Жалған қазақтардан сақ болайық!
Адам аласы ішінде,
Жылқы аласы сыртында
(халық мақалы)
Жас кезімде солтүстіктегі облыстардың бірінде, аудан әкімшілігінде ұзақ жылдар жұмыс жасадым. Аудан әкімі осы жақтың орыс тілді қазақ азаматы болатын. Мені қайран қалдырғаны, өзінің орынбасарлары етіп, тек орыстарды тағайындайтын. Тіпті, қала әкімі етіп те, өзге ұлттың өкілін отырғызды. Кейіннен жұрттан естігенім, бұлар әкімнің мектепте бірге оқыған сыныптастары екен.
Айтайын дегенім, мемлекеттік жұмысқа дос-жаранын, туған-туысқанын, танысын тарту ақылға мүлде сыйымсыз нәрсе ғой. Сондай-ақ, бұл ұжымдық ұрлыққа апарып соғуы да мүмкін және солай болады да. Тағы бір ескертеріміз, бұл қазақ елі болған соң, қазақтарды неге тағайындамасқа. Ол жақта қазақ тілі мемлекеттік тіл болса да, еш уақытта мемлекеттік құрылымдарда біздің ана тілімізбен іс жүргізілмейтін. Бұл жағдай 2016 – 2017-ші жылға дейін созылды. Қазіргі күндері өзгермесе.
Сонымен қатар, осылардың арасында ұзақ жылдар жүргенімде анық байқағаным, осы солтүстік өлкелердегі қазақтардың көпшілігі ана тілінен, дәстүрден, тіпті қайсыбірі мұсылмандық сенімнен де жұрдай болған. Әрине, ішінара өзінің қазақтық болмысын сақтағандар бар шығар, оның өзінде де текті тұқымдар болмаса. Осыларды көріп жүріп, көңілім құлазып, қиналатын едім. Бұл жақтың азамат-азаматшаларының өз тіліне, дәстүріне жанашырлық танытып, «неге бұлай?» дейтіндей көңіл бөлгенін байқамаппын. Енді қараңыз, бұл өлкелерден елін, жерін ойлайтын, сол үшін күресетін, жұмыс жасайтын ұлттық кадрлар ешқашан шықпайды ғой! Бұларды министрлік деңгейге көтерудің өзі, өте қауіпті! Неге десеңіз, олар, алдымен тілді білмейді, қазақтарды менсінбейді, қазақ жерінде жүрсе де, орысқа қошемет көрсетіп, соларды жақтап, Ресейге қарап ұлып тұрады. Сондықтан, олардың арасынан кадр іздеп, оларды көтерудің қажеті жоқ. Біздің қазіргі қадірменді билікке, мемлекеттік кадрларды: (айып етпесін) ұлттық мемлекет боламыз десек, қазақ тілді облыстардан таңдағаны дұрыс-ау деп ойлаймын. (Орыс тілділердің уақыты әлде қашан өткен). Оның өзінде де, тәжірибесі жетерліктей, жұмыста ысылған, жауапкершілікті түсінетін, адал, әділ азаматтар болса. Әсіресе, өндіріс орындарында жұмыс жасаған, өзге ұлттарды да ерте алатын, ұйымдастыру қабілеті мықты азаматтарды тағайындаса дейсің. Әрине, біздікі ұсыныс қой.
Жалған қазақтардан сақ болайық.
Мен жастайымнан өзге ұлттардың ішінде жүріп, еңбек еттім. Тек, кейінгі жылдары ғана болмаса. Менімен қатар жұмыс жасағандардың кейбірі бөгде ұлт өкілдері болса да (қазаққа ұқсас), төл құжаттарын қазақ қылып өзгерткенін білемін. Әрине, мұнда тұрған ештеңе де жоқ. Дегенмен, бұлар жоғарғы билікке жетіп алса, ең қауіптісі сол, айналасына өздері сыйақты жалған қазақтарды жинап алады. Мысалы, маған кезінде, қасымда жүрген ұйғыр журналисттері айтушы еді; сендерде, яғни, қазақтарда «Баттал» деген сөз бар, ал бізде «Батал» деген сөз бар. Тегі (фамилиясы) «Баталов» деп келгендердің қай-қайсысы болмасын, ұлты қазақ деп көрсетілгенімен, олардың түбі ұйғырлар болып келеді, - деген еді. - Анау, облыс әкімін білесің ғой (Алматы облысы), фамилиясы Баталов, - деп жымиятын, - ішің сеземе дегендей. Осыған орай айтарым, қазіргі республикалық «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Райымбек Баталов (ұйғырларда да Райымбек деген есім бар) сонда кім болып шықты?! Алайда, бұл азаматқа кір жағайық, жамандайық деп отырған жоқпыз, Құдай сақтасын, бірақ, осы азаматтың ешуақытта қазақ елінде жүрсе де, Ата заңымызда қазақ тілі мемлекеттік тіл болғанымен, қазақша айтқанын, қазақ тілінде іс жүргізгенін көрмедік! Айналасына, орыс тілді өз ұлтын жинап алып жүрген жоқ па, дейсің күдіктеніп! Қателесуіміз де мүмкін, онда айып етпесін! Әрине, біздікі жоғарыдағыларға ишара ғой! Еліңді биікке көтерер, өсіп-өркендеуіне жол ашар, әділ де шынайы азаматтар көп болса екен дейсің.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz