Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 3820 0 пікір 17 Наурыз, 2023 сағат 11:20

Ана мен бала құқығын қорғау - елдік мүдде

Ана мен бала құқығын қорғау – Қазақстаннының мемлекеттік әлеуметтік саясатының басым бағытының бірі. Әрине, Ата заңда көрсетілгендей мемлекеттің ең басты қазынасы – адам және оның өмірі. Бұл мүлтіксіз орындалуы тиіс  құндылық. Алайда, қоғамның түрлі тобының ішінде әлеуметтік ең әлсіз санатына жататын ана мен балаға деген қамқорлық та, қолдау басты Ата заң –Конституциясында өзін әлеуметтік деп жариялаған мемлекетте ұдайы һәм жүйелі жүргізілуі тиіс.

Өркениет қағидаттарына негізделген кез-келген азаматтық қоғамда халқының құқығы мен бостандығы бірінші кезекте қорғалуы шарт. Әрине, Қазақстанда бұл бағытта нақты қалыптасқан жүйе, реттеу тетіктері жолға қойылған. Бұл мәселемен айналысатын  орталықтар мен мекемелер елімізде аз емес.

Осыдан 16 жыл бұрын Үкімет Жарлығымен Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің жанынан балалар құқығын қорғау жөніндегі Комитет құрылды. Сәйкесінше, республиканың барлық өңірінде балалар құқығын қорғайтын және оларға заңдық, психологиялық, ақпараттық тұрғыдан көмек көрсетіп, қолдау білдіретін Департаменттер жұмысын бастады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы бала құқықтары жөніндегі тағайындалған уәкіл деген арнайы лауазым бар. Бүгінде нәтижелі жұмыс жасап келе жатқан еліміздегі балалар омбудсмені Аружан Саин «Мен қазақстандықтарды балаларымыздың жарқын келешегі үшін жасалып жатқан реформаларды жүзеге асыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға шақырғым келеді» деп, өзінің бұл бағыттағы жұмысқа ерекше назар аударатынын, бұл тақырыптың өзі үшін аса маңызды екенін білдірген еді.

Әрине, бүгінде республикамыздағы 6 миллионнан астам баланың әрқайсысының да тегін орта білім алуға, тегін медициналық көмек алуға құқығы бар. Ол заңмен кепілдендірілген. Сонымен қатар, әрбір бала ой-пікір, ар-ождан тіпті дін еркіндігіне де, өзі қалаған спорт түрімен шұғылдануға, тынығуға, мәдени демалуға құқылы. Кәмелетке толмағанына қарамастан, ешкімнің де баланы ұрып жазалауына, кемсітіп қорлауына жол берілмейді. Мұның барлығы ең алдымен әлемнің өркениетті елдері қол қойған «Бала құқықтары тура­­лы халықаралық конвенцияда» жазылған. Ал Қазақстан әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі ретінде, өзіне міндеттемелер алып, осы құжатқа қол қой­ған соң, оның талаптарының өз елінің аумағында мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуге, аталған құқықтың қорғалуын қадағалауға міндетті.

Өкінішке орай, өмір есігін ашқан әрбір баланың маңдайына толық отбасында, ата-ананың тәрбиесін көріп өсуді жазбаған. Бұл бүкіл әлемде бар келеңсіз процесс және Қазақстан қоғамы да одан тысқары емес. Балалардың құ­қық­тарын қорғау комитеті төраға­сының орынбасары Юлия Овечкинаның айтуынша қазір елімізде 23 мыңға жуық жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар екен: «олардың тек 4 мыңы ғана балалар үйінде тұрады. Қуанарлығы, мұндай мекемелердің саны жылдан-жылға азайып келеді. Тек кейінгі 10 жылда же­тім балаларға арналған 114 ұйым қыс­қарды. Ал жетім балалар мен ата-ана­сының қамқорлығынсыз қалған бала­ларға арналған 96 ұйым жұмыс істейді. Кейінгі 10 жылда осы ұйым­дардың тәрбиеленушілерінің және жалпы жетім балалардың контингенті 10 мыңға қысқарды» дейді.

Мұның түбінде тиісті толықтырулар мен оң өзгерістерді қабылдап жылдан жылға жетіліп келе жатқан мемлекеттік әлеуметтік саясаттың да үлесі бар екені даусыз.

Балалар мәселесін үнемі басты назарда ұстайтын Президентіміз өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуымен бақытты балалық шағы жалпыұлттық міндет екенін айтып, 2022 жылды Қазақстанда «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Мемлекет үшін балалардың ең алдымен қаржылық-материалдық қамтамасыз етілу басты шарт. Бұл орайда, Мемлекет басшысының Ұлттық қордың жылдық инвестициялық табысының 50 пайызын 18-ге толмаған балалардың жеке шоттарына аудару туралы ұсынысы қоғамның қызу қолдауына ие болды. Қазақстан Республикасы бала құқықтары жөніндегі тағайындалған уәкілі Аружан Саин: «Мемлекет басшысының бұл ұсынысын дұрыс деп санаймын. Бұл - балаларымыздың болашағына үлкен қолдау және кепілдік.   Жиналған ақшаны пайдалану құқығы келмей тұрып, 18 жасқа толғанға дейін дені сау, білімді, әдепті тұлға тәрбиелеуіміз керек. Сонымен қатар, балаларды олардың құқықтарын бұзатын нәрселерден қорғауға тиіспіз» - деген болатын.

Балалар омбудсмені сонымен қатар, 2023 жылдың 1 қаңтардан бастап бала күтіміне қатысты төлем 1,5 жасқа дейін ұзарғанын да тілге тиек етіп, бұндай шешімнің әсіресе балалар үйіндегі сәбилердің санын айтарлықтай азайтуға септігін тигізетінін айтқан еді. Оның айтуынша «Бұл, ең алдымен ата-ана үшін үлкен қолдау. Меніңше, бұл балалар үйі мен сәбилер үйіндегі балалардың санын айтарлықтай азайтады. Өйткені, көптеген ата-ана мен аналар қаржылық қиындықтарға төзе алмағандықтан, сәбилерін сол жаққа жібереді».

Біздің еліміздегі заң талаптарына сай аналардың да лайықты білім алып, түрлі салада қызмет жасауына, мансаптық тұрғыда көтерілуіне ешкім де шектеу қоя алмайды. Алайда, бүгінгі қоғамның шындығы бірінші кезекте отбасындағы әйел-ананың құқығы мен бостандығы мәселесінің өткір тұрғандығын көрсетеді. Қазақта «әйелді ұрма, сағы сынады, баланы ұрма, бағы сынады» деген тамаша тәмсіл бар.  Өкінішке қарай, айналасына күш көрсетіп, өзінің отбасын ойрандайтын ер-азаматтар жоқ емес. Жалпы отбасындағы келеңсіз жағдай жасауға ықпал ететін негізгі фактордың қатарына әлеуметтік-экономикалық жағдайлар, атап айтқанда, тұрмыстық жетіспеушілік, жұмыссыздық, одан туындайтын материалдық деңгейдің төмендігі, маскүнемдік, жүргіштік сияқты құбылыстар жатады. Ресми дерек бойынша елімізде жыл сайын отбасындағы зорлық-зомбылықтан 400-ден астам әйел адам көз жұмады екен. Бұл қайғылы статистика. Себебі әрбір өлімнен соңында – жетім бала, ойраны шыққан отбасы, түрмеге қамалған ер-азамат сынды келеңсіз салдар тұрады. Статистика сондай-ақ, соңғы 5 жылда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарынан болатын денсаулыққа қасақана ауыр зақым келтіру фактісі 2 есе өскенін көрсетеді. Яғни, бұл үйдегі отбасы мүшелерінің, көбіне әйелдердің қол-аяғы сынып, басы жарылады дегенді білдіреді. Мысалы 2022 жылы елде барлығы 157 884 қылмыс жасалса, оның 61 464 отбасылық әлімжеттілік фактілері болған. Бұл көрсеткіш әсіресе пандемия кезінде шарықтау шегіне жеткен еді.

Дегенмен, біздің елімізде қоғамдық қатынастың бұл саласын реттейтін нақты механизм жолға қойылған. Қазақстан посткеңестік кеңістікте Ішкі істер органдары жүйесінде тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы жұмысты үйлестіріп, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы лауазымдық қызмет бірлігін белгілеген (1999 жылы 120 штаттық бірлік) алғашқы мемлекет болған еді. Содан бергі уақытта отбасылық, тұрмыстық зомбылық мәселесін мемлекет мұқият назарында ұстап келеді. Әрине, көп жағдайда, мұндай құқықбұзушылықтар білінбей қалады. Себебі жәбір көрушілер көбіне үйдегі ұрыс-керісті сыртқа шығаруға ұялып, полициядан көмек сұрауға тартынады.

Алайда, әсіресе соңғы жылдарда қоғамның өзара ақпарат алмасуы, соның ішінде әлеуметтік желілердің танымал болуы мұндай құқықбұзушылықтардың тез және кең көлемді әшкере болуына ықпал етті

Елімізде  отбасында зорлық-зомбылық құрбанына айналғандар үшін көмек алудың арнайы алгоритмі әзірленген. Атап айтқанда, құрбан болған жан бірден 102 нөміріне хабарласып, полицияға зорлық көргені туралы ауызша арыз бере алады. Немесе, «Qamqor.gov.kz» порталы арқылы онлайн-өтінім беруге мүмкіндік бар. Егер адам жарақат алса, 103 нөміріне хабарласып, жедел-жәрдем шақырғаны дұрыс. Содан кейін полиция қызметкерлерінен сот-медициналық сараптамаға жолдама алуы керек. Тегін 150 нөміріне хабарласуына немесе «www.telefon150.kz» уеб-сайтына жазуға болады.

Тәулік бойына қызмет көрсететін сенім телефондары арқылы психологиялық және құқықтық көмек, сондай-ақ, жергілікті учаскелік инспектордың, дағдарыс орталықтары мен басқа да қажет ұйымдардың байланыс нөмірі туралы нақты ақпарат алуға болады. Әрине, ең бастысы – хабарласқан адамның аты-жөні мен істің мән-жайы туралы деректердің құпия болатынына кепілдік беріледі.

Одан бөлек, «Дағдарыс орталықтары» жобасы қолға алынып, бүгінде мемлекеттік тапсырыс шеңберінде, көптеген өңірде нәтижелі жұмыс жасап келеді. Әрине, «Дағдарыс орталықтары» жұмысы бірінші кезекте тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына психологиялық, моральдық, материалдық көмек көрсетуге бағытталған. Өкінішке орай, аталған орталықтарға негізінен аналар мен кәмелет жасына толмаған балалар көптеп хабарласады. Жалпы бүгінде елімізде барығы 44 Дағдарыс орталықтары жұмыс жасайды. Аталған одақтың міндеті – ана мен баланың құқығын қорғау. Отбасы мүшелерінің, біздің жағдайда көбіне көп аналар мен балалардың денсаулығына, өміріне қауіп төнсе осы орталықтарға хабарласып, сол жерде уақытша тұруға мүмкіндіктері бар. Яғни, ол жерде 150 номері арқылы балаларға көмек көрсетілсе, 1415 номері арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдерге қолдау, ал адам саудасы қылмысы бойынша 11616 номеріндегі «сенім телефондары» жұмыс істейді. Бұл саладағы нормативтік-құқықтық актілер де, тәртіп бұзушыларды жауапқа тартатын заң талаптары да жылдан жылға қатайтылуда. Атап айтқанда, мысалы тұрмыстық қатынастар саласындағы заңсыз әрекеттері үшін зорлықшыны (Әкімшілік кодекстің 73-бабы) қамауға алу мерзімі 3 күннен 5 тәулікке дейін ұзарды. Қылмыстық кодекстің 110-бабы («Қинау» бабы) жеке айыптау ісінен мемлекеттік іс санатына ауыстырылды. Яғни бұл ендіні жерде отбасылық әлімжеттікке қатысты дәлелдерді жинау міндеті бұрынғыдай жәбірленушіге емес, полицияға жүктелді. Осы «қинау» бабы бойынша қылмыс жасаған адам 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұрын бұның ең төменгі шегі 3 жыл болатын.

Мемлекет басшысы  Қ.К. Тоқаев отбасылық-демографиялық ахуалға алаңдаушылық білдіріп, отбасындағы ана мен бала қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесі өзекті екенін үнемі атап келеді. Президент әсіресе өзінің 2020 жылғы қыркүйектегі Жолдауында отбасылардың бала сүйе алмауы, ажырасу санының артып кетуі, толық емес отбасы, некесіз бала туу, балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесінің әлі де өзекті екенін айтып, соның ішінде балаларға қатысты жыныстық әрекеті үшін қылмыстық жазаны қатаң қылуды тапсырған болатын. Бұл тұрғыдан Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанынан құрылған «Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi Ұлттық комиссия» да бұл мәселені үнемі жұмыс назарында ұстап келе жатқан органдардың бірі. Аталған комиссияның төрайымы – Аида Балаева 2022 жылы қарашада Астана қаласында өткен «Қазақстан дамуының жаңа сатысындағы отбасылық-демографиялық және гендерлік саясат» атты Халықаралық ғылыми конференция сөйлеген сөзінде «Қазақстан үшін отбасы институты мемлекеттің маңызды тірегі және отбасы саясаты ұлттық даму стратегиясының ажырамас бөлігі» деген болатын. Оның айтуынша Президенттің тапсырмасымен Үкіметке жыл сайын ана мен баланы қорғау, отбасының әл-ауқаты саласындағы заңнамалық және институционалдық мүмкіндіктерді кеңейту бойынша міндеттер қойылады.

Әрине, кез-келген отбасында баланың өміріне ең бірінші жауапты тұлға – оның ата-анасы. Олар өздері өмірге әкелген баланың өмірі мен денсаулығын, қауіпсіздігін қамтамасыз ете білулері қажет. Ал мемлекет, жалпы әлеуметтік саясат шеңберінде, олардың қоғамның тең құқылы мүшесі ретіндегі қажеттіліктерін қанағаттандыруға жағдай жасауды жалғастыра білуі шарт.

Елімізде ана мен баланың құқығын  қорғау, баланың тегін орта білім алып, әрбір әйелдің жақсы жұмысқа ие болуын, әсіресе әйелдердің саяси карьера мен бизнестегі әлеуетін арттыруды қамтамасыз ететін механизм бар. Ендігі жердегі басты міндет – осы талаптардың дұрыс орындалуын іске асыра білу.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5402