Сөздік емес, дұрыс жазу құралы керек!
Қазақ тілінде сөзді қалай айту керегі мен қалай жазудың ара-жігі біршама мәселе туғызып келеді. Бірақ бұл мәселе тиянақты қаралмағандықтан, оқиға қуалап шешуді әдетке айналдырғанбыз.
Мәселен, жазуда қыркүйек деп таңбаланатын сөз ауызша тілде «қыргүйек» болып айтылады. Сол сияқты көкөніс сөзі де табиғи айтымда «көгөнүс» болып дыбысталады. Біз бұларды жазуда бір түрде, ауызша сөйлеуде екінші түрде қолданамыз.
Бұл — қате емес. Бұл — сөйлеу мен жазудың табиғаты бірдей еместігінің көрінісі. Және де айтым мен жазымды тұтастырып, бірыңғай ету оңай емес. Былай тартсаң – өгіз өледі, олай тартсаң – арба сынады.
Жақында орфографиядағы осындай мәселелерді реттеу мақсатында жаңа Сөздік шығару ұсынылып, бұл бастама ұлттық жоба ретінде бағаланды. Сөздік, әрине, керек. Бірақ осы жерде бір сауал туындайды:
Бізге тағы бір сөздік керек пе, әлде одан да жүйелі шешім керек пе?
Сөздік пе, қосымта ма?
Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі бұрыннан бар. Ол әр жылдары толықтырылып, түзетіліп, қайта басылып келеді. Бірақ сөздіктердің бірнеше рет жаңарғанына қарамастан, дұрыс жазу мәселесі толық шешілген емес.
Мәселе сөздіктің қажетсіздігінде емес. Сөздік дұрыс нұсқаны көрсетеді. Ал бүгінгі адамға кейде дұрыс нұсқаны көрсетуден де бұрын, оны дәл жазып отырған кезінде ұсыну қажет. Заман талабы — сол.
Компьютерде мәтін теріп отырып, «қыргүйек» деп жазсақ, програмдық қамтыма бірден «қыркүйек» деп ұсынса ше? «Көгөнүс» деп жазсақ, «көкөніс» деп түзетуге мүмкіндік берсе ше? Тіл тұтынушысына (потребитель языка) керегі сол емес пе? Және дамыған тілдердің бұл қолданысқа енгеніне де 30-ға жуық жыл болды.
Міне, бізге қосымта (орыс. приложение, ағылш. application/app; орфографиялық тексергіш — spell checker, қазақша: қосымша, қолданба – дәйексіз түрде қолданыста) керек.
Мұндай құрал көптеген тілдерде күнделікті қолданыста бар. Word секілді мәтіндік редакторларда қате жазылған сөз белгіленіп, дұрыс нұсқасы ұсынылады. Қазақ тілінде де мұндай жүйе болуы керегін айтқанымызға бірнеше жыл болды.
Бірақ оның алдында шешілуге тиіс бір мәселе бар: қосымта нені дұрыс деп таниды?
Осы сұрақ бізді сөздіктен әрі қарай, тілдің теориялық негізіне алып келеді.
Айтым мен жазым
Қыркүйек → қыргүйек.
Көкөніс → көгөнүс.
Бұл мысалдар қазақ тілінің дыбыстық жүйесінде сөз ішіндегі дыбыстардың бір-біріне ықпал ететінін көрсетеді. Әсіресе дауыстылардың үндесімі мен дауыссыздардың өзара ықпалы ауызша айтымда анық байқалады.
Бірақ жазу айтымды сөзбе-сөз көшіре алмайды.
Егер әр сөзді қалай естілсе, солай жазатын болсақ, қазіргі жазуымыз түбегейлі өзгерер еді. Жазым бетімен кетуі ықтимал. Оның үстіне бір сөздің айтымы сөйлеу жылдамдығына, дыбыстардың көршілестігіне, сөйлеушінің ерекшелігіне қарай да құбылуы мүмкін.
Сондықтан орфографияның міндеті — айтылған дыбысты механикалық түрде таңбалау емес, белгілі бір теория мен қағидаға негізделген тілдің тұрақты жазба тұлғасын қалыптастыру. Ал біз енді сауатсыз тұтушының жетегіне көбірек ере бастады. Демек не әрекет бұрыс, не қағидамыз дәйексіз.
Бірақ бұл жерде келесі сұрақ туындайды:
Айтымдағы қандай өзгеріс жазуда көрсетіледі, ал қандай өзгеріс көрсетілмейді?
Міне, мәселенің ғылыми өзегі осында.
Фонография мәселесі
Дыбыс пен таңбаның, айтым мен жазымның арақатынасы — жай ғана емле мәселесі емес. Бұл — қазақ тіліндегі фонографияның теориялық мәселесі.
Қазақ тілінің табиғи айтымында үндесім, ықпал, ықшамдалу сияқты фонетикалық құбылыстар жүреді. Бірақ олардың барлығын жазуға түсіру міндетті емес.
Демек, бізге тек «дұрыс жазылатын сөздердің» тізімі емес, айтым мен жазымның арақатынасын реттейтін жалпы принциптер жүйесі қажет.
Бір сөздің дұрыс нұсқасын сөздікке енгізуге болады. Ал ертең жаңа термин, жаңа атау немесе бұрын сөздікте болмаған жаңа тілдік тұлға пайда болса ше?
Оны қалай жазамыз?
Егер принцип белгілі болса — жауап табамыз. Егер принцип анық болмаса — тағы да жеке сөздің жазылуын ғана анықтауға мәжбүр боламыз. Сол үшін сөздік өзгертеміз.
Сондықтан орфографиялық сөздік — мәселенің бастауы емес. Ол теориялық негізде жасалған практикалық құрал болуы керек.
Тізбек қайда?
Осыдан тілбілім жүйесінің бұдан да үлкен мәселесі көрінеді.
Тілбілімде теория → практика → ұқтыру → тарату деген тұтас тізбек болуы керек.
Теория — тілдік құбылыстың ғылыми негізін анықтайды.
Практика — сол негізде ереже, сөздік, анықтамалық және тілдік база қалыптастырады.
Ұқтыру — қабылданған норманы тілді тұтынушыға түсіндіреді.
Тарату — сол норманы күнделікті қолданысқа енгізеді.
Ал бізде кейде осы тізбек теория → сөздік деген жерде үзіліп қалады.
Сөздік шығады. Бірақ оның алдында қандай теориялық өзгеріс болғаны, неге белгілі бір сөз бұрынғыдан басқаша жазылатыны, қандай принциптің негізге алынғаны көпшілікке әрдайым түсінікті бола бермейді.
Сөйтіп, тіл тұтынушы жаңа орфографиялық нормамен аяқ астынан бетпе-бет келеді. «Қыргүйек» пен «көгөніс» те осыларға мысал.
Өзгеріс неге тосын?
Орфографиялық сөздік өзгерсе, оның өзгергенін халыққа алдын ала түсіндіру қажет және оны дәйектеп, сауатты түрде негіздеу керек. Әйтпесе, тілдің абыройы тұтынушы алдында ақтарылады, сосын ол тілге күмән көбейеді, тұтушылар (носитель) қатары селдірейді.
Қай сөздер өзгерді?
Неге өзгерді?
Қандай ғылыми принцип негіз болды?
Бұл өзгеріс бір сөзге ғана қатысты ма, әлде тұтас сөздер тобына ортақ па?
Жаңа норма қашаннан бастап қолданылады?
Бұл сұрақтарға жауап жаңа сөздік шыққаннан кейін емес, оған дейін берілуі керек.
Өйткені тіл — қаулы шыққан күні өзгеріп кететін техникалық жүйе емес. Адамдардың жазу дағдысы ұзақ жылдар бойы қалыптасады.
Кеше дұрыс болған сөздің бүгін басқаша жазылуы мүмкін. Бірақ тіл тұтынушы (потребитель языка) одан бірден «неге?» деп сұрайды. Оған қақы бар. Әрі оған ғылыми тұрғыдан түсініктеме берілуі керек.
Кім жауапты?
Осы жерде жауапкершілік мәселесі де туындайды.
Орфографиялық норманы кім жасақтайды? Кім бекітеді? Кім түсіндіреді? Кім оны қолданысқа енгізеді?
Бұл сұрақтардың жауабы анық болуы керек.
Тіл тұтынушы орфографиялық норманы өзі жасап отырған жоқ. Ол ғалымдардың зерттеуіне, сөздікке, оқулыққа, ресми құжатқа сүйенеді. Ендеше сол норманы жасаған жүйе оның қоғамға түсінікті түрде жеткізілуіне де жауапты болуы қажет. Оқулыққа, оқу бағдарламасына енген әрбір жаңа ұғым, жаңа сөз дереу түсіндіруші мен таратушының күшімен өз орнын табуы керек. Және ол тұрақты көрнекті орындағы сайманда тұруы керек. Ешкім «айдаладағы жоғалған қозыны іздеудің» машақаитына түспеуі шарт!
Жаңа норма қабылданған кезде оның бұрынғы нұсқамен айырмашылығын көрсететін салыстырмалы кестелер, түсіндірмелер, мысалдар, оқу материалдары жасалуы керек.
Сонда өзгеріс халыққа «жаңа сөздік шықты» деген жаңалық ретінде емес, «мына ғылыми себеппен мына норма өзгерді» деген түсінікті үдеріс ретінде жетеді.
Бірақ бүгінгі цифрлық заманда ұқтырудың өзі жеткіліксіз. Норманы таратудың жаңа тәсілі қажет.
Адам қазақ тілін қазір кітаптан ғана оқымайды. Ол компьютерде, телефонда, әлеуметтік желіде, электрондық поштада, түрлі мәтіндік редакторларда жазады.
Сондықтан қазақ тілінің орфографиялық нормасы сол орталардың бәріне мүлтіксіз әрі бұлтақсыз енуі керек.
Ол үшін ғылыми негізделген цифрлық орфографиялық база жасалып, оның негізінде «Дұрыс жазу» қосымтасы әзірленсе, мәселе мүлде басқа деңгейге көтеріледі.
Пайдаланушы «қыргүйек» деп жазды делік. Қосымта бірден «қыркүйек» нұсқасын ұсынады.
«Көгөнүс» деп жазса, «көкөніс» нұсқасын көрсетеді.
Қате жалғанған қосымшаны байқайды. Күмәнді тұлғаны белгілейді. Қажет болса, неге олай жазылатынын түсіндіреді.
Бұл құрал Word-та, браузерде, мобильді құрылғыда және қазақша мәтін терілетін басқа да цифрлық ортада жұмыс істеуге тиіс.
Сонда:
Сөздік — норманы көрсетеді.
Қосымта — норманы қолдануға көмектеседі.
Ал екеуінің негізінде теориялық жүйе мен цифрлық тілдік база тұрады.
Ұлттық жоба қандай болуы керек?
Егер орфография мәселесі ұлттық жоба ретінде қолға алынатын болса, оны бір ғана сөздік шығарумен шектемеген жөн. Шектелсе – озық емес, үзік шаруа болғаны.
Ол мынадай тұтас жүйе болуы мүмкін:
теория → орфографиялық практика → ұқтыру → цифрлық тарату.
Яғни алдымен қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен жазу жүйесінің арақатынасы ғылыми тұрғыдан нақты анықталады.
Содан кейін сол принциптерге сүйенген орфографиялық база мен сөздік жасалады.
Одан кейін өзгерістер халыққа алдын ала түсіндіріледі.
Ал ең соңында бұл норма адамның күнделікті жазуына цифрлық түрде енгізіледі.
Сонда біз орфографияны кітап сөресінде не порталда қалдырмаймыз. Оны адамның күнделікті жазу әрекетіне айналдырамыз.
Бәлкім, бүгінгі ұлттық жобаға қойылатын басты сұрақ осы шығар:
Тағы бір сөздік керек пе, әлде дұрыс жазуға көмектесетін тұтас жүйе керек пе?
Сөздік керек.
Бірақ сөздікпен бітпейтін жұмыс бар. Бұл — цифрлық шапшаң дәуір.
Серік Ерғали
Abai.kz