Дүйсенбі, 4 Қараша 2024
Алашорда 4975 1 пікір 23 Ақпан, 2023 сағат 13:12

Әбдікәрім болыстың мұрасы табылды

Былтырдан бері Шорман Қабдырахыманұлы атты ақсақалмен дос болып кеттім. Жасы сексенге келіп қалса да, Шорман ақсақал еліміздің ащы-тұщы тарихына тіке байланысты біраз деректерді жинақтап кітап етіп баспадан шығарды.

Құймақұлақ қарияның көз майын тауысып отырып жазған тұңғыш кітабы өткен жылы «Бодандық» деген атпен Алматыдағы «Bilge» баспасынан шыққан еді. Кітаптың тұсаукесерінде қалам иесі қатты әсерленіп: «Айналайын, шырағым, өмір бойы көтеріп келген жүгім осы еді. Осы кітапты шығарып кетсем арманым жоқ деуші едім. Бүгін кітабым шықты. Дәл қазір өліп кетсем де арманым жоқ», – деген болатын. «Ой, ақсақал, сексенге келіп тұңғыш кітабыңыз енді шығып жатыр. Біздің қазаққа әлі береріңіз көп. жаман шалдар сияқты ана жаққа асықпай, әлі талай дүние айтыңыз, жазыңыз. Тәуелсіз елдің тарихы тәуелсіз оймен қайта жазылып жатыр. Әрине, сіз секілді тірі тарих куәгерлеріне сүйенеміз», – деп жұбатып, қайсар ағамыздың қолынан қаламын тастамауын өтінген едім. Сол бір үмітті сөз, шынайы тілегімнің жемісін бүгін көргендеймін. Шорман ағамыз жақында маған аса құнды бір мұраның қолжазбасын ұсынды.

Енді біз өткен ғасырдағы қылышынан қан тамған Қызыл үкіметтің кезінде алағай да бұлағай дәурен кешкен қазақтың көшбасшыларының бірі – Әбдікәрім болыс Ережепұлының Шорман Қабдырахыманұлы естелікке алған мұрасы туралы айтып, Алаш баласынан шүйінші сұрағалы отырмыз.

Шорман Қабдырахыманұлының өткен жылы баспадан шыққан «Бодандық» атты кітабында өткен ғасыр басында енді орнай бастаған Кеңес үкіметі кезінде қазақтың көшбасшы тұлғаларының, бай-бағландарының, текті ақсүйектерінің басына қара бұлт үйрілгенде Арғы бет Алтайға (ҚХР, Шынжаң) ауған тарихы тірі деректер негізінде баяндалған еді. Әсіресе автордың әкесі Қабдырахыманның қазіргі Катонқарағайдан Қытай жеріне қашып өту барысы, Арғы бетке жеткеннен кейін өзінен бірнеше жыл бұрын барып орналасқан Әбдікәрім болыс ауылына аман жетуі баяндалған. Ауып барған елдің жол бойы көрген қырғыншылығы, бара қалғанда Қытайдың қызыл үкіметінің салған бұғауы, мың құбылған саяси жүйенің ықпалында басын тауға да, тасқа да ұрған Арғы бет қазақтарының күні кешегі Қазақ елі тәуелсіздік жариялаған тоқсаныншы жылдарға дейінгі мың бұралаң тарихы сөз болған.

Егемендік пен есе теңдік жоқ кездегі қазақтың аянышты тағдырын жазып тәуелсіз елдің ұрпақтарына ұсынған ақсақалдың білері әлі де көп екенін байқап едік. Байқасымыз ағат кетпеді. Ақсақал биыл тағы бір кітабын баспаға ұсынып отыр. Сол кітаптың қолжазбасында, заманында қазақтың егемендігі үшін от кешкен Алаш арыстарының бірі Әбдікәрім болыстың өлеңдері бар екен. Алаш мұраларын шамаша зерттеп жүрген азамат ретінде, Ережепұлы Әбдікәрім болыстың өлеңдерін көргенде көзім жарқ ете түсті.

Автордың қолжазбасында Әбдікәрім Ережепұлының «Тарбағатай, Шабанбай» атты туған жерге деген сағыныш өлеңі, Әріпжан ақын мен Әбдікәрім болыстың өлең қағысы бар. Бәрінен де маңыздысы, ғұлама қайраткер Әбдікәрім Ережепұлының «Бозша торғай» атты ұзағырақ мысал өлеңі осы қолжазба арқылы тұңғыш рет баспаға жол тартқалы отыр. 300 тармаққа жуық бұл мысалды біз көненің көзіндей жәдігер, Алаш орда мұраларының бірі деп бағалауға әбден болады деп айта аламыз.

Әбдікәрім болыстың бұл үш мұрасы қадірін білген кісіге қазақтың ортақ құнды қазынасы дер едік. «Тарбағатай Шабанбай» атты өлеңде:

Қош аман тұр, аман тұр,
Ноқталап бізді заман тұр.
Шешінші ноқта кетерміз,
Адаспай елге жетерміз.
Қойныңа жылы кірерміз,
Қадіріңді білерміз.

***

Бұрама темір солқылдақ,
Бір жазылар темір тор.
Көруге Тәңір жазбаса,
Көңілде кетер арман сол, – деп оқыған жанның жүрегін ұлы сағыныш дірілімен тербесе, «Әріпжан ақынмен сөз қағысында»:

Ұйытып, айтқаны екі болмайтұғын,
Асылзат абзал туған бегің қайда?
Ойлайтын елдің қамын ерің қайда?
Сүйенер қысылғанда белің қайда?
Сөйлейтін топтан озған шешен қайда?
Адаспай ел бастаған көсем қайда?
Қазағым қазақшылық қалпыңменен.
Қара жол даңғыраған көшең қайда?
Жүр едім білгіштерден сұрайын деп,
Айтып бер осылардың бәрі қайда»? – деп қара көзге жас іркеді.

Көлемдірек қиссасы «Бозша торғайда», басқаның сөзіне балаша сене салатын қазақ жұртының аңғалдығын мысалдап, өз заманының көшінен қалмауға шақырып, күрсіне үн қатады. Әблікәрім болыстың қолымызға түскен қай-қай шығармасы да мазмұн жағынан, көркемдік жағына аса құнды әдеби мұра болып отыр. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы да «Қырық мысал» арқылы, ұйқыдағы қазақты «Маса» болып оятса, ал сол тұстағы Алаш орда төңірегіндегі өзге де қаламгерлердің мысал жанрын аттап өткені сирек. Ахаңмен үндес, Әлиханмен тілдес, Тұрағұл Абайұлымен пікірлес, Сұлтанмахмұтпен сырлас болған Әбдікәрім болыс жөнінде мәлімет бере кетелік:

Ережепұлы Әбдікәрім (1862-1935). Ағартушы, қазақ ұлттық қозғалысының идеологы, қоғам және саяси қайраткер.

Орта Жүздің Найман тайпасы, Қаратай руынан шыққан. Ә. Ережепұлы жергілікті медреседен сауатын ашқан. Әкесі Ержеп қажының тұтқындалуына байланысты Санкт-Петербург орман шаруашылығы институтында бірінші курсты аяқтаған соң, оқуын тоқтатуға мәжбүр болады. Ол Семей облысы, Өскемен уезі, Шыңғыстай болысының басқарушысы болып сайланып, оны 1918 жылға дейін басқарады; 1-Мемлекеттік Дума депутаты болған. Алтайдағы тұңғыш Шыңғыстай екі сыныптық орыс-қазақ мектебінің негізін қалайды. Оның шақыруымен мектепте ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров сабақ берген.

Ә. Ережепұлы - «Әйелге кеңшілік беру һәм жесір дауын жоғалту» құжатының авторы. Ерте жастан атастыруға тыйым салу, яғни ержеткен ұл мен қыз бірін-бірі көріп, мән-жайларын аңғарысып, ризалық білдірместен бұрын екі жақтың әкелері құдалыққа сөйлеспейді деген ұстанымды дәлелдеп шығады. Әлихан Бөкейханов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Тұрағұл Абайұлы, Мұстафа Шоқай секілді сол дәуірдегі қазақ халқының озық ойлы зиялыларына жақын болып, олардың шығармашылығымен етене танысады. Алаш партиясы бағдарламасын жасауға қатысқан.

1927 жылы тұтқындалып, алайда қашып құтылады. Ұлдары және туыстарымен  Өр Алтайға (Қытай) асады.

Әбдікәрім болысты 1935 жылы күзде Сарсүмбеде Кеңес үкіметінің консулы у беріп өлтіреді. «Дүние дегенің  есік пен төрдей-ақ жер екен ғой». Бұл Әбдікәрім болыс Ережепұлы  қастандықпен берілген удан көзі жұмылып бара жатқанда айтқан соңғы сөзі.

Біртуар тұлға Ә. Ержепұлы туралы қазақтың белді қаламгерлері мен зерттеушілері біршама еңбектерінде жазған. Алайда, қайраткер қалам иесінің мұралары оқырманға толық жеткен жоқ. Ш.Қабдырахманұлы ақсақалдың үлкендерден жазып алған естеліктері арқылы Әбдікәрім болыстың бірқанша өлеңдері осы кітап арқылы тұңғыш рет оқырман қауымға ұсынылып отыр.

Шорман Қабдырахыманұлы

Бағалы мұраны баспаға ұсынушы Шорман ақсақал Әбдікәрім болыстың бұл өлеңдерін өзінің әкесі Қабдырахыман Латыпұлы мен әкесінің інісі Қожақанның жатқа айтуы бойынша өзі де жастайынан неше рет көшіріп, көшіре жүріп жаттап алған. Ең толық деген қолжазбаны халық қазынасына сыйлауда.

Бұл жерде ағайынды Қабдырахыман мен Қожақанның Әбдікәрім болыстың мұрасын көкірегінде бұлжытпай сақтап, баласы Шорманның көкейіне сіңіріп көшіртіп жазуы, сексенге келген шағында тәуелсіз елге келген Шорман ақсақалдың бұл мұраның сырын өшірмей, сынын кетірмей ұрпаққа жеткізуі кім кісіні де әсерге бөлеп, ойландырмай қалмасы анық.

Әбдікәрімнің әкесі Ержеп қажы да өз тұсында елінің арқа сүйейтін көшбасышысы болған, ықпалды тұлға. Әкелі-балалы екі егейдің хакім Абай әулетімен жақын байланысы туралы келер мақаламызда баян ететін боламыз. Ал, «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болған» атақты Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ең шабытты шақтары Ережеп ауылында өтіп, ең жалынды жырлары да Шыңғыстайда жазылғаны белгілі.

Міне, осылайша данакөкірек қарттардың тектілігінің арқасында жүз жылдық аласапыраннан аман өткен Әбдікәрім болыстың жәдігер жырлары оқырманына ғасырдан қайта бір рет жол тарту алдында тұр.

Әділет Ахметұлы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 880
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 1120
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 1071