Алматы облысы Амал мерекесін кең ауқымда атап өтіп жатыр
Алматы облысы Амал мерекесі – Көрісу күнін кең ауқымда тойлауды қасиетті Есік қаласынан бастады. Шараға «Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жақыпбекова ӘлияӘлімжанқызы, Еңбекшіқазақ ауданының әкімі ДосымбаевАлтай Машикұлы, сонымен қатар облысқа белгілі өнер қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Алатаудың баурайындағы Есік қаласы ежелден-ақ сақ-үйсін бабаларымыз қоныс теуіп, ханзадасын алтын киіммен кебіндеген қастерлі өңір. Сол қасиетті мекен Наурыз мейрамының бастауы саналатын Көрісу күнінің шымылдығын театрландырылған қойылыммен ашты.
Ескі жылдан жаңа жылға аман-есен жеткен, көне реніші бар екі жігіттің бір-біріне кешірім беруінен басталған қойылым екі ауылдың татуласуына ұласты. Содан кейін алаңдағы қойылым қойып жатқан Алматы облысына қарасты халық театрларының актерлары мен өнер саласының мамандарынан құрылған екі жүзден астам адам қалың көрермендермен көрісіп, Есік қаласының тұрғындарымен араласып кетті.
Театрландырылған қойылымды қоюшылардың бұл режиссерлік шешімі актерлерді былай қойып, қарапайым халықтың да «Көрісу күнінің» мәнін терең ұғынуға жол салып берді. Көрермендер мен актерлардың бір-бірімен шынайы көрісіп, құшақтасып жатқанына қарап, мейірім мен шаттыққа толы Амал мейрамының бүкілхалықтық мерекеге айналып үлгергенін аңғаруға болады.
Сондай-ақ, облыстың Мәдениет басқармасы Есік қаласының тұрғындарына арнап арнайы көрме де ұйымдастырған. Ол көрмеге облыс аумағындағы музейлердің құнды жәдігерлері қойылған. Есік қаласының тұрғындары тек бір-бірімен ғана емес, қазақтың көне тарихымен де «көрісуге» мүмкіндік алды.
Көрмеге зергерлер қазақтың ұлттық әшекей бұйымдары мен ер-тұрман, ат-әбзелдерін арнайы әкеліпті. Саусағынан өнер тамған ұсталарға жасаған бұйымдарын саудалауға да мүмкіндік берілген. Сондай-ақ, сурет, кітап көрмелерінің де көрігі қызып жатты.
Шараға қазақтың ұлттық киімін киген халық өте көп жиналды. Олардың арасында тазы жетелеген мына Алтын бала да бар.
Қыран бүркітпен бірге суретке түскен сұлу қыздар да аз болмады.
Есік қаласында өткен Көрісу күні қазақ ұлты мен өзге диаспоралар арасындағы достық қарым-қатынастың да нығая түсуіне бастамашы болары сөзсіз.
Себебі, Алматы облысындағы Амал мерекесі тек қазақтың ғана емес, облыстағы барша диаспора өкілдерінің ортақ мейрамы ретінде аталып өтті.
Түйін
Наурыз - жаңару мейрамы. Сол мейрамның Амал мерекесінен басталады. Халықтың бір-бірінің үйіне қонаққа барып, өкпе-реніштерін ұмытып, дұшпанына да жақсылық тілейтін мұндай мереке кеңпейіл қазақ халқының табиғатына ғана тән дүние секілді. Есікте өткен ән мен күйге тола «Көрісу күні» мейрамы бізге соны ұқтырды.
Abai.kz