Қонаевтың қазақ екенін дәлелдейтін құжаттар...
«Дат» газетінің 2023 жылғы 26-қаңтар күнгі 3-ші санында менің жақсы көретін әріптес ағам Ғаббас Қабышұлының «Ақиқаттан аттап кетпелік» деген материалы жарық көріпті. Онда осы басылымда «Қонаев – татар» деудің түбі –шірік» (19.01.2023 ж) деген менің мақалама жауап ретінде өз пікірін келтіріпті.
Материалда Қарағанды облыстық мұрағатында Қонаевтың өз қолымен толтырылған анкетасында «Дінмұхаммед Қонаевтың ұлты татар деп көрсетілгенін» айтады. Одан соң Сатыпалды Тотановтың естелігі бойынша 1990 жылы 20-сәуірде Алматыда ардагерлермен кездесу кезінде Нұрсұлтан Назарбаев күтпеген жерден: «Қонаев қазақ емес, партияға өту үшін өз қолымен толтырылған анкетасында ұлтын татар деп көрсеткен» деген сөзін келтіреді.
Бұл айтылғандардың бәрі рас!
Бірақ оның мәжбүрлікпен қалай «татар» болып жазылып кеткені туралы ақиқат менің сол «Қонаев –татар» деудің түбі –шірік» (19.01.2023 ж) деген материалымда тұр ғой. Сондықтан сол мақаладан сөзбе сөз екі абзацты қайталап келтірейін:
«Әкесі Меңліахмет баласы Дінмұхаммед оқуға баратын кезде (ол кезде Верныйда қазақ мектебі мүлде жоқ) басқа мектептің реті болмай Алматыдағы «Гаспринский мектебі» деп аталатын татар мектебіне беруге мәжбүр болған. Алғашында оны ұлты татар емес деп қабылдамай қойғанда Меңліахметтің нағашы апасы (шешесі Хадиша Сағалбайқызының шешесі көпес Ысқақ Ғабдувалиевтің әпкесі) татар қызы еді деп, соны көлденең тартып мектепке әзер алдыртқан.
Татар мектебін бітіргендігін растайтын куәлігінің негізінде (Туу туралы куәлік қолданысқа 1935 жылы ғана енгізілді) комсолмолдық, партиялық құжаттарында ұлты «татар» деп жазылып кетті. Кейін азамат болған кезінде партиялық құжатындағы ұлтын «қазақ» деп түзетуге мәжбүр болған. Д.Қонаевтың халық алдындағы беделін төмендету үшін бұл деректі Назарбаев шебер пайдаланып бақты. Ақиқатынан хабарсыз жігіттердің «Қонаевты – татар» деп ғайбаттауының төркіні содан!». Сұраққа жауап осылай ап-айқын көрсетіліп тұр ғой.
Меңліахмет кәрия үшін 1920 жылдарда баласының ұлты емес оның оқуға ілігуі маңызды болды. Хат танысын деп Гаспринскийдің татар мектебіне болса да бергеніне қуанды. Большевиктік билік кезінде орыстан басқаның ұлтына мән беріле бермейтін. Димекең ұлтын тек 1960 жылдары ғана құжат бойынша дұрыстатып алды. Ал жағдайдың ақ-қарасын білмейтіндер «Қонаев -татар» деп жалаулатады келіп. Іс жүзінде Алматыдағы Гаспринскийдің татар мектебінде оқығаны үшін ұлты «татар» болып кететіндігін Димекең де қайдан білсін? Ал Д. Қонаевтың татар емес – қазақ екендігін растайтын құжаттар жеткілікті.
Аталған мақалада Димекеңнің атасы Жұмабай Қонайұлының қайтыс болуына байланысты 1912 жылы 30-қарашада оның мұрагерін тағайындау жөніндегі мәселе бойынша Верный қалалық соты шығарған шешімде: «... надь имуществомь умершего киргиза Нижне-Илийского волости Джумабая Кунаева ... учредить опеку и опекуномь назначить сына покойного Минди-Ахмет Кунаева» делінген. Ол кезде қазақтарды «киргиз» деп атағаны баршаға мәлім. Яғни көрсетілген құжаттан атасы қазақ екендігі көрсетіліп тұр. Сонда атасы қазақ болғанда өзі қалай татар болады?
Димекең «Өтті дәурен осылай» атты өмірбаяндық кітабында руы – Ысты екендігін айтып, өзіне дейінгі жеті атасын «Жолын – Нұрмамбет–Азынабай – Қонай – Жетібай – Жұмабай – Меңліахмет –Дінмұхамед» деп таратады.
Енді Ғаббас ағаның, бәлкім басқа да қызығушылардың назарына Орталық архивтен табылған бірнеше құжатты қосымша ұсынып отырмын. Онда Жұмабай Қонаевтың 1904 жылы қажылық парызын өтеу үшін рұқсат сұрап жазған «Прошение» деген өтінішінде өзінің ұлтын «киргиз» деп, фамилиясын «Кунаев» деп көрсетеді.
Ал 1904 жылы 19-қазанда жазылған Кепілдемеде: «Біз төменде қол қоюшылар Төменгі Іле болысы 14-ауылда тұратын «киргизы» Муллиахмедь Джумабаев, Курмонтай Джумобаев және Хаким Боттаев, бізбен бір болыстықта тұратын, ғибадат жасау үшін Меккеге барғысы келетін Джумабай Ка(о)наевтың қазына алдында, жекелеген адамдар алдында қарызы жоқтығына кепілдік береміз. Егер ондай борышкер адамдары табылса қарызын өзіміз төлейтіндігімізді растап қол қоямыз» (орысшадан аударған – автор. М.Т.) делінген.
Верный уезд бастығының 1904 жылы 20-қазанда Жетісу облыстық әскери губернаторы атына жолдаған Рапортында: «Представляя при сем три оплаченных гербовым сбором, сь приложеніями, прошенія киргизь Курдайской волости Алматая Чойрукова, и Нижне-Иліиской волости Лепеса Актанова и Джумабая Ка(о)наева, ходатайствующихь о выдаче имь шестимесячных загарничныхь паспортов на поездку в Мекку» делінген. Осы жерде де Жұмабайдың қырғыз яғни қазақ екендігі көрсетілген.
1904 жылы 19-қазанда Жұмабайдың атына берілген №343 Куәлікте де оның ұлты «киргиз» деп көрсетілген. Онда «бұл куәлік Төменгі Іле болысының басқарушысы осы болыстықтың 14-ауылының «қырғызы» Джумабай Ка(о)наев отбасылық тізімде 112-ші болып тұрғандығын, 55 жаста екендігін, Меккеге ғибадат ету сапарына еш кедергі жоқтығын» растайды.
Әрине, кеңестік кезеңде өмір сүрген Сатыпалды Тотанов та, Димекеңнің «анкетасын» көрген Нұрсұлтан Назарбаев та бұл құжаттарды білген емес, көрген емес, сондықтан шынайы ақиқатты қайдан білсін? Верныйдағы Гаспринскийдің татар мектебінде оқығандықтан құжаттарында ұлты «татар» болып жазылғандығын, кейін оны "қазақ" деп түзеткендігін ол кезде Димекең кімге айтып ақталады?
Ал мен журналист ретінде, мінеки, алдарыңызға Дінмұхаммед Қонаевтың ата-бабасынан тартып қазақ екендігін растайтын құжаттарды ұсындым. Сол түпнұсқа құжаттардың көшірмелері назарларыңызда. Енді Димекеңнің ұлтына қатысты дау тумас деп үміттенемін!
Құжаттар:
Марат Бәйділдаұлы, жазушы-публицист
Abai.kz