Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 4305 19 пікір 13 Ақпан, 2023 сағат 12:03

Оспан батырды Сталин қалай қолдады?

«Қазақ үшін сайтанмен де сөйлесуге бармын!»

Оспан батыр.

Сыртта қалған исі қазақтың қалың бөлігін ел етем деп атқа қонған, сол жолда өзін  құрбан еткен қазақтың соңғы батыры Оспанның алаш баласы үшін орны ерекше. Бұл тарихты ұмытуға әсте болмайды.

Дақпырты алысқа кеткен, Оспан батыр жөнінде айтып та жазылып та келеді. Шығыс Түркістанда тәуелсіз ел құрсам деп айқасқа түскен батырға, кезінде Кеңес Одағының айтарлықтай көмектескені рас. Тіпті, Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің өкілдері: Л.П.Берия, С.Круглов, В.Абакумовтың жеткізуімен, Сталиннің өзі, Оспан батырдың көтерілісіне үлкен мән берген екен. Оған мына хаттар куә:

Сталин не үшін қолдау көрсетті?

«Хорлогийн Чойбалсан!

До меня дошли слухи, что на территорий Китая в Алтайских горах, поднялись востания казахов, под руководством Оспан батыра. Поручаю вам, уточнить все детали и доложить мне. Руководством Шан Кай Ши, армия Гоминдана говорят вытесняет это востание. Может стоит, помочь этому храбрецу, военной подмогой, либо оружием и советником. Жду ответа…»

Иосиф Сталин. Кремль.

Сондай-ақ, бірнеше айды өткізіп барып, екінші хатында былай депті:

«Хорлогийн Чойбалсан!

Вам нужно срочно съездить, на место востания и вместе с руководителем этого востания создать временное правительство, с последовательным образованием в Республику».

Иосиф Сталин. Кремль.

Сонау Алтай тауы мен Тарбағатай және Алакөл аралығында жатқан ұлан - ғайыр даланы мекен еткен қазақтардың өткені, бізге мақтаныш тұтарлықтай , әрі құрметтеуге тұратындай ұлы тарих. Сол далада тіршілік кешкен біздің ата-бабаларымыз тәуелсіз ел болуға қаншама рет талпынып, көтеріліске шыққан. Оңтүстік Шығыс Түркістандағы көтерілістерді есепке алмағанда, одан кейінгі ең ірі көтеріліс Оспан батыр көтерілісі деуге болады.

1940 жылы Алтайдың Көктоғай ауданында бұрқ еткен Есімхан, Ырысхан, Ақтеке үштігі бастаған ру ақсақалдарының Қытай үстемдігіне күресі кейіннен соның құрамында болған Оспан батырдың басшылығына ауысады.

Осы арада аздап шегініс жасап, мына бір құжатты деректі айта кетейік.

XX ғасырдың 30 жылдарының өне бойында И.В.Сталиннің қолтығына кіріп, кеңестік саясаттың қолжаулығына айналған Шыңжаң дубаны Шен Шицай 1942–43 жылдары ашық антикеңестік бағыт ұстап, император Чан Кайши билігін қолдай бастайды. Шен Шицайдың осындай саясатынан кейін, Кеңес Одағы бұған арнайы шешім қабылдауға мәжбір болады Л.П.Берия, С.Круглов, В.Абакумовтың Сталинге жолдаған баянхатында, осы шешімді орындау үшін Шыңжаң өлкесіне жасырын түрде арнайы адамдар жіберіліп, қытайларға қарсы көтеріліс ұйымдастыру жұмысының қарқынды жүріп жатқандығы айтылады.

Міне осы ұйымдастыру және үгіт-насихат жұмысының Алтай, Тарбағатай және Іле аймақтары қазақтарының көтеріліс жасауына (Оспан батыр көтерілісі) ықпал еткені рас (Монғол елі арқылы көтерілісті толықтай қару-жарақпен және оқ-дәрімен Кеңес Одағы қамтамасыз еткен). Бұл өлкелер қазақтың көнеден мекен еткен ата – қонысы, сонымен қатар, ешқандай ұйғырдың аумағына кірмейді.  Дегенмен осы арада айтарымыз, Қытай жағында қалған ел өз жерінде тұрып жатқанмен, алып елдің теперішін аса көп көрді. Бұл да көтерілістің айтарлықтай тез басталуына септігін тигізді. Сөйтіп, жергілікті мұсылман ұлттарының қатысуымен (қазақтар және өзгелер) 1944 жылдың 7 қарашасында Құлжа қаласында Шығыс Түркістан республикасы құрылды.

Жүрегі түкті батырдың қолбасшылығымен Гоминдан әскерімен қаншама рет қиян-кескі ұрыстар жүргізілді. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары басталған көтеріліс ел арасында кеңінен қолдау тапты. Оспан батыр егер бұдан бес-алты ғасыр бұрын дүниеге келгенде мүмкін аталары Шыңғыс және Әмір Темір деңгейлес ұлы қолбасшы болар ма еді?..

Император Шан Кай Ши бастаған Гоминдан үкіметімен өз уақытында келісімге келе алмай, екі арадағы араздығы өсе түскен Сталин,  Моңғол мемлекеті арқылы Оспан батыр бастаған көтеріліске дем беріп, соғысқа керекті көп мөлшердегі қару-жарақ жіберткен еді. Кезінде кеңестік шенеунік Пахомов бастаған қырықтай қызыл армия офицерлерін Оспанға жіберіп, алдағы уақытта  не істеу керегі жөнінде және майдандағы шайқасты оңтайлы ұйымдастыру бағытында ақыл-кеңестер беріп отырды. Осылайша ұзақ жылғы табан тірескен соғыстың нәтижесінде Оспан батырдың сарбаздары Алтай, Тарбағатай және Іле өзені бойындағы туған елін де, өскен жерін де уақытша болса да азат ете білді.

Шыңжаңның солтүстік қанаты саналатын үш аймақ Гоминдан езгісі мен өктемдігінен азат етіліп, өз бостандығын алды. Сөйтіп, 1944 жылы күзде Оспан батырдың жан аямаған қан төгіс майданы арқасында және үздіксіз күресінің нәтижесі бойынша Шығыс Түркістан республикасы (немесе уақытша өкіметі) дүниеге келді. Бұған әрине, сталиндік саясаттың үлкен көмегі де болған еді. Бірінші болып осы уақытша үкіметті таныған кеңестік жүйе мен Моңғол елі еді. Оның алғашқы төрағасы болып сол кезеңнің сауатты, көрнекті  азаматы, қазақ  Әлихан төре тағайындалды. Ал Оспан батыр Алтай аймақтық әкімшілігінің әкімі болса, орынбасарлығына Дәлелхан Сүгірбаев ие болды. Дегенмен, батырдың түбіне қызыл қытайлар жетті.

Гоминдан өкіметімен кескілескен соғыста, тобықтан қан кешіп жүріп, жеңіп алған және орасан зор күшпен орнатқан республикасын, өзі реттеп бергендей көрінетін моңғол Чойбалсан өкіметі мен орыстарға Оспан батырдың көңілі оншалықты тола қоймады. Нақты алға қойған тілегі орындалмай, орыстың айтқанымен жүруге көндіге алмаған батыр, ыстық пен суықта ондаған жылдар соғысып, талай мыңдаған сарбаздарын құрбан етсе де, ешкімге тәуелсіз ел болуға қол жеткізе алмағанын  анық түсінді. Міне, сондықтан да  ол күресуін тоқтатпады.

«Мен қар жамылып, мұз төсеніп, халқым үшін күрестім, енді оның қызығын дайын астың иелері көріп отыр. Билікті, ана Кеңес үкіметі дайындаған Дәлелханға бердім» – деген еді бір сөзінде.

Қалай айтқанда да, халықты көтеретін де, көндіре алатын да тек абырой, беделі алысқа кеткен Оспан батыр ғана еді.

Кезінде Гоминдан билігін өмірге әкелген Шан Кай Ши мен Шыңжаңды өктемдікпен әрі аса қаталдықпен басқарып отырған Шен Шицай , Қытайдың Мао бастаған қызыл коммунистерінен жеңіліс тапты. Бұл кезеңде Кеңес өкіметі Германия фашистерін күйретіп тынған болатын. Гоминданды қытай коммунистері жеңіп, билікті қолға алған соң, енді Сталинге Оспан батыр да және оның көтерілісінің арқасында құрылған  Шығыс Түркістан республикасы да керексіз болып қалды. Бір жағынан оның тәуелсіз болып тұрғаны – сол кездегі Кеңес Одағының құрамындағы  Орталық Азия республикалары үшін де қауіпті еді. Енді орыс жағынан да, қытай жағынан да Оспан батырды қудалау, жою, сонымен қатар, Шығыс Түркістан республикасын құлату керек болды. Сталин билігі ерікті Қытай коммунистеріне берді.

Әттең, батырға енді көмекке келетін ешкім болмады. Оспан бастап үш аймақ (Алтай, Тарбағатай, Іле) дүрлігіп жатқанымен, оны ешкім қолдамады. Майдандасқан қызу күрес елуінші жылға дейін жалғасты. Сол кездегі Шығыс Түркістан әскерінің бас қолбасшысы, генерал Ысқақбек бастаған топ, батырдың ауылына  барып, оған ақыл-кеңес беріп, оны райынан қайтармақшы  болды. Алайда,  батыр оған көнбеді. Иә, Оспан батырдың көнбеуінің жөні бар. Ол екі жаққа да тәуелді болғысы келмеді. Сонау 1939 жылдың аяғынан бастап шүршіт еліндегі қазақтардың тәуелсіздігі үшін жаппай үш аймақты көтеріп, қан майдан ашып, соғысып келген азаматқа Шығыс Түркістан аумағында сол кезеңдерде тең келетін батыр жоқ еді.

Осы баға жетпес ерлігіне  орай, Оспан батырды қазақтар ғана емес, шет елдіктер де жоғары бағалады. Дегенмен, өзінің жұртынан басқа, жан-жақтағы елдерден ешбір қолдаусыз қалған батыр 1951 жылы қытайлардың қолына түсіп, мерт болды. Оспан батыр көтерілісі, тарихта Гоминдандық отарлау, езіп-жаншуға және одан кейінгі қызыл коммунистерге қарсы ХХ ғасырдағы аса ірі кескілескен көтеріліс болды десек артық айтпағандық. Оспан батырдың қазақ елінің, әсіресе, қытай қазақтарының тарихында алатын орны ерекше.

Уақытында, қазіргі  Шыңжаңның  қазақтар мекендеген жарты өлкесін азат етіп, тәуелсіз ел құрам деген асыл арманы орындалмай кетті. Көп ұзамай, өзі атсалысқан және іргесін тұрғызған Уақытша өкімет те (республика) құрдымға құлады. Оны қызыл қытайлар құртып тынған еді. Әрине, қазір бәрі тарихқа айналды. Бірақ ел азаттығын ту етіп көтерген азаматтың ерлігі мен еңбегін кейінгі жас  ұрпақтары  еш уақытта ұмытпауымыз керек.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5508