Жапониядан үйренетін ең маңызды сабақтар...
Алғыс айтуды ешқашан ұмытпа
Жапонияда біреудің жасаған жақсылығын жай ғана қабылдап қоймай, мүмкіндігінше оған қайтарым жасауға тырысуды үйренесің. Әлі жазбаған алғыс хатың есіңде ме? Сатып алып, бірақ жібермей қойған туған күн құттықтауың ше? Жапонияда мұндай жағдай сирек кездеседі. Алғыс білдіру дегеніміз мінсіз қарым-қатынастың басты шарттарының бірі.
Мүмкін, Жапонияда алғыс білдірудің жолдары көп болғандықтан, оны жүзеге асыру да оңай шығар. Мысалы, біреу саған жаңа сатып алған диваныңды үйіңе кіргізуге көмектессе, оған сусын сататын автоматтан бір салқын сусын алып берсең де, ризашылығыңды білдіргенің. Біреуге жасаған жақсылығыңның өзі құрметке лайық.
Қайта кездескенде де алғыс айт
Жапондықтар көмектескен адамға сол сәтте алғыс айтып қана қоймайды, келесі кездескенде де ризашылығын білдіруді ұмытпайды.
Бұл шамадан тыс әдептілік сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ біреу саған: «Сол күні диванды көтеруге көмектескеніңе рақмет!» деп қайта айтса, өзіңді жақсы сезінесің.
Әдептілік тек «өтінемін» мен «рақмет» деумен шектелмейді
Әдептілік жапон мәдениетінің ажырамас бөлігі. Ол адамдардың бір-бірімен сөйлесуінен, сатушының тұтынушыны есікке дейін шығарып салуынан, мейрамханаға кіргенде жылы жүзбен қарсы алуынан байқалады.
Егер бір жерден жол сұрасаң, саған қолмен сызылған нақты карта беріп қана қоймай, кейде дүкен қызметкері өз орнын тастап, дұрыс бағытқа түскеніңе көз жеткізгенше бірге еріп жүруі мүмкін.
Әдепті болу дегеніміз өзімшілдікті азайтып, өзгенің қамын ойлау.
Өзгелерді бірінші орынға қой
Адамға оның сен үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетудің ең жақсы жолы оны өзіңнен жоғары қою.
Досыңа торттың ең үлкен бөлігін беру, анаңа мейрамханадағы ең жайлы орынды ұсыну, суретке түскенде қонағыңды ортаға орналастыру мұның бәрі Жапонияның күнделікті өміріндегі құрметтің көрінісі.
Дәстүрлі жапон үйлерінде қонақтарға арнайы орын бөлінеді. Қонақ токономаның алдына отырғанда, қабырғадағы каллиграфия немесе арнайы қойылған гүл композициясы сияқты өнер туындыларының аясында отырады.
Адамдарға өздерінің ерекше екенін неге сезіндірмеске?
Наубайханадан жаңа піскен торт сатып алдың ба? Көршілеріңе де біреуін алып бер. Жапонияда адамдар арасындағы байланысты нығайтудың осындай ұсақ, бірақ мағыналы жолдары көп.
Топтағы әр адамды назардан тыс қалдырма
Кейбір адамдар саған ұнамаса да, бәріне көңіл бөліп, ортақ кездесуге шақыруға тырыс.
Тек жақын достарыңмен сыра ішу немесе жұмыстағы әріптестеріңнің кейбірін ғана шақыру деген түсініктен аулақ бол. Біреу туысың, досың немесе жай ғана сол жерде жүрген адам болса да, бірге жиналған адамдардың бәрі ортақ ортаға кіре алуы керек.
Барлығын қамту бізге адамдарды өз болмысымен қабылдауды және бізден ерекшеленетін жандарға төзімді болуды үйретеді.
Өзгенің мүлкіне құрметпен қара
Қазақта «Тапқанға олжа, жоғалтқанға өкініш» дегенге келетін сөз бар. Ал Жапонияда бөтен затты өзіңе қалдыруға болмайды.
Егер біреу көшеде қол орамалын түсіріп алса, оны жақын жердегі пошта бөлімшесіне тапсыруға болады. Сонда иесі жоғалтқан затын таба алады.
Бір нәрсенің қараусыз жатқаны оны алуға болады деген сөз емес. Ар-ұятың болсын.
Мас болу зорлық-зомбылыққа себеп болмауы керек
Жапонияға алғаш барған адамның өзі түнде, кейде тіпті күндіз де көшеде мас адамдарды жиі кездестіруі мүмкін. Бірақ олардың дөрекілік көрсетіп, жанжал шығарғанын сирек көресің.
Түнгі клубтарда төбелес өте сирек болады. Жапондықтар ішімдік ішкенде көбіне көңіл көтереді немесе ұйықтап қалады. Кейін оянып, қайтадан ішуді жалғастыратындары да бар.
Бейбіт өмір саналы таңдау
Қазіргі Жапонияда балаларға зорлық-зомбылықтың дұрыс еместігін, ал соғыстың қажетсіз екенін кішкентай кезінен үйретеді.
Бейбітшілікке деген құрмет білім беру арқылы және жыл сайын өткізілетін еске алу шаралары арқылы қалыптасады.
Мемлекеттік басқару кейде шынымен жақсы нәтижелерге жеткізеді
Әлемдік деңгейдегі теміржол жүйесі, қоғамдық көлік, әлемдегі ең үздік пошта қызметтерінің бірі және сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек мемлекеттік саясаттың сәтті жүзеге асуының мысалдары.
Мұндай қызметтерді жеке сектор бұдан да жақсы ұйымдастырар еді деп ойлау қиын.
Қарапайымдылық пен ұстамдылық бағалы қасиеттер
Жапон қоғамында сабырлылық пен қарапайымдылық жоғары бағаланады.
Адамдар ұзын-сонар кезекте шағымданбай тұрады. Жолда жүргізушілер бір-бірімен жанжалдаса бермейді. Даусын көтеру немесе көзін алартып, жақтырмағанын көрсету де сирек кездеседі.
Жапондықтар көбіне байсалды, жұмсақ мінезді, күнделікті өмірде тыныштық пен үйлесімділікті бағалайды.
Жапонияда көптеген іс қатаң ережелерге сәйкес орындалады. Сондықтан біреу сен үшін ережені бұзады деп күтпеу керек.
Жақсы тыңдай біл
Жапондықтар әдетте сабырлы сөйлейді. Олар көбіне ұяң, қарапайым әрі шыдамды келеді. Әңгімеге бірден араласып кетпей, алдымен өзгелерге сөйлеуге мүмкіндік береді. Олар жақсы тыңдаушылар.
Өзгелерге ойын ашық айтуға мүмкіндік беру өте маңызды. Өйткені бұл адамдардың өздерін еркін сезінуіне және біздің оларды тыңдауымызға жағдай жасайды.
Басқалардың көзқарасын түсінуге тырысқанда, біз оларды азырақ сынаймыз. Ал пікірталасқа түсіп, бір-бірімізді жеңуге тырысқаннан гөрі, сабырмен сөйлескенде дауысымызды бәсеңдетіп, әңгімені өз қолымызда ұстауға ұмтылмаймыз.
Жапондықтар үнсіздікті де бағалайды. Әңгіме арасында сәл кідіріс жасау сөздің салмағын арттыра алады.
Шектен тыс ұлтшыл болма
Өз еліңді шамадан тыс дәріптеудің қажеті жоқ. Өйткені әр адам өзі туып-өскен жерді әлемдегі ең жақсы мекен деп сезінуі мүмкін.
Әлемнің түкпір-түкпірінен келген иммигранттар тұратын Жапония сияқты елде өмір сүргенде, сенің елің әлемдегі ең жақсы жер болмауы мүмкін екенін түсінесің. Шын мәнінде, әлемдегі ең жақсы ел деген ұғым әркім үшін әртүрлі.
«Ганбару» - қолыңнан келгеннің бәрін жасау
Ағылшын тілінде бұл ұғымды дәл жеткізетін бір сөз жоқ деуге болады.
Кейде бір істі орындау біз ойлағаннан әлдеқайда көп уақытты, ақшаны және күш-жігерді талап етеді. Мұндайда көпшілігіміз тез беріле саламыз.
Ал Жапонияда бар күшіңді салып, соңына дейін тырыссаң, мақсатыңа жете алатыныңа сену маңызды.
«Ганбару» ұғымы жапондықтардың ойлау жүйесі мен дүниетанымына терең сіңген. Ол қиындыққа қарамастан табандылық таныту, қолдан келгеннің бәрін жасау және берілмеу.
Уәде маңызды нәрсе
Жапонияда біреу бір істі істеймін десе, оны шын ниетімен айтады деп түсінесің. Олар айтқан сөзін ұмытпайды.
Егер қандай да бір іс-шараға шақырылса, баруы керек деп есептейді. Барамын деп уәде берсе, жаңбыр нөсерлеп жауып тұрса да, белгіленген жерге уақытында жетуге тырысады.
Егер шынымен бара алмайтын болса, бұл туралы алдын ала хабарлауы немесе өзінің орнына басқа біреуді жіберуі қажет деп санайды.
Жақсы азамат бол
2014 жылы Бразилияда өткен футболдан әлем чемпионаты кезінде жапон жанкүйерлері өздері отырған стадионның бөлігін тазалап кеткен болатын.
Егер Жапонияда болып көрген болсаң, бұған таңғалмайсың. Өйткені жапондықтар өздері ластаған жерді тазалап кетеді.
Егер үйіңде кеш ұйымдастырсаң, қонақтарыңның бәрі жинастыруға көмектеседі деп күтуіңе болады. Тіпті ыдыстарыңды да жуып беруі мүмкін.
Жапондықтар ұйымдарының алдындағы жолды күн сайын сыпырып тазалайды. Сондай-ақ көршілердің бәрі қатысуға тиіс ортақ тазалық жұмыстары жиі ұйымдастырылады.
Олар өз міндеті болмаса да, өзгелер ластаған жерлерді тазалайды.
Әр істі әдеппен орында
Егер жапондықтарды бір сөзбен сипаттау керек болса, ол «әдептілік».
Құрмет көрсету үшін иілу, біреуге сұқ саусақпен шұқшиып көрсетпей, ашық алақанмен бағыт нұсқау сияқты сыпайы әрекеттер қоғамның барлық саласында кездеседі.
Затты екі қолмен ұсыну, ұқыпты киіну, әр адаммен күлімсіреп амандасу осының бәрі ризашылықты, құрметті және әдептілікті білдіреді.
Уақытты бағала және кешікпе
Жапонияда өмір сүру барысында үйренген ең маңызды сабақ туралы сауалнамаға қатысқандардың ең жиі берген жауабы — уақытты сақтаудың маңыздылығы.
Уақытында келу өзгелерге деген құрметтің белгісі ғана емес. Ол әр істің тиімді, жүйелі әрі сенімді орындалуына мүмкіндік береді.
Ең басты сабақ: басқа адамдарға құрметпен қара, уәдеңде тұр, өзгелерді тыңдай біл және өзің өмір сүріп жатқан қоғамға пайдаңды тигіз. Үлкен өзгерістер көбіне күнделікті өмірдегі кішкентай әрекеттерден басталады.
Дайындаған - Амантай Тойшыбайұлы
Abai.kz