Бұл неғылған тайраңдау?
Біз осы еліміздегі орыс тілінің үстемдігі жайлы айтудан да қатты сақтанамыз. Аяқ астынан «ұлтшыл», «нацист» атанып, Ермек Нарынбай мен Марғұлан Боранбайдың жанына барып, түрменің быламығының «тәтті» дәмін татып қалуың әбден мүмкін.
Сосын көбіміз «Аш құлақтан, тыныш құлақ», деп, бір жерімізді қысып қойып, үндемей жүре береміз. Оның үстіне биыл «Қазақтандағы орыс тілінің жылы», деп айдай әлемге жариялағаннан кейін, мүлдем үніміз өшіп қалғандай күй кешудеміз. Енді «Жасасын каз.., кешірерсіз, ұлы орыс тілі», деп ұрандатудан басқа амалымыз қалмаған секілді.
Жарайды, бір жыл қайтер дейсің, өтер-кетер. Алайда орыс тілінің үстемдігіне олардың діни үстемдігі қосылып, азаттығымызға азу тісін көрсетіп, өз елінде жүргендей тайраңдайтындығын қайтерсің. Мысал ма? Жетіп артылады. Мен бұл жерде біздегі орыс шіркеулерінің тікелей Мәскеуге бағынып, солардың саясатын жүргізетіндігін айтып та отырған жоқпын. Сенбесеңіз, Ресей патриархатының Украинадағы соғысты қолдап, жас жігіттерді қанды қасапқа баруға үндеп отырғандығына қарсы бір ауыз сөз айтты ма екен? Сонда христиан дінінің бейбітшілікке үндейтін уағызы қайда қалды?
Жә, бұл да түк емес. Бір қызығы, өзге жерлерді білмеймін, Қостанайдағы орыс тілінде хабар жүргізетін «Алау» деп аталатын телерадио кешені жаңа жылдың алдында екі апталық демалысқа, яғни Рождество мерекесін тойлауға кететіндігін салтанатты түрде хабарлады. Және жыл сайын осы дәстүрден таймайды. Сірә, бұлар алдындағы жол көрсетіп жүрген ағасы - Алматыдан шығатын, қазақ билігін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын алпауыт газет – «Время» деген басылымнан үлгі алатын болар. Мұны қалай түсіндік? Егер осындағы католиктер (олардың мейрамы орыстардан өзгерек), еврейлер, буддистер «өз мерекелерімізді тойлаймыз» деп жұмыстарын тоқтатса, ал мұсылмандар Құрбан айт мейрамында үш күн бойы үйлерінде жатып алса, на болмақ? Жалпы, мұның бәрі «дін мемлекеттен бөлінген» деген ережеден туындаған теріс түсінік.
Тіпті солай-ақ, болсын делік. Ал сонда «зайырлылық» деген ұғым қайда қалды? Бізде неге өзге діндерге қарағанда православиеге ерекше артықшылық беріледі? Мұндай «ерекшелік» өзге дін өкілдерінің ренішін туғызбайтындығына кім кепілдік береді?
Жарайды, осындай діни мейрамды мерекелеуге тыйым сала алмайды екенбіз. Қанша дегенмен, өркениетке ұмтылып жатқан елміз ғой. Алайда осы екі баспасөз құралының екеуі де біздің Қостанай облыстық бюджетінен молынан қаржыландырылады. Ал олардың республикалық бюджеттен алатын миллиондаған ақшасын тіпті, есепке де алып отырған жорқпыз. Сонда дейміз-ау, осындай ұзақ демалысқа кететіндердің қаржыдан онша қысыла қоймайтындығы мүйізі қарағайдай экономист түгілі, жай адамға да айдан анық болар.
Ендеше мұндай, өздерін Ресейдің бір бөлшегі санайтын басылымдарды халықтың ақшасының есебінен жарылқап отыру қандай ақылға сияр екен? Бұл не қылған мырзалық?
Жайберген Болатов
Abai.kz