«Ресейдің келесі көздегені – Балтық елдері»
Болашақта Ресей агрессиясына тойтарыс беру үшін НАТО-ның қосымша әскерлері мен қарудың жаңа түрлері Балтық жағалауы елдеріне орналастырылып жатыр. Бұл туралы Латвияның экс-президенті Валдис Затлерс Haqqin.az басылымына берген сұхбатында айтты.
«Ресей Украинаны басып алумен ғана шектелмейді. Ол Балтық елдеріне де шабуыл жасауды көздейді деген болжамға Германия, Франция және басқа да Еуропа елдері сенеді», - деді Латвияның экс-президенті.
Валдис Затлерстің айтуынша, Кремльдің ядролық бопсасы ядролық қаруды қолданудың әскери пайдасын түбегейлі қайта қарауға әкелді.
«Осы уақытқа дейін ядролық қару ешбір соғыста қолданылған жоқ. Тіпті Хиросима мен Нагасакиге тасталған бомба да соғыстан гөрі, қорқыту әрекеті еді. Қазір атом қаруы қорқыту құралына, психологиялық факторға айналды, бірақ оны іс жүзінде қолдану мүмкін емес. Ядролық қаруды қолдану – бұл суицид, ешкім мұндай қадамға бармайды. Мен Чернобльге барып көрдім. Радиациямен бүлінген аумақтың қандай болатынын білемін. Ядролық қару қолданғаннан кейінгі зардабы шексіз. Сондықтан Ресейдікі Батысты қорқытып, психологиялық қысым жасау ғана», - деді ол.
Латвияның бұрынғы президенті Украина әскері 2014 жылға қарай елдің шекарасын қалпына келтіргенде, соғыс тоқтайды деп есептейді. Оған дейін Ресей тынбайды. Ресейді тынышталдыру үшін оған Донбасты бере салу дұрыс шешім емес. Өйткені мұндай шешім, керісінше, агрессордың аранын аша түседі.
«Болашақта Еуропа, АҚШ, Үндістан және Қытай қару-жарақты бақылаудың қандай да бір ережелері туралы келісуі керек», - деді Валдис Затлерс.
Керімсал Жұбатқанов
Abai.kz