Хэм ағай
Жеті роман жазып, төрт әйелмен бас құраған, үш соғысты көрген, екі рет қатерлі ұшақ апатынан аман қалған жазушы, жиһангез, әдеби ортада «Хэм» атанып кеткен Эрнест Хемингуэй отбасының ортаншысы еді. Оның әкесі Кларенс – шипагер, ал шешесі Грейс композитор болатын. Ол әкесінің өзіне тәуелді медициналық үйі, шешесінің арнаулы студиясы бар бақуатты отбасында ержетті. Музыканы жаны сүйетін анасы ауылдастарына тегін концерт қойып беріп жүретін. Ұлының ойын-сауыққа аса үйір еместігін байқаған әкесі оған аңға шығуды, балық аулауды, орман аралап, тау кезуді үйретеді. Оңтүстік Мичиганның байтақ даласын кезіп өскен болашақ жазушы табиғатпен етене еді. Шың-құздың биігі, өзен-судың гүрілі, құстардың әні құлағына сонау қаршадайынан таныс болды.
Жас Эрнест 1913-1917 жылдар аралығында «Оак Парк» орта мектебінде оқып жүргенде бокс, футбол үйірмесіне мүше болып, спортпен шұғылданды. Онымен қоса, журналистикадан сабақ алып, қолына түскен шығармаларды ықшамдап мектеп газетіне шығарып, алғашқы журналистикалық жұмысын бастады. Марк Твен, Стефн Грейн, Тедоре Дрейссерлер секілді ол да жазушылыққа журналистика арқылы келді. Орта мектепті бітірген соң, «Кансас қала жұлдызы» газетіне журналист болып жұмысқа орналасады. Тәжірибесіз, бірақ арманшыл Эрнест бұл жерде жарты-ақ жыл істейді. Міне, осы уақытта ол шығарма жазу туралы өз ұстанымын, ашығын айтқанда: «Қысқа сөйлемдерді қолдану, басқы параграфты жазуда көп сөзділіктен аулақ болу, сөзді саралап қолдану, күмәншіл емес, үміткер болу» дейтін өзіндік ерекшелікке ие ұстанымдарын алға қояды.
1918 жылы Эрнест Қызыл Крест қоғамына жұмысқа қабылданып, Италияда жедел жәрдем көлігін жүргізді. Арада екі ай өткенде, өрт апаты себебінен ауыр жарақат алады. Ендігі жерде ол тек алдыңғы шептегілерге шоколад пен темекі жеткізіп беруші болады. Тәні жарақаттанса да, Италия жауынгерлеріне қолдан келген көмегін береді. Осы бодауының өтеуіне кеудесіне Күміс орден тағылады. 1919 жылы қосымша емделу үшін үйіне қайтады. 20 жасқа әлі келе қоймаған, қанды майдан көрген Эрнест үйде бос отыруды қаламайды. Майданда жарақат алған сәтін, өзге мемлекетте жанымен арпалысқан шақтарын ата-анасына айтпады. Соғыстан қайтқан жас солдаттың ендігі тірлігі достарымен бірге Мичиганның жоғарғы түбегінде балық аулап, серуен құру болды. Осы серуендердің нәтижесінде ол тырнақалды туындысы «Екі үлкен жүрек өзені» атты шағын әңгімесін жазды. Көп өтпей «Торонто жұлдызы» газетінде тәжірибеден өтуші тілші болып істеп, ақпараттық туындылар жазуға ден қояды. Арманшыл Эрнестке болашақ жары Хадли Риптарсон Чикагода кездеседі. Көңіл қосқан екі ғашық 1921 жылы 3 қыркүйекте бас құрап, екі айдан кейін Парижге қоныс тебеді. Жер-жаһанның зиялылары мен «жеңіл жүрістілері» жиналған Париж шаһары «жазушы болсам» деген ізгі арманның жетегінде жүрген Хемингуэйге өзгеше әсер сыйлайды. Ол осы қалада америкалық жазушы, өнертанушы Гертрвд Стейн, ирландиялық жазушы Жемис Жойс, ақын Езра Бовнд және басқа да шығармашыл топпен танысып, байланыс орнатады. Бұл Гертрвд Стейннің дәурені жүріп тұрған шақ еді. Ол Франциядағы модернизмнің негізін салушы ретінде Хемингуэйдің ұстазы әрі ұлы Жекке өкіл шеше болды. Стейн онымен қоймай Эрнестті Монапарнасс ауданындағы шетелдік өнертанушылармен, жазушылармен таныстырады. Әрі ол топты «Жоғалған ұрпақ» деп атайды. Бұл термин кейін Хемингуэйдің «Тағы бір күн шығып келеді» атты шығармасы арқылы төрткіл дүниеге таралды. Стейннің ықпалымен ол жазушылардан сырт, Пабло Пикассо, Жон Миро, Грисс секілді даңқты суретшілермен танысып, жақын дос болады. Көп өтпей Езра Бовнд Хемингуэйдің талантына тәнті болып, оны Жеймс Жойспен кездестіреді. Әрі қарай жазушының Париждегі қызықты әрі мағыналы өмірі басталып кетті.
Жүрген-тұрғанын жұртқа жария еткісі келмейтін, өзі қаламайтын адамдарға бір минут та уақытын қимайтын ол бірде сәті түсіп, жазушы Лилиян Роспен кездескенде ағынан жарылып: «Парижге қайта-қайта оралғанды жақсы көремін. Ол жақта ешкімнің сұрағына жауап бермеймін. Әрі мен жөнінде ешкім ешнәрсе білмейді де. Баяғы бір кездердегідей, шашыңды бір рет те қидырмай, алқам-салқам жүре бересің. Ол қалада белгісіз бір кафелерге барып жүруді көңілім қалайды. Ондағы бар танысым – официант пен кезекші ғана. Әрқашан өзімнің тәуір көретін тамақтарым даяр тұратын, әрі жақсы, әрі арзан мейрамханалар тауып аламын. Қаланың о шеті мен бұ шетін жаяу аралап жүргенді жаным қалайды. Өйткені, оның ана бір жерінде басыңнан қателік өткен болса, мына бір шетінде басыңа небір жақсы ойлар оралады», – дейді. Қысқасы ол Парижді екінші үйі санаған.
Әдеби ортаны жақыннан көрген ол «Торонто жұлдызы» газетіне бір жарым жыл ішінде 88 мақала жариялайды. Келесі жылы әйелімен Торонтоға қайтып оралады. Дәл осы жылы тұңғышы Жон Хадли Никанор өмірге келді. Баланың қуанышымен баспадан шыққан «Үш әңгіме, он өлең» атты кітабының қуанышы қатар жетті. Бірақ Париждегі қайнаған әдеби орта, ондағы достары есінен кете қоймады және өзіне ұнамды журналистік жұмысты жалғастырғысы келген ол 1924 жылы отбасымен сүйікті Парижіне қайтып оралады. Париж сыйлаған мол шабытпен «Тағы бір күн шығып келеді» 18 аптада аяқтайды. Арада бірнеше жыл өткен соң, Австрияда қолжазбасын қайта қарап шығады. Дәл осы шақта жас отбасының өміріне Паулаин Фейфре есімді әйел араласып, Хемингуэйді «Скрибнер» баспагерлік компаниясымен келісімшартқа отыруға үгіттейді. Қолжазбасын өңдеп, Нью-Йоркке жіберген ол осы компанияға кітабын бастырады. «Тағы бір күн шығып келедінің» кітап болып шығу барысы Хемингуэйдің алғашқы жары Хадлимен некелік қатынасына салқынын тигізді. 1926 жылы қараша айында Хадли ажырасу талабын қояды. Олар мал-мүлікті тең бөліп, әрі Хемингуэйдің шешімі бойынша «Тағы бір күн шығып келедінің» романынан түскен пайда Хадлиге тиесілі болады. 1927 жылы олар біржола ажырасып, сол жылы мамыр айында Хемингуэй Паулайн Фейфремен бас құрайды.
1928 жылы жаңа жұп Кансас қаласына барғанда ұлы Патрик өмірге келеді. Дәл осы сәтте Хемингуэйдің екінші романы «Қош бол, майдан!» романы қағаз бетіне түсіп жатқан еді. Осы қыста Нью-Йорктен Флоридаға баратын пойызға мінгелі тұрған сәтінде, суыт келген жеделхаттан әкесінің өзіне қол салғанын естіп, қатты күйзеледі. Кенет алғашқы жары Хадлидің әкесі өзін мерт еткенде қандай көңіл-күйде болғанын түсінді әрі: «Мүмкін мен де солай өлетін шығармын», – дейді. Қайғы мен қасіреттің салмағы есеңгіреткен жазушыны осы күйінен құтқарған қолжазба күйінде тұрған «Қош бол, майдан!» туындысы еді. Францияға кетер алдында қолжазбасын қайта қарап, тамыз айында бітіреді. Егер есебінен жаңылмаса, ол бұл шығармасын тұп-тура 17 рет өңдеуден өткізіпті. Кітап сол жылдың 27 қыркүйегінде басылып шықты. Екі бірдей даңқты роман жазған автордың аты бұл сәтте жарты әлемге жетті деуге татырлық еді. Қаламын тежеуді мұрат етпеген ол 1929 жылы Испанияда «Түстен кейінгі өлім» шығармасына отырады. Өкінерлігі, көлік апаты иығын сындырып, ауыр жарақат қалпына келгенше арада бір жыл өте шығады да, бұл туынды жабулы күйі қала береді. Қамкөңіл Хемингуэйдің көңілін үшінші ұлы Григорийдің өмірге келуі бүтіндейді. Қуаныш пен жұбаныштың сәттерін оңтайлы пайдаланған ол бірталай уақыт ішімдікке салынады. Тіпті, «Слопи Жоесс» шарапханасының тұрақты қонағына айналады. Достарымен бірге балық аулаудың қызықтарын айтып, көңіл көтереді. Оның алдында енді Африка сапары тұр еді. Сонымен, жиһангез жазушы 1933 жылы Паулаинді ертіп, Шығыс Африкаға сапар шегеді. Он апталық қызықты сапар жазушыға «Африканың жасыл таулары» атты туындысын жазуға себепкер болады. Әрі құнды деректер табады. Автордың «Климанжаро – қарлы шың» қатарлы шығармаларының жобасы да осында туады. Алыс құрлықтағы саяхат барысында жазушы өзінің әуес ісі бойынша аңға шығады, тау-тасты кезеді, табиғат аясында енді жазамын деген шығармаларының сұлбасын ішкі ой әлемінен өткізеді. Нәтижесінде шығармасын сәтті аяқтап, 1935 жылы баспадан шығарады. Дала өміріне қызыққаны соншалық, ол өзіне қолайлы болу үшін «Пилар» есімді жеке қайық сатып алып, Карибин өңірін еш кедергісіз аралауға мүмкіндік табады.
Ол туралы естелік жазған достары мен көзкөргендер оның адамдардан гөрі аңдармен көбірек тіл табыса алатынын, «Бір кезде Монтанада тұрғанда бір аюы болғанын, аю онымен бірге жатып, бірге тұрып, тіпті, арақты да бірге ішіп, екеуі жақсы «дос» болғанын» айтады. Ұнататын істерінің бірі аңшылық болғаны да жұртқа аян. Қалай аң аулау туралы өз тактикасы да болған деседі. Ол айтады: «Арақ ішкеніммен шылым тартпаймын, шылым шегу адамның иіс-қоңысты сезу қабілетін нашарлатады, ал иісті жақсы сезу аңшыға ауадай қажет».
1937 жылғы Испан топырағындағы Азамат соғысы да Хемингуэйдің өмірінен тысқары емес. Бұдан бұрын да бір рет соғысқа қатысқан солдат даниялық режиссер Жорис Ивенспен бірге Испанияға барып тілшілік істеуге кіріседі. Ол арада Хемингуэй «Оңтүстік Америка» газетіне соғыс туралы материал жіберумен қатар, Ивенс түсірген «Испан топырағы» фильмінің сценарийін жазады. Хемингуэйдің өміріне тағы бір өзгеріс әкелген іс – Испан даласында үшінші әйелі, журналист, жазушы Марза Гелхорнмен кездесуі болды. Білімді әрі сымбатты Гелхорн Эрнесттің көңілінен бірден шығады.
1939 жылы тәуекелшіл Хемингуэй жеке қайығымен Кубаға жол тартады. Оның Кубаға сапары тым көңілді бола қойған жоқ. Әйелі Паулаинмен жиі жүз шайысып қалып жүрді. Марза Гелхорнмен кездесу – Хемингуэй үшін «екі кеменің құйрығын ұстағанмен» бірдей болды. Екінің бірін таңдауға душар болған ол ақыры жаңа ғашығы Марзамен бірге «Finca Vigia» атты хостелді жалға алады. Жаңа өмір бастағысы келген жазушыға кедергі болғысы келмеген, әрі жолдасынан көңілі суыған Паулайн балаларын ертіп, бөлек кетеді. 1940 жылы 30 қарашада Хемингуэй тағы да шаңырақ көтерді. Бұл оның үшінші некесі еді. Жаңа тұрмыс, жаңа жар жазушыға даңқты шығармасы «Сені жоқтап күңіренген қоңырау» атты шығармасын жазуға шабыт сыйлайды. Бұл шығармасын 1939 жылы наурыз айында бастап, 1940 жылы шілде айында соңғы нүктесін қойып үлгерді. Осыған дейінгі кітаптарымен оқырманын қуантқан, жан-жаққа танылып үлгерген Эрнест Хемингуэйдің бұл туындысы да қолжазба күйінде үйінде көп тұрмады. Сол жылы (1940 жылы) қазан айында баспадан шығып, оқырмандарға жетті. Бұл шығарманың Куба өңірінде де сатылымы жоғары болды. Бір айдың ішінде жарты миллионға жуық данасы сатылып кетті. Әрі «Пулитзер» сыйлығына ұсынылды. 1941 жылы Марза «Коллбер» журналының тілшісі ретінде Қытайға барады. Бұл сапарға Хемингуэй де бірге барып, «PM» гезетіне материалдар жіберіп тұрады. Бірақ бұл сапарға онша көңілі тола қойған жоқ. Тек міндет атқару үшін, әйеліне серік болу үшін барды деп есептеуге болады.
1944-1945 жылдар аралығында Хемингуэй Лондонға және Еуропадағы бірнеше мемлекетке сапарлады. Лондонға алғаш келгенде «Уақыт» газетінің шолушысы Мари Уелчпен танысады. Қысқа күнде қырық құбылған ол аяқ астынан жары Марзамен бірге Атлант мұхитына сапар шегуден бас тартады. Көп өтпей Марза Хемингуэйді көлік апатына ұшырап, ауруханаға түскен жерінен табады. Жазушымен бірге өмір сүру мүмкіндігі дүдәмәл екенін болжаған Марза онымен қоштасуға бекиді, әрі арақатынастарын үзу туралы ұсыныс айтады. Хемингуэй Марзаны Кубаға аттанар алдында соңғы рет көреді. Сол жылы көп өтпей олар ажырасып тынады. Шыққан сапары айтып тауысқысыз, көлік апатына сан рет ұшыраған, осыған дейін 3 әйелмен некелік қатынасын үзген ол Лондонда кездескен Мари Уелчті әйелдікке алады. 1947 жылы «Бронде жұлдызы» газетінен Екінші дүниежүзілік соғыстағы еңбегі үшін марапат алады.
Ол соғысты көзімен көріп, жүрегімен сезінгенінің нәтижесінде, алдыңғы шептегі күрескерлердің тағдыры, өлім мен өмір шайқасы, жеңіліс пен жеңіс сәті, командирлер мен офицерлердің жанкешті қимылдары туралы шығармаларында шынайы деректер келтіре алды. Екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы жылдарында отбасы бірқыдыру келеңсіздіктер мен тосын оқиғаларға тап болды. 1945 жылғы көлік апаты екі тізесін, маңдайын ауыр жаралады. Онымен қоса, әйелі Мари екі аяғын сындырып алады. 1947 жылғы тағы бір көлік апатында ұлы Патриктің басына зақым келеді. Онымен қоса, бірінен соң бірі бақилық болған достарының қазасы оны есеңгіретіп жібереді. Жақын араласқан жазушылардан 1939 жылы Уиллиям Бутлер Этс және Форд Мадокс, келесі жылы Скоф Фитизгералд, 1941 жылы Шервд Андерсон және Жеймс Жойс, 1946 жылы Гертрвд Стейн, одан арғы жылы жақын досы Макс Перкинстер қаза табады. Достарының азаюы, жоғары қан қысымы, салмақ жоғалту, диабет ауруы және ұзақ жылдық ішімдікке салынудың салдары оны ауыр күйзеліске ұшыратады. Қандай күй кешсе де, қаламын тастамаған ол 1946 жылы «Еденнің гүлзары» атты туындысының 800 бетін аяқтады. Соғыс аяқталған жылдары ол «Жер», «Теңіз», «Ауа» атты трилогиясының басын біріктіріп, «Теңіз кітабы» атты роман құрастырады. 1948 жылы Хемингуэй мен Мари Еуропаға саяхаттап, Венисте бірнеше ай тұрады. Осы сапар барысында Адрайна Иванч есімді 19 жастағы қызға ғашық болады. Жасы егделеп қалған жазушыға бұл тосын сезім қадірлі әрі қымбатты сезіледі. Осы сезімнің әсерінде «Өзеннен өтіп, орманға ену» атты романын жазуға рухани күш жинайды. Бұл шығарма жазушының өмірінен Кубадағы күндерінің куәсі ретінде орын алады. Бұл роман туралы көп өтпей сын-пікір жарияланады. Ашуға булыққан ол келесі жылы атақты «Шал мен теңіз» шығармасын тұп-тура 8 аптада жазып аяқтайды әрі «ғұмырымда көңілім толған шығармам» деп іштей марқаяды. «Шал мен теңіздің» өмірге келуі, жан-жаққа таралуы бұдан бұрын да даңқы едәуір жерге жеткен Хемингуэйдің атағын аспандатты. Әрі осы шығармасы үшін әуелі «Пулитзер» сыйлығын, 1954 жылы «Нобель» әдеби сыйлығын еншіледі. Бірақ Африкадағы кездейсоқ оқиғаның салдарынан жарақат алған ол Стокголмға бара алмай, баяндамасын Швед академиясына жолдайды.
1956-1957 жылдары ол жиі сырқаттанып, төсек тартып жатып қалып жүрді. Арақ денсаулығын ойрандағандықтан жоғары қан қысымы, бауыр ауруы, артерия секілді аурулар оны шыр айналдыра берді. 1960 жылдардың басында Хемингуэй әйелімен бірге Кубамен біржола қоштасады. Олар Нью-Йоркке табан тіреп, жайлы баспана сатып алады. Әлемді кезуді әдетіне айналдырған ол іле-шала Испанияға, «Өмір» журналының мұқабасына фотосурет түсіру үшін сапарға шығады. Ол осы сапар барысында қатты ауырып, ғұмырының соңғы сәті таяғанын сезінеді. Көп өтпей «Майда» ауруханасына жатады. Ауруханада жата беруді уақыт өлтіру деп білген ол 3 айдан кейін шығып, Кетчемге қайтып кетеді. Бір күні әйелі оның қаруын өзіне кезеп тұрғанын көзі шалып, бірнеше досын шақырып, «Санвали» шипаханасына жатып емделуге көндіреді. Бұл арада да көп аялдамай, 30 маусым күні үйіне қайтып оралады. Арада екі күн өткен соң, 1961 жылы 2 шілдеде ол өзінің жақсы көретін қаруымен өзін атып өлтірді.
«Оның ақырғы күндергі іс-әрекеттері әкесінің өмірден қайтар алдындағы іс-әрекеттерімен ұқсас болды», – дейді көзкөргендер. Онымен қоймай, қарындасы Урсула, бауыры Лейсест те өздеріне қол жұмсап бақилық болыпты.
Мұраты бөлек, стилі, көзқарасы өзгеше жазушы 62 жылдық аласапыран ғұмырында күллі әлем оқырманы үшін өлмес шығармалар қалдырып, Эрнест Хемингуэй есімін әдебиетсүйер жаһан жұртшылығының жүрегіне жазып кетті. Ол бір сөзінде: «Мен бұл атағыма 20-жылдары ие болдым. Қол жеткізген атағымды 30-40-жылдары қорғай алдым. Енді 50-жылдары да қорғай алуым керек» деп өзіне-өзі батыл серт берген. Ол дегеніне жете алды. Әрбір қаламгердің мұраты да, арманы да осы болса керек.
Дүйсенәлі Әлімақын
Abai.kz