Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ. Жарасқанға жастардан бір сөз
Уақыт-ағзамның бір құдіреті - өміріңнің өтіп кеткен жықпылдарындағы тәтті кезеңді бір ғана нәрсемен қайта басыңнан кешіргендей ойыңа салуы. Бір сөз, бір қимыл мәңгі есіңде қалып қойып, ойда-жоқта сап ете түсіп, тура сол сәттегі сезім өне-бойыңды қайта шарпып өткенде, Жаппар Иенің құдіретіне таңғалмасқа шараң болмайды. Бұл сезім әр адамның басында болады деп ойлаймыз.
Уақытты бейнелеуге келгенде, «сынаптай сырғыған, байлауға көнбейтін уақыт, бастан бұлбұлдай ұшқан дәурен», болмаса, «зымырандай зулаған заман-ай» деп толғанып жататынымыздың бір себебі, жастық дәуреніңнің қалай өткенін байқамай қалатыныңда болар. Сол қазір ақыл тыңдауға уақыттары жоқ, бұл күндері қалай өтіп жатқандығын пайымдай қоймаған жастардың кітап сөресіне көз жүгірте қалсаңыз, үшемдей бірінен-бірі айнымаған қара кітаптар көзіңізге ілінер еді. «Көңіл көкпары», «Сана соқпағы», «Парыз. Парасат. Пайым». Бұл үшем - студенттердің құпия сырларына қанық, кәнігі достары. Әр бетінде өткен күндерінің естелігі, айтқан сырлары, ғашықтықтан тамған жастарының тамшысы бар. Оқуын бітіргендер үшеуін парақтай қалса, Төлегендей махаббаттан кешкен «қасіреттері» көз алдыларына келіп, сезімдері кеуделерінде көшіп, көңілдеріндегі көп дидарымен сырғып жатар еді.
Бұл үшемнің авторы - Әбдіраштың Жарасқаны. Зейнолла Қабдолов, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза-Әлі, Әбіш Кекілбаев, Бақытжан Майтанов сияқты қазақ әдебиетінің бір-бір қабырғалары жылы қабақ танытып, пікір айтқан адам қайдан нашар бола қойсын. Жарасқанның ерекшелігі - қазақтың сөздік қорын кеңінен пайдаланып, қордың молая түсуіне де аз үлес қоспағандығы. Бұрын жәй ғана өлең, аударма деп айтатындар, енді төлтума мен телтума деп қолданатын болды. Біз кіріспе деп жүргенімізді, Жарасқан кірісу дейді. Осындай өлеңі де бар.
«Кіріспе» демей
«Кірісу» қойдым жыр атын.
Кірісу менің -
міндетім,
хақым,
мұратым!
Өмірде мынау бәріне,
бәрі,
бәріне,
кірісу керек,
кірісу керек шын ақын!».
Өзінің «міндеті, хақы, мұратына» жетуі жолында Жарасқан оқырманын, әдебиет сүйер қауымын тамсандырды, таластырды. Олай дейтініміз, Жарасқанның шығармашылық кеңістігіне таңғалып сөйлеген үлкен ағаларды көрдік, кітабын жата-жастана оқып жүрген жастардың арасында өстік. Егер де университетке барсаңыз, филология факультетінің студенттерінің кезекпен, болмаса, бірінен бірі ұрлап оқитын кітаптардың ішінен Жарасқанның кітабын да көрер едіңіз.
Студенттік шақтың естен мәңгі кетпейтін, өз қуанышы, өз қайғысы бар бөлек әлем екеніне ай аунап, жыл жылжыған сайын жас та, жасамыс та сезінетіні анық. Студент атаулының Жарасқанды құлай оқитындарының себебі, ақын лирикасы. Олар кітапты қолдарына алғанда, алдымен «Менің музам» деген бөлімді ашады. Өйткені, әрбір студенттің, тағы өзі ақын-жазушы боламын деп жүрген жастардың өздерінің бір-бір музасы болмай ма? Соларға асыққандай жігіттер де:
«Тыңда менің жүрегімді, ақылдым,
Жүрегімнің садағасы сөз деген...
Мен өмірге бір-ақ келген ақынмын,
Неге мені теңейсің сен өзгемен?!
Бұл сырымды қашан сенен бүгіппін,
Біле-білсең біреуге ұқсап жүру сын.
Мен өмірге бір-ақ келген жігітпін,
Сен өмірге бір-ақ келген сұлусың!», -
деп зырылдата жөнеледі. Биік рух, асқақ сезім. Осы өлеңді оқи отырып, өздерінің сырттай таңдап алған, бірақ айтуға дәл осындай батылдығы жетпей жүрген, өз музаларына ұрланып қарап қойып, өлең жолдары ғашық жүрегін қақырата сөгіп шығып жатқандай мең-зең күй кешеді. Аудиторияны әлдеқандай ауыр сезім билеп, айналадағы жұрттың бәрі жігіттің мұңын мұңдап, болысатындай әсер береді. Ғашықтықтың зардабын шегіп жүргенде, Жарасқандай достың табылғаны оларға қабағат қуаныш. Қанша айта алмай жүрген сөздеріне, сезімдеріне кезігіп, қиялға батып, асқан бір сұлулықтың әлемінде жүреді. Ол - поэзия әлемі. Ол - Жарасқан мен жастарға ортақ әлем. «Өзіңнің ақын, я ақын еместігіңді білу үшін жастарға қара. Егер олар сенің жазғандарыңды оқып жүрсе, ақынсың» деген мазмұндағы Ертай Ашықбаевтың сөзін Жарасқанның жырлары растай түседі. Дәлізде тұрса да, далада жүрсе де ретін тауып, Жарасқанның өлеңін оқып қалуға тырысатын жастар. Жалпы, студент қауым кез келген нәрсенің ыңғайын тапқыш. Сабаққа келмей қалудың реті, ұйықтап қалудың жөні сабақ үстінде де өз ретімен жүріп жатады. Кей сабақтарда тақырыптан ауытқып, еркелеткен ұстаздардың алдында еркінси түсіп, өлең оқудың да ретін табады. Бұндай мүмкіндікті махаббаттан өртеніп жүрген бейбақтар қалай жіберіп алмақ. Біреулері өздерінің өлеңдерін оқып жатқанда, енді бірі көңіліндегі арманын Жарасқан арқылы жеткізеді.
«Жолықтым саған,
(оңымнан самал ескенді!)
Қорықтым содан -
Биіктеу екен мәртебең!..
Ұмыттым бәрін,
Ұмыттым шулы кештерді,
Ұмытылды мына жарты әлем...».
Аудиторияға тура қарап айтып тұрғанындай болғанымен, бой бермей сұлуына қарай ауып кете беретін жанары мен қызарақтаған беті ғашық жандарды сатып жібереді. Екі беті оттай жанып, малмандай терге түсіп, басы айналып, орнына әрең жетеді. Қыздар ду қол шапалақ соғып, арасындағы қылжақпас достары «өлтірдің, айтып тастадың ғой» деп қағытады. Өзі де тері басылғанда, «Сездің бе сезімімді? Саған айтқан сырымды естідің бе?» дегендей жалынышты жүзбен «музасына» көз тастар еді. Ал сұлу арулар «Түк те естімедік, сезбедік» дегендей, асқақ қалпы, тым болмаса жігіттің пақыр көңіліне үміт сәулесін сездірмейді. Кейде жігіттің ғашық екенін біліп қалса, ер баланың жанын аямай қызғаныштың қызыл итіне талата түсер еді. Қыздар жігіттердің осыншама азапқа салынатынын білмейді-ау осы. Әйтпесе, жігіт те адам ғой. Аяр еді. Сол кезде ол тағы бір ыңғайын келтіріп, Жарасқанның мына өлеңін оқушы еді.
«Мұнша неткен ашық едің, таныстарың көп пе еді,
Бәрі сенің жақының ба, досың ба сөз аттамас?
Эх, жаныңнан сол бір жігіт неге ұзақ кетпеді.
Сеніменен көңілдес пе - меніменен бақталас?
Саған әзіл айтқанында тұрды екен ол нені ойлап,
Сені әбден мәз қылды ма, менен маза кетірді.
Сенің нәзік саусағыңды тартқыласа ол ойнап -
Мына менің жүрегімді жұлқып жатқан секілді!..». Осы өлеңді оқығаннан кейін арман-қыздар өздеріне ғана тән ұяңдықпен қызарақтап, бастарын төмен салып, үндемей қалады. Арасында біреулері «Тағы бір өлең оқышы» дегенде, сұлуының беті бері қарағанын, не ана бір жігітпен көңіл жарастырғанын шынымен білмей, өкпелеген түр танытып:
«Сол бір досты енді менен де гөрі жақын қыл,
Мөлдір кештерді еске алып, бұзба ойыңды...
Жатақханаға жетектеп апаратын кіл
Жолыма нүкте қойылды!», -
деп дүниеден баз кешіп кетер еді. Ғашық жігіттердің осылай батыл сөйлеуіне Жарасқан поэзиясының көп көмегі тиді. Оның өлеңдері айлы түнде айтатын әнге, түнімен ұйықтамай шертетін сырға айналды.
«О, махаббат, сегіз әріп бір арман,
Сол бір арман қырық қыздан құралған.
Мұңды жырсың тебіренсем, толғасам,
Бір қыз болып жолығасың сен қашан» -
деген шумағын эпиграф қып алып, іштеріндегі ақындары да таңға өлең жазып шығады. Егер жас буынның жазған өлеңдерінде нәзік сезім, лирика болса, ол да Жарасқанның көрсеткен жолы, өнегесі-тұғын. Қадыр Мырза-Әлі: «Жарасқанның қаламгерлік жауапкершілікті бірден сезінгендігі сондай, бүкіл шығармаларынан халтура іздеп табу, жалпы мүмкін емес» деп баға беріпті. Жастарға жақындығы да сондықтан болар. Арасында созған қолдары армандарына жетіп жатқан жігіттер:
«Қайда жүрдің
Қадіріңді арттырайын
дедің бе?
Қайда жүрдің
Азабыңды тарттырайын
дедің бе?
Өзегімді өрт
қылайын дедің бе?», -
деп назды сұлуларын еркелетуді де ұмыт қалдырмайды.
Жарасқанның жастармен біте қайнасып кеткені соншалықты, әр жиында, әр тойда өлеңдерін оқып, әзілдерін жарыса айтады. Ақынның өлеңдерінің ізімен әзілге де жол береді. Бұған Әбдіраштың ұлының эпиграммалары да аз әсер етпесе керек. Жатақхана бірде тиіп, бірде тимей, сарсаңға салғанда, ызасы әбден өтіп, жоғарыдағы шумақтардың бір-екеуін былай өзгертіп мұңдарын да шағады.
«О, общяга, тоғыз әріп, бір арман,
Сол бір арман коменданттардан құралған.
Мың бөлмесің тебіренсем, толғасам,
Бір бөлме боп жолығасың сен қашан...
...Жатақхана демей, общяга қойдым
жыр атын,
Общяга алу міндетім, хақым, мұратым.
Ақша да емес, киім де емес бірінші
Общяга керек, общяга керек тұратын!».
Жарасқан - лирик, аудармашы, балалар ақыны, сатирик, сыншы. «Парыз. Парасат. Пайым» кітабы - әдеби сынға қосқан сүбелі үлесі. «Соғыстан соң туғандар» деп өз буынына айдар таққан ақын қай жанрда да жарқырап көрінді. Пушкиннің «Я помню чудное мгновениесін» қазақ поэзиясына бояуын сақтап аударғандардың бірі де осы - Жарасқан.
«Ғажайып сол сәт әлі есте,
Ғайыптан көзге таңылдың.
Өткінші сиқыр елестей,
Өзіндей мінсіз Тәңірдің.
Үмітсіз мұңға сүйеніп,
Кешсем де бастан күй түрлі,
Түсіме жүрдің жиі еніп,
Естіліп даусың сүйкімді...», -
деп кете береді. Әбдіраштың Жарасқаны жиырма екі елдің елуден астам ақынын қазақ тілінде сөйлеткен.
Мұқабасының сыры кетіп, аппақ айдындай парақтары жастардың қолымен кірлеген сәулелі кітаптар нұрын шашуын тоқтатқан емес. Жарасқанның өлеңдері талай өлеңсүйерлердің «сана соқпағымен» өтеді. Ақынның жырларына тағы бір құлақ салайықшы:
«Кім едік? Кім болдық біз? Халық таныр!
Әйтеуір ұмтылғанбыз жарыққа бір!
Марқұмбыз бәріміз де болашақта,
Жер деген адамзатқа алып қабір».
Ағаларымыз «Жарасқан одақтың сахнасында саңқылдаған даусымен «Ақ бұлақтар» деген өлеңін оқып тұратын» дейді. Өзін көрмесе де, студенттік күндерін көңілді, әсерлі өткеруіне, әрі сол «азапты» күндер мен мазасыз түндерде аман жүруіне көмектесіп, серігіне айналған Жарасқанның саңқылдаған даусы құлағына, сахнадағы тұрысы жас ақынның көз алдына келетін шығар. «Алып қабіріне» аттанғанына он екі жыл болған ақын алпыс бес жасында одақтың сахнасында қияқ мұртты келбетімен шашы желкесіне түсіп, саңқылдап өлең оқып тұрар ма еді, шіркін!..
«Ақ бұлақтар!
Алқынған Ақ бұлақтар!
Қазір - Көктем, алдың -
Жаз, шапқылап қал!
Тұнығыңды асыға тұр күтіп бақ,
Көкірегін бір сезім - гүл қытықтап.
Қылығыңды сағынып ақын біткен,
Саған деген бір табан жақындықпен.
Күміс сыңғыр күлкіңді жырға қосып,
Жүр сонау бір құлпырған қырда тосып!..».
"Қазақ әдебиеті" газеті