Қаңтар құпиясы ашылмады
Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы «Қазақстан билігі кемі 238 адамның өмірін алған, адам құқығы өрескел бұзылған» Қаңтар оқиғасын «тиімді тергей алмады» деп мәлімдеді.
Ұйым 20 желтоқсанда жарияланған мәлімдемесінде Астана Қаңтар оқиғасында адам шығынына жауапты орган қызметкерлерін анықтауға және жазаға тартуға құлықсыз деді. HRW Қаңтар оқиғасына қатысты тергеу «біржақты болғанын», наразылыққа шыққан мыңнан аса адам жауапқа тартылғанын, ал құқық қорғау органдарының тек бір қызметкері ғана сотталғанын атап өткен.
«Қаңтар оқиғасына бір жыл толып қалса да, қаза тапқандардың отбасылары, жараланған жүздеген адам мен азапталғандар әлі әділдік күтіп отыр», – деді ұйымның Орталық Азия бойынша зерттеушісі Мира Риттманн. Басында сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты басталған наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан еді. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оқиғаға шетелден келген «террористерді» айыптағанымен, бұл сөзіне еш дәлел келтірмеді. Бұған қоса, Тоқаев қырғын кезінде орган қызметкерлері мен әскерилерге ескертусіз оқ атуға бұйрық берген еді.
Қазақстан билігі оқиға кезінде ұсталған алты адам қамауда азапталып, қаза тапқанын; қырғын кезінде 238 адам (оның ішінде 19 орган қызметкері бар) өлгенін айтты. Құқық қорғау ұйымдары оқиға кезінде қаза тапқандардың саны ресми деректен көп болуы мүмкін деп те санайды. Бас прокуратура тергеуде 25 адам азапталғанын мойындағанымен, азаптауға қатысты көптеген істер жөнінде нақты шешім шыққан жоқ.
Қалай болғанда да, «Қаңтар оқиғасы» кезінде қаза тапқандар, жараланғандар мен азапталғандар үшін кінәлілерді жазалауға Қазақстан билігі жауапты. Бірақ бір жылдай уақыт өтті, ал билік Қаңтардың құпиясын ашуға құлықты емес. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан билігі Қаңтар қасіретіне қатысы бар органдар қызметкерлерін анықтап, қанды оқиғаның жұмбағын ашуға құлықты емес. Бұдан шығатын қорытынды – Қаңтар үшін қазақстандық билік тікелей өзі кінәлі.
Abai.kz