Путиншіл депутат партиядан шығарылды
Мәжіліс депутаты Азамат Әбілдаевтың "Азаттық" радиосына берген сұхбаты ел арасында қызу талқы болуда. Ол сұхбат барысында Путиннің Украинаға ашқан соғысын ашық қолдайтынын жасырмады.
“Мен Ресей президентін қолдаймын. Осы жазға дейін Зеленскийді өз халқы ұстап, сотқа береді деп ойлаймын. Мен Украинадағы арнайы операцияны қолдаймын. Соғыстан қашып құтылу мүмкін емес еді, ал Украина билігінде нацистер отыр”, - деді ол.
Бұл қазақ интернет сегментін дүр сілкіндірді. Депутат "Ақ жол" партиясынан болғандықтан, тілшілер партия төрағасы Азат Перуашевтың пікірін білді. “Мен бұл туралы білмеймін. Ол оның жеке пікірі. Біздің партия соғысты қолдамайды”,- деді Азат Перуашев.
Артынша Азат Перуашев өзінің телеграм арнасында келесідей мәлімдеме жасады: "Депутат А.Әбілдаевтың мәселесі ертең партияның Ұлттық Кеңесінде қаралады.
1. А.Әбілдаевтың сөздері “Ақ жол” партиясының позициясына қарама-қайшы және сонымен қатар партиялық және де депутаттық этиканы да бұзып тұр.
2. “Ақ жол” партиясы қашан да Республикамыздың және басқа да дос мемлекеттердің тәуелсіздігі мен жер тұтастығын құрметтейді және қолдайды.
3. Депутаттардың тәртіптік мәселесін қарастыру партияның Ұлттық кеңесінің құзыретіне кіретіндіктен, депутат А.Әбілдаевтың сөздеріне саяси баға беру және мәселесін қарау үшін ертең партияның Ұлттық Кеңесінің пленумы шақырылуда", - деді.
Бүгін партияның Ұлттық кеңесінің пленумы өтті. Депутаттың мәселесі пленум барысында қаралды. Ол бойынша партия өзінің ресми сайтында келесідей ақпарат жариялады:
"Ақ жол" демократиялық партиясы Ұлттық Кеңесі Мәжіліс депутаты А.Әбілдаевтың мәселесін қарады.
Бүгін 2023 жылы 19 қаңтарда "Ақ жол" демократиялық партиясы Ұлттық кеңесінің пленумы өтті.
Партия төрағасы Азат Перуашевтың төрағалығымен өткен жиында Мәжіліс депутаты А.Әбілдаевтың журналистке берген сұхбатында Украинадағы соғыс туралы айтқан сөздері сараланып, тиісті саяси баға берілді.
Ұлттық кеңес мүшелері А.Әбілдаевтың сөздері “Ақ жол” партиясының позициясына қарама-қайшы екеніне, партиялық және депутаттық этиканы да бұзғанына баса назар аударды.
Атап өту керек, кеше партия президиумы хабарлағандай, “Ақ жол” партиясы қашан да Республикамыздың және басқа да дос мемлекеттердің тәуелсіздігі мен жер тұтастығын құрметтейді және қолдайды.
Ұлттық кеңес:
1. А.Әбілдаевты "Ақ жол" демократиялық партиясынан шығару туралы шешім қабылдады.
2. "Ақ жол" демократиялық партиясынан шығарылғанына байланысты
А.Әбілдаевтың депутаттық мандатын тоқтату туралы «Ақ жол» партиясы Орталық сайлау комиссиясына хат жолдады.
Abai.kz