенімен, үшеуін де адамгершілік ары жіберер емес. Десе де, өздері кешіре алмаған қателіктеріне, олардың әрбір іс-қимылын қалт жібермей отырған көрермен кешіріммен қарайтын секілді. Өйткені олардың болмысынан бойын өртеген өкінішті, арамдыққа баспаған таза адамгершілікті көруге болады. Иә, кейде «Ұлы» айтпаған ақиқатты «Ұрының» аузынан естуіміз әбден мүмкін. Тіпті ұры істеген қылықты ұлынының да қайталауы ғажап емес қой.
Төлен ӘБДІКОВ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
- Жалпы, қойылым жаман емес. Бірақ Ардагердің журналистермен сұхбаты ашылмай қалған секілді. Мен бұған қатысты пікірімді ұжымға да айттым. Алғаш рет сахналанып жатқандықтан, кейбір кемшіліктерге кешіріммен қарауға болады. Сонымен бірге көңілден шыққан тұстары да жоқ емес. Меніңше, әке мен бала арасындағы драма жаман шықпаған секілді. Мұндай жағдай шын өмірде, қарапайым отбасында жиі кездесіп тұрады. Жалпы, әке мен баланың арасында қақтығыс болмауы тиіс. Қоғам оларды қалай ажыратса да, қайта табысуына не жетсін?! Спектакльде профессор: «Әкені данышпан болғаны үшін құрметтемейді, әкені әке болғаны үшін құрметтейді» дейді. Осы сөзінен соң баласы әкесін түсінді. Соңында екеуінің табысқаны мені қатты қуантты.
Сабина ЗӘКІРЖАНҚЫЗЫ
"Айқын" газеті