Гордонның сөзі және соғыс...
Гордонның сөзін біреулер қолдап, біреулеп оны қарғап жатыр. Түрлі пікір, түрлі көзқарас. Қоғам болған соң солай болуы да керек. Плюрализм ғой.
Жалпы кез келген соғыстың нәтижесіне тек әскери сала ғана әсер етпейді. Ол көптеген бөлшектерден тұрады.
1. Әскер саны, оның дайындығы, идеологиясы. Қазақстан әскері осы уақытқа дейін әскерді дайындауда ресейлік стандартқа басымдық беріп келді. Ал ресейлік әскери стратегия көбіне кеңестік тактика-стратегияға басымдық береді. Ол ХХ ғасырдың әдісі еді, ХХІ ғасырда өзектілігін жоғалта бастады. Оны біз Қарабақ соғысында (ресейлік-кеңестік әскери үлгідегі армян әскеріне түркиялық(натолық)-пәкістандық үлгіге жақындатылған әзербайжан жасақтарының соғысынан көрдік), қазір Украинада (ресейлік-кеңестік үлгіге қарсы натолық үлгіге жақындатылған украин әскерінің қарсылығынан) көріп отырмыз. Бұл екі үлгідегі әскери модельдің соғысы десек те болады. Біздің үлгі қайсысына жақын екенін өзіңіз білесіз. Кеңестік, ал кейіннен ресейлік үлгі санға басымдық беретін. Әскердің, техниканың санының көптігіне. Бірақ ол тактика да үнемі нәтиже бере бермейді. Оны артиллерия бойынша басымдық 10/1 болса да, Ресейдің контрбатареялық ұрыста анық басымдыққа ие болмауы көрсетті. Бұл тұрғыдан алсақ, біз тіпті санға да басымдық бере алмаймыз. Әскердің санын өзіңіз білесіз. Идеология жайлы айтудың да қажеті аз шығар.
2. Әскери техника. Қандай техника түрлері барын жазудың қажеттілігі аз, қайдан алатынымыз маңызды. Әскери техниканың басым бөлігі бізде кеңестік (оны модернизациялауға тырысып келеміз, бірақ мейкаптанған кемпір қыз болмас), артынша ресейлік. 70-пайыздан жоғары болар. Бұл тұрғыдан Ресейге тәуелділік бар. Себебі қосалқы бөлшек, снаряд, жөндеу және т.б керек. Соғыста ең маңыздысы ауыр техникада (танк, артиллерия) ұңғы (ствол) болып табылады. Ол өте көп істен шығады. Оны алмастырып, жөндеп отыру керек. Қазақстан әскери қару-жарақ сатып алуды әртараптандыруға тырысуда. Түркия, Израиль, Қытай және басқа елдерден көбірек алуға тырысуда. Бірақ оған уақыт керек, оған қаражат керек. Әскери техниканы ала салып, қуатты болып кетеміз деу де қателік. Оны үйренуге айлар, ал кей техниканы меңгеруге жылдар керек.
3. Кез келген соғыс басталған сәтте қарсыластар бір-бірінің әскери қоймаларын, штабтарын, әуежайлары мен жеткізу тораптарын соққылауға тырысады. Ал соққының шығыны мен әсерін азайту ПВО/ПРО-ға байланысты. Әуежайлар, әскери қоймалар, штабтар қаншалықты ПВО/ПРО-мен қорғалған деген сұрақ туындайды. Мысалы әскери нысаннан бөлек, екі маңызды нысанды айтайын. Ол мұнай өңдеу зауыттары (НПЗ) және ТЭЦ-тер. Олар қаншалықты әуе қорғаныс жүйесімен қорғалған. Біздегілер қорғалмаған, қорғалса да өте әлсіз қорғалған деп ойлаймын. Жанармайсыз әскер соғыса алмайды, жылусыз қоғам психологиялық тұрғыдан сынып кетеді (соғыссыз-ақ Екібастұзды еске алыңыз). Әскери қоймалар ше? Олар қаншалықты қорғалған? Соңғы үш жылдағы жарылыстар қоғамда әлі жауабы табылмаған біраз сұрақты қалдырды. Зымыран-бомба соққысынан қорғану мақсатында натолық стандарттағы жерасты қоймаларын салу мәселесі өткір тұр (елді-мекеннен алыс орналастыруды қоса алғанда).
4. География, халық саны, қалалар. География ол - тағдыр. Ол көп дүниені шешеді. Бір елдегі қару екінші бір елде дәл сондай әсерлі болмауы мүмкін. Себебі жер бедері, ауа-райы, табиғи жағдай деген дүние бар. Қазақстан көбіне жазық дала. Тау мен орман аз. Халық саны аз, алайда территория өте үлкен. Оны қорғау қиынға соғады, себебі шеп өте үлкен, мыңдаған шақырымға созылады. Сәйкесінше адами және техникалық ресурс жетіспеуі де байқалады. Ал қалалар ше? Бір-бірінен 300-500 шақырымда, кей жағдайда мың шақырымда жатыр. Бұл да қорғаныс-шегініс мәселесін қиындатады. Мысалы Украинада Северодонецк-Лисичанск қалалары үшін ұрыс жаз бойы болды. Украин сарбаздары Северодонецк үшін екі ай соғысып, қоршауда қалу қаупі артқанда 20 шақырымдағы Лисичанскке сәтті, шығынсыз шегіне білді. Ал бізде қалалар бір-бірінен өте алыста жатыр. Соғыс шегініс-ұмтылыстан тұрады. Дер кезінде әскер мен халықты бір елді-мекеннен эвакуациялай алу да маңызды. Арақашықтықтың алшақтығы оны қиындатады. География және демография…
5. Әуежайлар саны, порттар саны, азық-түлік қауіпсіздігі, халықтың психологиялық көңіл-күйі, мемлекеттің қаржылық қоры, ішкі идеология, биологиялық және ақпараттық қауіпсіздік және т.б деген факторлар да шешуші рөл ойнайды.
Украин әскері қазіргідей ұрыс жүргізу деңгейіне бір жылда жеткен жоқ, 8 жыл бойы идеологиялық, әскери дайындық болды. Қару тұрғысынан қолдау бар.
Рух әрине маңызды, бірақ басты емес. Бастысы жоғарыда айтылған және айтылмаған бөлшектер, рух солардың ішіне кіреді. Егер батыс тарихшыларының “көшпенділер дәуірі неге тарихқа кетті” деген сұрақ аясында жауаптарын оқысаңыз, бір мысал ретінде көшпенділердің қару тұрғысынан артта қалғаны айтылады. Сайын даланың саңлақтары ғасырлар бойы садақ пен найза, қылышта қарсыласқа дес бермеді. Алайда зеңбіректен жеңілді, бодан болды. Қазіргі “біз қырамыз” деген ұран да сол қателікті ескермеу. Қанжарды күлкінің астына жасыру керек. Демографияң өсіп, экономикаң қуатты, идеологияң мығым, ғылыми техникаң жоғары болса бір сәрі. Біреуі де жоқ қой.
Бізге уақыт керек. Бейбіт уақыт. Қазақтың саны елімізде әлі 14 млн. Бұл аз. Өте аз.
Асхат Қасенғали
Abai.kz