Әләуләйлім бітсе егер, хәләуләйлім тағы бар...
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің міндетін атқарушы Б.Нұрымбетов қол қойып, 2016 жылғы 13 қаңтардағы №13 бұйрығымен бекітілген "Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелде тұратын этникалық қазақтар арасынан туыстары мен Қазақстан Республикасындағы отбасын біріктіру мақсатында қоныстандыру үшін шақыруларын қарау және куәландыру қағидаларына" 2020 жылы тамыз айының 4 күні ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің №286 бұйрығымен енгізілген жаңа редакциялық түзетуінде «Халықтың көші-қоны туралы» заңның бірінші тарау , үшінші бөлім , екінші тармағында "туыстар – үлкен атасы мен үлкен әжесіне дейін ортақ ата-бабалары бар туыстық қатынастағы адамдар» деп анықтама берілген.
«Халықтың көші-қоны туралы» заңының осы тармағы негізінде әртүрлі себеппен отбасы бөлініп-жарылған қандастарымыз алыс-жақын шетелдерден туыстарын шақырып, мәре-сәре болып жататын. Бұл заңның аталмыш тармағына барлық мемлекеттер құрметпен қарап, санасатын. Тіпті заңы қатал, ашық ақпараты аз , бір партия, бір идеологияға етене бағынатын Қытайдың өзі де осы көші-қон шақыртуын мойындап, санасып біржолата көшіп кетем деушілерге рухсат берді. Пандемия асқынып екі ел шекарасы толық жабылған кезде де, қандастарымыз көші-қон шақыртуын алған соң, ол жақтағы тұрақты тіркеуін өшіріп, жылжитын-жылжымайтын мүлкін сатып, үшінші ел арқылы елімізге келіп жатты. Статистикаға сүйенсек, елімізге келіп азаматтық алған қандастардың тең жарымнан астамы – Қытайдан келген қандастар. Қытай, Ирандағы қандастарды үш жылға жуық зарлатқан, атышулы екі анықтама мәселесі ұмыт болды. Басқа да көшке қатысты қолдан жасалған түрлі кедергілер алынып тасталды. Көш бағытының солтүстік және батыс облыстарға бұрылғанын қандастарымыз үлкен стратегиялық мемлекеттік саясат ретінде бағалап, қолдады.
Бірақ бұл қуанышымыз ұзаққа бармады. Биыл жаздан бастап заңның бұлыңғыр, екіұшты, түсініксіз жерлерін ұстанған орта буын мемлекеттік қызметкерлер бір ата, бір әжеден тарайтын туыстардың ішіне олардың күйеу балалары мен келіндерін қоспайтын пәтуаны шығарыпты. Әрине "ортақ ата-әжесі бар бар туыстық қатынастар" дегенде келін мен күйеу балаларды қос немесе қоспа деген ұғым айқын айтылып тұрған жоқ, бірақ көзге көрінбейтін бір күштер біздің жалтақтап, тырнақ астынан кір іздейтін шенеуніктерге ықпал етіп, бағытынан адастырып жатқан сияқты.
Олар «ортақ ата-әжеден тарамайтын күйеу бала мен келінді шақырту тізіміне қосуға болмайды. Бұл заңға томпақ келеді. Қайда барсаң, сонда бар, құдіретің жетсе, парламентке барып, заңның осы тармағын өзгертіп кел» дейтін көрінеді. Ал бірнеше жылдан бері айналыста болған көші-қон шақыртуларына қазіргілер жауап бермейді-мыс. Екі қолын ысқылап, кәріне мініп алған ортанқол шенеуніктер заңға ғана сүйенеміз деп шіренеді. Бір қарағанда олардікі де жөн шығар, бірақ заң адам құқықтарының сақталуы, адам өмірінің жақсаруы үшін жұмыс істеу керек емес пе? Азаматтар заңға бағынуы, заңды сыйлауы керек, алайда салық төлеушілер үлесінен еңбекақы алып отырған заңгерлер жасаған заңның көмескі, бұлыңғыр, солқылдап ары-бері, жоғары-төмен бұрылып кететін тұстары үшін азаматтардың құқығы тапталып, отбасының берекесі қашуы тиіс пе? Еліміздің Конституциясында "Еліміздің ең үлкен байлығы – адам" деп жазылған . Төртінші қаңтардан кейінгі Конституциялық өзгерісте "Қазақстанның бар байлығының иесі – мемлекет емес, халық" деп түзетілді. Міне бұл адам хақы мен ар-намысы бәрінен жоғары тұрады деген сөз.
Қытайдағы жағдайға қайта айналып келсек, ол жақта, әсіресе, Шыңжаңда кез-келген азаматтың қолында шетелге шығатын төлқұжаты болмайды. Шетелге шығу үшін өзге елден бизнес, туыстық, көші-қон шақыртуы керек содан кейін барып төлқұжат жасауға өтініш бере алады, оның өзінде құқық қорғау органдарынан және басқа мекемелерден құрылған арнаулы комиссия қарап, кімге төлқұжат жасауға болатын - болмайтынын анықтайды. Бұрын шетелге шығу үшін төлқұжат жасатқандардың төлқұжатын жергілікті учаскелік полиция мен тұрғындар мекемесі бірыңғай жинап алған. Әр елдің заңы басқа, иті қара қасқа дегеніміз осы .
Мысалы, мен ата- әжемнен тараған бір отбасыға отбасын біріктіру шақыртуын жіберсем ол тізімге жездем мен күйеу баламды, жеңгем мен келіндерімді қоса алмаймын, оны оларға түсіндіріп бере де алмаймын. Осылайша «жаңа Қазақстанда бүтінделеміз» деген бір отбасы қайтадан бөлініп- жарылған бірнеше отбасыға айналады. Оларды қайтадан шақырамыз деп жүргенде қаншама уақыт, қаншама қаржы сарп болып, қаншама адамның жүйкесі жұқарады.
"Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын" дегендей қағазға арқандалған шенеуніктер қатары сиремей тұрғанда қазақ көшінің бағы жанып, айы оңынан тумас. Әләуләйлімі бітсе, хәләуләйлімі тағы барлар адам тағдырын, ұлт мұратын ойыншыққа айналдырады .
Қазір Қытайдан келген қазақтардың бұрынғы уайымы мен машақаты аз болғандай, көші-қон шақыртуының әуресіне түссе, Ираннан келген қандастар «қандас екенін» дәлелдей алмай пұшайман болуда. Қазақ спорт және туризм академиясының бірінші курс студенті Саджида деген қызымыз орта мектеп тәмамдады деген дипломын нотариустан өткізіп, растата алмай дәрісін тоқтатып, қайтадан Иранға баруға мәжбүр болды. Емен есіктің ар жағында тас мүсін болып отырған кісілер бір-біріне сілтейді. Ортасында қиналып, зар илеген адам тағдыры. Әрине, әр нәрсенің объективті және субъективті себептері болады, бірақ бірдің зияны мыңға тимеуі керек қой. Бәрін биліктің жоғары эшелонына сілтей бермей, әр шенеунік өз жауапершілігін сезініп, обал мен сауапты ойлағаны жөн еді. Қаптаған делдалдар мен атаққұмар популистер де өз мүдделері үшін отқа май құйып, орта буын шенеуніктер мен қандастардың арасын алыстатып бара жатқандай... Кәдімгі Абай атамыз айтқан "Байда мейір , кедейде пейіл жоқ" дегеннің керін құшпасақ болды. Жазушы Асқар Сүлейменов күйініп кеткенде "Қазаққа ес кіргенде , Абай да ескіреді" деген екен. Пейіліміз кеңіп, мейіріміз төгіліп тұратын күнге жетейік.
Омарәлі Әділбекұлы
Abai.kz