Қырғызстан: Орыс тілі, дәс-дәс!
Ресей билігі тағы да алаңдаулы, тағы да аттанға басты. Бұл жолы "Қырғызстанды денацификациялау керек" деп жатыр олар. Кремль жақтайтын, Ресей қоғамы қостайтын саясаткерлер "Бішкектің әрекеті достыққа сай емес" деп баға беруде.
Бұл Мәскеудің Қырғызстанға алғаш шүйлігуі емес. Бұған дейін де қырғыз саясаткерлері Бішкектегі төрт ауданның атын қырғызшаға ауыстыру керектігін көтерген сәтте байбалам салып, "бүгін аудан атын ауыстырады, ертең орыс мектептерін жабады, одан кейін орыс ұлтын қуып шығады" деп негізсіз сөйлеген-ді. Бішкектегі төрт ауданның атауы да әлі күнге кеңестиік кезеңдегі атаумен қалып отыр. Аудан аттарын ауыстыру туралы нақты шешім қабылданған жоқ.
Бұл жолы Қырғызстанға ресейлік саясаткерлердің шүйлігуінің себебі Қырғызстанда көтеріліп жатқан тіл туралы заңға қатысты болып отыр. Қырғызстандағы "Тіл туралы заңды" өзгерту туралы ұсыныс 2021 жылдың қарашасында көпшілікке ұсынылды. Онда қоғамның көптеген саласында қырғыз тілін басшылыққа алу керектігі жайлы айтылды. Құжатта "қырғыз тілі титулды ұлттың тілі" екені де айтылды. Бұл ұсынылған өзгерісті ресейлік саясаткерлер сол сәтте-ақ "арандатушы элемент" деп шулаған болатын, себебі Қырғызстан конституциясында "титулды" және "титулды емес" деген түсінік жоқ еді. Қырғызстандағы ресейшіл ҮЕҰ-дар улап-шулап ел президенті Жапаровқа хат жазып, құжатты қайта қарап, өзгерістер енгізуді сұрады. Жапаров солай етті де.
Қайта ұсынылып отырған құжатта қырғыз тіліне қатысты толықтырулар енгізілді. Онда былай делінеді: "Қырғыз тілі – егеменді Қырғыз Республикасын құрған титулды халықтың тілі және көрнекті мәдени құндылықтар дүниеге келген көне түркі тілдерінің бірі. Конституцияда қырғыз тілінің мемлекеттік тіл мәртебесінің белгіленуі және осы конституциялық заңда оның мемлекеттік және қоғамдық өмірдің барлық салаларында мемлекеттік тіл ретінде кеңінен қолданылу тәртібінің белгіленуі тілдің сақталуына, қырғыз халқының ұлттық мәдениетін анықтау және дамыту, тіл саясатын жетілдіруіне негіз жасайды. Осы конституциялық заң Қырғыз Республикасының мемлекеттік тілінің қызмет етуінің құқықтық негіздерін, оның дамуы үшін жағдай жасаудағы мемлекеттің міндеттерін белгілейді. Қырғыз Республикасы азаматтарының Қырғыз Республикасының мемлекеттік тілін қолдану құқықтарын қамтамасыз етеді".
Жаңа ұсынылған заң қабылданса, қырғыз тілінде ойын еркін жеткізе алатын, жаза алатын, оқи алатын мамандар келесі категориядағы жандар болмақ:
- Қырғыз Республикасының мемлекеттік және муниципалдық лауазымдар тізіліміндегі мемлекеттік және муниципалдық қызметшілер;
- Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің және жергілікті кеңестердің депутаттары;
- Қырғыз Республикасы Ұлттық Банкінің қызметкерлері;
- Ішкі істер органдарының және басқа да құқық қорғау органдарының офицерлік және басшы (орта және жоғары) құрамының адамдары, басқа органдардың арнаулы атақтар берілген лауазымды адамдары;
- Ішкі істер органдарының және басқа да құқық қорғау органдарының қатардағы, сержанттары мен старшиналарының арнаулы атақтары берілген адамдары;
- прокурорлар, адвокаттар, нотариустар;
- барлық меншік нысанындағы оқу орындарының басшылары;
- білім беру және/немесе ғылыми мекемелерге шақырылған ғылыми, педагогикалық қызметкерлер;
- мемлекеттік және муниципалдық денсаулық сақтау мекемелерінің медицина қызметкерлері;
Дегенмен, заң жобасында қажет болған жағдайда қырғыз тілін білуге басқа санаттары үшін де белгіленуі мүмкін екендігі көрсетілген. "Міне, осы заң қолданысқа енсе, Қырғызстан Украина жолына түседі" деп ресейлік саясаткерлер мәлімдеме жасауда. Ұсынылған құжатты талқылаудың алғашқы оқылымында 88 депутаттың 75-і қолдап дауыс берген.
Қырғызстанда "Тіл туралы заң"1989 жылы қабылданды. Ол заң бойынша қырғыз тілі мемлекеттік, ал орыс тілі ресми тіл статусында тұр.
Ка Мырза
Abai.kz