Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 3214 21 пікір 7 Наурыз, 2023 сағат 14:08

Кеңестік дихотомияның құрбаны болуды қою керек!

Бекежан батырды ақтайтын кез келді

Наурыз туып, дүние жаңғыруда. Ол махаббат пен мейірімнің мерекесі Әйелдердің халықаралық мейрамынан басталды. Аналарды, қыздар мен келіншектерді төл мерекесімен құттықтап, берекелі бірлік пен баянды бақыт тілеймін. Наурызбен бірге ызғарлы қыстың беті қатып, тіршілік қайта түледі. Ендеше осы күні қазақ халқының махаббат лирикасының жауһарын еске түсіріп, оның нақақтан айыпталған кейіпкерін ақтау жайын сөз етсек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемкомиссия салмақты жұмыстар жүргізуде. Алда бұл істі дамытып, тек ХХ ғасырмен шектелмей, оған дейін өмір сүрген, бірақ отаршылық кезінде жасанды түрде «жағымсыз кейіпкерге» айналдырылған батырларымызды да ақтау жайын ойластырған маңызды.

Кеңестік дихотомияның құрбаны болуды қойсақ қайтеді?

«Бізбен бірге болмағандардың бәрі бізге қарсы» деп келетін большевистік идеяны абсолютке дейін жеткізген сталиндік саясат барлығын тек «ақ–қара» деп бөлетін қайғылы дихотомияны орнықтырды. Рас, іріңі, іріткісі басым бұл ұстаным қарапайымдылығымен тартымды. Бірақ дүние-болмыстың бояуы тек осы екі түстен тұрмайтыны, сан түрлі, көп палитралы болатыны анық. Демек, ақиқатты аңдау үшін өмірдің, оқиғалардың сан қырын, барлық «аралық ньюанстерін» ескеру шарт.

Кеңес заманында қазақ әдебиетінде кейіпкерлер жағымды және жағымсыз деп екіге ғана бөлінетін, олар бір-біріне қарсы қойылатын. Егер жағымсыз кейіпкер болмаса, ол жасанды түрде «ойлап табылатын». Осылайша, отарлаушылар қоғамды батырларға қарсы айдап салды.

Кеңестік қаскөй идеологияның бір құрбаны – Бекежан батыр (1667–1730) десек, асылық болмас. Бала кезден естіген ақсақалдардың естелігіне жүгінсем, Бекежан аттары аңызға айналған қос ғашыққа қарсы шықпаған адам. Өйткені Бекежан батыр мен қыз Жібек бір-біріне ағалы-қарындас жандар: Бекежан – шектінің Қабақ руынан, ал Жібек ару – шектінің Жақайымы, Сырлыбай бабаның қызы. Ал қазақ жеті атаға дейін қыз алыспайды. Сондықтан бұл эпосты баспадан бастырған адам не бұдан хабарсыз болған, немесе батырға өшті-қасты болуы да ықтимал. Ал Бекежан мен Жібектің жақын туыс екенін білетін ағайындар бұл көркем туындыны ешқашан шындық деп қабылдаған емес.

Сақ, ғұн, көк түрік бабалардан бері Ұлы далаға иелік етіп келе жатқан қалың қазақты араздастырып, жік-жікке ажыратып, «бөліп ал да билей бер» саясатын жүргізген Кеңес өкіметі ауыз әдебиетін арам мақсатында, пасық пиғылда пайдаланды.

1972 жылы «Қазақфильм» түсірген «Қыз Жібек» атты қос сериялы көркем фильмнің премьерасы өтті. Кинотуынды елдегі біраз ағайынның қабырғасын қайыстырды, олар мұны ескі жараның бетін тырнағандай, ауыр қабылдады. Жала өш пен нала туғызды. Ол шаладай әлі бықсуда. Киноның қатты әсер еткені сонша, елге барғанда жұрт Бекежан рөлін сомдаған дарынды актер Асанәлі Әшімовтің бетіне түкірген.

Жамбылдың тумасы, бұрын сенатор болған Әбдәлі Нұралиев бірде бала кезінде куә болған жайтты әңгімеледі: А.Әшімовтың туған жері, Жамбыл облысының Сарысу ауданының Жайылма ауылында «Қыз Жібек» фильмін көруге ығы-жығы адам жиналады, ескі клубта ине шаншар жер қалмайды. Кино аяқталғанда әйелдер жағы сыңсып жылай бастайды, қариялар да көздеріне жас алған. Ер адамдар қабағын қарс жауып, түнереді. Содан киномеханик жарықты жағып қалғанда, жиналған жұрт ішінен бір жігіт атып тұрып: «Әй, Асқарәлі, сыртқа шық! Жекпе-жек!» деп айғай салыпты. Асқарәлі – Асанәлінің туған ағасы. Осылайша, фильмде әбден жексұрын етіп көрсетілген Бекежанға деген жеккөрініш сезімі пайда болыпты. Төлегеннің кегін жігіттер Асқарәліден ала жаздаған.

Жақында Қостанай жақтың генерал шені бар беделді тұлғасының: «Шектінің Бекежаны Төлегенді өлтірген бе?» деп әңгіме айта бастағанда, мен оның сөзін үзіп: «Батырым, шындықты айырып алайық, Бекежан Төлеген батырды өлтірмеген!» деп сабырға шақырдым. Бұл мәселе қазақтың рулары арасына іріткі салады. Демек, түйінді тарқататын, ақиқатты анықтайтын, фейкті фейк деп айтатын кез жетті.

Сонда Төлегенді кім өлтірген?

Қыз Жібекке қатысты оқиға шамамен 1692–1694 жылдары қазіргі Шалқар ауданынан 40 шақырым жердегі, Кіші Борсық етегіндегі Қособа көлі маңында болған екен. Ел арасында тараған әңгімеге сүйенсек, Төлеген батыр Қособа көлінің жанында торуыл құрған қашқын қарақшының қолынан қаза табады. Содан бері аңыз болып айтылып жүрген «Қыз Жібек» хиссасы бертінде, ХІХ ғасыр басында жырға айналдырылған.

Зерттеуші, жазушы Нәбиден Әбуталиевтің «Сегіз сері» кітабында жазылғандай, «Қыз Жібек» жырын 1892 жылы Жүсіпбекқожа Шайқысламұлы әнші қариялардан естіп, жазып алады да, жырдың кейбір тұсын өзгертіп, қысқартып, орнына татаршалап, қара сөз қосып, кей тұстарын ертегіге айналдырып, Төлегенді өлтірген Кескентеректің орнына Бекежан батырды қосып, жырды «өзім шығардым» деп, оны 1894 жылы Қазан қаласында бастырып шығарған. Ол «Қыз Жібек» жырын 1896, 1899, 1900 жылдары Қазан қаласында бірнеше рет бастырады. Бірақ оның ақын, жыршы емесін кезінде Әубәкір Кердері, Мәшһүр Жүсіп Көпеев және басқа көрнекті тұлғалар әшкерелеген.

Шын мәнінде, ел аузында қара сөзбен айтылып жүрген «Қыз Жібек» қиссасын ХІХ ғасыр басында жинақтап, жырға айналдырған Сегіз сері (1818–1854, шын аты Мұхамедқанапия Баһрамұлы Шақшақов) екені дәлелденген. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар мен текстология бөлімінде Сегіз сері жырлаған «Қыз Жібек» дастанының түпнұсқасы сақтаулы екені айтылып жүр. Ақиқат ашылуы үшін оның да жарияланғаны маңызды.

Қыз Жібектің әкесі Сырлыбайдың тікелей ұрпағы саналатын, Арал ауданының Қызылжар елді мекенінің тұрғыны, ардагер ұстаз Сайлау Абабүкірұлының «Сырлыбай би және оның ұрпақтары» атты зерттеу мақаласында да Базарбайдың мырзасы Төлегенді Бекежан емес, Кескентерек деген қарақшы өлтіргені атап өтіледі.

«Бекежан Айбекұлы тарихта болған адам. Туған жері – Алшын Темір таудың бөктері. 1825 жылға дейін бұл жерде Кіші жүз Әлімұлына жататын алты шекті мекендеген. Бекежанның әкесі Айбек осы тұстағы Кіші жүз Әлімұлының әскери бас батыры болған. Бекежан да әскербасы сардар болыпты», – дейді Сайлау Абабүкірұлы.

Махаббаттың символына айналған азаматты өлтірген қанішер деп әлі күнге жала жабылып жүрген Бекежан батыр шынында ел қорғаған ардақты ер болып шықты. Ол Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданындағы Қособа маңына жерленген. Бекежаннан Байрақ, Қайрақ, Тайлақ атты ұлдар және Нұргүл есімді қыз өрген. Бекежан қалмақтармен соғыста жараланып, ерте кемтар болып қалған, бірақ өз ажалынан өлген деген дерек бар. Оның балалары жоңғар соғысына қатысқан, Ақтабан шұбырындыда қол бастаған, ел басқарған.

Ал Кескентерек – туған нағашысы Әбусағитты өлтіріп, оның кіші әйелін алып кетіп, ол әйелді қаңғытып, құмға тастап кеткен, сондай-ақ Қарабала деген жігітке тұрмысқа шығуға іңкәрланғаны үшін туған қарындасы Қаламқасты тәнін, омырауын тілгілеп, азаптап өлтірген қаскүнем болған деседі. Бекежан батыр жорықта жүргенде, Кескентерек Төлеген батырға қастандық жасаған көрінеді. Ақыры Жібектің жеті ағасы қашып жүрген Кескентеректі ұстап алып, дарға асып өлтіреді.

Қалай болғанда, «Қыз Жібек» оқиғасының анық-қанығын, жай-жапсарын анықтау – кәсіби мамандардың, тарихшылардың үлесіндегі жұмыс, олар үшін түрен түспеген өріс. Ең бастысы – тарихи әділдік қалпына келгені жөн. Ол үшін қыз Жібек арудың өміріне, Төлеген, Бекежан батырлардың ерлігіне қатысты шынайы кино түсірілгені жөн-ақ. Астанамызда батырларымыздың есімін көше атауында ұлықтасақ, артық етпес еді. Өйткені елордада да, Алматыда да Қыз Жібек көшесі бары белгілі.

Әйтпесе, «Қыз Жібектің» операсы да, «Қыз Жібек» фильмі де Кеңес өкіметінің өнімі болғандықтан олар соның міндетін атқарды. Мысалы, кинотуынды соңында Жібек өзіне-өзі қол салады. Шынында, Жібек ары қарай өмір сүрген, жырда оның әмеңгерлік жолымен Төлегеннің інісі, тастүлек батыр Сансызбайға тұрмысқа шыққаны жөнінде сөз қозғалады. Олардан ұрпақ өрген. Қожаберген ақын «Елім-ай» жырында Сансызбай мен Жібек сұлудың тұңғыш баласы Төсбатырды сипаттайды.

Кеңес өкіметі қазақтың қос батырын бір-бірімен «қырқыстыру» арқылы «жабайы, өркениеттен жұрдай, заңнан ада қазақтар бірін-бірі қырумен айналысқан» дегенге келтірген. Ал қазақ аруы Жібектен «суицидница» жасау арқылы кеңестік идеология әйелдерді қазақ қоғамында еш орны жоқ бейшара етіп көрсетуге ұмтылған. Шынында, әйелдерді қазақ ұлты айрықша ардақ тұтты, нәзік болмыс иелері Тұмар ханым заманынан бері ел билеуге белсене араласқан.

Бекежан батыр қарындасы Жібекті қалыңдық етіп алмақ болды, сол үшін оның ғашығына қастандық жасады дегені жеті ата қағидатын қапысыз сақтаған қазақтың арына жат, сүйегіне дақ. Ұлтымызды қаралау үшін жағылған қаркүйе. Одан арылатын уақыт жетті.

Бақытбек Смағұл,

Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының Төрағасы

Abai.kz

21 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364