Алтын жинаңыз, ағайын!
Біз айтпақ бірінші ақиқат мынау: халықаралық қорларымыздағы алтынымыздың үлесі мол болсын, өйткені ол валюталарға қарағанда әлдеқайда сенімді дегенді сары металл мысқалы 350 доллар болып тұрған кезінде-ақ жазған біз едік. Бірақ Ұлттық банктің басшылары бірнеше рет ауысқанымен бұл ұсыныс өтпей-өтпей ақыры былтыр ғана алтын мысқалы 1800 доллардан асқан шақта халықаралық қорымыздағы байлықтың бір бөлігін алтынмен жинауға рұқсат еткен Заң шықты. Кеш, бірақ кеш те болса түзу жолға түстік. Бәлкім біреулер «қазір әлемдік тауар биржаларындағы алтын арзандап жатыр, осының өзі қажет пе еді?» деуі мүмкін. Біз мейлі, арзандай берсін, бірақ дәл осы жол ең дұрыс жол деген пікірімізден таймаймыз.
Екінші ақиқат Ұлттық банк биыл да алтын сатып алу ісін жалғастыратындығы. Бұған қуаныштымыз.
Біз айтпақ бірінші ақиқат мынау: халықаралық қорларымыздағы алтынымыздың үлесі мол болсын, өйткені ол валюталарға қарағанда әлдеқайда сенімді дегенді сары металл мысқалы 350 доллар болып тұрған кезінде-ақ жазған біз едік. Бірақ Ұлттық банктің басшылары бірнеше рет ауысқанымен бұл ұсыныс өтпей-өтпей ақыры былтыр ғана алтын мысқалы 1800 доллардан асқан шақта халықаралық қорымыздағы байлықтың бір бөлігін алтынмен жинауға рұқсат еткен Заң шықты. Кеш, бірақ кеш те болса түзу жолға түстік. Бәлкім біреулер «қазір әлемдік тауар биржаларындағы алтын арзандап жатыр, осының өзі қажет пе еді?» деуі мүмкін. Біз мейлі, арзандай берсін, бірақ дәл осы жол ең дұрыс жол деген пікірімізден таймаймыз.
Екінші ақиқат Ұлттық банк биыл да алтын сатып алу ісін жалғастыратындығы. Бұған қуаныштымыз.
Үшінші ақиқат - халықтың қолында доллар, евро, рубль, теңге деп аталатын әртүрлі салмақтағы банкноттардың ғана бары. Ал бұл банкноттар мейлі ол халықаралық немесе ұлттық маңыздағы валюта болсын, бар болғаны шартты бағаға ие, боялған қағаздар ғана. Бетін аулақ қылсын, егер 1990-жылдардағыдай бір зобалаң бола қалса, олардың бар болғаны боялған қағаздар ғана екендігі нақты өмірде дәлелденеді. Бұл талай рет дәлелденген ақиқаттар. Бір замандарда доллардың құнының түскендігі соншалық, бір мысқал алтын 10 мың долларға бағаланған. Ал осындай жағдай қайталанбайды деп Халықаралық валюта қорының жетекшісі де, «көк қағаздың» негізгі иесі АҚШ мемлекетінің басшысы да кепілдік бере алмайды. Өйткені Бреттен Вуд келісімшартына 70-жылдары енгізілген түзетуде айналымдағы доллар массасын қолда бар алтынмен сәйкестендіру жөніндегі басты талап алынып тасталған болатын. Яғни қазір халықаралық валюта деп дәріптеп жүрген доллар мен евромыздың өзі осындай ортақ валюта жасау идеясының авторы Дж.Кейнс мойындағанындай «жалған ақша». Демек, «жалған ақшаның» түптің түбінде баратын жері «жойылу». Мінеки, ең қорқынышты, ең зардапты ақиқат осылай өрнектеледі.
Үнділер неге қиналмайды?
Үндістан өз тарихында ешқашан да «алдыңғы қатарлы» ел болған емес. Біз мұндай тұжырымды олардың ғылымдағы үлесіне немесе басқа да өркениетке бергеніне қарап емес, тек мемлекеттің «салмағына» қарап жасадық. Әйтпесе үнді халқы адамзатқа химия ғылымындағы алғашқы жаңалықтарды, математика ғылымына «нөл» таңбасын, сондай-ақ «буддизм философиясын» берген ежелгі жұрт. Десек те мемлекет ретінде «күні кешеге дейін» қорлық көріп, бодан болды.
Осы жерде салыстырмалы бір ақиқатты мысалға келтіре кеткен жөн. Еуропаның шағын мемлекеттері әлемнің біраз алып елде-рін бодандықта ұстады. Бодан болғандардың арасында қазір дүниежүзілік көшбастаушылыққа ұмтылып бара жатқан Қытай да бар. Үндістан мен Қытай шамамен бір мезгілде азаттық алды. Қытай аш халықтың сеніміне және қолдауына ие болған компартияның ұйымдастыруымен төңкеріс жасап, азат болды. Ал үнділіктер азаттықты төңкеріссіз-ақ алды. Екі елдің сол кездегі жағдайы шамамен бірдей деуге болатын шығар. Бірақ үнділіктер қан төгіссіз «жеңіске» жетті. Олардың ұлттық көсемі Махатма Ганди халықты «өліспей беріспеу» ұстанымындағы қан төгісті қалаған жоқ. Жалпы алғанда, бұл халық ондайға бармайтын да еді деуге болады. Өйткені қандай қиыншылық болса да, мұнда қолға қару ұстатып, шын төңкеріске бастайтындай ашығу, содан ашыну қиналысы болмаған. Иә, үнділіктер аса қиын жағдайда өмір сүрді, бірақ сол қиындықтың өзі оларды ашынуға итермелей алмады.
Біздің бұл ойымыз ақиқаттан алшақтау шығар. Бірақ солай болса да біз үнділіктерді ашындырмаған жалғыз құдіретті күш елдегі алтынның көптігі деген тұжырымдамыз. Үндістан - ертеден және күні бүгінге дейін алтыны әлемдегі ең көп ел. Олар байлықтарын негізінен алтынмен жинаған. Сондықтан да әлемдік және ұлттық валюталар қанша құнсызданып жатса да, байлар мен ауқаттылар одан онша зардап шекпеген. Дәлірек айтсақ, Үндістанның валюталық дағдарыстан зардап шегуі әлемнің барлық және кез келген мемлекетінен аз болған. Иә, алтын орташалардың өзінде болған. Ал олар аштық жағдайындағы қайыршы халыққа «байлығы жөнді ортаймайтындықтан да» садақа беріп, қайырым жасаудан әлем халықтарының алдында болған. Сондықтан да Үндістанның қайыршылық жағдайындағы ең нашар өмір сүретіндері де ашынуға бармаған. Әрі-беріден соң буддизм дінінде мынадай дәстүр бар: адам өмірге әкелген ұрпағын «өз қолы өз аузына жететін» жағдайға келгенінде бар жиған-тергенін қалдырып өзі өмірден баз кешіп, дүниеауи құндылықтардан бас тартып, «брахман» жолына түседі. Брахмандарда күнделікті үстіне киіп жүрген киімнен басқа ешқандай басы артық дүние-мүлік, азық-түлік болмайды. Міне, сол брахмандардың өзі қайырымдылардың көмегімен өмір сүрген. Яғни үнділіктер жүздеген миллион брахмандары болса да оларды қайырымдылары асырай алатындай жағдайда. Ал басқаларды қайырым жасауға итермелеп тұрған күш аста-төк байлық емес, қазынасының дағдарыстардан ортаймағандығы. Оны ортайтпаған күш - алтын.
Сонымен, бұл тақырыпшада сары металдың қандай құдіретке ие екенін түсіндірдік қой деп ойлаймын. Менің шамалауымша, қазіргі таңда халықаралық валюталар бір мезгілде жаппай құнсызданса, одан онша қинала қоймайтын бір ел болса, ол - Үндістан. Ал Үндістанның әлемдік экономикадағы үлесі, соған сәйкес дүниежүзі мемлекеттері арасындағы рейтингі белгілі, Италия мен Грекиядан көп төмен. Италия мен Грекияда дағдарыс басталып еді, азаматтық текетірестер өрши түсті. Одан жалпының жағдайы мүлде төмен Үндістанда мамыражай тыныштық. Мінеки, бүгінгінің ақиқаты осы.
Бұқара ашықпасын десек
Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «биліктің қызмет нәтижесі, экономикадағы жетістіктер халықтың күнделікті тұрмысынан көрініс табуы керек» деген ұстанымдағы қайраткер. Иә, ол - халықшыл, бұқарашыл қайраткер. Солай бола тұрса да Қазақстанның бүгінгі әлемдік рейтингтегі орнына лайық емес әрекеттер біздің елде орын алып тұрады. Яғни халықтың бір бөлігінің билікке наразылығы, тұрмыстарының нашарлығы ешкімге де жасырын емес. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Үндістанның жағдайы Грекия мен Италия түгілі бүгінгі Қазақстанның жағдайынан көп төмен. Бірақ оларда наразылық жоқ, бізде кездесіп қалады. Бір миллиардтан астам халық біздің жағдайымыздан әлдеқайда төмен деңгейде өмір сүріп жатса да «тыныш», ал біздің Жаңаөзенімізде орташа жалақы шамамен 200 мың теңгеден асып кетсе де бүлік орын алды. Неліктен? Бұл сұрақтың жауабы дайын, ол - халықтың ертеңіне сенімсіздігі. Яғни тапқан табыс «жұмсаудан артылмайды». Ал егер сол халықтың қомақты бөлігін «ертеңгі қиын күндерге» деген арнайы сақтық қор жинауға үйретсе, онда бұлай болар ма еді? Жоқ, олай болмайды. Себебі ең кемі бір жылға жететін сақтық қоры бар халық тағы да жақсы кездің келетінін шыдамдылықпен күтеді. Демек, біз ең әуелі халықтың ертеңгі қиын күндерге қажетті сақтық қорын жасайтындай нақты Заң қабылдап, оның дұрыс жұмыс істеуін қадағалауымыз керек. Бұл жөнінде биылғы жылдың басында «сақтандыру қорларын құру» туралы ұсынысы бар мақаламызды жариялағанбыз. Турасын айтқанда, мемлекет ішінде мамыражай тыныштықтың баянды болуы үшін ол да аздық етеді. Демек, біз өз елімізде Үндістандағыдай қор жинау дәстүрін қалыптастырып, оның дұрыс жұмыс істеуіне жол ашуымыз керек. Ол жол жалғыз, ол - тек алтынның құймаларын бұқаралық сатылымға шығару. Алтынды халыққа қалай сатамыз? Иә, біздің ендігі кезекте міндетті түрде кешіктірмей қолға алатын басты ісіміз отандық тауар биржасында немесе Ұлттық банк арқылы алтын құймаларын бұқаралық сатылымға шығару туралы заңды өмірге әкелу. Бұл Қазақстанның толық сенімді тыныштығын қамтамасыз ететін маңызды қажеттіліктердің бірі.
Әлемде алтын сатудың түрлі жолы бар. Біз бұл арада алтыннан жасалған зергерлік бұйымдар саудасы туралы әңгіме қозғап тұрған жоқпыз. Өйткені зергерлік бұйымдардағы алтынның нақты бағасына қосылған құн шамамен екі-үш еседен асып-жығылады. Демек, бұл мәселені шешудің дұрыс жолы емес. Біздің пайымдауымызша, ең дұрыс жол Дубайдағы немесе Сауд Арабиясындағы, болмаса Лондон тауар биржасындағы құйма алтындар сату үлгісі. Онда бағалы металл мысқалы нақты бағаланады және қосымша құн жоқ. Орайы келгенде айта кетейік, Қазақстанның ұлттық қорларындағы байлықтың ең кемі 50 пайызын алтынмен жинауға қол жеткізгенімізше әлі көп сары металл керек болады. Десек те, шамамен енді 4-5 жылда бұл межені өзіміздің ішкі өндіріс өнімдері арқылы алуға болары сөзсіз. Олай болса, алтынды бұқаралық сатуға шығару ісін 4-5 жылға кешіктірмей, биыл бастасақ, бұл дұрыс жолға түскеніміз болады. Екі жақ бір мезгілде бірдей алтындана бастаса шамамен 10 жылдың ішінде елімізде «көңілді тоқ санайтындай» жағдай қалыптасады. Халықтың біраз бөлігі артық ақшасын алтынмен жинау, сөйтіп, ертеңіне сенімді жағдай жасау мүмкіндігіне ие болады. Ал мемлекет он жыл ішінде Ұлттық қордың 50 пайызын алтындап алады. Не ұтамыз?
1) Қазір халықтың «қара шұлығында» шамамен 6-10 миллиард доллардай нақты ақша жатқанын білеміз. Егер алтынды бұқаралық саудаға шығарсақ, осы нақты ақша айналымға шығып, оның орнында тек сенімді байлық алтын жатар еді. Ал бұл мемлекет ішіндегі міндетті төлемдердің кешіктірілмеуіне және теңге эмиссиясының өспеуіне бірден-бір кепіл.
2) Халықтың ең кемі 40-50 пайызы өзіне бірнеше жыл қиын жағдайға төтеп бере алатындай қор жасап алады. Ал 10 пайыздық байларымыз бен ауқаттыларымыз алда болмай қоймайтын валюталық дағдарыстарда қиналмайтындай жағдай жасайды. Үлкен екі ұтысты осылай қамтамасыз етеміз.
3) Дағдарыстар қанша ауыр болса да дәл осылай істесек, Қазақстанның үш бірдей қорғаны болады. Оның біріншісі ортаймаған мемлекеттік қор, екіншісі байларымыздың ортаймаған қоры, үшіншісі орташалардың «сақтық қоры». Осы үшеуі тұрғанда Қазақстанды ешқандай «дағдарыс жау» ала алмайды.
Қорыта айтқанда, капитализмге кеше ғана келген Қазақстан әрбір жерден, ұлттан, мемлекеттен жақсы тәжірибелерді үйреніп, өз өмірінен оларға орын берген. Бүгінгі жетістігіміз - солардың нәтижесі. Енді үнділіктердің мыңжылдықтардан бері нақты сақтаушысына айналған бұқаралық алтын жинау дәстүрін заңдастырып өмірімізге енгізсек, тек қана ұтысқа шығамыз.
Таңшолпан БЕКБОЛАТ
"Айқын" газеті