Қазақстан құтқарушылары Түркияға ұшып кетті
Қазақстан ТЖМ құтқарушылары жер сілкінісі салдарын жоюға көмек көрсету үшін Алматыдан Түркияға аттанды. Бұл туралы ТЖМ хабарлады.
Тиісті тапсырманы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев берді. Борт бірінші кезекте Газиантеп қаласына барады.
Жасақ құрамында Қазақстан ТЖМ құтқарушылары, кинологиялық есептер және Апаттар медицинасы орталығының медицина қызметкерлері бар.
ТЖМ құтқарушыларының иелігінде құтқарушы құрал-жабдықтары: гидравликалық және пневматикалық жабдықтар, гидравликалық домкраттар, пневмодомкраттар, перфораторлар, жарықтандыру құралдары, палаткалар, спутниктік терминал, каркасты модуль, автотехника бар.
Топ қажетті жабдықтармен де, құтқару жұмыстарын жүргізуде көп жылдық тәжірибесі бар құтқарушылармен де жабдықталған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айтты және Үкіметке Түркияға шұғыл көмек көрсетуді тапсырды.
СІМ мәліметі бойынша, қазіргі сәтке дейін онда Қазақстан азаматтары зардап шекті деген ақпарат келіп түскен жоқ. Соңғы мәлімет бойынша Түркияда зілзала құрбандарының саны 3 мыңға жетті.
Abai.kz