Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңғырық 3705 11 пікір 10 Ақпан, 2023 сағат 12:44

«Алтын адамның ханзада екенін айта алмадық»

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін «Алтын адам» тарихымызға үлкен бетбұрыс жасағаны белгілі. Ол бүгінгі Қазақ елінің осыдан 2500 жыл бұрынғы Сақ, Үйсін және Қаңлы мемлекетінің заңды мұрагері екенін айғақтап берді. Бүгінде Алтын адамның тұлғасы Алматыдағы Респулика алаңына орнатылса, бас киіміндегі қос пұрақ елтаңбамызға енді. Осылайша «Алтын адам» қазақтың азаттық символына айналды. Бір өкініштісі, Кеңес одағы кезінде оны әскербасы деп келдік. Өйткені, қазақ халқының өткен тарихы мен оның қаһарман ұлдарының даңқты есімдерін айту тоталитарлық режимге ұнай қойсын ба?!..

Әлемде еш теңдесі жоқ, міне осындай тарихи жәдігерді тапқан Бекмұханбет Нұрмұханбетұлы (1935-2016) ақсақалға көзі тірісінде жолығып(2013жылы), қал-жағдайын сұрап, сұхбаттасқан едім.


– Бекмұханбет аға, археолог ретінде Алтын адамның кім екенін айтып берсеңіз ?

– Алтын адам – жасы жиырма шамасындағы Ханзада. Патшаның ұлы. Ол осыдан 2500-2600 жыл бұрын Жетісу жерінде өмір сүрген сақ заманының адамы. Демек, “Алтын адам” – тақ мұрагері. Әкесінің қасына жерленген.

 – Білуімізше, Сіз Алтын адамды өз қолыңызбен қазып алған екенсіз. Ал, ресіми құжаттарда: “Алтын адамды тапқан Кемал Ақышев” деп жазылыпты...

– Айтқаның рас! Алтын адамды өз қолыммен қазым алдым. Басынан аяғына дейін тазаладым.Менің атым бірінші аталмады деп өкінбеймін.Оның өз тарихи себебі бар: қазақ ғұрпында үлкен тұрғанда кіші сөйлемеуі керек. Солай емес пе?! Мен бұрынғы ата көрген, қазақы тәрбие алған жанмын. Бұл бір. Екінші жағынан марқұм Кемекең ( Кемал Ақышев ) – менің ұстазым, сонау бірінші курстан бастап дәріс берген. Қысқасы өмірінің аяғына дейін ұстазым болды.Ол кезде мен кіші ғылыми қызметкермін. Кемекең болса: Сақ мәдениетінің маманы, одаққа танымал ғалым. Оның үстіне «Жетісу» экспедиясының жетекшісі.Менікі соның бір бөлімі ғана. Сондықтан Кемекеңе жол беруім орынды деп ойлаймын. Мен Кемал ағаға: “Мен керемет байлық таптым! Оған күмәніңіз болмасын.Тек осыны жүйелі түрде іске  асырсаңыз” дедім. Ал, Кемекең не істеді дейсіз ғой? Табылған алтын адамның төрт мыңнан астам көшірмесін жасатып, “Есік-Қорғаны” атты албом шығарды. Қазір ел мені “Есік қорғанының шырақшысы” деп атайды. Бүгін міне, сен іздеп келдің. Бабалар басына тәу етіп, келіп-кетушілер көп. Алтын адамның рухын, ол жөніндегі тарихты кейінгі ұрпаққа таныстыру маған бұйырыпты. Бұл аз бұйыру емес!.. Осыған да тәуба.

 – Сонымен, Алтын адамды қалай таптыңыз?    

– 1963 жылы Есік көліндегі су апатынан, өзен бойында орналасқан үлкен авто тұрақты су алып кетеді. Арада алты жыл өткенде мемлекет бұл мекемеге басқа жерден жер беріп, автотұрақ салуға қаражат бөледі. Құрылысты бастау үшін археологтердің келісімі керек екен. 1969 жылдың наурыз айы. Өзім жұмыс істейтін Қаз ССР Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтының археология бөлімінің меңгерушісі Кемал Ақышев маған жаңа салынбақшы автотұрақтың орнын тексеруге тапсырма берді. Құрылыс түсетін орын Есік қаласына кірер күре жолдың оң жағындағы үш обаның ортасындағы ең үлкені екен. Обаны қазу, зерттеу екі жылға таяу созылды. 1970 жылдың сәуірінде қазба жұмысына қайта кірістік. Мен нысанаға алған қорғанның астында екі көр бар екен.Біреуі тоналыпты. Ол көрдегі жатқан жасы алпыстардағы адам алтын адамның әкесі, яғни патшаның өзі. Соның қасындағы көрдегі ағаш үйден «Алтын киімді адамды» таптым. Бұл 1972 жылдың 22 сәуірі еді.

 – Сонда Ханзада алтын кимімен жерленген бе?

– Иә, құдды сол қалпында қойылған. Алтын киімінің ішінде сүйегі бар. Сырт киімі теріден тігілген, қызыл түсті екен. Киімінің сыртынан белдік тағынған. Шалбары матадан не теріден тігілсе керек. Аяғына қонышы ұзын, әшекейленген етік киген. Басын күнбатысқа қаратып, шалқасынан жатқызыпты. Қасында ыдыс-аяқ тағы басқа алтын бұйымдар қойылыпты.

 – «Алтын адам» қазір қайда?

– Оның сүйегі осында. Алтын киімі Астанадағы “Алтын мен бағалы тастар” мұражайында сақтаулы.

 – Іле Алатауының шығысы Қытайдағы Үйсін тауымен шектесіп жатыр. Онда осы таудың оңтүстігі мен солтүстігіндегі  дөңгеленген обаларды (молаларды) “Үйсін обалары”  деп атайды. Сіз Алтын адамды тапқан осы Есік қорғаны да сол Үйсін обасы емес пе екен?

– Қытай деректеріндегі үйсіннің атауы ол басқа әңгіме. Біз археологтар алдымен бұйымға қараймыз. Соған негізделеміз. Сақ пен үйсін дәуірлерінің бұйымдарын салыстырсақ бір-бірімен ұқсастығы бар. Иса пайғамбарға дейінгі жетінші-төртінші ғасыр болса, оны сақтар дейміз. Ал одан кейінгі екінші-үшінші ғасырға дейінгі уақыт болса, оны үйсіндер дейміз. Екеуін екі ел, екі жұрт деп қарамаймыз. Сақ бұрын өмір сүрген. Сақ пен үйсіннің арасында рухани, мәдени айырмашылық жоқ. Біздің қазақ алысқа барса арғы атасын,ал өз арасында жетінші атасын айтады. Сіз сияқтылар әкесінің атын атайды.Сол сияқты әңгіме. Қысқасы сақ пен үйсінді тегі бір, сабақтас ұрпақтар деп қарағанымыз дұрыс!

 – Сіз экспедициямен шет елге жиі шығып жүрсіз.Салыстырмалы түрде айтқанда Қазақ жері көне ескерткіштерге қаншалықты бай деп ойлайсыз?       

– Қазақстан көне ескерткіштерге өте бай өлке. Бізде бәрі бар. Тіпті сонау Адам ата-Хауа ананың бірінші ұрпағынан бастап, күні кешеге дейінгі дүниенің бәрі бар.Бұрын тас дәуірі өнерінің үлгісін өзгеден, өзге жақтан іздейтінбіз. Ал бүгін жағдай түгел өзгерді. Соның бәрі өзімізде екен. Қола, көне түркі ескерткіштерінің көптігі жағынан Қазақстанға тең келер аймақ кемде-кем шығар. Ерте темір ескерткіштері де бізде. Ол әлі толық ашылған жоқ. Бірақ ол бүгін ашылмаса, ертең ашылады ғой! Көне түркі жазуымен жазылған Орхон-Енисей жазбалары да бізден табылды.Қысқасы археологиялық ескерткіштер жағынан біздің еліміз аспан астындағы ашық мұражай дер едім.

 – Археология Сізді несімен қызықтырды?

– 1962 жылы С.М. Киров атындағы ҚазМУ тарих факултетінің бірінші курсысын оқып жүргенде “Археология мен этнография негізі” деген пән болды. Содан білгенім: археология жұмысы далада жүріледі екен. Барлық мұралар кітапханаларда немесе мұражайларда емес далада екенін ұқтым.Оны даладан іздеп табады екенсің. Ал дала деген не? Ол – мен. Менің үйреншікті өмірім. Менің археологияны талдағанымның себебі осы.

 – Шәкірттеріңіз бар ма?

– Баршылық. Шәкірттерімнің алды ғылым докторы, арты жетінші сынып оқушысы. Атап айтар болсам: ғылым докторлары Арман Бейсенов, Жолдасбек Құрманқұлов, магистрант Самат Момын, т.б. Тізе берсем көп.

 – Сіз өзіңізді қандай адаммын деп бағалайсыз?

– Керек адам екенмін! Балаларға да, жұмыс істеп жатқан жеріме де. Саған да!..  Ал қалғанын білмеймін.

 – Өмірде неден қорқасыз?

– Өмірде қорқатыным: Жаман атым шықпаса екен, артымнан өсек сөз ермесе екен деп қорқамын.

 – Өткен күндеріңізге өкінішіңіз бар ма?

– Өкінішсіз өмір жоқ. Ең үлкен өкініш – айталмағандық. Біз алтын адамды әлі де толық танып болғамыз жоқ.Осыған дейін оны «Есік жауынгері» деп келдік.Оның Сақ мемлекетінің ханзадасы екенін айта алмадық. Егер оны бүгінгідей патша деп танысақ, онда осыдан 2500 жыл бұрын бізде мемлекеттік бірлестік болды дегенді мойындауға тура келеді. Ол кезде олай айта алмайсың. Осы істің басы-қасында жүрсем де шындықты айта алмағаныма өкінемін. Амал қанша, заман солай болды...

 – Түс көруге, ырым-сырымға сенесіз бе?

– Екеуіне де сенемін. Түсім ақ болады.Түсіңді жақсыға жорысаң жақсы болады.

 – Намаз оқисыз ба?

– Оқымаймын.

 – Алланы мойындайсыз ғой?

– Неге мойындамаймын. Мен Тәңір деймін. Тәңір біреу. Тәңірімнің елшілерінен жіберген уағыздарын түп нұсқадан оқимын, түсінемін.

– Қабір ашасыз. Былайша айтқанда, әруақтарды мазалап жатқан жоқсыз ба?

– Мазалаған жоқпын. Әруақтар маған риза. Оларды бірінші рет дүниеге әкелген әкесі мен шешесі болса, екінші рет дүниеге әкелген менмін. Біз байырғы бабалардың қабірін ашамыз. Оны түгел аршып, тазалаймыз. Сол күйінде суретке түсіреміз. Содан әр сүйекті сол қалпында орны-орнына қоямыз.Соңында қорымның үстін шатырлаймыз. Келіп тәу етушілер сақ бабаларымыздың қасиетті сүйегін көріп, ондағы ескі жәдігерлермен көзбе-көз танысады. Ал сенің мына көріп тұрғаның  ( мұражайды нұсқап ) үлкен ғибадатхана, мешіт-медіресе десек артық болмайды. Ендеше, осыны салуға ұйтқы болған мына мен. Қай молдадан сұрасаң да ең үлкен сауап мешіт тұрғызу дейді. Солай ғой!

 – Қай жерде дүниеге келдіңіз? Отбасы, бала-шағаңыз бар ма?

– 1935 ші – тышқан жылы дүниеге келіппін. Ал туған ай, күнім анық емес. Әке-шешемнің айтуынша егін егіп болған кез...  Туып-өскен жерім бұрынғы Талдықорған облысы, Ақсу ауданы, Қарасу деген жер.Төрт ұлдың әкесімін. Үлкен ұлым қайтыс болды. Қазір үш ұлым және немерелерім бар. Екінші ұлым Арман – журналист. Үшінші ұлым – Мирас та жазу-сызу жағында. Кенжем Бекбол диплом жұмысын менің салама жақын тақырып төңірегінде қорғады. Бәйбішем – Ханипа бала-шағамен Алматыда тұрады. Өзім Есік қаласында осыдан қырық жыл бұрын Алтын адамды тапқан жерімде өмір сүріп жатырмын.

Еркін Нұрбайұлы,

Балалар жазушысы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5458