Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Жаңалықтар 6902 0 пікір 17 Тамыз, 2009 сағат 07:13

Қола лауханың символдық мәні

Киелі мекен, қасиетті Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы еліміздегі іргелі мұражай болуымен қатар, сан ғасырлар бойы исі мұсылман жұртының қасиетті зиярат орны. Әулиелердің Сұлтаны Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы мен ілімін, Әмір Темір дәуірінен қалған құнды ортағасырлық жәдігерлер мен мұражай ісін және кесене маңында жерленген хандар мен би, батырлардың өнегесін зерттеу, насихаттау жұмысымен айналысып отырған мұражай ұжымының зерттеу жұмыстарының негізінде дайындалған мақаланы оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Киелі мекен, қасиетті Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы еліміздегі іргелі мұражай болуымен қатар, сан ғасырлар бойы исі мұсылман жұртының қасиетті зиярат орны. Әулиелердің Сұлтаны Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы мен ілімін, Әмір Темір дәуірінен қалған құнды ортағасырлық жәдігерлер мен мұражай ісін және кесене маңында жерленген хандар мен би, батырлардың өнегесін зерттеу, насихаттау жұмысымен айналысып отырған мұражай ұжымының зерттеу жұмыстарының негізінде дайындалған мақаланы оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Әзірет Сұлтан мұражайы қорындағы ортаға-сырлық тарихи құнды мұрағаттың бірі - Әмір Темір дәуірінен сақталған қола лаухалы ту. Тудың сабы ағаштан жасалынып, жасыл түсті бояумен боялған, оның ұзындығы 8 метрге жуық, лаухасы, яғни ұшы қоладан құйылған, биіктігі - 98 см, салмағы - 5 кг.
«Тарих - таным, тағылым, тәрбие, бабалар тәжірибесі, туған топырағыңды танудың кілті, Отаныңа деген сүйіспеншіліктің ақ бастауы Түркістан - төл тарихымыздың үлкен де күрделі арнасы...
Түркістан төңірегінде ел аузында жүрген мәнді аңыз, әпсана мен әңгіме көп, көненің көзі, асылдың сынығы - құнды жәдігерліктер мол. Біз осының бәрін екшеп, қажетімізге жаратуымыз керек, бабалар тәжірибесін игеруіміз керек», - деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі елдіктің, ерліктің, адамгершіліктің туын жықпаған халқымыздың рухани, мәдени мұраларындағы ғибратты өнегенің халық игіліне жаратылуының маңызына нақты нұсқап тұр. «Адамгершіліктің туы» деген сөз тіркесінің халық санасында берік орын алуының өзі де Әзірет Сұлтан кесенесіндегі тудың мән-мағынасына тереңдей үңілуге жетелейді.
«Хақ расулі Мұхамбет,
Абзалы артық нұр өткен.
Артынан келіп төрт имам,
Шариғат жолын күзеткен.
Сәруәр пірдің басшысы -
Қожа Ахмет Ясауи,
Түркістанда бұ да өткен,
Туына жұртын түнеткен.
Зікірін айтып, зарланып,
Пікірін бізге мұра еткен» деген Сәттіғұл Жанғабылұлы (р.ғ.) өзінің жырларында «Туына жұртын түнетіп», яғни халқының рухани тыныштығын қамтамасыз еткен ерлердің есімдерін атап айтып, олардың сипаттары мен қызметін ашып көрсетеді.
Лауханың құйылуы мен оюларынан, өрнектеліп жазылған араб, парсы жазуларынан кесенедегі ортағасырлық қола бұйымдардың құйылу технологиясына тән ортақ тақырыптық, идеялық, символдық біртұтастықты, ұқсастықты көреміз. Мәселен, лауханың мойындығының құрылымдық пішінінде шырағдандармен ұқсастық айқын көрінсе, сүйірленген жапыраққа ұқсас негізгі бөлігінің пішіні және қошқармүйіз оюлармен аяқталуы есік алқасы мен Тайқазанның тұтқасына ұқсайды.
Лауханың өзі екі бөліктен - ортасында оюлы-өрнекті жазулары бар негізгі жапырақ формасындағы жалпақ бөлігінен және сығылған шарға ұқсас екі белдеуі бар конус тәріздес мойындығынан құралған. Негізгі бөлігінің жалпақ тұсының диаметрі - 37,5 см, биіктігі - 59 см және мойындық табанының диаметрі - 14,5 см, биіктігі - 39 см. Шарларының айнала ауқымы біреуінікі - 40 см, екіншісі - 32 см. Лауханың үшкіл жапырақ тәрізді негізгі бөлігі мойындыққа қошқармүйіз ою түріндегі қапсырмамен біріктіріліп, үш түймешегімен бекітілген. Лауханың негізгі бөлігінің ұшы қошқармүйіз оюлардың өзара симметриялы, екі сатылы біріккен композициясынан құралған. Лауха ұшындағы үлкен оюдың ұштасқан ұзын ұштарының ортасында екі жағынан бірдей оқылатындай етіп «Алла» сөзі ойылып жазылған: الله
Осы «Алла» сөзін жиектеген екі қошқармүйіз оюдың ұзын ұштықтарының
А бетіне Калима шәхадат (куәлік сөзі) пен Алла Тағаланың есімі жазылған:
اشهد ان لا اله الا الله و اشهد ان محمدا عبده ورسوله. يا الل
Қазақ тіліндегі мағынасы:
Бір Алладан басқа Құдай жоқ екендігіне куәлік беремін және Мұхаммед Алланың құлы әрі елшісі екендігіне куәлік беремін! Йә, Алла!
Б бетінде оюдың ұзын ұштарының бірінде Аллаға мадақ, бірінде кәлима-и таухид жазылған:
لا اله الا الله محمد رسول الله الحمد لله على كل حال
Қазақ тіліндегі мағынасы:
Бір Алладан басқа Құдай жоқ, Мұхаммед оның жіберген елшісі. Барлық хәлде Аллаға мадақ!
Лауханың ұшындағы қошқар-мүйіз оюдың екі жаққа шиырылған ұштарының екі бетінде төрт халифаның аттары жазылған. А бетінде:
ابوبكر صديق عمر فاروق
Қазақ тіліндегі мағынасы:
Әбубәкір Сыдық, Омар Фаруқ
Б бетінде: عثمان عفان على المرتضى
Қазақ тіліндегі мағынасы:
Осман Аффан, Әли әл-Мұртаза
Адамның жүрегінен орын алуға тиісті Алла есімін қорғап-қоршаған иман қауызы - кәлима шахадат ортаңғы бөлігінің Б бетіне Алла есімін жиектей қаусыра жазылған. Осы иманның қауызы - жүрек ділді тазартатын негізгі құралдың формасы - кәлима таиба және негізгі амал әрекет - қандай хәлде болсын Алланы мадақтау бұйрығы екінші жағынан да оқылатын ортаңғы бөліктегі «Алла» сөзін екі жағынан қаусыра А бетінде жазылған. Иманды қорғап, күзету үшін адамның Алла есімін жад етуі, яғни кәлима таухидті үнемі зікір етіп, қандай хәлде болса да Аллаға мадақ айтудан танбауы керек деген қағида - Ислам дініндегі басты ұстаным. Осы қағида Ясауидің хәл іліміне саятын терең мән-мағынамен астарланып, лауханың А бетіне сыйғызылған. Ислам ақлағына сай адамның жүрегі жер көкке, ғаршы күрсіге сыймайтын, тек иманды құлының жүрегінен орын алатын Аллаға ғана мекен болуға лайықты орын. Демек, «Мені, жаратқан аспаным да, жерім де сыйғыза алмайды, тек момын пендемнің жүрегіне ғана сыйамын» деген Алла Тағалаға сенім және сол орынды ластықтан тазарту әрекеті - Ясауидің хәл ілімінің, хикмет дәстүрінің негізгі тәсілі. Хәл ілімімен тазарып, нұрланған жүректі ишаралайтындай ашық жерге, шапақты нұрын шашқан бейнеде «Алла» сөзінің жазылуы, иман қауызының ішінде орын алуға тиісті негізгі мәнді көрсетеді. Қошқармүйіз оюдың өзі «адам» деген ұғымды ишаралайтынын ескерсек, адам табиғатының нұрлы рухани жағымен қатар, көлеңкелі тәндік қырының бар екендігіне меңзейтіндей оюлар мен оюлы жазулар бір-біріне қарама-қарсы симметриялы түрде орналасқан. Адамды адами кемелдікке жеткізетін рухани дамудың өзі оның бойындағы осы рухтық және нәпсілік екі сипаттың күресінен туындай тұрып, екі дүниелік бақыттың кілтін иеленуді мақсат тұтып, адамгершілікті ту ететін толық адамның қалыптасуына бастайды. Лауханың симметриялы құрылымы, оның орталық білігі бойымен айналу мүмкіндігі - бүкіл дүниенің қозғалысы мен Ғаршы Күрсінің үйлесімді айналымының өзі Құдайдың құдіретімен, Оның сүйген құлы, Халифасы - Кутубтың құрметіне жүзеге асып тұрғанына меңзейді. Мұның өзі халық даналығындағы «бүкіл дүние бір әулиенің дұғасымен аман тұр» деген наныммен астасып жатыр. Және бұл тудың «Құтб-ул ақтаб» - Құтұбтардың ұлығы, яғни әлемдердің темірқазығы Әзірет Сұлтанның құрметіне, оның ханакасына сыйға тартылуының терең мәні бар. Имандылық ізгі мақсатқа жетуді көздеген адамның Исламды алғашқы болып қабылдап, ғибратты өмірімен кейінгіге үлгі болған төрт шариярдың өнегесін өзіне таяныш қылып, үлгі тұтуы - дәстүрлі Исламдағы негізгі ұстаным. Осының мысалын Ясауи хикметтерінен де көреміз:
Көрген заман иланған -
Әбубәкір Сыдық дүр,
Ұстын болып тірелген -
Әбубәкір Сыдық дүр.
Мұңдасқанда жылаған,
құлшылыққа бел байлаған,
Іші-бауыры езілген -
Әбубәкір Сыдық дүр...

Екіншісі жар болған -
әділетті Ғұмар дүр,
Мұсылмандыққа жар болған -
әділетті Ғұмар дүр.
Білалға азан айттырған,
шариғатты білдірген,
Діннің сөзін ұқтырған - әділетті
Ғұмар дүр...

Үшіншісі жар болған -
Оспан сыпайы дүр,
Әркезде де жар болған -
Оспан сыпайы дүр.
Хақ Расулдың күйеуі,
дініміздің тірегі,
Пенделердің азаты -
Оспан сыпайы дүр...

Төртіншісі жар болған Құдай
шері Ғали дүр,
Миғражда да жар болған
Құдай шері Ғали дүр
Айтқан сөзі рахман-ды, көрсең
жүзі нұр еді,
Кәпір құтын қашырған Құдай
шері Ғали дүр...»
- деген хикмет жолдарында Ұлық сахабалардың сипаттарын баяндайды. Исламның бастауында иман келтіріп, дінге қуат болған, діннің таралуына қажыр-қайратын аямаған сахабалардың есімі күш-қайратқа меңзейтіндей шиырылған оюда таңбалануының да өзіндік мағынасы бар. Халық арасындағы Пайғамбардың төрт шариярына деген зор құрмет жыр-қиссаларда, аңыз-әңгімелерде олардың ғиб-ратты өмірі молынан орын алуынан көрінеді.
Негізгі бөліктің ортасынан симметриялы түрде екіге бөліп, екі бетінен де оқуға болатындай ойылып, өсімдік тектес өрнекпен әшекейленіп сүлс қолтаңбасымен былай деп жазылған: محمد على نعمة الله
Қазақ тіліндегі мағынасы: «Мұхаммед, Әли Алланың берген нығметі!» Дүниеге шапағатшы, әрі ілімнің кені, қаласы болып келген Пайғамбар мен сол ілімнің қақпасы - Әзірет Әліні Құдайдың берген нығметі деп түсіндіреді. Сонымен қатар бұл жазуды ілімнің өскелең рухын, шапағат етер нұрын паш етіп, екі дүниеде де бақытқа бастар қасиетіне ишаралайтындай өсімдік тектес өрнекпен, екі жақтан оқылатындай ойып жазылған ашық көрінісімен айқындап, симметриялық үйлесімімен бейнелейді. Негізгі бөліктің ұштала біріккен жалпақ жиектерінің А бетінде:
اللهم صل على محمد المصطفى على المرتضى حسن المجتبى حسين شهيد بكربلا على زين العابدين محمد الباقر جعفر الصادق موسى الكاظم على الرضا محمد التقى على ا*[لنقى] الجواد حسن العسكرى محمد المهدى وصلى الله على محمد سيد المرسلين وخاتم النبى ورسول رب العالمين.
Қазақ тіліндегі мағынасы:
Йә, Алла! Мұхаммед Мұстапаға, Әли әл-Мұртазаға, және Хасан әл-Мүжтабаға, Кербалада шейіт болған Хусайынға, Әли Зайн ал-Абидинге, Мұхаммед әл-Бақырға, Жағыпар әс-Садыққа, Мұса әл-Казымға, Әли әр-Ризаға, Мұхаммед әт-Тақиға, Әли ән-[Нақиға], әл-Жауад Хасан әл-Аскариге, Мұхаммед әл-Махдиге игілік бер! Және нәбилердің соңғысы, әрі пайғамбарлардың басшысы, барлық әлемді жаратқан Алланың елшісі, Мұхаммедке игілік болсын!
Пайғамбар әулеттерінің есімдері Мұхаммед ғ.с. Пайғамбар мен Әзірет Әлі есімдері айшықталған негізгі өрнекті көмкере жиектей жазылған. Оларды құрметтеу, үлгі өнеге тұту, ғибратты өмірі мен істерін насихаттап жыр, хикметке қосып халыққа жеткізу, оларға салауат жолдап, дұға тілеу дәстүрімізде үзілмей жалғастық тапқан, бүгінге жеткен игілікті салтымыз. Осы дәстүрге сай Ислам жолында жақсылыққа жетіп, Алланың нұры жауған, Пайғамбар әулеті еске алынып, оларға салауат айтылғанын байқаймыз. Дәстүрлі Ислам сеніміне сай - дүниеге Ислам ақиқатын паш ететін, Пайғамбардың жолын жалғастырушы ұрпағы келетініне деген сенім бар. Лаухада қиямет күні жақындағанда дүниеге келуі күтілетін, Пайғамбар әулеті - Мұхаммед әл-Махдидің есімі аталып, оған игілік тіленеді. Лауханың негізгі бөлігінің Б бетіндегі оң жақтағы жазу: Мәтін парсы тілінде:
زهَىْ نّمودَارْ رايت نبوى ببرد كه از ره رفعت بدوش جرح روى توى علم شده ربت در كل عالم از *** ازان شدى اين علم خانقاه علوى سر مشايخ افاق عالم خلاق ولى حضرت حق شيخ احمد يسوى
Қазақ тіліндегі мағынасы:
... Бұл әлемдегі шайхтардың басшысы, Хазрат Хақтың [Алла Тағаланың] досы, Алауи [Әзірет Әліден тараған ұрпақ], Шайх Ахмет Ясауидің ханақасының туы!
Ту ұшының ағаш сапқа бекітілген мойындығында кесенедегі шырағдандардың жазуларына ұқсас араб жазуы бар. Олар өсімдік тектес оюмен өрнектеліп, 18 см ұзындықта сүлс қолтаңбасымен айналдыра бедерленген жазу: اعز السلطان الملك العالم العامل العادل اميرتيمور كوركان
Қазақ тіліндегі мағынасы:
Құрметті сұлтан, патша, ғалым, сөзіне ісі сай, әділетті Әмір Темір Көреген.

«Жүсіптей асыл нұр өткен,
Әзіреті Әлі Шер өткен,
Шыңғыстай асқар шың өткен,
Көреген Темір дүр өткен.
Сан пайғамбар, сахаба,
Құдайдың досы бұ да өткен.
Аллалаған пір өткен,
Туына жұртын түнеткен.
Жария зікір, таспих,
Мешіттің ішін гүл еткен.
Хақ Расулдың сүннетін,
Қожа Ахметтің міндетін
Өшіре көрме жүректен», -
деген Қашаған Күржіман-ұлының жыр шумағында Ақиқат жолындағы қасиетті күрестің ғибратын, сол жолдағы ту ұстаған ерлердің мұратын, тудың киелілік мәнін және Құдайдың назары түсетін нысан - адам жүрегінде орын алуға тиісті басты құндылық - Пайғамбар сүннеті мен Ясауи міндеті екенін көреміз. Ту - халыққа ұйытқы болар пірдің қолындағы басты рәміздік белгілердің бірі. Бұл жырда Ту ұстаған ел бастаушы кемел пірдің күрескерлік мақсаты - Пайғамбар сүннеті мен Қожа Ахметтің міндетін жүректе сақтау деп анықтайды. Демек, осы міндетке адалдық үшін жүзеге асатын күрес, майданының орны да жүрек екені белгілі болады. Күрестің құралы мен тәсілін де анық нұсқайды. Біз ту лаухасының пошымы мен ою өрнек жазуларынан оның киелілік мәнін түйсінсек, ишаралық мазмұнынан ғибратты мағынасын түсінеміз. Демек, Ясауи кесенесіне сыйға тартылған Ту - Пайғамбар хадисіндегі үмметін Ұлы жихадқа, яғни нәпсімен күресіп, рухани кемелдік үшін шайқасуға шақырған өсиетіне сай осы күрес майданына бел буған, Ақиқат жолды қалаған майдангерлердің туы. Бірде Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) сахабаларымен бірге аса ауыр соғыс - «Табук» жорығынан көптеген жауынгерлері шәиіт болып, қалжырап қайтып, Медине қаласына жеткенде: «Кіші соғыстан ұлы соғысқа қайтып келдік» деген. Сахабалардың: «Кәпірлермен соғысудан да үлкен жихад бар ма екен?» деген сауалына Пайғамбар с.ғ.с: «Йә, ол - нәпсімен күресу» деп жауап берген. Нәпсімен күресіп, руханиятын өсірген адамның иеленетін ілімі - халық даналығында айтылғандай «Білекті - бірді жықса, білімді - мыңды жығатын» сан мыңдаған адамды дұрыс жолға салатын ілім. Лауханың негізгі бөлігіндегі оюлы жазу ладуни ілімге меңзеп, сол ілім иелерін атап, оларды «Алланың сыйы» деп біледі. Осы Алланың сыйы, шексіз қазынасы - ладуни ілімнің өзі адамның жүрек тереңінен иман нұрымен табылатын жауһар. Ол қазына Пайғамбарға махаббат, ұстазға құрметпен қолға түсіп, Алланың бірлігі мен барлығын негіздеуге бағытталады. Осы таухид танымын жүрегіне орнықтырған адамның кемелдікке жететіні, қоғамға да, адамзаттың рухани қазынасына да мол үлес қосатыны сөзсіз. Абай атамыз азамат ердің бойынан табылуға тиісті асыл қасиет «Нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат» деп білсе, лауханың рәміздік мән-мағынасы дәл осыған саяды. Лауханың ұшындағы үшінші бөлігі жаратылыс дүниесін ишаралайтындай толықмәнді аяқталған қошқармүйіз оюдың композициясымен бейнеленген. Осы үшінші бөлігі - кемел адамды бейнелеген лауханың негізгі бөлігінің алақанында тұрғандай болуы - рухани кемелденген адамның бүкіл жаратылыс сырын меңгеріп, ладуни ғылымды иеленетініне нұсқайды.
«Ақыл құсы адаспай аспандаса,
Әлемде нәрсе болмас
оған таса.
Жеті көк жерден оңай
басқыш болып,
Ғарышқа қол жетеді
қармаласа.
Жанның бәрі мендей жар
табар еді,
Терең ой, сау ақылмен шамаласа» деген Шәкерім қажының (р.ғ.) сөзі осыны ишаралайды. Бұл туды ұстап, халықты осынау ұлы майданға шақырып топтастыра алатын адамдардың өзі сол жолды қалаған, осы күресте нәтижеге жетіп, дәреже иеленген әулиелер. Ұлы жиһангер Көреген Әмір Темір рухани ұстазына деген зор құрметпен, Әзірет Сұлтанның ханакасына, сол жолды жалғастырушы шәкірттерге сыйға тартқан бұл теңдесіз жәдігердің мән-мағынасын өзі де терең түсінгенін, сол жолды берік ұстанғанын және ұлы жихад - рухани кемелдікті мақсат еткен күрестің мәнін шәкірттерге жеткізе тұрып, хәл іліміне амал қылып, сол жолға адал болуға шақырғанын көреміз. Заманында қазандық маңайында осыған ұқсас шағындау он тудың байлаулы тұрғандығы және осыған ұқсас ту ұштарын Қызылорда өңіріндегі қожалардың, Жауғаш батыр ұрпақтарының ата мұрасы ретінде сақтағаны белгілі. Демек, «туына жұртын түнетіп», хәл ілімін тарату арқылы қоғамды айрандай ұйытып, береке дарытқан, халықтың рухани тұтастығын қамтамасыз еткен, жанына пана болған кәміл пірлер халық арасында көп болған. Халқымыздың ділдік, тілдік, елдік бірлігінің сақталуына, рухани мұрамыздың бүгінге мол қазына ретінде жетуіне де солардың тілек-дұғасы мен жанкешті еңбегі себеп болған. Адамның адамгершілік туын жоғары ұстап, рухани кемелденуімен жетер нәтижесі - бұл дүниелік бақытты, бақ-дәулетті иеленуі, қоғамға пайдалы ізгі қызмет жасауымен шектелмей, о дүниенің де бақытына жетіп, Алланың рахымына бөленіп, ғарасат майданында жеңіске жетуі үшін де маңызды екені Әбубәкір Кердерінің (р.ғ.) мына жыр шумағында айтылады:
«Көкірек-тас, ұрсаң шоқыр
"Алла хайлап",
Мақшарда міскін басың алар
байрақ.
Тағат қыл, Ібіліске көрсет
айбат!
Фәниде сұм нәпсіге бой
билетсең,
Иманды шайтан алар
талапайлап».
Байрақты тудың ежелден жорықтағы жауынгерлерді топтастырып, ұйымдастыруда, соғыс қимылдарын басқаруда атқарған қызметімен қатар, тудың жығылмай жоғары ұсталуымен байланысты жауынгерлердің рухын көтеретін, жеңіске шақыратын, жеңімпаздықты айғақтайтын мағынасы болды. Сондай-ақ, мемлекеттік тәуелсіздіктің нышаны ретіндегі рәміздік мәнді де иеленді. Ал кесенедегі тудың рәміздік мағынасы осымен шектелмей, сол мемлекеттік тәуелсіздік пен ел егемендігінің баянды болуының кепілі - рухани тәуелсіздік деп танытып және халқымызды, тіптен жалпы адамзатты рухани күреске, рух жеңісіне жетуге үндеуі - бүгінгі күн үшін аса өзекті мәселе. Лауханың рухани азаттыққа, тек шақырып қана қоймай, оның үлгісін, құралын дәстүр сабақтастығы аясында бейнелі ишарамен дәл бейнелеуі Ясауидің хәл ілімі мен хикмет дәстүрінің өміршеңдігінің нақты көрінісі.

 

 

Аманжол МЕЙІРМАНОВ,
«Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі
«Үш қиян» газеті, 13.08.2009

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1519
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3300
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5897