Ерлікке енді бет бұрдық немесе қайсарлыққа тәрбиелейтін қазақ мультфильмі туралы
Қазақ ұлттық кино өнері тағы бір тың туындымен толықты. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Ер Төстік және Айдаһар» (Режиссерлері - Жәкен Дәненов пен Рустам Тұрәлиев) атты алғашқы толықметражды анимациялық фильмінің жұмысын аяқтап, жақында алғашқы болып журналистер қауымына көрсеткен болатын. Айта кетерлік жайт, аталмыш туынды - қазақ ұлттық анимациясындағы тұңғыш, әрі сәтті шыққан толықметражды фильм.
Отандық анимациялық фильмінің тарихы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты алғашқы қысқаметражды мультфильмнің жарық көруімен тікелей байланысты. Содан бері, міне, 45 жыл өтті. Қазақ мультипликациясының атасы атанған Әмен Қайдар бұл күнде шәкірттерімен бірге ұлттық нақыштағы фильмдер түсіру бойынша кеңес беріп, сүбелі үлес қосуды жалғастырып келеді. Әмен аға секілді ұлы мультипликатордың ізін қуған шәкірттерінің бірі - Жәкен Дәненов дейтін болсақ, осы аға буын өкілдерінің жалғасы ретінде жас та болса, талпынысы зор режиссер-аниматор Рустам Тұрәлиевтің есімі де көрерменге біршама таныс.
Қазақ ұлттық кино өнері тағы бір тың туындымен толықты. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Ер Төстік және Айдаһар» (Режиссерлері - Жәкен Дәненов пен Рустам Тұрәлиев) атты алғашқы толықметражды анимациялық фильмінің жұмысын аяқтап, жақында алғашқы болып журналистер қауымына көрсеткен болатын. Айта кетерлік жайт, аталмыш туынды - қазақ ұлттық анимациясындағы тұңғыш, әрі сәтті шыққан толықметражды фильм.
Отандық анимациялық фильмінің тарихы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты алғашқы қысқаметражды мультфильмнің жарық көруімен тікелей байланысты. Содан бері, міне, 45 жыл өтті. Қазақ мультипликациясының атасы атанған Әмен Қайдар бұл күнде шәкірттерімен бірге ұлттық нақыштағы фильмдер түсіру бойынша кеңес беріп, сүбелі үлес қосуды жалғастырып келеді. Әмен аға секілді ұлы мультипликатордың ізін қуған шәкірттерінің бірі - Жәкен Дәненов дейтін болсақ, осы аға буын өкілдерінің жалғасы ретінде жас та болса, талпынысы зор режиссер-аниматор Рустам Тұрәлиевтің есімі де көрерменге біршама таныс.
Міне, енді бірер күнде экранға жол тартатын «Ер Төстік және Айдаһар» анимациялық фильмі бұған дейін кенжелеп қалған қазақ анимациясының алға біршама адымдағанын және өскелең жас ұрпақтың тамашалап жүрген шетелдік туындыларымен бәсекеге түсу қабілеттілігін дәлелдей түсетін дүние екендігіне кәміл сендім. Қазақ анимациясындағы осынау айрықша құбылыс, әсіресе, балалар үшін күтпеген тосын сый болмақ.
Жалпы, қазақ анимациясына тоқталмас бұрын, бірінші кезекте бала тәрбиесі жөнінде мәселе көтеруден бастауымыз қажет секілді. Себебі қазіргі кезде бала тәрбиесі - қоғамымыздағы басты мәселенің бірі.
Әрине, бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Елімізде мектептен бастап балабақшаға дейін түрлі кешендерді қамтитын мемлекеттік бағдарламалар қолға алынуда. Алайда бала тәрбиесіне идеологиялық тұрғыдан келу кемшін соғып жатқанын мойындағанымыз жөн. Өйткені балаларға арналған әдеби шығармалар, кино-мультфильмдер, сондай-ақ осы аталған бағыттар бойынша жасалып жатқан маңызды жобалар жоқтың қасы. Бүгінгі таңда ел арасында рухани құндылықтарымызға қарсы бағытталған ақпараттар ағыны өте көп. Телеарналардағы зорлық-зомбылық, батыстық жат қылықтар, көзқарастар мен салт-дәстүрлер ұрпағымызды өз ділінен, тілінен бөліп, батыстық тәрбиеге икемделуге мәжбүр етуде.
Бұл мәселені шешудің тек ғана бір жолы - идеологиялық негізі мықты фильмдер арқылы тойтарыс беру. Ұрпаққа ұлттық анимация керек. Осы бағытта Шәкен Айманов атындағы « Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Аңшы», «Балақайлар мен бөжекейлер», «Ақ қаз», «Қошқар мен теке», «Момын мен қарақшылар», «Айка», «Зәйтүн қарлығаш пен құйыршық» атты анимациялық фильмдер «Қазақстан», «Балапан», «Алматы», «Астана» телеарналарынан көрсетілу үстінде.
Осы орайда, «Қазақфильм» ұсынған тағы бір жаңа тартуға тоқтала кетейін. Режиссер Жәкен Дәненов бастаған аниматорлар тобы «Ер Төстік және Айдаһар» фильмін үш жылдан астам уақыт көлемінде түсіріп бітті. Алғашқы ұлттық толықметражды анимациялық фильм мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларға арналған. Төл ертегіміз «Ер Төстік» және жалпы, қазақ ауыз әдебиетінің басқа да шығармаларына негізделген бұл туынды Спанжбоб, Шрек, Бен 10, Кунг-Фу Панда, Наруто сынды шетелдік жат кейіпкерлердің шырмауынан құтқарады деген сенім мол.
«Ер Төстік және Айдаһар» қазақ анимация тарихындағы тұңғыш толықметражды фильм ғана емес, ол әлемдегі соңғы анимациялық 2D және 3D үлгідегі технологиялар қолданылған жоба болуымен де құнды.Осыған дейін шетелдік анимациялық фильмдермен тәрбиеленіп келген жас ұрпақ аталмыш фильм арқылы қазақ ертегілерінің көне кейіпкерлерімен қауышып, халқымыздың рухани әлемінен нәр алады.
«Қазақфильм» киностудиясының бұл бағыттағы қолға алатын іс-шаралары мұнымен бітпек емес. Экранға шыққан әрбір ұлттық анимациялық көрсетілімдерді жарнамалау мәселесі жолға қойылып отыр. Мультфильм кейіпкерін ұлттық брендке айналдыру мақсатында ұлттық үлгідегі қуыршақтар, ойыншықтар шығарудың өзі үлкен жарнама болары анық. Бұл сөзсіз, қазақ анимациясының жеңісі! Аталмыш анимациялық
фильм сюжеті жеңіл әрі ширақ, бейнебір ертегілер әлеміне түскендей әсерде қаласың. Сондай-ақ, қазақтың ұлттық анимациялық фильмдеріне сусап келген балалар үшін де айрықша базарлық! Жерасты патшалығы әміршісі Бапы жер бетінде мәңгі түнек орнату мақсатында Самрұқ құстың күн бейнесіндегі жұмыртқасын жұтудың амалын іздеп, әртүрлі айлаға барады. Алайда ол жоспарының күлін көкке ұшыруға дәрменді батырдың да
бар екендігінен хабардар. Сөйте тұра, Бапы көмекшілері арқылы ойлаған ойын жүзеге асыру үшін тырысып бағады. Көп ұзамай дүниеге батыр келеді. Күн сайын емес, сағат сайын өскен Төстік жер бетіне тыныштық орнатып, бейбітшілік символы - Самрұқтың бәйтерек басына қонып, жұмыртқа салуына көмектеседі. Қарсыласы Айдаһармен болған шешуші шайқасты жеңіп, күллі адамзат тағдырына бақыт сыйлайды.
Жалпы алғанда, туындыда ертегі сюжетін сақтауға тырысқандық байқалады. Бірақ басы артық қосылған детальдар, кейіпкерлер, мәселен қазіргі заманның жаңа технологияларын көрсету, сонымен қатар самрұқ құс, бәйтерек, құстың жұмыртқа салуы, тағысын-тағылар фильмнің көркемдік дәрежесін асырмаса, еш кем түсірмейді. Осы тектес бірқатар символикалық элементтерге түзілген «Ер Төстік және Айдаһар» анимациялық фильмінің табысты да өміршең болары хақ.
Фильмнің бір артықшылығы - бүгінгі күннің элементтері, юморы, ондағы Төстік пен Кенжекейдің салатын махаббат әні, жаңашыл киім киістері жалпы мазмұнмен қабысып, үндесіп жатыр. «Аталмыш фильм, негізінен, компьютерлік бағдарлама арқылы жасалғанымен, әр кейіпкердің бейнесін дайындауға көп уақыт жұмсалды. Алдымен кейіпкерлердің қағазға эскизі салынып, содан кейін қуыршақ бейнесі әзірленді. Одан кейін оларды 3D MAX және Maya сынды үш өлшемді графикамен компьютерлік бағдарламалар арқылы жетілдірдік. Сандық форматқа көшіп, жаңа технологияларды меңгеруге де біраз уақыт кетті» деген еді, фильм режиссері Жәкен Дәненов.
Картина режиссерлерінің айтуынша, шығармашылық топ қазақ ертегісінің ішінен балалар аудиториясына лайық деп тапқан сюжеттерді ғана ұсынған. Сонымен қатар жанр заңдылықтарын бұзбау, толықметражды мультфильмнің ережелерін сақтау мақсат қылып қойылған.
Басты рөлдерді дыбыстаған Дулыға Ақмолда, Димаш Ахымов, Күнсұлу Шаяхметова, Мерей Әжібеков, Лидия Кәденова, Нүкетай Мышбаева, Қадырбек Демесінов, Ақкенже Әлімжан, Бауыржан Қаптағай, Елдар Отарбаев, Бейбіт Мүслімов сынды кино және театр артистері фильмге ұлттық бояу бере білген.
Біле білсек, қазақтың кез келген дастаны болсын, аңызы болсын, бәрі де дайын мультфильм. Тек сценарийге бейімдеп, анимацияға сәтті айналдыра білу кез келген адамның қолынан келе бермесі анық. «Ер Төстік және Айдаһар» жобасы бойынша үш жыл уақыт бойы тынымсыз еңбек еткен аниматорлар тобы көрермендердің ыстық ықыласына бөленеді деген ойдамын. Қорытындылай келе айтарым, қазақ анимациясын дамыту, қазақ мульткейіпкерлерін әлемдік кейіпкерлермен теңестіру бүгін-ертең бітетін шаруа емес. Үлкен идеология саналатын мультфильмдер арқылы ұрпақ санасына ғана емес, барша қазақ көрерменіне жол табуға болады. Қазақтың халық ертегілерінде бой көрсететін Ер Төстік, Желаяқ, Көлтауысар, Мыстан кемпір, Шалқұйрық сынды дайын кейіпкерлерді сәтті өнімге айналдыра алған қазақ аниматорларына «Бәрекелді!» демекпін. Ұлттық анимация өрлеп, дами берсін!
Жамбыл ҚЫРҒЫЗБАЙ
"Айқын" газеті