Зеленский-Трамп айқасы: Украинада сайлау өте ме?
Кеше АҚШ президенті Трамптың Украинаға шүйлігіп, Украинада президенттік сайлау өткізу керектігін айтқан.
АҚШ президенті Politico-ға сұхбат беріп, Зеленскийге әбден шүйлікті. Құдды сөздерін Ушаков пен Песков жазып бергендей естіледі. Міне, былай дейді:
- Украинаны НАТО-ға қабылдамайды. Мұндай түсінік әуелде болған. Путинге дейін-ақ, Украинаның НАТО-ға қабылданбайтыны белгілі дүние еді. Ал олар мұны талап етіп отыр, - дейді.
- Зеленский Путинмен алғашқы кездесуінде мынаны айтқан: Қырымды қайтару және НАТО-ға қосылу. Және мұны төтесінен айтқан. Ол тырнақшаның ішінде «мықты саудагер». Бұлай болмайды, - дейді.
- Меніңше Украинада сайлау өткізетін уақыт келді. Қазір сайлау үшін ең қолайлы уақыт. Олар сайлау өткізбеу үшін соғысты сылтау етуде. Ал Украина халқының таңдауға құқы бар. Тіпті, сайлауда Зеленский жеңіп кетуі де мүмкін ғой. Кім жеңетінін мен білмеймін. Олар демократия туралы айтады да, өздері одан алшақтайды, - деді.
- Меніңше Еуропа қазір өте әлсіз. Олар өте-мөте саяси сауатты болғысы келеді. Меніңше, олар не істеу керектігін білмейді. Ал мен Еуропарламентте сүйікті кандидаттарымды қолдап келем. Тіпті оларға ұнамайтын Виктор Орбан секілді лидерлерді қолдадым, - деді.
- Бәлкім, Зеленский біз ұсынған келісім жобасын бір түнде оқып шыққан шығар. Оған тағы бір қайталап мұқият оқып, танысып шығу керек. Бұл жоспар оның шенеуніктеріне, кеңесшілеріне, жоғарғы лауазымды өкілдеріне өте өатты ұнады. Бірақ, олар Зеленскийдің бұл жоспармен әлі таныспағанын айтты. Зеленскийге біздің жоспармен танысып шығу керек, - дейді.
- Зеленский мықты саудагер. Мен оны П.Т.Барнумға теңеймін. Барнумның кім екенін білесіздер ғой? Жер бетіндегі ең мықтылардың бірі. Ол кез келген тауарды кез келген уақытта сата алатын. Бұл шындық. Зеленский Байден деген алаяқты 350 млрд доллар беруге көндірді. Мұның ақыры не болды? Ол елінің 25 пайызынан айырылып қалды, - дейді.
Осыған дейін Politico басылымы: «АҚШ Украинаға қысым жасап, Донбасстан кетуге итермелеуде. Киев бұған үзілді-кесілді қарсы. Зеленский бейбітшілік Кремльдің қалауларына емес, қазіргі майдан сызығына негізделіп жасалуы керек деген позицияда. Ал АҚШ келіссөздерді жылдамдату үшін, Киевке қысымды арттыруда», - деп жазған еді.
Әртүрлі деректер бойынша: Қазір Украина тұтас Донбасстың 20 пайызын бақылауда ұстап отыр. Соның ішінде Краматорск пен Славянск Украина бақылауында.
Зеленский шұғыл мәлімдеме жасап, Трампқа жауап берді:
- Ертең Трампқа жаңартылған келісім жобасын ұсынамыз. Қазір еуропалық әріптестерімізбен бірге әзірлеп жатырмыз, - деді.
- Украина Ресеймен тікелей келіссөз жүргізіп жатқан жоқ. Оған Ресей құлықсыз, - деді.
- Егер Ресей келіссе, біз энергетикалық секторға шабуылдамау туралы бітім жасасуға әзірміз, - деді.
- Украина қазір өз қаруларын, соның ішінде балистикалық зымыранды «Сапсанды», жаңартылған «Нептунды», «Паляницаны», «Фламинголарды» қолдануда, - деді.
- Мен сайлау өткізуге дайынмын. Сайлау мәселесін Украина халқы анықтайды. Мен ертең Украинада боламын. Сол сәтте біздің серіктестерден, депутаттардан әскери жағдайда сайлау өткізу туралы ұсыныс күтемін. Ол үшін заңнамалық өзгерістер керек болмақ. Ал қазір АҚШ-тан және еуропалық әріптестерден сайлауды өткізу үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етуді сұраймын. Сонда біз алдағы 60-90 күнде сайлау өткізе аламыз, - деді.
- Мен реалистпін. Біздің НАТО-ға қосылғымыз келеді. Бұл - әділетті. Бірақ, АҚШ та, өзге бірнеше ел де бізді НАТО-да көрмейді. Ресей екібастан қарсы. Сондықтан, бұл қазір мүмкін емес, - деді.
- Қырымды қайтаруға күшіміз келмейді. Жағдайға шынайы көзбен қарау керек. Бізге лайықты қолдау да жоқ, - деді.
- Бұл соғысты бастаушы бір ғана ел. Ол - Ресей. Мұны әлем жұрты біледі. Сондықтан қысымды қорғанып жатқан Киевке емес, басқыншы Ресейге жасау әділетті болмақ, - деді.
Тұздық: Трамп сұхбат беріп, Зеленскийдің сайлау өткізуі тиіс екенін, Қырымды қайтара алмайтынын, НАТО-ға мүше болмайтынын және АҚШ жоспарын қабылдауы тиіс екенін айтып шүйліккен.
Ал Зеленский осынша нөпір қысымның астында бола тұра, тығырықтан шығудың бар амалын жасап бағуда…
«Сайлауға да мақұлмыз, НАТО-ға да көндік, Қырымға да қол бұлғаймыз. Бірақ, қауіпсіздік кепілдігі мен Донбасс мәселесінде, Сумскі мен Харьковтегі басқыншы әскері кірген жерлер бойынша, Запорож АЭС-і бойынша біздің де талап-шарттарымыз ескерілуі тиіс», - деген позициясын білдіруде…
Abai.kz