Мәдениетте мәйек қалды ма?
Саяси науқанға толы барыс жылы да өте шықты. Президент Тоқаев жаңа қоян жылғы саяси ауыс-түйісті бірнеше министрді ауыстырудан бастады. Мәдениет министрі болып келген Дәурен Абаев орнынан алынып, «Аманат» партиясының хатшысы болған Асхат Оралов рухани саланы қолға алды.
Қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін қазақ қоғамы саяси өзгерістерге күпті болып, «Жаңа Қазақстан» деп желпінген өткен жылда Мәдениет министрлігін басқарған Дәурен Абаев жұрт көңілінен шықты деп айта алмаймыз. Спорт саласындағы шенеуніктер жөнінде наразылық, жүйеден министр Абаевтың үстінен шағымданғандар да аз болмады. Мәдениет саласындағы тендерлер, мақтауы асырылған «Айбоз» сыйлығы да дау дамаймен өтті. Десе де айтпағымыз бұл емес еді.
Қазіргі мәдениетіміздің қандай күйде екені жұртқа айтпаса да түсінікті. Жаппай жекешелендірудің кесірінен бұрынғы мәдени орталықтар жын ойнаққа айналып, елдің байлығын заңсыз иеленіп, аяқ астынан байып шыға келген ат төбеліндей топ тәуелсіз елдің медиа, рухани кеңістігін уысына алып, мәдениеттің мәйегін кетіріп, көңіл көтерудің, арзан ойын-күлкінің деңгейіне түсірді. Қоғамдық сана терістік көршінің, діни ағымдардың, батыстық құндылықтардың құрсауында қалды. Қасіретті қаңтар оқиғасының туындауына алғы шарт әзірледі.
Жыл басында Президент саяси реформа жасауға уәде беріп, соған сай бұрын «Нұр Отан» болып келген билік партиясы «Аманат» деп атауын өзгертіп, жаңа жағдайға бейімделген. Президент те, әкім қаралар да бұдан былай ешқандай партияға мүше болмайды деп уәде етіліп, заңдық негіздері бекітілген. Үмітшіл басымыз енді билік партиясы саяси әкімшілік ресурстар арқылы саяси қоғамдық аураға жеке дара әмір жүргізе алмайтын болды деп кең тыныстап қалғанбыз. Қоян жылының басындағы кадрлық өзгерістер, жаңа тағайындаулар қуануға әлі ерте екенін көрсетті.
Су жаңа Мәдениет министрінің мансап жолына қарасақ, ылғи да кешегі «Нұр Отан» бүгінгі «Аманаттың» партия штабында шыныққан екен. Яғни Жаңа Қазақстанның руханиятын Тұңғыш президенттің партиясында қалыптасқан кадрлар партиядан үйренген, ескі идеологиялық тәсілмен басқарады деген сөз.
Билік біле білсе түбірлі саяси өзгерістерге қадам жасауды дәл осы мәдениет саласынан бастауы керек еді. Өкінішке орай олай болмады. Ақтоты Райымқұлова сияқты композитор, мәдени саладан шыққан министрлерге зар боп қалатын түріміз бар. Жас та болса идеологиялық салада әбден ысылған Ораловты рухани салаға басшы ету – биліктің өздерін де, қоғамды да жаңартуға құлықсыздығын көрсетті.
Есбол Үсенұлы
Abai.kz