Ұлы державалар текетіресі: Қазақстанның тарихи таңдауы
ХХІ ғасырдың үшінші онжылдығында әлем бұрын-соңды болмаған геосаяси өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Бір кездері қалыптасқан халықаралық тәртіп әлсіреп, жаңа күш орталықтары пайда болуда. Әлемдік саясатта АҚШ, Қытай сияқты ірі державалардың арасындағы бәсекелестік күшейіп, әр мемлекет өзінің стратегиялық мүддесін қорғауға ұмтылуда. Осындай күрделі кезеңде Қазақстан үшін ең маңызды міндет – ұлттық мүддені сақтай отырып, әлемдік державалар арасындағы тепе-теңдікті дұрыс пайдалану.
Тарихқа көз жүгіртсек, ірі державалардың бәсекесі әрқашан халықаралық қатынастардың негізгі қозғаушы күштерінің негізі болды. ХХ ғасырда әлем екі үлкен лагерьге бөлініп, қырғи-қабақ соғыс кезеңін бастан кешірді. Бір жағында АҚШ бастаған Батыс елдері болса, екінші жағында Кеңес Одағы бастаған социалистік мемлекеттер тұрды. Бұл кезеңде көптеген елдер үлкен державалардың ықпал аймағында өмір сүруге мәжбүр болды.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін әлемде бір уақыт бойы АҚШ-тың басымдығы орнағандай көрінді. Алайда соңғы онжылдықтарда халықаралық жүйе қайта өзгерді. Қытайдың экономикалық және технологиялық тұрғыдан жылдам дамуы, Еуропа елдерінің өз мүдделерін қорғауы әлемдік саясаттағы жаңа бәсекелестік дәуірін қалыптастырды.
Бүгінде негізгі текетірес тек әскери салада емес, экономика, технология, энергетика, ақпараттық кеңістік және сауда бағыттарында да жүріп жатыр. Әсіресе АҚШ пен Қытай арасындағы бәсеке әлемдік экономиканың болашағына әсер ететін маңызды факторға айналды.
Осындай жағдайда Қазақстанның геосаяси маңызы арта түсуде. Қазақстан – Еуразияның жүрегінде орналасқан, табиғи ресурстарға бай, көлік дәліздері тоғысқан мемлекет. Оның аумағы арқылы Еуропа мен Азияны байланыстыратын маңызды сауда жолдары өтеді. Сондықтан, Қазақстан тек аймақтық демесекте, жаһандық саясатта да назар аударатын елдердің біріне айналды.
Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан өзінің сыртқы саясатында көпвекторлы бағытты таңдады. Бұл саясаттың негізгі мәні – бір ғана мемлекетке немесе бір ғана саяси орталыққа тәуелді болмай, өзгеде ірі серіктестермен өзара тиімді байланыс орнату. Қазақстан Ресеймен тарихи және экономикалық байланыстарын сақтай отырып, Қытаймен стратегиялық әріптестікті дамытып, Еуропа және АҚШ-пен де ынтымақтастық орнатуға ұмтылды.
Бұл таңдау кездейсоқ емес. Қазақстанның жағрапиялық орналасуы мен тарихи ерекшеліктері елді әртүрлі өркениеттер мен экономикалық кеңістіктерді байланыстыратын көпірге айналдырады. Бір жағынан – Ресеймен ұзақ шекарасы және ортақ тарихы бар, екінші жағынан – Қытай сияқты алып нарықпен көршілес, ал үшінші жағынан – Батыс елдерімен экономикалық және технологиялық байланыстарды дамытуға мүдделі.
Қазақстан үшін ең маңызды жағдай – үлкен державалардың текетіресінде бір тараптың ғана мүддесіне қызмет етпеу. Себебі шағын және орта мемлекеттердің тұрақты дамуы көбіне олардың сыртқы саясаттағы икемділігіне байланысты. Тарих көрсеткендей, халықаралық қақтығыстар кезеңінде дұрыс таңдау жасай алған елдер өз егемендігін нығайтып, экономикалық мүмкіндіктерін арттыра алды.
Қазақстанның тарихи таңдауы – бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жолы. Ел ядролық қарудан өз еркімен бас тарту арқылы әлемге қауіпсіздік пен жауапкершілік үлгісін көрсетті. Бұл шешім Қазақстанның халықаралық беделін арттырып, оны бейбіт дипломатияны қолдайтын мемлекет ретінде танытты.
Қазіргі кезеңде Қазақстан үшін тағы бір маңызды бағыт – экономикалық тәуелсіздікті күшейту. Әлемдік державалар арасындағы бәсеке кезінде тек саяси тұрақтылық емес, мықты экономика да мемлекеттің басты тірегіне айналады. Сондықтан өндірісті дамыту, технологиялық жаңғыру, білім мен ғылымға инвестиция салу, ұлттық кадрлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру – елдің болашақтағы қауіпсіздігінің негізі.
Сонымен қатар, Қазақстан түркі әлемі, Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты күшейтуге ерекше мән беруде. Аймақтағы мемлекеттердің өзара байланысының артуы олардың халықаралық аренадағы салмағын арттыра алады. Бүгінгі таңда әлемде тек ірі державалар ғана демейік, аймақтық бірлестіктер де маңызды рөл атқарып келеді.
Ұлы державалар арасындағы бәсекелестік – Қазақстан үшін тек қауіп емес, сонымен бірге мүмкіндік. Егер ел өзінің ұлттық мүддесін дұрыс қорғап, теңгерімді саясат жүргізсе, бұл жағдай жаңа экономикалық және дипломатиялық мүмкіндіктер аша алады. Қазақстан өзінің табиғи ресурстарын, жағрапиялық орналасуын және халықаралық беделін тиімді пайдалана отырып, жаһандық өзгерістерден өз орнын таба алады.
Алайда, кез келген тарихи кезеңде басты күш – халықтың бірлігі мен мемлекеттің ішкі тұрақтылығы. Сыртқы саясат қаншалықты маңызды болса да, елдің болашағы ең алдымен ішкі даму деңгейіне байланысты. Экономикасы қуатты, білімі жоғары, ұлттық құндылықтары берік мемлекет қана халықаралық бәсекеде өз орнын сақтай алады.
Бүгінгі әлем – бұрынғыдан да күрделі әрі өзгермелі. Ұлы державалар арасындағы текетірес жалғаса береді, өйткені әр мемлекет өз ықпалын кеңейтуге ұмтылады. Бірақ, Қазақстан үшін басты мақсат – қандай да бір күштің көлеңкесінде қалуға болмайды, өзінің дербес жолын қалыптастыру.
Тарих Қазақстанға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Бұл мүмкіндік – Еуразиядағы тұрақтылықтың, диалогтың және ынтымақтастықтың орталығы болу. Қазақстанның тарихи таңдауы – бейбітшілікке, тең серіктестікке және ұлттық мүддеге негізделген саясат жүргізу. Осы жол елдің тәуелсіздігін нығайтып, болашақ ұрпақ үшін берік мемлекет қалыптастыруға негіз болады.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz