Сейсенбі, 2 Желтоқсан 2025
Әне, көрдің бе? 109 0 пікір 2 Желтоқсан, 2025 сағат 14:26

Байқоңырдағы апат және қанаты қиылған Ресей

Сурет: sn.kz сайтынан алынды.

Ресей Байқоңырда «Союз МС-28» зымыранын ұшырды. Ол үш ғарышкерді алып ұшқан. Зымыранда ресейлік ғарышкер Сергея Кудь-Сверчков, Сергей Микаев пен NASA ғаршыкері Джонатан Ким болды. Олар халықаралық ғарыш станциясына сәтті жетіп, зымыранды түйістіре білді. Алайда зымыранды ұшырған ғарыш айлағында күтпеген жағдай болып, ұшу алаңы зақымдалды. Бұл туралы Mezgil.kz ақпараттық порталы жазды. 

27 қарашада «Союз МС-28» ғарыш кемесін Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) ұшыру кезінде Байқоңырда қызмет көрсету кабинасы зақымдалған. Бұл туралы «Роскосмос» трансляциясындағы кадрлардан да көруге болады. The Insider басылымы әңгіме старттық құрылымның астындағы, зымыранның артқы бөлігінде жұмыс істеуге арналған жылжымалы жиналмалы конструкция туралы болып отыр дейді.

«Роскосмос» бұл туралы өзінің телеграмдағы ресми арнасында жазды. Былай дейді: «Ғарыштық мақсаттағы зымыран еш кедергісіз, штаттық режимде ұшырылды. Зымыран Халықаралық ғарыш станциясына сәтті түйісті. Экипаж қазіргі сәтте станцияның бортында, жағдайлары жақсы. Зымыран ұшырылғаннан кейін, ұшу алаңы мұқият қаралды. Бұл әр зымыранды ұшырған соң іске асатын міндетті әрекет. Ұшыру алаңында зақымдалған бірнеше элементті анықтадық. Зымыран ұшырылған соң, қандай да бір зақымдану болып тұрады. Сол үшін де әлемдік тәжірибе көрсеткендей міндетті түрде ұшыру алаңы мұқият тексеріледі. Қазір ұшыру алаңының жай-күйі бағаланып жатыр. Зақымдалған аймақты қалпына келтіруге барлық қажетті заттар бар. Жақын аралықта барлығын қалпына келтіреміз», - дейді.

Зымыран ұшыруларын талдаушы Георгий Тришкиннің айтуынша, қызмет көрсету кабинасы 31-ші алаңда құлаған. Ресейдің Халықаралық ғарыш станциясына жіберетін миссиялары осы алаңнан аттанады. Ендігі таңда Ресей ұшыру алаңының зақымдануына байланысты «Союз» бен «Прогресс» ғарыш кемелерін ұшыруды белгісіз уақытқа кейінге шегеруі мүмкін. Сарапшы солай дейді.

Зымыранды ұшырғаннан кейінгі тексеріс барысында старттық кешеннің бір бөлігін бірінші сатылы зымыран қозғалтқышының газ ағыны жұлып кеткені анықталды. Мұндай ақпаратты «Юра, прости» арнасы жазды. Бұл оқыс оқиғадан ғарышкерлер зардап шекпеген, алайда кешенге жөндеу жұмыстары жүргізілуі тиіс.

Ғарыш саласын насихаттаушы Виталий Егоров зымыранның ұшу видеосын қарап шығып, «1961 жылдан кейін Ресей алғаш рет ғарышқа адам ұшыру мүмкіндігінен айырылуда» деп жазды. Жөндеу жұмыстары бірнеше апта, ай немесе жылға созылуы ықтимал.

Егоровтың сөзінше Ресей 64 жылдың ішінде бұл ұшу алаңынан бес жүзге жуық зымыранды ғарышқа жіберген. 2018 жылдан бастап дәл осы алаңнан Ресейдің ғарышкерлері Халықаралық ғарыш станциясына аттануда. Басқа алаң жоқ. Сарапшылар ғарышқа адам ұшырудың тағы бір алаңын ұсынуда. Ол үшін №1 Гагарин алаңын модернизациялап, жаңарту керек. Алайда бұл алаңды Ресей жарамсыз деп санап, тізімнен алып тастаған және ол бүгінде ғарыш мұражайы ретінде тұр.

«Гагарин алаңын» 2018 жылы БАӘ-нің қаржысын тарта отырып модернизациялау ұсынылды. Тараптар келісім жасасты. Бірақ кейін бұл жоспар іске аспады. БАӘ жобаны іске асырудан бас тартты.

Abai.kz

0 пікір