Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 6506 0 пікір 29 Наурыз, 2013 сағат 09:15

ҚОҚЫСҚА КӨМІЛГЕН ҚАЗАҚ ДАЛАСЫ

Қалаларды қоқыстан тазарту хақында

Еліміздің оңтүстік өңірлерінде қыс өтіп, көктем келді. Шие ағаштары гүлдеп, жыл басы наурыз тойы да тойланды. Ауыл-аймақ аулаларын тазартып, бақшаларына ағаштар екті. Мереке алдында қалалар да қарбаласқа түсіп, әкім-қаралар сенбіліктер ұйымдастырып, біраз көшелерді күл-қоқыстардан тазартқандай болды. Алайда Алматының үлкен басшылар жүретін Фурманов, Абай, Абылайхан, Достық секілді ірі даңғылдары болмаса, орталықтан тысқары жатқан былайғы көшелер сол қалпында қалғанын жұрт көріп те жүр. Басқасын былай қойғанда «Ақсай-1» ықшам ауданының тазалығы көңіл көншітпейді. Жолдың екі жақ жиегіндегі арық іштері қоқысқа толы. Тұрғын үйлерге жақын жерлердегі көзден таса ой-шұқырлар түрлі көлемдегі құтылар, сүт өнімдерінің қатқыл қағаздан жасалған қораптары, шыны бөтелкелер, тәтті сусындар мен консерві қалбырлары, шылым қораптары мен тұқылдары және тағы басқаларға толып жатыр.

Қалаларды қоқыстан тазарту хақында

Еліміздің оңтүстік өңірлерінде қыс өтіп, көктем келді. Шие ағаштары гүлдеп, жыл басы наурыз тойы да тойланды. Ауыл-аймақ аулаларын тазартып, бақшаларына ағаштар екті. Мереке алдында қалалар да қарбаласқа түсіп, әкім-қаралар сенбіліктер ұйымдастырып, біраз көшелерді күл-қоқыстардан тазартқандай болды. Алайда Алматының үлкен басшылар жүретін Фурманов, Абай, Абылайхан, Достық секілді ірі даңғылдары болмаса, орталықтан тысқары жатқан былайғы көшелер сол қалпында қалғанын жұрт көріп те жүр. Басқасын былай қойғанда «Ақсай-1» ықшам ауданының тазалығы көңіл көншітпейді. Жолдың екі жақ жиегіндегі арық іштері қоқысқа толы. Тұрғын үйлерге жақын жерлердегі көзден таса ой-шұқырлар түрлі көлемдегі құтылар, сүт өнімдерінің қатқыл қағаздан жасалған қораптары, шыны бөтелкелер, тәтті сусындар мен консерві қалбырлары, шылым қораптары мен тұқылдары және тағы басқаларға толып жатыр.

Елбасы оңтүстік астанаға жылына кем дегенде екі-үш рет ат ізін салып тұрады. Келген сайын қаланың инфрақұрылымына, тазалығына көңіл аударуда. Алдыңғы жылы кезекті сапарында қаладан шығатын тұрмыстық қалдықтарды жою мен қайта өңдеудің сын көтермес жағдайын сынға алған. Елбасы: «Қоқыс қалдықтарын қайта өңдеу қаланың өзекті проблемасының бірі болып отыр. Әлемдегі жетекші елдердің тәжірибесі көрсеткендей, бұл проблеманы оңтайлы шешуге толық мүмкіндік бар. Мәселен, Швейцарияда әрбір тұрғын қоқысты сұрыптап төгуге міндетті: шыныны шыныға, металды металға, қағазды қағазға. Соның нәтижесінде, шыны сауыттардың 90 пайызы, қағаз өнімдерінің үштен бірі қайта өңдеуге пайдаланылады. Осыдан келіп, Швейцария мен Сингапур сияқты елдер әлемдегі экологиялық ең таза мемлекеттердің қатарында есептеледі. Ал, бізде Алматыдағы қоқыс өңдейтін жалғыз кешен бір жылдан бері жұмыс істемей тұр...», - деген еді. Содан бері де бұл көрініс аса өзгере қойған жоқ. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Алматы дүние жүзінің ең лас қаласы рейтингісінде 9-шы орында тұр екен. Иә, көңіл қуантпайтын жәй. Қазіргі қала көшелеріндегі қоқыс үйінділеріне қарап, бұл ақпаратты жоққа шығара алмайсың. Ал қоқыс өңдейтін жалғыз кәсіпорынның жұмыс істемей тұрғаны өкінішті, әрине.
2008 жылы 22 желтоқсанда «Алматы қаласындағы өндірістік және тұтынған қалдықтарды есепке алу, өңдеу және залалсыздандыру Ережесі» қабылданған еді. Қала 71 учаскеге бөлінген және 1056 қоқыс салынатын контейнерлік алаң бар. Соларда жиналған тұрмыстық қалдықтар сұрыпталып, Алматыдан 34 шақырым жердегі «Плазма энержи» ЖШС-ға қарасты полигонға тасымалданады. Бұл полигон осыдан 25 жыл бұрын салынған болатын. Бүгінде оның қалдық қоқыстарды көму әдістері мүлдем сын көтермейді. Мұнда күні бүгінге дейін 4 миллион тоннадан астам қоқыс жиналған. Бұдан артықты қабылдауға полигонның еш мүмкіндігі жоқ. Ондағы қоқыстар ауаға метан газын бөліп жатқаны ешкімге де жұмбақ емес. Жел батыстан соқса, сол газдың исі екі миллионға жуық халқы бар Алматыға жетеді. Экология мамандары бұл зиянды қоқыстың бетін топырақпен жауып тастайтын уақыт әлдеқашан жеткенін қала мен облыс басшыларына қайта-қайта ескертумен келеді. Алайда нәтиже жоқ.
Қытай Халық Республикасының астанасы Пекинде көшеде түкіру, ұсақ-түйек қоқыс және ит сарығына үшін қомақты айыппұл төлеуді жолға қойған. Тіптен Қытай үкіметі жүргінші адамдардың көзінше көшеге түкіру жұртшылықты құрметтемеу деп санайды. Ал Сингапурде сағыз шайнап, оны бір-біріне таратудың өзі есірткі сатумен бірдей қылмыс екен. Сол үшін кінәлі жан бюджетке 1000 АҚШ доллары көлемінде айыппұл төлейді. Тұрғындар тастай салған қоқыс үшін 500-ден 1000 АҚШ доллары, ал табиғат аясында жүріп тамақтанғандарға 1000 АҚШ доллары, жеделсатыда шылым шеккендерге 1000 АҚШ доллар айыппұл салынады.
Италияның астанасы Римдегі сәулет және өнер ескерткіштерінің маңына келіп демалушылар жыл сайын 15 мың шайналған сағыз тастайды екен. Үкімет соларды тазалауға бюджеттен жыл сайын 5,5 млн. еуро жұмсап келген көрінеді. Сондықтан да Рим қаласының әкімшілігі сағыз шайнаушылармен мәдениетті күрес жолын ұйымдастырған. Олар жұрттың көп жиналатын мәдени демалыс орындары жанына арнайы сағыз салатын жәшіктер қойған. Егер сағыз шайнаушылар сағыздарын сол жәшікке салмаса 50 еуро көлемінде айыппұл төлейтіндіктері туралы ескертуі де бар. Ал оңтүстік шығыстағы Малайзияда көше жүргіншілері асфальтқа тастаған сағыздары үшін 1 ай қоғамдық жұмыс істеп және 500 АҚШ доллары көлемінде айыппұл төлеуіне тура келеді. Еуропаның бірқатар елдері де осындай заңдарды қолдануда. Атап айтар болсақ, Ұлыбритания өткен жылдар бедерінде көшелерді шайналған сағыздан тазарту үшін 1 млрд. АҚШ долларын жұмсаған. Бұл елдегі сатылатын барлық сағыз құнынан екі есе көп шығын.
Көршіміз Ресей жыл сайын 40 миллион тонна тұрмыстық қалдықтарды қалаларының сыртына шығаруда. Соларды тасымалдауға 2,5 миллион АҚШ долларын жұмсауда. Ондағы қалдықты қайта өңдейтін кәсіпорындар соның шамалы бөлігін ғана кәдеге асыруда. Алкогольді ішімдіктен алдарына жан салмайтын орыс ағайындар қоқыстарын кез келген жерге тастай салатын ежелгі әдеттен әлі де арыла қоймаған. Оларды жөнге салуға биліктің шамасы келмей отыр. Бұл мәселенің бізде де оңып тұрғаны шамалы. Жығылып жатып, сүрінгенге күлер жайымыз жоқ. Алайда ресейліктер қалдықтарды технологиялық өңдеуді қолға алып, бизнеске айналдыруда. Қазір Мәскеуге бара қалсаңыз тұрмыстық қалдықтарды жинау түрлі мекемелер арасында бәсекеге түскенін байқайсыз. Қала аудандарының басшылары сырттағы полигонға жеткізген қоқыстың әр кубметрі үшін оларға 3 мың рубль төлейді. Ал Мәскеудегі ондай полигондар саны 50-ден аспаса кем емес. Дегенмен, қоқыс тастаушылармен бізде де айтарлықтай күрес жүргізілуде. Соңғы үш-төрт жылдан бері әрбір қоғамдық тәртіпті бұзушы еңбегімен өтем немесе ақшалай айыппұл төлеуге міндетті. Өткен жылдың сәуір айының өзінде Астанадағы Сарыарқа ауданының инспекторлары көліктерін арнайы орындарда жумағандары үшін автокөлік иелеріне жалпы сомасы 398,6 мың теңге көлемінде айыппұл салған. Ал компаниялардың құрылыс қоқыстарын көзден тасалау жерлерге төккендері үшін 280,1 мың теңге, жол бойына төккендерге 262,2 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Тазалық - денсаулық кепілі. Күн қызуы артқан сайын шыбын-шіркейлер мен маса-соналар шығып, көшедегі сасып, борсыған тамақ қалдықтарына, қоқыстарға үймелейді. Содан үйді-үйге ұшып кіріп, дастарқандағы ас мәзірлеріне қонады. Адамдарға кейбір ауру түрлері солардан тарайтынын дәрігерлер ақпарат құралдары арқылы айтып та, жазып та жүр. Иә, санитарлық тазалық болмаған жерде дерттің асқынатыны бесенеден белгілі жәй. Соны біле тұра қала тұрғындары қоқыстарды көшелерге қалай болса солай тастай салатынын қайтерсің. Бұл әлі де болса сана төмендігін көрсететін жай
Қаланы қоқыстан тазартуда ақтөбеліктерді өзгелерге үлгі тұтуға болады. Онда «Жасыл ел» жастар отряды құрылған. Олардың «Ауылдың өркендеуі - Қазақстанның өркендеуі» атты марафон-эстафетасы былтыр 700 мыңнан астам жас қазақстандықтарды біріктірді. Олар еліміз бойынша 640 мың көшет отырғызып, 700- ден астам өзен-көл мен бастау-бұлақты қоқыстардан тазартты. Барлығы 450 мың тонна қоқыс арнаулы орынға жиналды. Ақтөбеліктердің осы бастамасы жыл бойына жастардың қолдауын тауып жатса, қанеки?!

Көлбай Адырбекұлы

"Түркістан" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036