Абылай хан қашан, қай жерде қайтыс болған?!
Абылай хан шын мәнінде қашан, қай жерде өмірден өтті деген мәселеге байланысты жаңа табылған тарихи деректерден пайдаланып аз-кем ой ортақтаспақпыз.
Мәнжурша деректерде Абылай ханның қайтыс болған жыл-айы нақты хатталған, ал қайтыс болған жері әр түрлі жазылған. Бұларды төмендегідей жинақтауға болады:
1) 1780 жылы, Қошқарата
Бұл хабарды Тарбағатай ұлығы мал саудалап барған қазақтардан естіген:
«jakan ahaci i baci ulha uncame hasak saci, abulai tuleke aniya hosihor ata sere bade nimeme akv oho babe donjiha bicibe, jituji yargiyan taxan be bahafi sarakv».
Аудармасы: «Жақында бізге келіп мал саудалаған қазақтардың айтуынша, Абылай өткен жылы (1780) Қошқарата деген жерде қайтыс болған, шын-өтірігі белгісіз».
2) 1780 жылы қараша айы, Ташкент маңындағы атыздық жерде
Бұл мәлімет Уәли хан ордасына арнайы жіберілген ақалақшы Төбеттің қайтып келген соң айтқандарында кездеседі:
«bi abulai ai nimeku de nimeme akv oho babe dacilaci, abulai tuleke aniya juwan biyade tasigan i usin tarire bade hefeliyenere nimeku bahafi niyalma akv oho sembi».
Аудармасы: Мен Абылай қалай ауырып қайтыс болыпты деп сұрағанымда, ол "Абылай былтыр (1780) қазан айында (григориан күнтізбесі бойынша қараша айы) Ташкент мағындағы атыздықта сүзекке шалдығып қайтыс болыпты" деді.
«abulai daci genere de, ini jui oirostem, aitel, tok dahalame genehe bihe. abulai akv oho amala, oirostem, tok ini amala i giran be adzar i bade umbufi, jakan ceni nuktehe kukcitao i bade amasi mariha. aitel kemuni tasigan i usin tarire ba i baita isihiyame tehebi, umai amasi marihakv seme donjiha».
«Абылай балалары Үрістем, Әділ, Тоқтармен бірге жай жолаушылап бара жатқан. Абылай қайтыс болған соң Үрістем мен Тоқ әкелерінің мүрдесін Әзіретке (Қожа-Ахмет Яссауи) апарып жерлеп, одан елдеріне қайтады. Әділ болса Ташкеттің маңындағы атыздықта артқы жұмыстарына ие болып қалыпты, әлі қайтбапты» деп естідім.
3) 1780 жылы қараша айы, Түркістан
Бұл мәлімет Әбілпейіз сұлтанның ұлы Жошыны Іле генералына жіберіп Абылай ханның қайтыс болғанын естірткен мазмұндарда кездеседі:
«...abulai tuleke aniya juwan biyade turgustan i bade nimeme akv oho yargiyan mejige be bahafi, meni ama abulbis mimbe takvrafi jiyanggiyvn i elhe be baime, belek morin alibume, cohome abulai i bucehe babe jiyanggiyvn de donjibume jihe».
...Абылайдың былтыр (1780) қазан айында (григориан күнтізбесі бойынша қараша айы) Түркістанда ауырып қайтыс болғанынан нақты хабар тапқан соң, әкем Әбілпейіз мені жұмсап, генералыдың есендігін сұратып, тартуға ат бергізді, Абылайдың қайтыс болғанын естірту үшін арнайы жіберді.
Бізше, 2-айтылым шындыққа бір табан жақын тәрізді, өйткені Төбет Көкшетаудағы Уәлиге барып мән-жайді нақтылай ұғысқан соң Цин ұлықтарына мәлімдеген. Осыны ескере отырып Абылай 1780 жылы қараша айында, Ташкенттің маңындағы атыздықта сүзек ауруына шалдығып өмірден өткен деуге болады. Сондай-ақ оның қайда жерленгені де анық хатқа түскен.
Әйгілі Абылай хан қайтыс боларынан бір жыл бұрын яғни 1779 жылы жазда қаракесек руының биі Бекболаттармен шектесіп қалады. Қарсы жақтан алаңдаса керек, Абылай хан жыл аяғында баласы Сыдық сұлтанды Цяньлун патшаға амандасып келуге жібергенде жол-жөнекей Іле генералына сәлем айтып, әскер сұратады. Осы уақиға туралы Іле цзянцзюні патшаға мәлімдеме жолдайды. Артынан осы мәлімдеме көне қытай тіліне аударылып, ресми тарихқа енгізілген.
Бір қызығы осындағы тыныс белгілерінің дұрыс қойылмауына байланысты мағынасы ауытқыған. Бұны кейінгі қытай ғалымдары да ескермеген. Осының салдарынан қазақ зерттеушілерінің кітаптарында да түзетілмей аударылған. Сөйтіп Абылай ханды “бас идіріп, кешірім сұратып” қойған. Шыны мәнінде бұл оқиғаның мән-жайын ең алғашқы мәнжу тіліндегі түпнұсқасынан білуге болады. Бұл мәлімет 1780 жылдың жыл басындағы Іле цзянцзюні Илэтудың мәлімдесінде жазылған:
«duleke aniya juwari forgon de, hara kesek otok i hasak ahalakci bekbolot, turtul argan kire ere ilan otok i hasak sebe guilefi, meni ama abulai i baru afaha. amala bekbolot minggan isire niyalma be gaifi, abulai i jakade genefi waka alime hengkilehe bicibe, bekbolot se umai nenehe adali gurin daharakv. ere ilan otok oci, hvsun etuhun, niyalma labdu, amala inenggi geli uttu yabure be boljoci ojorakv ofi, cohome bithe alibufi, amala inenggi bekbolot se geli uttu etuhušeme yabure oci, mende sunja ninggun tanggv cooha šangname bufi aisilame hasak bekbolot sebe gelebure de hvsungge sere gvnin. ere baita be abulai i gisun. jiyangiyvn jakade hebešefi, amba ejen de wesimbufi ojoro oci, wesimbureo. aika ojorakv oci nakarao».
Аудармасы: «Өткен жылы жазда, қаракесек руының ақалақшысы Бекболат төртуыл, арғын, керей (?) осы үш рудың қазақтарымен ымыраласып әкем Абылаймен шектесті. Артынан Бекболат 1000-нан астам адамымен Абылайдың алдына келіп басын иіп, кешірім сұрады, дегенмен әлі мойынсал бола қоймаған сыңайлы. Бұл үш рудың адамдары көп, күші мығым, кейін уәдесінде тұрмауы мүмкіндігін ескеріп арнаулы хат жаздық. Егер Бекболаттар қайтадан бас көтеріп жатқан жағдайда, бізге 5-6 жүз әскер көмекке жіберілсе, оларға сес көрсетуге пайдалы еді. Бұл Абылайдың айтқаны, цзянцзюн ақылдасып, патшаға мәлімдеуге болатын болса мәлімдеп, болмайтын болмаса айтпай-ақ қойсын».
Бұл қытайшаға аз-кем ықшамдалып аударылған:
«去年夏間,哈喇克塞克等三鄂托克之阿哈拉齊及伯克博羅特等,與我父搆兵。後伯克博羅特領千餘人來,我父叩首引罪,猶未肯休。此三部鄂托克勇力人多,恐將來復出,請賞借兵五六百名為援。將軍可奏則奏,不可奏則止等語»。
2004 жылғы қытайлық ғалымның «Қазақстан және оның қытайдың Шыңжаңымен болған қарым-қатынасы (XV-XX ғғ. ортасы)» атты еңбегінің 132-бетінде дәл осылай көшірілген.
Отандық ғалымдар да осы қытай тіліндегі аударма нұсқасын орыс, қазақ тілдеріне аударып пайдаланған (Степные властители и их дипломатия в ХVIII–ХIХ веках. 2019, 2022 қазақша аудармасы).
Алайда жоғарыдағы қытайша аудармасының 2-жолында «來» иероглифінен кейін үтір қойылған да, сөйлемнің мәні бүкілдей өзгеріп кеткен. Яғни «артынан Бекболат 1000-нан аса адамымен келді, әкем (Абылай хан) бас иіп, кешірім сұрады» болып қалған. Бұндағы үтір «叩» иероглифінен бұрын қойылса, онда мәнжуша жазылған түпнұсқасындағы мағынасы өзгермеген болар еді.
Абылай хан мен Бекболат билер неге араздасты, бұл туралы анық жазылмаған. Тарихшы-ғалымдардың арасында түрлі пікір бар: біреуі «Абылай қартайды, ішкі ала ауыздық асқынды, әсіресе Әбілмәмбеттің ұлы Болат сұлтанның қорқытып-үркітуі мен қысымына ұшырағаннан» десе [Ли 2004: 131-132], енді бір бөлім ғалым: «1778 жылы Қазақстанның солтүстігінде жұт болды, мал қырылды, Қазыбек би қайтыс болды, оның ұрпақтары мен Абылайдың қарым-қатынасы нашарлады» дегенді алға тартады [Клара 2022: 139].
Осылай қарт Абылай 1780 жылы қазақтың оңтүстік қалаларын аралауға шығады, ол осы сапарында Ташкентте тұрып Цин патшалығына бір парша хат жолдайды, Ресейге де бір парша хат жазған, екі хатта сақтаулы, бұлар Абылай ханның ең соңғы дипломатиялық хаттары деуге болады. Күз айында Абылай хан ұлдары Үрістем, Әділ, Тоғымдармен Ташкеніттен Түркістанға келе жатқан жолдында науқастан қайтыс болады [Міркамал 2014: 21].
Дүйсенәлі Әбділәшімұлы
Abai.kz