Жырмен сусындаған ұрпақтың – рухы биік болады!
Оқу-ағарту министрінің назарына!
Қазақ халқы – сөз қадірін білген, жырды жанымен түсінген халық. Ұлттың тарихы мен тағдыры, арман-мұраты мен ерлік жолы ғасырлар бойы қағазға емес, халықтың жүрегіне жазылды. Сол асыл мұраны ұрпақтан ұрпаққа жеткізген – батырлар жыры мен лиро-эпостық дастандар. «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» секілді жырлар қазақтың рухани әлемінің алтын қазығы саналады. Бұл шығармаларда тек батырлық пен махаббат ғана демейік, халықтың тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, дүниетанымы, ел қорғаған ерлердің болмысы, ананың тәрбиесі, ел бірлігі мен намыс проблемасы терең суреттеледі.
Бүгінде жаһандану дәуірінде жастардың ұлттық құндылықтардан алыстап бара жатқаны жиі айтылады. Әлеуметтік желінің қысқа ақпараттарына үйренген жас буын кейде өзінің тарихи тамырынан ажырап қалатындай әсер қалдырады. Осындай кезеңде мектеп оқушыларына батырлар жырын және лиро-эпостық дастандарды жаттатып, оларды мәнерлеп айту бойынша елдімекендік, аудандық, облыстық және республикалық деңгейде байқаулар ұйымдастыру – аса маңызды бастама. Мұны тек әдеби шара демей, ұлттық сананы жаңғыртатын үлкен рухани қозғалыс деп түсінейік.
Қазақтың жыр дәстүрі – жай ғана өнер деп ойламау керек. Ол – халықтың тарихи жадын сақтап келген ұлы мектеп. Бұрынғы заманда қазақ даласында шежіре де, тарих та, тәрбие де жыр арқылы берілген. Жыраулар мен жыршылар ел аралап, халыққа ерлік дастандарын айтып отырған. Сол арқылы жас ұрпақ батырлыққа, отансүйгіштікке, әділдікке тәрбиеленген. Батырлар жырындағы кейіпкерлердің барлығы дерлік ел үшін жанын берген тұлғалар. Олар өз басының қамын ғана емес, халықтың болашағын ойлаған. Осындай образдарды тыңдап өскен балада елге деген сүйіспеншілік қалыптасады.
Мысалы, «Қобыланды батыр» жырында туған жерді қорғау идеясы анық көрінеді. Ал «Алпамыс батырда» адалдық пен төзім, отбасы құндылығы ерекше суреттеледі. «Қыз Жібек» жыры махаббатпен қатар, қазақ қоғамындағы салт пен адамгершілік жағдайын көтереді. Мұндай шығармаларды оқыған немесе жаттаған оқушы тек әдеби мәтінді меңгеріп қоймайды, ол халықтың рухани болмысын таниды. Тарихты құрғақ дерек арқылы емес, көркем сөз арқылы қабылдаған бала оны жүрегімен сезінеді.
Қазіргі мектеп бағдарламасында әдеби шығармалар оқытылады. Бірақ көп жағдайда оқушылар оны тек емтихан үшін жаттап, кейін ұмытып қалады. Ал егер осы жырларды жатқа айту дәстүрі кеңінен дамытылса, оның әсері әлдеқайда терең болар еді. Себебі жатқа айту – шығарманы жан дүниемен қабылдау деген сөз. Бала жырдағы әр сөзді сезінеді, кейіпкердің мінезін түсінеді, оқиғаның рухын бойына сіңіреді. Бұл оның тіл байлығын арттырып қана қоймай, ойлау қабілетін, есте сақтау мүмкіндігін де дамытады.
Сондықтан, батырлар жыры мен лиро-эпостық дастандар бойынша арнайы республикалық байқау ұйымдастыру – уақыт талабына сай маңызды қадам. Мұндай байқауларды ең алдымен ауылдық деңгейден бастау қажет. Әр мектепте, әр елдімекенде жыр оқу сайыстары өтсе, балалар арасында қызығушылық арта түседі. Кейін аудандық, облыстық кезеңдер арқылы ең үздік өнерпаздар республикалық деңгейде бақ сынаса, бұл үлкен мәдени қозғалысқа айналар еді.
Осындай жобаның тағы бір маңызды тұсы – қазақ тілінің мәртебесін көтеруі. Қазіргі күндері көптеген жас әдеби тілде еркін сөйлей алмайды. Ал жыр жаттау арқылы оқушы қазақтың бай сөз қорын меңгереді. Батырлар жырындағы теңеулер, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер баланың тіл мәдениетін қалыптастырады. Бұл – ұлттық тәрбиенің де, тіл саясатының да тиімді жолы.
Сонымен қатар мұндай байқаулар жастарды кітапқа жақындатады. Қазіргі заманда балалардың көпшілігі уақытын телефон мен интернетте өткізеді. Ұзақ мәтін оқуға шыдамы жетпейтін буын қалыптасып барады. Ал жыр оқу дәстүрі қайта жаңғырса, жастардың әдебиетке қызығушылығы артады. Олар тек жырды жаттап қоймай, оның тарихын зерттеуге ұмтылады. Осылайша әдебиетке, тарихқа, мәдениетке деген құрмет күшейеді.
Батырлар жырын дәріптеу – ұлттық қауіпсіздік жағдайымен де байланысты. Өйткені рухани әлсіз қоғам сыртқы ықпалға тез беріледі. Өз тарихын, батырларын, мәдениетін білмейтін ұрпақтың ұлттық иммунитеті әлсіз болады. Ал жырмен тәрбиеленген бала елдің өткенін мақтан тұтады. Ол өзінің кім екенін, қандай халықтың ұрпағы екенін жақсы түсінеді. Мұндай ұрпақ елдің ертеңіне жауапкершілікпен қарайды.
Қазақ қоғамында соңғы жылдары ұлттық киімге, дәстүрге, домбыраға қызығушылық артып келеді. Бұл – жақсы құбылыс. Енді осы үрдісті жыр мәдениетімен толықтыру қажет. Домбыраның үнімен айтылатын батырлар жыры жас ұрпақтың рухын көтереді. Мектептерде жыршылық үйірмелер ашылып, белгілі жыршылар арнайы дәрістер өткізсе, бұл үлкен нәтижеге жеткізер еді.
Тіпті осындай байқауларды теледидар арқылы кеңінен насихаттауға болады. Бүгінде ән байқаулары мен түрлі шоу бағдарламалар көп. Неліктен ұлттық жыр өнерін дәріптейтін үлкен телевизиялық жоба жасамасқа? Егер республика бойынша үздік жыршы оқушылар анықталып, халыққа таныстырылса, бұл балаларға да үлкен мотивация береді. Ең бастысы, ұлттық өнер заман талабына бейімделіп, жаңа форматта дамиды.
Әлем тәжірибесіне қарасақ, көптеген мемлекеттер өзінің эпостық мұрасын ерекше қорғайды. Мысалы, қырғыз халқы «Манас» жырын ұлттық рухтың символына айналдырған. Оны айту өнері халықаралық деңгейде насихатталады. Ал қазақтың батырлар жыры мазмұны мен көркемдігі жағынан еш кем емес. Сондықтан біз де өз мұрамызды жаңаша дәріптеуге тиіспіз.
Ұлттық рух ең алдымен тәрбие арқылы қалыптасады. Ал тәрбиенің ең қуатты құралы – әдебиет пен өнер. Батырлар жыры мен лиро-эпостық дастандарды мектеп оқушыларына жаттатып, кезең-кезеңімен байқау ұйымдастыру – жастарды өз тарихына жақындататын үлкен қадам болар еді. Осы бастама жастардың тілін дамытып қана қоймай, олардың бойында отансүйгіштік қасиетті күшейтеді. Жыр тыңдап, жыр жаттап өскен ұрпақтың рухы әлсіз болмайды.
Қазақтың кең даласында ғасырлар бойы жаңғырған жыр үні ешқашан өшпеуі керек. Себебі жыр – халықтың жаны. Ал жанын жоғалтпаған халық қашанда мәңгі жасайды.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz