Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 4045 10 пікір 23 Қаңтар, 2023 сағат 12:03

Ашылмай келген текетірес тарихы

Шәкәрімнің туғанына165 жыл

(Абай мен Шәкәрімнің диалогы жайында)

1931 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлы атылды, «халық жауы», «бандит» деген жолсыз жалаға ұшырады. Өмірбаянының көлеңкелі тұстары болуы содан. Мысалға ағасы Абайға ә дегеннен ерген сияқтанады. Бірақ ұстазын толық мойындап, оған шәкірт болуға серт бергені жасы отызға толғанда, 1889 жылы болған оқиға. Ғажабы, екі ақын арасында орын алған келіспеушілік һәм бәсекелестік бүкіл қазақ поэзиясы жаңғыруына септігін тигізді. Оның соны бағыты анықталды. Төменде мән-мағынасы маңызды текетірестің тарихы, басқаша айтқанда, ақындар диалогы баяндалмақ. Таяуда (12 қаңтар, 2023 жыл) exclusive.kz порталында әдебиетші Зәуре Батаеваның сұхбаты жарияланып, оның Абай шығармалары Абайдікі емес деген пікірі әлеуметтік желідегі жұртты тағы бір дүрліктірді.  Мұндай шабуылға тосқауыл қойылмаса, ертең Шәкәрім, Мұхтарды жоққа шығару басталары анық. Міне, қолыма қалам алғызған екі жәйт осылар.

Сонымен, ақындар диалогы қалай, неден басталған? Бұл сауалдың жауабына Шәкәрімнің «Ескі ақындық» атты өлеңі сұранып-ақ тұр. Әзірге жазылған жылы белгісіз.  Оны 1887 жылғы туынды деп топшылауға толық негіз бар. Ұзақ толғауында:

Ескі ақын бізден әлі артық,

Ол кезде туған бала артық.

Жасымыздан шал артық,

Тақпақ пен мақал тағы артық,

Суырып салма жағы артық, –

деп ескі ақындықты жанын сала қорғаштайды Шәкәрім. Сыпыра жырау, Шортанбай, Үмбетей, Марабайларды атап, оларға: «Алды-артына қарамай, Соққанда жырды суылдап, Жел жетпейтін құландар!» деп жоғары бағасын  береді.  Жыраулар қай жағынан да жыр ұйқасы, мейлі, жігеріңді тасытар насихаты да бізден озық, демек, солардан үйренейік деп үндеу тастайды.

Бұл үндеу ағасы Абайға қарсылықтұғын. Неге? Себебі, 1887-88 ж.ж. Абай жаңа ақындық өкілі болып қалыптасты. Яғни ескі ақындық «кемшілігін әр жерде-ақ көру» дәрежесіне көтерілді. «Өлең – ел мінезін түзеудің құралы» деген жаңа парадигма, тың көзқарасқа табан тіреді. «Ғылымды іздеп, дүниені көздеген» үлкен оқымысты ғалым биігіне шықты. Сол себепті Шәкәрімнің аталған жырына бей-жай қарауы мүмкін емес-ті (Ахат ақсақал: «Шәкәрімнің Абай тірі кезінде жазған өлеңдері Абай сынынан өтіп отырған» дейді).

Оған басты дәлеліміз – «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты туындысы. Оның өзегі – жаңа ақындық идеясы. Абай «Ақындары ақылсыз, надан келіп», «Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап» деп ескіні сөгумен шектеліп қалмай, «Кісімсінген, жеп кетер білімсіз көп», «Терең ой, терең ғылым іздемейді» деп Шәкәрім құраптастарын қабаттап соғады (мұндай ашулы сыншылдыққа себепкер «Ескі ақындық» өлеңі екені талассыз сияқты).

Осымен, жаңа мен ескінің таласы басталған деп топшылаймыз. Келесі 1888 жылғы «Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол» өлеңінде Абай ақындыққа қойылмақ жаңаша шарт пен талаптарға қайта оралып, оларды тиянақтай түседі. Онда жаңашыл ақын «Сөзі тәтті, мағынасы түзу келсе, Оған кімнің ұнасар таласуы?», «Қарны тоқ қаса надан ұқпас сөзді, Сөзді ұғар, көкірегі болса көзді» дейді. Абайға дейін ақын, өлеңші атанған кісілердің, жалпы ақындық өнердің абыройы әсте асқақ емес-тін. Қазақ бұл өнерді көбіне ойын-сауықпен байланыстыратын. Сондықтан ақылшы аға сөзін: «Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер, Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ» деп қорытады.  Ойлы жас жігіттің бірі де бірегейі – Шәкәрім еді. Алайда ол Марабай, Шортанбай сынды жыраулардан үлгі алсақ дейді. Абай қайтіп бұған көне алсын, еріксіз әйгілі Шортанбай, Дулат, Бұқар жырауды да сын тезіне алады (бұл жыраулар когортасын мұқату емес, асау жастарды бұруды көздеген амалытұғын).

Сонымен, жоғарыда үш туындыны («Ескі ақындық», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» және «Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол») сөз еттік. Жаңа ақындықты екі дүркін өлеңмен бекіткені – оның Абай үшін аса мәнді тақырып болғандығының айғағы.  Сөз жоқ, ақындық өнер –  сыншы, тәрбиеші әрі  «үлкен қадірлі мағынасы бар әлеуметтік қызмет, қоғамдық зор еңбек» (М. Әуезов). Жаңа ақындық деуіміздің бұдан бөлек, тереңгі себептері де бар.

Ғылым мен өнерге күш салған Еуропа ойқастап озып, қара үзгенде Азия халықтары қалың ұйқыда еді. Прогресс жолынан шет қалып, бірінен соң бірі отарлық қақпанына түсіп жатты. Абай заманында бой көрсеткен ең ірі проблема осы. Не істеу керек? Жапониядан бастап Түркияға дейінгі елдердің күллісі ғылымға бет бұру, оқу-ағарту ісіне реформа жасау қамына кірісті. Дәлелге Түркиядағы «танзимат» және Ресей мұсылмандарының «жадидизм» қозғалысын атасақ та жеткілікті. Әлем оқиғаларын қалт жібермей қадағалап отырған дана Абайға бұл жақсы мәлім еді. Қалың елі қазағын ғылым-білімге шақыруды, ұлтын ұйқыдан оятуды қолға алуы осы айтылған бүкілазиялық құбылыстың заңды жалғасы еді. Абайдың ағартушылық қызметін дұрыс бағалау үшін тұтастай панорама керек. Бір фрагментке қараудан аса алмай, Абай «орысшыл» деген кінәмшілдер кезінде болған, қазір де бар. Бүгінгі Абай мұрасы «империялық жоба» деп лағып жүрген шіркіндер туралы да осыны айтамыз.

Ақындар диалогына қайта оралып, енді төрт өлеңді қарастырмақпын. Олардың екеуі Абайдікі: «Сегіз аяқ» пен «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін»; екеуі Шәкәрімдікі: «Жастық пен кәрілік туралы»  және «Жастарға». Бір ғажабы, ақындар тартысы өте нәзік, асқан бүркемелі түрде өткен. Оның болғанын растау үшін жіті тексеріп, мұқият талдамасқа лажымыз жоқ.

Поэтикалық шеберлігі деңгейлес, көлемі мен ұйқасы бір біріне құйылып түсетін қос туынды бар қазақта: бірі – Абайдың «Сегіз аяқ» атты өлеңі, бірі – Шәкәрімнің «Жастық пен кәрілік» деген өлеңі. Сыртқы қалыбы қос тамшыдай ұқсас осы екеуінің әуелгісі қайсы? Оған қарапайым оқырман тұра тұрсын, шәкәрімтанушы ғалымдар да бас қатырып жүр.  Өйткені, Шәкәрім ақталған жылы жарық көрген «Шәкәрім шығармалары» (Алматы: Жазушы, 1988. - 560 б.) жинағында «Жастық пен кәрілік» өлеңі 1879 жылғы деп таңбаланған. Демек, Шәкәрім аталмыш өлеңін «Сегіз аяқтан» он жыл ерте шығарған дерсіз. Бірақ 1879 деген, әрине, қате дата. 1889 жылғы «Сегіз аяқ» әуелгі екеніне кепілдік береміз. Ол – Абай жаңалығы. Бас абайтанушы   Мұхтар Омарханұлы Әуезов «Абай Құнанбайұлы» атты монографиясында «Сегіз аяқ» бұрын болмаған ерекше үлгі дейді де: «Өзінен бұрын ешкім таппаған қиын ұйқасты шебер түрге Абай әдейі арнап ән де шығарады» деп атап көрсетеді.

«Сегіз аяқ» дүниеге бұрын келгеніне  қажетті дәлелдер «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» (Абай) және «Жастарға» (Шәкәрім) деген екі өлеңде тұнып тұр. Рет-ретімен баяндайық. Абай әйгілі «Сегіз аяқ» өлеңін дүниеге әкелгенде  Шәкәрім тағы да таласқа түседі. Оған дәлел: тұп-тура «Сегіз аяқ» қалыбында «Жастық пен кәрілік» өлеңін жазып, елге жаяды. Аға және іні ақындар арасы қатты ушыққаны анық. Екі өлеңде ұқсастық сыртқы порымда (шеберлік жағы деңгейлес, көлемдері дәлме-дәл, екі жүз жолдан тұрады) ғана, ал ішкі мазмұны бойынша олар жер мен көктей алшақ еді.

Құр сөз  болмауы үшін екі өлеңнен де мысал алайық.

Ауырмай тәнім,

Ауырды жаным,

Қаңғыртты, қысты басымды.

Тарылды көкірек,

Қысылды жүрек,

Ағызды сығып жасымды, –

деп қатты шерленеді «Сегіз аяқта» 43 жастағы Абай.

Сынаптай толқып,

Түлкідей жортып,

Кетеді көңіл әр жаққа.

Қырандай қағып,

Алмастай ағып,

Мұратын түгел алмаққа.

Ал 30 жастағы бұла Шәкәрім «Жастық және кәрілік туралы» туындысын осындай шумақтармен өреді. Бастан-аяқ күлкі мен тоқтыққа бөленген жастық шаққа мадақ, ол аздай кәрілікті жамандап өтеді. Қоғамдық қайғы-зар, әлеуметтік идея атымен жоқ. Ал, «Сегіз аяқ» Абайдың «Оян, қазақ!» деген жар салған туындысы. Осы кездерде отарлық қамытынан құтылу, сол үшін ғылым мен өнерге күш салу бүкіл Азия елдерінің ұранына айналғанын жоғарыда айттық. Демек, Абайдың кез келген ағартушылық өлеңін осы қозғалысқа ат салысқаны һәм ескі мен жаңаның күресі деуге керек.

Әзірге Шәкәрім ескі ақындыққа байлаулы. Неге? «Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ» деп Абай айтқандай, Шәкәрім де еркін ауада қайырусыз асаудай  бұла өскен адам («Абай жолы» эпопеясында қырық жасқа дейінгі Шәкәрімді өнерлі, бірақ ескішіл пысық атқамінер қылып сомдағанда Мұхаң шындық ауылынан алыс кетпеген). Осы айтылған мінезге өзге де себептерді   (бақталастық, бәсекелестік, атқамінер ортаның «Абай тым орысшыл!» дегенін құп көру, көршілес ағасы Тәкежанның ықпалы, «Ескі ақындық» өлеңін сынағаны үшін кектену және т.б.) қосыңыз.

Сонымен,  «Сегіз аяқ» өлеңі әуелгі екендігі, Шәкәрімнің «Жастық пен кәрілік» өлеңі оның ізін ала жазылғандығы анықталып отыр. Соңғыны 1879 жылғы деп таңбалау ешқандай сын көтермейді.

Қанша жерден байбалам салсақ та, Абай шығармалары Абайдікі емес дегенге саятын күдікті пікірлер қылаң беруде, оған иланатын адамдар да аз болмасы анық. Өсек-аяңның жолын кесудің кепілі – Абай әлемін саңылау қалдырмай бекітуге саяды. Ең болмағанда әрбір сүйекті шығарманың жазылу тарихы терең зерттеп-зерделеу шарт. Ендеше тексерісімізді жалғастырайық.

Кезек Абайдың «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деп басталатын әйгілі шығармасынікі. Сенсеңіз, оның жазылуына Шәкәрімнің «Жастық пен кәрілік» (екінші аты – «Бозбала пен кәрілік») атты өлеңі себепкер болған. Қалың елім, қазағым деп дөңбекшіп, түн ұйқысын төрт бөліп жазған жүрекжарды туындысын аяқасты қылған кісіні кім кешіре алсын.  Өлеңі бар, өнерлі інісін Абай да кешіре алмаған. Көңілі қатты қалған.

Өкпе-назға толы өлеңін Абай сабырменен жаймашуақ бастаған. Алайда бұл алдамшы көрініс. Желіп келе жатып, қатқыл сөзге лоқып тұрып қаласыз. Әуелі «Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар» десе, әрі қарай Абай:

Түзу кел, қисық-қыңыр қырын келмей,

Сыртын танып іс бітпес, сырын көрмей, –

деп қамшысын үйіре түседі. Кімнің мінезін мінеп, сын найзасы ұшын кімге туралап отыр? Ұстаз емеурінін аңдау әсте оңай емес.  «Жастарға» атты ұзақ толғауымен Шәкәрімнің өзі көмекке келмесе, кім екендігі ешқашанда анықталмас та еді. Толғауда іні ақын: «Тым туралап айтыпты сұғындырып, Көріп тұрған мінезді жасырсын ба?» дейді. Сол сияқты «Шиқанымды езгендей шықты жаным, Айтқанда естігендер ұғып келіп» деуімен де  ағынан жарылады. Өлеңдегі Абайдың «тасыр», «қисық-қыңыр», «арсыз», «сәнқой», «керім-кербез» деген сөздері тек өзіне тиесілі екенін айтып отыр.  Мысалға «Абай жолы» эпопеясында Мұхаң 30 жастағы жігіт Шәкәрімді былайша суреттеген: «Дағдылы қонақтың бірі – қазірде қалың қара сақалды болған Шұбар. ...Шұбар – сәнді киінетін, сыланған кербез. Жаңадан сатып алған алтын сағатының бауы қара желетінің омырауында жарқырай салбырайды» (1889 жылғы оқиғалар арқау етілген «Биікте» тарауы). Абай сөздері жігіт Шәкәрімге, әрине, ауыр тиген. Өйткені, ол тіл-жақты, өнерлі деген мадақ сөз бен қолпаштауды көп естіген, Құнанбай мырзаның ерке немересі еді.

Ауыр тигеніне жанама дәлел, Шәкәрім баласы Ахатқа үзік-үзік сыр ашқан.  «Отыз жас шамасында бір айдай тілім байланды», – деген. Сол қатты торыққан, күйзеліс хәлінде: «Жеті жастан бастап жазған өлеңдерін өртеп жібергенін» айтқан. Жастық поэзиясы елді өнерге шақыру, ұлт санасын ояту, надандық, зұлымдықпен алысу сияқты Абай қойған талапқа сай келмеген. «Мұтылғанның өмірі» атты өзі туралы жырында:

Ондағы өлең-жырларым,

Ұнадым жастар тыңдарын.

Ескермей елдің мұңдарын,

Қаси алмадым қотырын, -

дейді.

Бұл күнде «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшінде»  Абай үш ақынды сынаған, олар: мұсылманда атақты сахабаның бірі - Әзірет Әлі айдаһармен алысыпты деп қисса жазған Көкбай, «Зияда» деген қиссасында «алтын иек сары ала қыз» деп жазған Әріп және «Бозбала мен кәрілік» өлеңінде кәрілікті жамандаған Шәкәрім деуліміз. Себебі, ақынның «халық жауы» деп атылып кетуі туындының түндігін түруге мұрсат бермеді (ондай мақсат ешқашанда қойылған да жоқ). Шындығында ортаңғы шумақта Көкбай, Әріпті кірістіру Абайға інісін бүркемелеуге керек болған. Құпияның кілті осы арада.

Қарттық шағында Шәкәрiм  баласы Ахатқа: «Абай маған өлеңдi  қалай жазу керек, қандай өлең жазу керектiгiн айтып көп-көп кеңес, ақыл беретiн. Менi Абай тәрбиеледi. Абай болмағанда, мұндай болуым неғайбыл едi» деп сөз болып отырған отыз жастағы оқиғаны есіне алатыны бар.

Қорыта айтқанда,  «Жастарға» атты толғауы – Шәкәрімнің Абайдың данышпандығын мойындауының айғағы. Сондай-ақ, «Мен жазбаймын...» өлеңіне берген жауабы әрі бір жыл бойы үзілмей жалғасқан текетірестің соңы. Өкінішке қарай, бұл толғау да 1988 жылғы алғашқы  жинақта 1879 жылғы делінген, демек, қатені түзету керек. Өлең Абайдың ақындық мектебі қалыптасуымен тұспа-тұс жазылған.  «Жалынайық, Абайға, жүр баралық!» деп басталу жайын Тұрағұл естелігінен білеміз. Ол: «Сол жылғы бастығымыз Шәкәрім болып, ақиқат олай емес, былай деп таласып жатушы едік» деп осы 1889 жылдың жазын, ел жайлауға шыққан  айларды айтқан. Осы кездерде Абай мектебі қалыптасты, сонан беріде ортақ шығармашылық  бағыттың аға ақын мен іні ақын арасында рух туыстығын жылдан жылға бекіте түскені күмән тудырмайтын ақиқат. Атқамінер ортадан алыстап, Абайға барғаны,  ғылым-білім іздеуге ден қойғаны жайында «Жастарға» өлеңінің ақтық шумағында шәкірт ақын былай дейді:

Байладым белді бекем буайын деп,

Жүректі адалдықпен жуайын деп.

Талпынған мақсат іздеп махрұм қалмас,

Адамдық ғылым жолын қуайын деп.

Шыншыл ақын өз шешіміне:

Білімдіге білімсіз бағынбай ма?

Іздесе, пендеге жол табылмай ма? –

деп түсінік береді. Шәкәрімнің осы серті серт болды және текетірестің де соңы болып табылады. Екі ақынның жиыны жеті өлеңнен («Ескі ақындық», «Өлең – сөздің патшасы...», «Біреудің кісісі өлсе...», «Сегіз аяқ», «Жастық пен кәрілік», «Мен жазбаймын өлеңді...» және «Жастарға») тұратын текетіресі жайлы баянымыз осымен тәмам. Онан шығар қорытынды: қазақ поэзиясының бұрылысты шағында өткен ақындар диалогы оң бағытты табуға елеулі ықпал еткені, үлкен септігін тигізгені сөзсіз. Сөйте тұра, Абай мен Шәкәрім диалогының жабық, ашылмай қалуы заман өзгеріп, еркіндік келсе де, абайтану ғылымы тоқырағанының, Абай жинағы сталиндік цензура құрсауынан босай алмағанының бір дәлелі екенін атап айтуға міндеткермін.

Сөз соңы, биыл әулие Шәкәрімнің туғанына 165 жыл. Мерейлі датаны ескерейік, тойлайық деуден аулақпын. Әлем ойының алыбын танып-білуге деген ниеттің жоқтығы алаңдатады. Несіне жасырайық, тәуелсіз елімізде Шәкәрімнің толық жинағы әлі күнге жарық көрген жоқ. Бұл жағдайда ұлы тұлғаларға қарсы шабуыл өз-өзінен тыйылар деп күтуге бола ма? Ұлт рухының жаңғыруы, ой-санасы оянуы, кісілікке тәрбиелеу істері пәрменді атқарылып, ойдағыдай шешіліп жатыр деп сене аламыз ба? Бұл жайында әр оқырманның өзі ойланғаны жөн сияқты.

Асан Омаров,

зерттеуші

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385