Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3932 0 пікір 2 Сәуір, 2013 сағат 03:53

Жанат Ахмади. Дүрбелең (жалғасы)

Тоғызыншы тарау

1

Шерудің Мамозы үйінен аттанып шыққан тобы Күреге кештете жеткен. Және бүкіл Күре дуаны көлеміндегі бай қытайлар мен дүңген, сібе, солаң, дағыр қыстақтары: Тақыр-Мақұр, Ишы-ғашаң, Шыңша-хозы, Лаусагүң-Сексенбұт, Қараатты-мазар, Уәйіс-мазар, Көкаала-Сандахозы тәрізді жерлерге қашқын іздеуші топ-топ жігіт лектері жіберілді. Молтан інісі - Сағатбек, Қыдырбек інісі - Нүсіпбек, Тайлақбайдың баласы - Малшы және Арыппайлар сол нөкерлерді жүргізуші Шеру қолбасылары.

Сол күні Күреге қонған үлкендер «сейпіл» аталатын қорған, қамалдың қақпасы «Ұлы Есік» күзетінен мөр-таңбалы арыз қағаздарымен ішке өтіп, уездік үкіметтің алдына таман жақындай берді. Ұзыннан-ұзақ салынған биік тас үй төбесінің алдыңғы бұрышына қоладан орнатылған екі басты айдаһар бейнесі бар. Екі басы екі жағына қарап, тілін шығарып, үңіліп тұрған құлық-намасы бейбіт рай көздемейді. Шыңжаң үкіметінің және осы 1944 жылға дейін бүкіл қытайды билеп келе жатқан гоминдаң патшасы Жаң қай шының шен белгісі сол. Аттарын заң бойынша бес жүз метр жердегі «Ұлы Есік» күзетінің сыртына қалдырып жаяу шұбырған көп Шеру енді үйез үйі алдындағы күзет жайға таман беттеп келеді. Жас-кәрі қас-қабақ өзгерген, сергек кескінде.

Тоғызыншы тарау

1

Шерудің Мамозы үйінен аттанып шыққан тобы Күреге кештете жеткен. Және бүкіл Күре дуаны көлеміндегі бай қытайлар мен дүңген, сібе, солаң, дағыр қыстақтары: Тақыр-Мақұр, Ишы-ғашаң, Шыңша-хозы, Лаусагүң-Сексенбұт, Қараатты-мазар, Уәйіс-мазар, Көкаала-Сандахозы тәрізді жерлерге қашқын іздеуші топ-топ жігіт лектері жіберілді. Молтан інісі - Сағатбек, Қыдырбек інісі - Нүсіпбек, Тайлақбайдың баласы - Малшы және Арыппайлар сол нөкерлерді жүргізуші Шеру қолбасылары.

Сол күні Күреге қонған үлкендер «сейпіл» аталатын қорған, қамалдың қақпасы «Ұлы Есік» күзетінен мөр-таңбалы арыз қағаздарымен ішке өтіп, уездік үкіметтің алдына таман жақындай берді. Ұзыннан-ұзақ салынған биік тас үй төбесінің алдыңғы бұрышына қоладан орнатылған екі басты айдаһар бейнесі бар. Екі басы екі жағына қарап, тілін шығарып, үңіліп тұрған құлық-намасы бейбіт рай көздемейді. Шыңжаң үкіметінің және осы 1944 жылға дейін бүкіл қытайды билеп келе жатқан гоминдаң патшасы Жаң қай шының шен белгісі сол. Аттарын заң бойынша бес жүз метр жердегі «Ұлы Есік» күзетінің сыртына қалдырып жаяу шұбырған көп Шеру енді үйез үйі алдындағы күзет жайға таман беттеп келеді. Жас-кәрі қас-қабақ өзгерген, сергек кескінде.

Шығыс жақтан кіретін жалғыз есіктің көзінде көлеңкелі далдада қалт етпей біріне-бірі беттесе қарап, қалшиып тұрған екі қытай шерік қарауыл бар. Қысқа, сарауыз «жапондық» мылтықтың ұшына екі жүзді, сала-құлаш, жалпақ көк сүңгі найза бекітілген. Бір-біріне қарама қарсы тырс етпей, міз бақпай тұрған суық қалыптарында шеріктер сол найзалы мылтық ұштарын бір-бірімен серттестіріп, айқастыра ұстасқан. Ұшым аз жоғары ала ұстаған қанжарлар айқасып жатқан жыландай жолды бекіткен.

Сол көк сүңгі жүзін жаңа ғана жалап, серттен өтіп келіп, енді ант үстінде тұрғандай, қылп етпей, мелшиіп, сұрқылданып қалған. Осындағы бар «тәрбиені» ең алдымен тас қаңтарылып, осылар танытқандай. Сыртынан қарасаң түнек... Шеру кісілері күзетке тәртіп бойынша жиырма қадамдай жақындамай тоқтады. Сол сәтте алға қарай: Тайлақбай, Керімбек, Абдолла, Қыдырбек, Қарымсақтар бөлініп шыға берген. Бесеуі қарауылға қарай түрілген қабақпен үнсіз тақап келеді. Шеріктер сол қалпы, тырс етпей тұр.

Содан қазақтар қол ұсыным жерге жеткенде барып ауыр, болат найзалары сақырлай қозғалып, бір-бірлеп бұлардың қойны-қонышын, қалталарын адақтап, сыңар қолдарымен сыртынан басып тінтіп шықты. Қыдырбектің қалтасынан бәкісін тауып, көзіне сұрқылданып қарап қойды. Қолдарындағы қызыл ала таңбалы арыз қағазға екеуі екі жақтан көз тастап, ішке қарай сонан соң өткізе беріп, сақыр-сұқыр қақтығысқан қанжарлары қайтадан айқасып, сырт жақтарынан бекітіп қалды.

Ішкі жақта бір бөлмеден кейін бір бөлмеге өткізіп, тек басқыштап жалғастырып отыратын әр бөлменің ауызғы есік, төргі есіктері бар. Қазақ үшін соның өзі құрсау еді. Әуелгі бөлімде есеп шоттарын қарбалас қағып, ешнәрсеге мұршалары келмей отырған - Куәй жи (бухгалтерия) қызметкерлері. Жоғарыдан тексеру келетіні білінгендей, мұрындарына су жетпей жабдынып жатқан үш-төрт қытай адамы еді. Жылт еткен жайдарылық нышаны болмағандықтан, қарбаласып асығыс істеген қызымет адамдарының түсі сұсты.

Екі жаққа қақ жарылып жайғасқан бухгалтерлердің ортасындағы ашықпен жүріп өткен Керімбектер бұның төріндегі қос қақпақты жалтыраған көк есіктен екінші бөлмеге кірді. Бұл алым-салық жөніндегі уездік үкіметтің ең бір белді, беделді тұтқасы - «бәжіхана» болатын. Өзі мұнда кеп қысылғанымен дербес мекеме. Салғырт отырған бірі жоқ, жұмысқа бұлар да қызыл танау бола кірісіп, кішкене «сән-бән» шоттарын мұндағылар да сытыр-сытыр козғасуда. Керімбектер бұлармен бас изесіп, амандасып өтті. Бұл бөлменің қыр қазағына таныстығы өзгеден артықтау. Мамозы бұрынғы Қорғас, Сүйдін екі үйездік алым-салық мекемесі келіп тоғысқан осы үлкен орынның дуандық өкілі, бас бәжігері. Мұнда отырғандар ара-тұра бой жазып елге шығып қайтып тұрады. Бәжі жөнін сылтауратып жайлаушыл болып алғандар...

Үйездік үкімет тілмәші осында отыратын. Ол Керімбектерді ай күнімен, аты-жөнімен бұрынғыша мұқият тіркеп жазып қойды да, өзі ілесіп бірге жүрді. Енді мұнан кейінгі ұзынша бөлмеде кеңесші, бұйрықшы, нұсқаушылардың үнсіз зілді, айрықша тобы отыр еді. Түстері сызды, томсарыңқы, кейбірі жендеткөз келген, мығым төрт-бес әскери адам. Бәрі де үлкен дәрежелі, шенді сары ала офицер, төрелер.

Керімбектер бұларға жай ғана:

- Хау ма? Хау ма?* - деп ақырын амандасып жай сусып келесі бөлмеге өтіп келді. Мұнда бас орынбасардың бір өзіне, үлкен әкімге арналған тағы бір сәнді бөлме бар-ды. Еденге жаппай, шимаңдай қызыл кілем төселген, үлкен терезелер көгілдір жібек перделі, дүмбіреген кең, жарық бөлме. Уездің екінші басшысы Жаң-тұң айбыны Ма шяньгоннен кем емес, өзі асқан аяр, ақыл тапқыштығымен уез бастығына жаққан адам.

Төр жақ иықта подполковник дәрежесіндегі, тұтас біткен, шой маңдай, жалпақ қара қасты, шонжар қытай отыр. Әскери гимнастеркалы қалпында оң жақ жамбасында жалтыраған қоңыр қапты тапаншасы. Ол Керімбектерге:

- Зоха, Зоха** - деп бұйырыңқырап, қолы сыртымен орын нұсқады. Бірақ Керімбек отырып қалған жоқ.

- Ішке кіретін, Ма шяньгон жанабына айтылатын арызымыз бар еді.

- Ол қандай арыз?...- орынбасар әлде не үшін, әнтек секем алғандай іркіле берді де, Керімбектің жауабын тоспастан:

- Шуйма! Шуйма!*** - деп өз тілімен «бар, бар!» дегенінде Ма шяньгонның есігін иегімен қатал нұсқап айтты. Биік, мол денелі Керімбек қасындағы тағы өзіндей ірі Абдолла, Қыдырбектерді бастап тұсынан өтіп бара жатқанда, Жаң-тұң көзімен ғана жалт етіп олардың ту сыртынан қарады... Иә, оның бұл көзқарасын Керімбек те арқасымен сезіп бара жатқан-ды. Сонада, күзгі үлкен дау кезінде және көктемде Ма шяньгон мен оның кеңесшілері бірігіп Керімбек ісі жайлы, Шеруді ыдыратып, басқа ел ішіне бөліп жіберу туралы әр түрлі тартыс туған сын кезеңде шешуші пікір айтқан бас ақылшы осы. «Шеруді бөлу» деген зымиян есеп бұл болмаса, алғашында Ма шяньгонның өз ойына да кірген шара, емес-ті.

 

* Хау ма?  - Жақсы ма? - деп амандасу.

** Зоха - отыр.

*** Шуйма - бар, бар.

 

Ма шяньгон төрдің дәл төбесіндегі үстелінде жан-жағы толып будыраған бір көп қағаздарды өзімен-өзі ғана болып аударыстырып, оңашалықта қауырт үңіле ақтарып отырған екен. Есік тырсылдатып қағылмай кенет ашылғанда үстелден басын жұла көтеріп алды. Керімбек бастап кіріп келе жатқан іркес-тіркес қазақтарды көргенде, оқыс таңданып қалып, шаншыла қарап еді. Керімбек, Абдоллалар:

- Хау ма! Жақсы ма! Құрметті басшымыз? - деп, анадай жетпей, тоқтап амандасты. Барлығы ақ қалпақтарын қолға ұстасқан. Сұр тұмағын Қарымсақ та қолтығына қысып тұр.

Ма шяньгон бұларға «отыр-отыр» дегендей болып, қолы ұшын сыртына, оң бүйір жаққа сілтемелеп орын нұсқады.

Тұйық жүзбен бас қосып келген Шеру кісілері сәл ұйлығысқандай боп орын алды. Тайлақбай да өз елі жоқ, есесіз... Парасат, инабат атаулы бұнда жүрмейді. Ма шяньгон бұлардың жүрістерінен ешнәрсе естімеген сыңаймен:

- Не, не жұмыс?.. - деп, Керімбекке сызды жүзбен иек қаға қарады. Керімбек жауап орнына тез қимылмен түрегеп, төс қалтасынан төрт бүктеулі қағаз шығара келіп қаһарлы төреге ұсынды. Ма шяньгон «бұл неғылған қағаз» дегендей, қолына керенау ұстады. Қызыл ала саусақ басылған, көп мөр, таңбалы арап жазуын көз қиығымен шапшаң бір шалып өтіп, тілмәшқа қарай сермеді. Заң бойынша түрегеп тұратын қағылез тілмәш лып етіп алған қағазын әуелі дыбыссыз жүгірте бір оқып шыққаннан кейін, әр сөйлемін сөйлемдей аудара бастады. Сөйлегенде екі қасқа тісі сойдия көрініп тұратын орсақ тісті, ұзын, аққұба дүңген жігіттің кірпігін қаға түсіп жүгіртетін жылдам көзі арызда айтылып жатқан әрбір сөзді қылп еткізбей аңди басып, шауқылдап аударып тұр. Іркіліп, тежелмейді. Күні бұрын осыған, тіпті пәременен дайындалып алған адамдай лыпып тұр. Қағаз бетінде жемге түскен, бабы келген, шабытты қырандай.

Бір кезде: «Шыңжаңдағы барлық ұлттың ұқық-теңдігіне бірдей көңіл бөліп отырған үкіметіміздің әділ заңынан...» деген жерге келгенде, Ма шяньгон Керімбекке жалт етіп:

- Шыңжаңдағы ұлттар тендігіне бірдей көңіл бөлген бе?.. Олай болса сен неге үнемі тісің қарысқан сенімсіздік көрсетіп жүрсің?! Алым-салық ісі жөнінде Мамозыдан өзің сенбей бір сұрайсың. Онан қалса жауаптауға тұрмайтын шошақ тұмақ біреуіңді бері қарай тағы шаптырасың. Аты кім еді,- міне қазір мен саған айтып берейін,- деп ыңыранып ішкі қалтасына «иман-шарттай» сақтаған кішкене қойын дәптерін шығарып қарап жіберіп:

- Міне, мына Мұ-лыны-шақы деді.- Былтыр арыз әкелген Мұрыншақтың атын өшпестей ғып, сақтап қойғаны байқалды. Соның бәрі Керімбек ісі екенін жазбай танып отыр.

- Ғапу етіңіз, мен оны білмеймін,- деді Керімбек. Осыдан кейін Ма шяньгон арыздағы «ет сасыса тұз бар, тұз сасыса не бар» деген үркінішті сөздің не себепті тура осылай жат көзбен қарап айтылғанын, неге түкпірлі түңіліс жатқанын Керімбектен дәл осы арада ауыз екі тергеп, сұрап та алды. Мақалды қойнындағы жаңағы кітапшаға шұқақтап жазып қойды. Енді алғашында Ма шяньгон Керімбекпен бірнеше сөзді сұрақ-жауап ретінде бөгеліссіз сөйлесіп жауаптасты.

Керімбек өз қызы Гүлназымды сұрақшы әкеткенін білмей, Мамозының інісі - Рахим алып қашты деп арызданып отырған. Соған орай Ма шяньгон да дәл әзірге дейін өзі ешнәрсе білмеген сыңаймен аңқаусып:

- Мүмкін, жігіт пен қызыңның таныстығы бар шығар? «Хұй-зу» өзіңнің мұсылманың ғой. Сол Рахиммен қыз бұрыннан таныс боп шықса, бұ жүрісіннен өзің ұялып қалып жүрмейсің бе?

Бұл Ма шяньгонның жаңылдырып отырған сөзі екенін Керімбек білген жоқ...

- Олай болмайды! Тиіс емес! Бізде де жол, бізде де заң бар. Ол мылтықпен, қылышпен туған заң емес, халықтың, елдің арынан туған. Замандар бойындағы жинастырған адалдық пен адамдық намыстан туатын заң. Жүрекке өзгенің әмірімен емес, елдік абұйырдан, адамдық ардан сіңетін заң! Ұлы-қызымыз сонымен өседі. Қазақ өзінің ол дәстүрін ешкімге айырбас етпейді. Қызы ата-анасын қарғатып ешқайда кете алмайды. Және әсіресе, өз жұрты тұрғанда өзге ұлт, өзге тұқымға мың жерден телігеніңмен шендеспейді.

- Қазақ өзгеден артық па? - деп Ма шяньгон шап етіп еді, бүған Тайлақбай іле жауап қатып:

- Кімнің ұстаған жолы артық болса сол артық, үлгісі жақсы болса сол артық. Ағайынды екеуі біреуінің қызын ұлына әперіп, бірінің етін бірі жегелі жүргеннен сақтасын! - деді, қағытып.

Осы кезде Ма шяньгон Рахим жайлы бірдеменің шет жағасын білерліктей сөз сұрап қалды.

- Қыз әкетуші жігіт Шеру ішіне немесе елдеріңнің шетіне бұрын барып жүруші ме еді?

Керімбек үндемей, Ма шяньгонның жүзіне қарап ойланып қалды. Бұл тұста шыдай алмай Қарымсақ сөзге кірісіп:

- Мына татар жігіттерінің арызы-ақ бәріне дәлел болмай ма? Даңғыл жол жатса сүрлеу іздеп сәуегейлену не керек? Онан да бұл әурегершіліктеріңді дауламай-ақ қой дегенің ғой мынау! Шындасаң оныңа да мақұл дерміз-ау... Соны біліп тұрсың. Бірақ Мамозы бір адам. Біз тұтас бір елміз. Мамозының бір басына біздің, рулы елдің қан жылаған ары мен жасы қалайша татымай кете беруі керек! Түбі бір сұрауы болар, бүйте берсе қашарға жол таппаған қолыңдағы қылышыңа жармасатынын ұмытпа!

Ма шяньгон аударманы естігенде бергі жаққа жалт етіп қарады. Түсі қуаңданып Қарымсаққа бірдеңе дей беріп еді, соны сезген Қыдырбек үстем үнмен киіп кетіп:

- Олай демей не дейміз?.. Біздің қызбен достасқан татар қызына Мамозының інісі «саман тойларыңа қазақ қызын шақыр» деп ақыл көрсеткені белгілі болып отыр. Қажет болса сол қыз келіп өзі де айтады. Сонда бұл жарты жолдан істеген жаугершілік емей немене?

Осы кезде Абдолла да сыналай кірісті.

- Құрметті палкөндік-ау! - деді жарқаштанған зор үнмен: - Бізге ел болып отыр дейтін болсаңыз, Мамозының осы қастығы ағаттың ағаты! Қазақ жөнін біледі, ішкен асы бойына тарамасын деген кеп. Ұққыңыз келсе, біздің қызды тек әкетіп қана қойған жоқ. Бұны айтсақ әуелі тіпті, сенбеуіңізге болады, - деп келіп, Абдолла Ма шяньгонның баяғы Мамозы қызымен болған әңгімесін іштей есіне ала отырып:

- Сіздей адам өз басында жоқ нәрсеге «сенбей» қала ма дейміз. Мамозы бір топ адамды білгендерін істеуге жіберген...

Ма шяньгон ығыспаған қалып байқатты.

- Арыз деген опасыз, ала қанат сауысқан, - деп бастады, ол ендігі жауабын: - Оның бір қанаты сендер болсаң, екінші қанаты - Мамозы. Оған құйрық болмай тағы болмайды. Олардың да өз аузынан дәлел естіп, соған қарап түгел қанат-құйрық шығаруымыз керек. Кім жақтағы қанаттың қысқа екені әзір емес, сонда білінеді.

Ол өзге айтар сөзге орын қалдырмай, әңгімені қысқарта сөйледі. Осы бастан арызшылардың бойын өзіне үйреткісі келмей отырғаны ашылды...

2

Мамозы осыдан үш күн бұрын келіп, Ма шяньгоннің алдында болып кеткен... Сұрақшы мен Рахим Мамозыға Керімбектің қызын әкетудің орайлы сәті келгендігін... сездіріп ақыл салғанда, Мамозы оларды тоқтатып тұрып, өзі Ма шяньгонге жеткен. Оязға осы жолы зор бір өтініш, тілегі барын кішілікпен арзу еткен. Мамозы өз туысқанының қызын Керімбек «бәлеқор Әлидің» інісіне «алып қаштырып», аяғы таптырмай марғау асырып отырғанын, өкімет бар деп сескенбей әлінен әбден асқанын айта келіп, сол Керімбекте бір жақсы қыз барын білдірген. Өзі Ма шяньгон қаласа, бүгін алса да қызын беретін Мамозы ғой. Ал оны ала-алмаса кінә Ма шяньгоннің өзінен. Жасы егде полковникті діңкесін құртып, әлі де жас, сұлу қызымен ынтықтырады. Ма шяньгон ашық түрде өз қайнағасы, губернатор Лю бин диден қорқады. Не қыз сорлының басын ашып, босатпайды. Жемтікті я өзі жемей, я өзгеге қимай дәл түбінде қорып жатып алатын жуан төбет мінезін еске алғызғандай болатын. Бар болғаны Мамозының үйіне айында ма, жылында ма, бір рет... қонаққа шығып түнеп қайтып тұрады! Әрине, қанағат тауып қайтатын. Сондай полковникке осы жолы Мамозы ойындағысын толық жеткізіп:

- Тақсыр, сол тоңмойынның өз істегенін өзіне істетсем осыған сіздің құзырыңыздан рұқсат тиер ме екен?! - деп қипақ қаққан. Керімбек қызын әкететін осындағы, Күреге белгілі, «іскер» сұрақшы екенін айтқан. Соны естігенде Ма шяньгон бұл жайлы ойланбай-ақ:

- Дуй! Дуй!* - деп бас изеп: - Қайта сондаймен Керімбектің өзін шатылдырып, қолға түсіріп берсең онан да жақсы! - деген-ді

Сонымен Гүлназым сапарға шығатыннан екі күн бұрын үйездік үкіметтің өзінен Рахим мен сұрақшы жеті әскер алып шыққан... Қоралы қойды аластаған бір ұя бөрідей ана оқшау тағылықтары да осындай, оқпанды сырдың соңынан тиген «үлес» еді! Түбі берік сол тіректі байлаумен «Бөрі көмген көмбені сұм түлкі ашып», Мамозы Керімбекке істемек алғашқы әрекетін уақытша осымен аяқтай тұрған. Керімбек бұл келісте өз төбесінде түйіліп жүрген тағы бір қара бұлт барын білмеуші еді. Ма шяньгон жаңағыны айтқанда, күдері үзілген ол енді орнынан амалсыз көтеріле бере, бүгінгі соңғы білмек ойын сұрады.

 

* Дуй! Дуй! - Дұрыс! Дұрыс!

 

- Онда сол тексеру қашан? Қашан болар екен? Мамозы үшін «құлан қырда, құндыз суда» бәрі өзінің жай-жайындай болғанымен, мұндағыларды қаншалық өлшеусіз жәбір қинайтынын кімге айтамыз!

Керімбек бүгін осы жеткізіп отырған пікірлерінің барлығымен де өзінің ішкі сырларын айқындайтын сезікті түрде, қаншалық көзге түсіп жатқанын есептеген жоқ. Ма шяньгон оның көзіне қарап:

- Асықпасаң бәріне де үлгересің!..- деп қойды. Ешнәрсеге ыққысы келмей, өзімен теңесе сөйлесіп отырған «қыңыр» қазақ намысына ұрады. Өзі тұрған жерде өзгені бар екен дегісі келмейтін тәкаппар әкім үшін қазаққа бұл мінез әсте де кешілместей. Ол ішінен Керімбекке «бұл да сенің кейінгі күнгі татар қолақпандай сыбағаң» - деп кең толғап ширығып отыр.

Ма шяньгон алдында тұрған бармақтың басындай ғана күміс қоңырауды қағып қалып еді. Оны неге істегенін түсінбеген Қыдырбек қоңырау үні аса бір мөлдір төгіліп шыққанда, «мынасын қаршығаға тағар ма еді» деп ойлап үлгергенше, оң жақ қабырғада елеңсіз тұрған бөлме реңдес сұрғылт перде астынан тырс етіп есік ашылғандай болды да, сумаң беріп бір шерік шыға келді. Ғайыптан пайда болғандай. Жоғары отырған Тайлақбайдан бастап, қазақтар секем алып қалған. Өз әмір-кұзырындағы қызметкер атаулының баршасына шаңылдап қатты сөйлейтін мен-мен, қатал жарлық иесі қолына маузер ұстап, ентелеп бұйрық күткен шерікке шаң-шұң сөйлеп бір жұмыс бұйыра бастады. Сөзінің ішінде Мамозы аты айтылып, екі-үш ауыздай бірдемені бұйырды. Тайлақбай «мынаның отырған бойы, аумағымен зар-заман ғой» деп ойлады. Шынында адам кешер, рақат көрер өмірдей емес, қаталдықтан мұраға қалған, сол сенімді мүлтіксіз атқарып отырған әулет нәсіліндей, беймазалық байбайындай. Шерік бұйрық алар-алмаста аяғының ұшынан басып есікке беттей жөнелді. Ма шяньгон жаңа тосын шыға келген шеріктен қазақтардың онша сескенбегенін аңдады. Осы адамдарды іштей амалсыз мойындап, мүмкін ұнатқан да кездері болатын шығар.

Арақ, темекі, құмарлық-бәңгілікпен ісі жоқ, нардай-нардай сау тұқым. Ма шяньгонге бұлар жүрген ауада бір күн жүру таңсық болып көрінеді.

Шерік шығып кеткен соң, Ма шяньгон Керімбектерге де:

- Мін тян! Мін тян ләй!* - деді, ыңыранып. Орнынан түрегеп алған Керімбек өз тобын бастап есікке қарай беттеді. Олар сыртқа шыққаннан кейін енді өздерінше ақыл қорытқанда, Тайлақбай Мамозыны ертеңге шақыртқанын еске алып:

 

* Мін тян! Мін тян ләй! - Ертең! Ертең кел!

 

- Мұның сыры мәлім... Қолымен демеген болып, аяғымен шалады. Айналып келгенде «Қой қарғысы қасқырға жетпейді» деген сығыр осы! - деп отырып, аужай қорытты.

- Тосайық, әуелі не дейтінін көрейік, - дегенге тоқтаған. Осы күннің ертеңінде Тайлақбай мен Керімбек, Абдолла Ма шянь-гонге қайта кірді. Мамозы бүгін әнеукүнгі «мен ешнәрсе білмеймін» деген сөзінен ауыса жылжып:

- Менің інім ол жаққа екі жылдан бері барып жүрген. Қызымен сонда таныс болып, сұрақшы үшін араға сөз айтып та жүрген. Екеуі келіскен, - деп қасқиып отыр. Қызды Рахим емес, сұрақшы әкеткенін Мамозы бүгін ашыққа салып, жасырмай айтып шарпысты. Еститінін, қазақтар ада-күде естісін деген.

- Онда, қызбен келіскені рас болса, неге тартып алады? - деген дәлелге:

- Солай етпесе, қасындағы бірге алып шыққан адамдар жіберіп қоя салушы ма еді, - дейді Мамозы.

Тайлақбай татар қыздарының жәбірленген арызын қалтасынан шығарып көрсеткен-ді. Мамозы «жеті шеріктің барғаны өтірік, қызды тек сұрақшы мен Рахимнің өзі әкеткен, қалғаны жала» деп қарап отыр.

- Ендеше, сол сөзің рас болсын, қыз бен жігітті келтір. Осы арада жауаптарын бәріміз де ет құлағымызбен естиік, деген.

Керімбекке Мамозы қос танауынан мырс беріп:

- Һің! Сен өз ойыңмен өзің семіріп жүр екенсің, мырза! Бұндаға адамдар сенің көзіңе текешік көрініп отыр ма? Жұрттың бәрін әлпеңшек ойнатып қойып, өзің осында қайқайып отырғың келеді! «Торғай жаңбыр жауса баласын қорғайды, бұршақ жауса басын қорғайды». Осы дәмезорлығыңмен әлі басыңды қорғай алмай қалуың ғажап емес, әулиекешім! - деді танаурап.

Қарама-қарсы жақтан Керімбектің бетіне бақжиып қарап, бет-бағып отыр. Тістей қатып тұрған тілмаш бұлардың ауыздарынан шыққанды қағып алып Ма шяньгонға жеткізуде. Сөзге бұл тұста Керімбектің өр жағында отырған Тайлақбай араласып қалды. Екі арасы кең жатқан қалың, ұзын, қара-буырыл қасы шанжаулап:

- О, біз арымыздан басымыз садаға, деп жүрсек, онымыздың бәрі құр «дәмезорлық» болғаны ма? - деп мол кеудесімен Ма шяньгонға тұтас бұрылды. Тыныштық сақтаған үлкен бөлме ішінде зор үні аршындап шығып, Ма шяньгоннан суық қабағын бұрмай сөйледі. Мамозыға айтар жауапты Ма шяньгонға сала айтып:

- Біздің бүкіл ел болып, жоқтап жүрген налыс теңдігімізді, тіпті, торғай боп қорғай алмайсың деген нұсқаң бар ғой! Бұлай болса, жерді тастап, не көкті мекен етеді екенбіз де, не ол қолдан келмесе құба белге ту тігіп, құла түзде көр қазысады екенбіз! - деп жіберді. Қалш-қалш етіп кетті.

Керімбек өз әкесімен замандас болған Тайлекеңнің мына күйін аяп қарады. Тілмаш Тайлақбайды аударып болғанша, тосып қалды да, Ма шяньгонның сөзге оқталғанын күтпей:

- Қасқыр қарызын терісімен өтейді, Мамозы мырза! Осы райыңда тұрсаң, не бізді бір жерге тақарсың да, не теріңді жайғызып бір-ақ тоқтарсың. Жалғыз-ақ, мен сен құсап «жүзігі барда Сүлеймен, жүзігі жоқта сүмірейген» болмаспын, өлсем тік өлермін. Мен сенсем, арыма сенем. Жара көрген жүрегіме сенем! - деді. Түсі ақшыл тарта сақалы талданып кеткен кезі еді. Үндемей отырғанмен Тайлақбай, Керімбектей жолдастарының нұсқасын танып, Абдолланың да түсі қашып отыр. Ма шяньгон шапшаң, жүйрік тілмаш арқылы бұл жауаптасулардың барлығын қалыспай, ере тыңдап қырғидай бағып отыр еді. Қадалған көзі Мамозы мен Керімбек, Тайлақбайды қылп еткен қабақтарына дейін баға отырып тыңдаған-ды. Ол тап қазір Керімбек пен Тайлақбайды «өлімге барса да өкінбей баратындар-ау. Дінін ұмытса да, кегін ұмытпайтындар дейтін осылардай болар» деп, бір сәт осы екі-үш адамға қызғанып та қарағандай.

Тілмаш Керімбектің жаңағы «Сүлеймен» деген сөзін Ма шяньгонге мұсылман аңыздағы «Сүлеймен пайғамбарды» бейнелей түсіндіріп, сөз мәнісін толық жеткізе қанағаттандырған. Ма шяньгон сол мақалды қойын дәптеріне шұқақтатып жазып алды. Тілмаштан Тайлақбайдың «құба белге ту тігіп, құба түзде көр қазысады екенбіз» деген сөзін де қайта сұрап бұлжытпай түсірді. Ертең ұмытылып кеткен шағында, бір күн алдынан шығармақ... Арыз соңын Ма шяньгон дұрыс тыңдамауға беттегенін өзінің осы қимылымен де ап-айқын сездіріп отырғандай.

- Біз бұл істі анығына жеткізу үшін ноғай қыздарын куәлікке әкелеміз, - деді Абдолла, жүйеге жүгініп: - Қазақта «ойнағанда ойыңдағыңды айтсаң, шындағанда неңді айтасың» деген мінез бар. Қозғауға арымыз бармай отырған ісіміз ол...

Ма шяньгон Абдолланың кеудесіндегі үлкен алты жұлдызды, үкімет белгісі - значогіне көз салып, қарап қойды. Шың шы сайдің әйгілі алты жарлығы құрметіне шығарылған «алты ұран» деп аталған, айдынды болыстық белгісі еді. Жер бетіндегі - «Ізгілік» атаулы осының «алты бұрышында» делінетін. Полковник Абдоллаға деген ашуын ішке сақтап, бірақ өшпес кек етіп түйіп атарға оғы болмай отырды.

Мамозы Ма шяньгон көзінше Абдолла дәлеліне тоқталып қалған жоқ.

- Ондай жасама куәлік емес, біз сендердің өз қызыңның қолынан қағаз әпереміз... Сонда қалған сөзді тағы не деп айтпақсың, кәні?!

Полковник екі жақтың осындай бар сөздерін тыңдап болды да:

- Бұлай болса екі жағың да сол айғақ-куә, дәлеліңді толықтырып келесің, - деп, сөзді бүгін де қысқа кесті.

Мамозы Гүлназым қолынан қағаз алдыратын болса, онда Шеру мың жерден бай-байлағанымен ешнәрсеге аспайтыны белгілі. Ол әрине, үйез бастығының қолында. Ма шяньгонның бұл кесім байқатысына қарап Тайлақбай, Керімбек, Абдоллалар өздеріне жаяу ер арқалатқалы отырған «төрелікті» танып, ұққандай болды. Гоминдаң билеушілерінің мұндай кертартпа, астамдығы тегінде бұл отырған Шеру кісілеріне ғана емес, Шыңжаңдағы ұсақ ұлттар ішін оба ауруындай аралап тұтастай кернеп бара жатқан індет-дерттің сансыз көз қайнары. Біреуден қыз тартып алу түрінде болса, енді бірінде кісісін қамап, қинаумен өлтіріп жауап бермеу. Ұйғыр, дүңген халқының кедей диқандарын, ұсақ саудагерін алым-салықпен ыңыршағын шығарса, қазақ, қалмақ, қырғыз сияқты тау халықтары бұлар үшін, тіпті, жабайының қатарында. Санасқандарының түрі мынадай.

Шеру кісілері орындарынан ақырын көтеріле берді. Керімбектің көңілі енді анық торығып шықты. Бірге емес, мыңға, сансызға... істейтіні осы екеніне көзі тағы жете түскендей болып еді. Елдің елдігі қалмай бара жатқандығы анық аңғарылған. Сыртқы есіктен шыға беріп, анау терек саясындағы, көздерімен осы бергі жақты сарылып бағып, иіріліп отырған жуас, момын, ел кісілерін көргенде, тынысы буылып, жүрегі атқақтап ұрып кетті. Байқаса, өз елімен жылап көріскендей халге жеткен екен! Сондай бір алмағайып күйде көпке дейін ешкіммен сөйлесе алған жоқ. Өзімен-өзі жапа-жалғыз болғандай, қуарып қалып еді, «Ұлы Есіктен» жолы болмаған дуаналардай шұбырып шығып аттарын тауып мінгенде, алыс бір көкжиекке қадалып қарап, қам шеккен жүзбен ойынан шатылғандай аңырып қалып келе жатты. Ішкі жағы аңырап, құлазыған шырайы құп-қу боп кетті. Ойран бола күйзелген көңілдің өзіндей белгі дәл жүзіне де шыққан. Сол күні Керімбек рухын баласын алдырған жолбарыстай ыңыранған, өлшеусіз кек ызасы күйреткен-ді. Сенделтіп күйреткен. Бірақ іштей ушыға түсті.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5308