Жұма, 22 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 3151 19 пікір 3 Наурыз, 2023 сағат 12:02

Жапаровтың бастамасы қазаққа сабақ бола ма?

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров бұрын-соңды болмаған қадамға барды. Араб Әмірлігінде елдің бұрынғы басшыларының басын қосты. Кездесуге Асқар Ақаев, Құрманбек Бакиев, Роза Отунбаева, Алмазбек Атамбаев және Сооронбай Жээнбеков қатысты. Олар бұл кездесуде бір-бірлерін кешіре білді. Тіпті «бір жұдырыққа бірігуге» шешім қабылдады. Бұл татуластық ұзаққа созыла ма?

Кездесуден кейін Садыр Жапаров әлеуметтік желілерде қырғыздарды патриотизмге шақыруға бағытталған бағдарламалық хабарламасын жариялады.

«Еуразия аумағында ұлы державалар құрған ежелгі қырғыздардың бүгінгі халі қандай? Бірліктің жоқтығынан, билік үшін күрестің кесірінен біз ежелгі империямыздан айырылып, Орталық Азияның бір бұрышында қалып бара жатқан сияқтымыз. Тәуелсіздігімізді жарияласақ та, дамуымыз неге бәсеңдеп барады? Осындай сұрақтар бірінен соң бірі туындайды… Еліміз солтүстік-оңтүстікке, яғни жеті облысқа бөлініп, әрқайсысы өз күндерін өздері көріп жатыр. Өкінішке қарай, қазір қырғыз халқының әр президентті жақтап, сол арқылы тағы да жік-жікке бөлініп жатқан жайы бар.

Алайда Қырғызстанның болашағы біз үшін маңызды болатын болса, онда «Ақаевшы», «Бакиевші», «Атамбаевшы», «Отунбаевашы», «Жээнбековшы» және т.б. ұғымдарды жоюымыз керек. Біз баршаның басын біріктіре отырып, халықтың болашағын ойлауымыз керек, ал басшылардың бірлігі болмаған жерде қолдаушылардың біріге алмайтыны айдан анық.

Бастапқыда халық сайлап, соңы қайғылы аяқталған барлық президенттің басын қосып, бір үстел басына жинасақ, бәлкім, бір жұдырықтай жұмылған біртұтас ел болармыз деген ой менің көкейімде көптен бері жүрген еді…

Бұрынғы президенттер реніштерін айтып, кемшіліктерін мойындады. Ең бастысы, олар бір-бірін кешіре білді. Менің де көздеген мақсатым сол еді. Менің ойымда тек әр президенттің жақтастары, жеті облыстың халқы саясатты тастап, бір бағытқа шоғырланып, ұлттың, экономиканың дамуын ойлауы керек деген ұғым жүретін-ді.

Иә, халқымыздың көзқарасы тұрғысынан қарасаңыз, әрқайсысының өзіндік қателіктері болғаны анық. Қайғылы оқиғалар, тіпті қантөгістер де орын алды. Ақаевтың кезінде – Ақсый оқиғасы, Бакиевтің кезінде – сәуір оқиғасы, Уақытша үкімет кезінде – маусым трагедиясы, Жээнбековтің кезінде – қазан оқиғасы. Өкінішке қарай, Қырғызстан тарихында бұл оқиғалардың бәрі қара әріппен жазылған-ды. Осылайша біз көптеген қырғыз жастарынан – ұлдарымыздан айырылдық. Қаза болғандардың туыстары мен жақындарының реніштерін жақсы түсінемін.

Ата-бабалар түсінігінде «әкеңді өлтіргенге анаңды бер» деген ұғым бар. Ислам дінінің амалдарына көз жүгіртсек, кешірімшіл, кешірімді болу үлкен дәстүр екенін аңғарамыз. Мейірімді болайық, сабыр етіп, сапарымызды жалғастырайық. Егемендігімізді, тәуелсіздігімізді нығайтып, Қырғызстанымызды дамытамыз десек, кикілжіңді, алауыздықты өткен күннің еншісіне қалдырайық.

Әрбір қырғыз азаматы, бірігіңіздер! Қырғызстанның болашағы үшін қысқа мерзімді мүдделерді ұмытатын кез келді. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», алға ұмтылайық! Менің алдымдағы мемлекет басшыларының әрқайсысына жеке мүддем де, жеке қызғанышым да жоқ, сондай-ақ мен бұған міндетті де емеспін! Осыны ерекше атап өтуім керек», – деп жазды Жапаров әлеужеліде.

Қалай болғанда да, Жапаровтың әрекетін сәтті деп атауға болатын сияқты. Аталған басқосуда бұрынғы президенттердің барлығы оның «бір жұдырыққа бірігу» бастамасын бір ауыздан қолдап, мақұлдады. Жапаровтың жазбасы қоғамда қызу резонанс тудырғаны белгілі, сөйтіп қоғамда көптеген пікірлерлер туындады. Мұндай пікірлердің көпшілігі жағымды әсерлерге ие. Әрине, қысқа мерзім ішінде мұндай қадамды тиімді деп санауға әбден болады.

Алайда бұрынғы президенттердің барлығы ескі реніштерін ұмыта ала ма? Әрқайсысының тағдырын қайғылы деп атауға болатын сияқты. Алғашқы екі президент – Ақаев пен Бакиев 2005 және 2010 жылдары мемлекеттік төңкеріс деп атауға болатын революцияның нәтижесінде қызметтерінен шеттетілді. Ақаев ұзақ жылдар бойы Ресейде бас сауғалады, ал сырттай 24 жылға сотталған Бакиев Белоруссияға қашып тынды. Осы бір аумалы-төкпелі, қиын-қыстау заманда құлаған президенттік туды Орталық Азия тарихындағы тұңғыш әрі әзірге жалғыз әйел Роза Отунбаеваның көкке көтергені айдан анық. Сөйтіп, аталған қызметтен өз еркімен кетіп, қырғыз саясатындағы беделін сақтап қалған тұлға болып тарихта қалды. Алайда ол лауазымды кімге тапсырды десеңізші. Төртінші президент Атамбаев билік тізгініне ие болғанға дейін, бірнеше күн бұрын түрмеден босатылып, 11 жылдық мерзімнің 3,5 жылын өтеген болатын-ды. Қысқасы, оған тағылған соңғы айыптар алынып тасталған жоқ.

Жаппай наразылықтар нәтижесінде бесінші президент Жээнбеков та өз орнынан кетіп тынды. Бір қызығы, оның орнына президенттің бұрынғы жақтасы Садыр Жапаров келді.

Ешбір президенттік майдан демократияның шынайы институттарын алмастыра алмайды. Қырғызстанның, мәселен, оның ойыншық парламенті, саяси партиялар, соттар мен БАҚ-ы ашулы баланың қолына түссе, оңай бұзылатын ойыншық жүйелерін жасайтынын көрсетіп отыр.

Алайда мұндай оқиғалардың артында нәтижелі процестердің жатқаны шындық. Қырғыз сарапшыларының бірі атап өткендей, қоғам алдында билікті десакрализациялаудың күшті процесі жүріп жатқан көрінеді. Қырғыздар тек өзіне ғана арқа сүйейтінін жақсы түсінеді. Бұл нағыз тәуелсіздікке жету жолындағы өте маңызды қадам.

Дат гәзеті

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5318