Сенбі, 12 Қыркүйек 2026
Қоғам 381 0 пікір 11 Қыркүйек, 2026 сағат 12:37

Зайырлылық және мектептегі орамал мәселесі

Сурет: turkystan.kz, instagram.com сайттарынан алынды.

Еліміздің ақпарат кеңістігінде соңғы аптада мектеп оқушыларының орамал тағу мәселесі қайта көтерілді. Әрине, мұны аяқ астынан пайда болған тақырып дей алмас едік, өйткені бұл мәселе жылда оқу жылы басындағы тұрақты тақырыпқа айналды десе де болады.

Мемлекеттің дін саласындағы саясатын іске асыратын уәкілетті органда 10 жылға жуық қызмет атқарған маман ретінде, мұсылман қазақтың бір баласы ретінде және зайырлы мемлекетті еліміздің дамуы мен өркендеуінің маңызды шарты болып табылатынына кәміл сенетін азамат ретінде осы мәселеге қатысты айтар бірер сөзім бар.

Осы орайда, 2011-2022 жылдары аралығында жалпы әлемде, оның ішінде Қазақстанда радикалды діни ағымдар мен идеялардың белсенді бой көтерген жылдары теріс ағымдар мен идеяларға тосқауыл қою, діни радикализм мен экстремизм қаупін еңсеру және қоғамымызда зайырлылық қағидатын ілгерілету бойынша ел билігі жүргізген салиқалы саясатты іске асыру жолында орталықтағы және еліміздің барлық өңірлеріндегі дін істері басқармаларындағы әріптестеріммен мемлекеттік қызметкер және сарапшы ретінде сапалы жұмыстарды іске асырудың бел ортасында жүргенімді орынды мақтан тұтатынымды айта кетейін.

Сол жылдары БАҚ беттерінде осы саладағы өзекті мәселелерге ой жүгірткен 30-ға жуық мақалаларым да жарық көрді. Сондықтан соңғы аптада көрініс тауып отырған мәселеге өз пікірімді білдіру ниетім қоғамдағы мемлекет-дін арақатынасынан туындайтын мәселелердің бәріміз үшін өзекті екендігінен туындады.

Біріншіден, Оқу ағарту министрлігінің жекеменшік мектептерде орамал тағатын оқушыларға қатысты айтқан пікірі тым біржақты болғанын айта кету керек. Мемлекеттік орта білім оқу орындарында діни атрибутиканы пайдалануға жол берілмейтіні (діни киім кию, крест тағыну және т.б.) дін саласын реттейтін заңда көрініс тапқан және ондай талап Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығында да бар екені анық. Оған еш талас жоқ, заң талабы ортақ. Жаңадан қабылданған қолданыстағы Конституциямызда да мемлекетіміздің зайырлы қағидаты және діннің мемлекеттен бөлінгендігі нақты көрініс тапқан.

Десек те, бұл жерде мәселе туындайды: біріншіден, өз балаларын діни ұстанымдарына сәйкес тәрбиелегісі келетін ата-аналар заң талабына мойынсұнулары тиіс және, екіншіден, өз балаларының діни ұстанымдарына сай орта мектептерде білім алуын қамтамасыз етуі керек.

Діндар ата-аналар бұл жағдайда не істейді, не істеуі керек?

Ол анық – көптеген діндар ата-аналар өз балаларын діни киіммен жүріп-ақ орта білім алуларына мүмкіндік берудің оңтайлы жолы ретінде жекеменшік мектептерді таңдауда.

Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі оқушылардың діни ұстанымдарын құрметтейтін орта білім беретін жекеменшік мектептермен салиқалы қарым-қатынас орнатуға басымдық бергені жөн деп санаймын.

Жалпы, мемлекет-дін қатынастары шеңберінде туындайтын мәселелермен күнделікті ұшырасатын Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім беру министрліктері мен осы саладағы саясатты іске асыратын жергілікті атқарушы органдар қоғаммен қарым-қатынаста ел қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған арнаулы органдарды қалқа ретінде ұстанатын риторикадан мейлінше алыс болғаны жөн болар еді. Мұндай риторика мәселенің шешімі бола алмайтыны анық.

Біз бұл жерде мынадай қарапайым шындықты мойындауымыз керек: дін ұстанатын отбасылар мен олардың бала-шағалары да осы елдің азаматтары. Сондықтан олардың ұстанымдарына құрметпен қарап, олардың бала-шағаларының басқа да балалар секілді толыққанды білім алуларына мүмкіндік беретін орта қалыптастыруымыз керек-ақ. Қазіргі күнде мұның оңтайлы шешімі жекеменшік мектептерде жүзеге асырылып отырған болса оны тек қолдау қажет. Демократиялық, құқықтық және зайырлы құндылықтары берік орныққан алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесі де осының жөн екенін көрсетіп отыр.

Алайда, дін ұстанатын барлық отбасылардың өз балаларын жекеменшік мектептерде оқытуға мүмкіндіктері жоқ. Бұл қарапайым шындық, объективті жағдай. Оқу-ағарту министрлігі осы мәселені оңтайлы шешу жолын ел мұсылмандарының басын қосып отырған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесіп іздегені жөн болар еді.

Жалпы, соңғы жылдары біздің қоғамда сан ғасырлардан бері қазақтың дәстүрлі дініне айналған ислам дінін өркениет көшіне ілесе алмайтын сенім, ал ислам дінін ұстанушыларды радикал не экстремист көретін пікірлер көптеп таратылуда. Мектептегі орамал тағу мәселесіне қатысты туындаған соңғы жағдайды да олар өз ыңғайларына пайдаланып шоқ үрлеуде. Осындай жағдайда мемлекеттік органдардың мәселеге байсалдылықпен қарап, дін ұстанушы азаматтардың құқықтарына құрмет көрсете отырып шешкені дұрыс деп санаймын.

Осы ретте, елдегі дін ұстанып жүрген азаматтар мемлекеттің білім беру мекемелеріне қатысты талабы (денсаулық сақтау, отбасы, неке институттарына қатысты талаптармен қатар) еліміздегі жалпыға ортақ адам құқығын сақтау және қамтамасыз ету мақсатынан туындайтынын түсінулері тиіс. Азаматтар мемлекетке қатынаста діни талаптардың негізсіз өсе беруі ақыр соңында бұл саладағы жағдайдың мемлекетке де, дінге де, азаматтарға да жағымсыз бағытта өрбуіне алып баруы мүмкін екенін естен шығармаған абзал. Қалай айтқанда да, мемлекеттің қолында заң арқылы мәжбүрлеу, өз дегеніне көндіру құралы жеткілікті. Сондықтан, діни бірлестіктер мен діндар азаматтарымыз мемлекеттің зайырлылық қағидаттарына құрметпен қарап, мемлекетіміздің зайырлы құрылысы азаматтарға діни бостандықпен қатар бәріне ортақ міндеттер мен жауапкершіліктер жүктейтіндігін ұмытпағаны абзал.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Мейрам Иманбаев

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1093
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2638
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 765
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 730