Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Ақмылтық 2374 20 пікір 27 Желтоқсан, 2022 сағат 13:39

Медведевке жауап: «Біздің жер, біздің ел, біздің шындық»

Медведевтің осы аттас мақаласына жауап

Ресейдің бұрынғы президенті, бүгінде сол елдің Қауіпсіздік кеңесі төрағасының (яғни Путиннің) орынбасары Дмитрий Медведевтің мақаласы осылай аталады екен.

Оны оқып шығып, мен де сол атпен жауап жазуды ұйғардым.

Жылды қорытындылаймын деп, автор біраз философиялық-сымақ ой-толғамға салыныпты. Заманауи трендтер мен терминдерді қолданып, өркениеттік кеңдік танытқысы келгенмен, жазғанының түпкі мақсаты көзге ұрып тұр: ол – Украинаға қарсы соғыс ашып, өзінің шынайы неоимпериялық пиғылын танытып, бүкіл әлемдік бойкотқа ұшыраған Кремльдің саясатын ақтау.

Мақала бейәдептік пен украин халқын жеккөрушілікке толы. Мәселен, тұтас бір мемлекеттің басшылығын «нашақорлар» («наркоманы»), «Киевтегі каннабис шеккен адамжегіштер» («обкурившиеся каннабиса каннибалы из Киева»). деп атауының өзі автордың не мәдениеті жоқтығынан, не өзі сол нашаны шеккенінен сыр берсе керек.

Бірнеше дәйексөз келтіре кетейін.

Украинадағы соғыстың басты себебі мен мақсаты Медведевке салсақ, мыналар екен:

«Это - защита наших соотечественников на новых территориях, которые после проведенных в них референдумов вошли в состав России. Денацификация отвратительного, почти фашистского режима Украины. Полная демилитаризация украинского государства. Гарантии от агрессий в будущем».

Бұл жерде «жаңа территориялар» деп отырғаны – заңсыз референдумдар арқылы Ресей құрамына өткен тәуелсіз Украинаның төл жері! Яғни, басқыншылықты ақтау! «Денацификация» деп отырғаны – Ресей бодандығынан құтылған украин халқының ұлттық мүдделерін қорғаудағы белсенді қадамдарын тәрк ету! «Демилитаризация» деп отырғаны – басқа елдер секілді бейтараптық саясат (нейтралитет) жарияламаған егемен елге өз әскері мен қарулы күштерін ұстауға қарсы болу! «Гарантии от агрессий» деп отырғаны – Ресейге біреудің агрессия жасауынан сақтану: кім, қашан Ресейдің жерін басып алмақ екен?!

«В конечном счете - и сегодня это очевидно и нашим недругам - ограничить наше развитие, а потом и разделить на части нашу страну».

Біреу сырын айтамын деп, шынын айтыпты дегендей, автор Ресейдің басқыншылық саясаты мен тұтас бір ұрпақтың тамырына балта шауып жатқан мобилизациясы федерациялық мемлекеттің құрамындағы ұлттық құрымдардың шынайы ахуалынан хабар берген секілді. Ол да объективті процесс. Және де оны жоққа шығаруға болмайды. Керісінше, сол ұлттық құрылымдарды Кремль неғұрлым тұқыртқан сайын физикадағы «қайта серпілетін серіппе» заңына сәйкес ондай аяусыз жаншу өзіне қарсы күштерді тудырады.

«Мы приложим все необходимые усилия, чтобы все цели специальной военной операции были достигнуты. А отвратительный режим киевских националистов прекратил свое существование. Сегодня, кроме нас, с этой миссией не справиться больше никому».

Сонда соғыстың түпкі мақсаты украин мемлекетінің көзін жою болып тұр ма?! Олай болса, басқа сылтаулардың не керегі бар екен?

«Ұжымдық Батыстың» быт-шытын шығара отырып, автор былай дейді:

«На годы, может быть, на десятилетия вперед о нормальных отношениях с Западом можно забыть. Это не наш выбор. Теперь - обойдемся без них».

Біріншіден, соғысшыл Ресеймен қарым-қатынас жасаймын деп жатқан Батыс жоқ. Екіншіден, кезінде президент боп отырған тұсында, өзін күллі әлемге либерал ретінде таныстырғысы кеп, батыс елдерінің астаналарын аралап, солардың басшыларымен кездесуді өзі үшін үлкен абырой санаған автор қалайша өз ұстанымынан айнып, антибатысшыл бола қалды екен, ә? Үшіншіден, әгәрәки Ресей Батыспен ат құйрығын кесіссе, Ресеймен бір одақтың ішіндегі біз секілді елдерге не шара?

«...мы боремся не с украинским народом, а с засевшей в Киеве нацистской сволочью, захватившей власть в результате государственного переворота».

Қайдағы «мемлекеттік төңкеріс»? Украинадағы президент және парламент сайлауларын күллі әлем мойындады, олар нағыз бәсекелестік жағдайда өтті. Ресей бомбалары мен басқа да оқ-дәрісінен қаза тауып жатқан бейбіт тұрғындар ше? Олардың не жазығы бар?

«Единственное, что сегодня останавливает наших врагов, - это понимание, что Россия будет руководствоваться Основами государственной политики РФ в области ядерного сдерживания. И в случае, если возникнет реальная угроза, будет действовать по ним».

Ресейдің жерін кім басып алайын деп жатыр екен? Әлде кеше ғана заңсыз референдумдар арқылы өзіне қосып алған украин облыстарын өз жері деп жариялап, оны азат еткісі келген Украинаны айыптап, сол себепті ядролық қаруды қолданғысы келе ме?

Мақалада айтылмаған бір ақиқат бар: ол – соғысқа байланысты жарияланған батыс санкцияларының астында қалған ресей экономикасының аса мүшкіл халі. Макро- және микроэкономикалық көрсеткіштердің құлдырауы, ресей халқының жағдайының күрт төмендеуі көз алдымызда. Мұнайға ғана қарап қалған Ресейдің «қара алтынын» сатып алудан Батыс бас тартып отыр. Мұның өзі ресейлік экономикаға тиіп жатқан аса ауыр соққы. Ол туралы мақалада бір ауыз сөз жоқ.

«"Своих не бросаем!" - стало девизом уходящего года... Всегда будем стоять на защите их прав и свобод, языка и культуры, веры и надежд».

Бұл жерде «свои» деп автор өзге елдердегі орыс ағайынды айтып отырғаны түсінікті. Бізде де оның «свои»-лері бар емес пе? Тіл мәселесін желеу етіп, Кремль бізге қарай ойысса, не істейміз? Меніңше, барша қазақты – қоғамды да, өкіметті де -  толғандыруы тиіс сауал - дәл осы!

Түйін: Ресейдің ішкі және сыртқы саясатының басты бағыттарын анықтайтын бір ғана адам бар, ол – президент Путин. Сондықтан да оның бір орынбасарының мына мақаласын соншалықты зорайтып, осыншама мән бермей-ақ қоюға да болар еді. Бірақ, бір нәрсе анық: мұның бәрін Медведев Путиннің тапсырмасымен не рұқсатымен жазып отыр. Яғни, бұл Медведевтің емес, Путиннің позициясы.

Сондықтан да мақаланы жазуды жөн көрдік.

Әміржан Қосан

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3532