Қыздар университеті - білімнің қайнар бұлағы
Қыздар университеті – еліміздің жоғары оқу орындары арасында өзіндік дара орны бар білім ордаларының бірі.
Іргелі білім ордасы осыдан 79 жыл бұрын, яғни 1944 жылғы 15 тамызда ҚазССР Халық Комиссарлар Кеңесінің қазақ қыздарынан жоғары дәрежелі мамандар даярлау туралы №457 қаулысы негізінде институт болып ашылды.
Ұзақ жылдар бойы өзінің қалыптасып,даму жолынан өтті. Университет түлектерінің арасында елімізге танымал көптеген тұлғалар шықты. Аты аңызға айналған Социалистік Еңбек Ерлері Рафиқа Нұртазина, Рыскүл Мақатова, ҰҒА академигі, осы оқу орнын 16 жыл басқарған Күләш Құнантаева, "Мемлекеттік тілге құрмет" бірлестігінің төрайымы, филология ғылымдарының кандидаты А.Османова, белгілі қоғам қайраткерлері Ж.Әмірханова, О.Асанғазықызы, ғалымдар Ү.Сұбханбердина, С.Ұзақбаева, З.Жәкішева, көрнекті ақындар Ә.Беркенова, А.Бақтыгереева, белгілі әдебиет сыншысы Ә.Бөпежанова, әншілер М.Ералиева, Ұ.Айнақұлова, Д.Хамзина, Т.Асар, Г.Өмірбаева, Ұ.Белғозиевалар сияқты шоқтығы биік тұлағалар Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінен білім алған.
Еліміздің түкпір-түкпірінен педагог мамандарды даярлайтын киелі шаңырақта қазіргі таңда 700-ден астам профессор-оқытушылар қызмет етеді. Жылдан-жылға профессор-оқытушылар әлеуеті жоғарылауда. Университеттің 5 факультетінде 12 мыңнан астам студент білім алуда. Әсіресе «Ақпараттық технологиялар және кітапхана ісі» кафедрасында оқытылатын 6В06102-Ақпараттық жүйелер, 6В06101-Цифрлық аналитикалық білім беру жүйелерін жобалау және 6В03201 — Кітапхана ісі білім беру бағдарламаларын айрықша атап өткім келеді. Аталған білім беру бағдарламасында биылғы өзгерістерге сәйкес бейіндік пәндер ретінде «Информатика-Математика» қосылды және ұлттық университетке түсудің шектік балы - 65 бал болып бекітілді. Білім беру бағдаламасы инновациялық технология талаптарына сәйкес келешек маманның қажетті кәсіптік дағдыларды бойына сіңіріп, телекоммуникациялық технологиялар саласында білікті әрі бәсекеге қабілетті болып шығуына кепіл болады.
Университет студенттері тұратын заманауи жабдықталған жатақханада оқу, TV, тренажер залдары бар. Бұдан өзге Қыздар университетінде Әлеуметтік гендерлік ғылыми-зерттеу институты, арнайы ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертханалар бар. Университетте WI-FI желісі орнатылып, Ғылыми кітапхана толық автоматтандырылған. Кітапханаға жаңа оқу жылында жаңа оқулықтар мен оқу-әдістемелік кітаптар сатып алынды.
Сонымен қатар студенттер академиялық ұтқырлық және қос дипломдық бағдарлама бойынша үздік шетелдік университеттерде білім алу мүмкіндігіне ие. Атап айтар болсақ: Миссисипи алқабы мемлекеттік университеті (АҚШ) ,Лондонның Батыс халықаралық колледжі (Ұлыбритания), Рига техникалық университеті (Латвия), Катовицедегі Силезия университеті (Польша), Нийде Өмер Халисдемир (Туркия) оқу ордасы.
Ақпараттық жүйелер және Цифрлық аналитикалық білім беру жүйелерін жобалау білім беру бағдарламаларының студенттері өндірістік тәжірбиесін бірқатар беделді ІТ компанияларда өтеді. Бейіндік пән ретінде Информатика және Математиканы таңдаған жас талапкерлерді аталған білім беру бағдарламасына оқуға тапсыруға шақырамыз.
Калдыбаева Айжан Сейсебекқызы,
Ақпараттық технологиялар және кітапхана ісі кафедрасының аға оқытушысы
Abai.kz