Албастының айласы
(Балаларға арналған ертегі)
...Ерте, ерте, ертеде,
Ешкі жүні бөртеде,
Қырғауылы қызыл екен,
Құйрық жүні ұзын екен...
Баяғы заманда жасы ұлғайған бір патша болыпты. Қаһарлы қыстың орай да борай соққан дауылында күтпеген жерден әлгі патшаның басына қайғы түсіпті. Ауыр қасыреттен анлаут дүниесін ұмытып, есі ауған патша барлық есті уәзірін айдап шығып, сүйегін әрең сүйретіп жүрген Албасты қара қатынды сарайға ханшайым етіп алыпты. Ол қара Албасты патшаны әбден жадылап алады, өткен күндерін тез ұмыттырады, зәулім сарай салтанатын да, күйбеңін де өз дегенімен жүргізе бастайды. Енді ана Албасты қара қатын патшаның көзіне «Мың бір түннің» кәнизәктәріндей елестейді. Оның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғысқа айналады. Оның асып-тасығаны соншалық, өзінің жаһаттасы Мыстан кемпірді шақырып алып, оны да патшаға кеңесші етіп қояды. Екеулеп кәрі патшаның онсыз да қатып-семген, ашып кеткен миын қырық үйіре бастайды.
Сол елде ақындардың өресі биік, өрісі кең ауылы бар екен. Еркін ойды, азат жарияны құп көретін ақындар мекеніне Албасты мен Мыстан кемпірдің назары ауыпты. Өнері мен дарыны шалқып тұратын ақындар ауылын жатса да, тұрса да патшаға жамандап, жыл сайын көсемдерін ауыстырумен болады. Бір күні оларға бір зымиян ой келеді. «Ақындар өлеңін айтып, әләулайлап жүре берсін. Сол ауылдың билігін өз қолымызға алып алсақ қайтеді? Ашсақ алақанда, жұмсақ жұдырықта болсын». Сөйтеді де Албасты қатын патшаға айтып, Мыстан кемпірді ақындар ауылына басшы етіп қояды.
Мыстан кемпір ақалақ бола салысымен ауылға зәрлі тәртіп орнатып, тұрғындарды өз қалауынша жатқызып-тұрғыза бастайды. Қарсы сөйлегендерге күшігенше шүйлігіп, күнін қараң қылады. Өзінің өлеңнен еш хабары болмаса да, ақындарға қалай жазу керектігін үйретіп, ақыл айтуды ғадетке айналдырады. Өлеңі мен мінезі ұнамағандарды ауылдан аластап, жазықсыз дүре соқтырады. Мұндай азапқа шыдай алмаған ақындар патшаға барып шағымданады. Мыстан кемпірдің елді қырып бара жатқанына көзі жеткен патша оны қызметінен босатады. Бірақ патшаның аңқаулығын епті пайдаланған Албасты өзінің «жан досын» одан да жоғары қызметке өсіріп жібереді. Оны көрген ақындар: «Мына қара Албастыға дауа жоқ екен. Мыстан кемпір тірі тұрғанда бізді оңдырмас» деп пұшайман болады.
Осы тұста Албасты қара қатынға тағы бір зұлым ой келеді. «Мына ақындардың ауылына есалаң біреуді басшы етіп қойып, айтқанымызға жүргізіп, дегенімізді істетіп отырмаймыз ба?». Сол ойын іске асырып, өзімен өзі әуестеніп кеткен бір әумесерді ақындар ауылына басшы етіп бекітеді. Албастының айтқанынан шықпайтын ол байғұс та ақындардың соңына шам алып түседі. Қит етсе «ауылдан қуамын» деп зіркілдеумен болады. Ақындар: «Осы бәледен қалай құтыламыз?» деп жүргенде әлгі неме өзінен өзі шатасып, патшаның алдында жазықты болып қалады. Қызметінен шұғыл қуылады.
Албасты сол күні-ақ Мыстан кемпірді ақындардың ауылына қайта басшы етіп қояды. Мұндай тосын шешімге ақындар ауылы дүрлігіп кетеді. «Кеше ғана патшаның жарлығымен қызметтен кеткен Мыстан кемпірді біздің ауылға қайта әкелгені несі? Бұл барып тұрған басынушылық қой» деп шулайды. Бірақ патшаға арқа сүйеп алған Албасты: «Сендер маған не істей аласыңдар? Ал, қолдарыңнан келсе, шауып алыңдар!» – деп, өз дегенінен қайтпай отырып алыпты. Сөйтіп, айтқанға көнгісі келмейтін ақындар ауылынан өш қайтарыпты дейді.
Уақыт зымырап өте беріпті. Бір күні қатты дауыл соғып, қартайған патшаны жел ұшырып алып кетіпті. Оны көрген Албасты мен Мыстан кемпірдің іштері өртеніп, шайтан сияқты ащы шыңғырып жылапты. Жылай-жылай көздері ағарыпты. Ақыр соңында өксіктерін баса алмаған күйі Албасты қара бақаға, Мыстан кемпір қарақұртқа айналып кетіпті деседі.
Балалар! Бұл – ертегінің қысқа нұсқасы. Ертегі ұнаса, пікірлеріңді жазыңдар. Бәлкім, сендерге бұл ұзақ ертегіні кеңейтіп айтып берермін.
Темірғали Көпбаев
Abai.kz