Оңшыл әдебиет
“Оңшыл әдебиет” — бұл қытайда ХХ ғасырдың 80-жылдарының басында пайда болған әдеби құбылыс. Оны кезінде “оңшыл элемент” ретінде айыпталған, ал “Мәдени төңкерістен” кейін ақталып, әдебиетке қайта оралған жазушылар қалыптастырды.
Ван Мэн – осы әдеби бағыттың көрнекті өкілдерінің бірі. Оның "Ұйымдастыру бөліміне келген жас жігіт" атты шығармасы жас кадр Линь Чжэньнің ұйымдастыру бөлімінде басынан кешкен оқиғалары арқылы сол кезеңдегі бюрократизмнің және басқа да жүйелік мәселелердің бетін ашады. Ван Мэн қоғамдағы қайшылықтарға өткір көзқараспен қарап, әлеуметтік шындықты терең талдаған.
Уан Мэннің "Ұйымдасыру бөліміне келген жас жігіт" шығармасы және бюрократияны бейнелейтін әдебиет
Уан Мэн Хэбэй өлкесінің Наньпи уезінде дүниеге келген, ата-бабасы Хэбэйдің Цанчжоу қаласынан шыққан. 1934 жылы 15 қазанда Бейжіңде дүниеге келген. Қытай Коммунистік партиясының мүшесі, ҚКП 12 және 13-ші шақырылымының Орталық комитетінің мүшесі, 8, 9, 10-шы шақырылымдағы Бүкілқытайлық халықтық саяси консультативтік кеңестің тұрақты комитетінің мүшесі. Уан Мэн – Қытайдың заманауи жазушысы, ғалым, бұрынғы мәдениет министрі, Қытай жазушылар қауымдастығының құрметті төрағасы.
"Ұйымдасытыру бөліміне келген жас жігіт" атты шығарма 1956 жылы жазылған. Бұл кезде Қытай Халық Республикасы жаңа ғана құрылып, барлық салада жедел даму процесі жүріп жатқан еді. Алайда бұл кезеңде жаңа жүйенің қалыптасуымен қатар, түрлі мәселелер де туындап жатты. Уан Мэн бұл туындысын қоғамдағы өзгерістер мен сол уақыттағы күрделі әлеуметтік құбылыстарды терең талдау негізінде жазды.
Әңгіменің сюжеті басты кейіпкер Линь Чжэннің университетті тәмамдап, Пекин қаласындағы бір аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөліміне жұмысқа орналасуынан басталады. Линь Чжэн – жас, жігерлі, арманшыл, шынайы коммунистік идеяларға сенетін жас маман. Ол мемлекет пен халыққа адал қызмет етуді, әділдік орнатуды мақсат етеді. Бірақ ұйымдастыру бөліміне келген соң оның көзқарасы өмір шындығымен бетпе-бет келеді.
Мұнда ол шенеуніктер арасындағы бюрократияның, қағазбастылықтың, немқұрайдылықтың кең етек жайғанын көреді. Ол өз ортасындағы жауапсыздық пен енжарлыққа бейжай қарай алмайды және оны өзгертуге тырысады.
Ұйымдастыру бөлімінің бірінші орынбасары Лю Шиу – бюрократиялық жүйенің жарқын өкілі. Оның кәсіби тәжірибесі мол, жұмысында белгілі бір біліктілікке ие. Алайда, жылдар өте келе оның идеалдары мен ынтасы жоғалып, енжарлыққа бой алдырған. Ол жиі айтатын "бәрі өз орнына келеді", "асығыстыққа жол жоқ" деген сөздері оның шынайы ұстанымын көрсетеді.
Бір күні Линь Чжэн маңызды мәселені көтереді:
Қапшық шығаратын фабриканың партия ұйымында тәртіпсіздік пен немқұрайдылық орын алған, жұмысшылардың тәртібі нашар, еңбек өнімділігі төмен, ал халықтың бұл мәселеге шағымы көп.
Линь Чжэн бұл туралы өз басшылығына хабарлайды, бірақ Лю Шиу бұған салғырт қарайды. Ол мәселені терең зерттеудің орнына, "алдымен ақылдасу керек, асықпаңдар" деп шешім қабылдауды кейінге қалдырады. Мұндай жауапсыздық партияның беделіне, халықтың сеніміне кері әсер ететінін түсінген Линь Чжэн осы бюрократиялық жүйеге қарсы күресуге бел буады.
Бюрократияның тағы бір көрінісі – Хань Чанъсинь
Аудандық ұйымдастыру бөлімінің өндірістік кәсіпорындардағы партия құрылымына жауапты қызметкері – Хань Чанъсинь. Ол өзін өте белсенді қызметкер ретінде көрсеткісі келеді. Жиналыстарда белсенді сөз сөйлейді, түрлі баяндамалар мен есептер жазады, бірақ оның сөзі мен ісі сәйкес келмейді.
Шынайы жұмыс барысын білмей, тек жоғары басшылыққа ұнау үшін әрекет етеді. Ол өз мансабын ойлап, нақты жағдайды елемей, тек сыртқы көрініске мән береді. Ол дайындаған есептер мен баяндамалар шындықтан алшақ, шын мәнінде халықтың жағдайын жақсарту үшін емес, тек өзінің қызметін дәріптеу үшін жазылады.
Жас маманның бюрократиялық жүйемен күресі
Линь Чжэн – енді ғана жұмысқа кіріскен жас маман. Ол әділдікке сенеді және бюрократияға қарсы тұруға тырысады. Ол халықтың мәселесін билікке жеткізіп, оларды шешу үшін бар күшін салады.
Алайда, оның әрекеттері бюрократиялық аппарат ішіндегі қайшылықтарды ушықтырады. Ол өзінің басшыларымен бірнеше рет пікірталасқа түседі. Мәселен, Лю Шиумен ол қапшық шығаратын фабрикадағы жағдай туралы қатты дауласқан. Линь Чжэн бұл мәселені дереу шешу керек десе, Лю Шиу "бәрі ойлағандай қарапайым емес, алдымен бәрін зерттеу керек" деп, шын мәнінде шешім қабылдаудан бас тартады.
Шығарманың көркемдік ерекшеліктері
Бұл шығарма кеңселердегі күнделікті жұмысты егжей-тегжейлі суреттеу арқылы бюрократияның түрлі көріністерін ашады. Әңгіме тек жұмыс орнындағы жауапсыздық пен қағазбастылықты ғана емес, сонымен бірге партияның кейбір мүшелерінің шынайы өмірден алшақтап, халық мүддесін ұмыта бастағанын көрсетеді.
"Ұйымдасытыру бөліміне келген жас жігіт" – Қытай әдебиетінде бюрократия мәселесін ашық көтерген алғашқы шығармалардың бірі. Ол мемлекеттік қызметтегі бюрократиялық кемшіліктерді, жас ұрпақ пен ескі жүйенің арасындағы қайшылықтарды, партия ішіндегі кейбір кемшіліктерді батыл көрсетіп, кең көлемді қоғамдық пікірталас тудырды.
Бұл әңгіме Қытай әдебиетіндегі бюрократиялық жүйені әшкерелейтін жаңа бағыттың негізін қалады. Онда бюрократияның қоғамға тигізетін кері әсері, қызметкерлердің жауапкершіліктен қашуы, жас мамандардың әділдік үшін күресі шынайы әрі көркем бейнеленген.
Әңгіменің реалистік стилі, батыл жазылған мазмұны сол кездегі Қытай қоғамындағы мәселелерге терең үңілуге мүмкіндік берді. Бұл шығарма тек әдеби құндылық қана емес, сонымен бірге әлеуметтік-саяси мәнге ие еңбек болып саналады.
"Ұйымдастыру бөліміне келген жас жігіт" шығармасынан үзінді
«Линь Чжэн Лю Шиудың кеңсесінің есігін қақты.
Лю Шиу үстеліне иіліп, құжаттарды қарап отыр еді. Линь Чжэн кіргенде, ол көзілдірігін шешіп, қарсы алдындағы орындыққа ишара жасап, күлімсіреп:
– Сяо Линь, отыр. Маған не шаруамен келдің?
Линь Чжэн орындыққа отырып, қолындағы қапшық фабрикасы туралы материалдарды үстелге қойды. Оның жүзінде алаңдаушылық пен асығыстық байқалды.
– Лю министр, мен сізбен қапшық фабрикасының жағдайы туралы сөйлескім келеді. Мен сонда барып, зерттеу жүргіздім. Ондағы жағдай өте күрделі. Фабрика директоры Ван Цинцюань – таза бюрократ. Ол өз жұмысын немқұрайлы атқарады, ал партия мүшелері жауапкершіліктен қашады. Жұмысшылар тарапынан шағым өте көп.
Лю Шиу орындықтың арқалығына сүйеніп, қолын кеудесіне айқастырып, басын изеді. Линь Чжэн сөзін аяқтағанда, ол асықпай сөйледі:
– Сяо Линь, сен айтқан жайттардан мен хабардармын. Бірақ жұмыста әртүрлі мәселелердің болуы – қалыпты нәрсе. Оларға жан-жақты, объективті қарау керек.
– Бірақ, Лю министр, бұл мәселелер фабриканың өндірісіне ғана емес, партия ұйымының беделіне де кері әсерін тигізуде. Біз мұны одан әрі соза алмаймыз! – Линь Чжэн даусын көтеріп жіберді. Ол неліктен Лю Шиу бұған осыншалықты салқынқандылықпен қарап отыр деп түсіне алмады.
Лю Шиу жымиып, шылымын алып тұтатты, сосын түтінді баяу шығарып:
– Жастар әрқашан асығыстыққа жол береді. Мәселені шешу оңай деп ойлайсың. Бірақ бәрінің өз уақыты мен әдісі бар. Қазір жағдай әлі толық пісіп-жетілмеді. Неғұрлым асықсақ, соғұрлым нәтиже шықпайды. Сондықтан… жай ғана «солай бола береді».
– Қалайша «солай бола береді» деп айтуға болады?! – Линь Чжэннің ашуы келді, оның жүзі қызарып кетті. – Біз – партия қызметкерлеріміз. Егер мәселені көріп, оны шешудің жолын іздемесек, онда бұл біздің жауапкершілігімізге қайшы келеді! Егер тағы да күтіп отыратын болсақ, халықтың бізге деген сенімі мүлдем жоғалады!
Лю Шиу Линь Чжэнге қарады. Оның көздерінде жас маманның табандылығына деген құрмет те, өзіне тән өкініш те байқалды:
– Сяо Линь, сенің бұл жігерің мен жауапкершілік сезімің маған ұнайды. Бірақ сен әлі тым жастықпен, идеализммен қарайсың. Жұмыс – сен ойлағандай қарапайым емес. Көп жағдайда, уақыт қажет.
– Уақыт? Қашанға дейін күтеміз?! – Линь Чжэн ашуланды. – Мәселе күн сайын ушығып барады. Біз жай ғана қиындықтан қорқып, әрекетсіз отыра алмаймыз ғой!
Лю Шиу бірден жауап бермеді. Ол орнынан тұрып, терезеге жақындап, сыртқа қарады:
– Сяо Линь, мен де сен сияқты жас болғанымда, дәл осылай ойлайтынмын. Әрбір мәселені тез шешуге болады деп сенетінмін. Бірақ өмір – күрделі нәрсе. Кейбір мәселелерді шешу үшін уақыт керек. Мысалы, қапшық фабрикасын алайық. Ван Цинцюань онда көп жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның өзіндік байланыс жүйесі бар. Егер оны орнынан алатын болсақ, көптеген басқа мәселелер туындайды. Сондықтан бұл мәселені жан-жақты қарастыру керек.
Линь Чжэн үнсіз қалды. Ол Лю Шиудың пікірін қабылдай алмады, бірақ оны қалай жоққа шығарарын да білмеді. Бірнеше секундтан кейін, ол сенімді дауыспен:
– Лю министр, меніңше, біз бұл мәселені тез арада шешуіміз керек. Қиындықтарға қарамастан, әрекет етуіміз керек. Егер бізде шынайы ниет пен табандылық болса, кез келген мәселені шеше аламыз деп сенемін!
Лю Шиу бұрылып, оған қарады. Оның көздерінде күрделі сезімдер байқалды – бір жағынан таңданыс, бір жағынан шаршаңқылық.
– Жақсы, Сяо Линь. Мен сенің табандылығыңды құрметтеймін. Бірақ жұмысты дұрыс жүргізу үшін, ең алдымен, стратегия қажет. Сен тағы да ойлан, біз бұл туралы кейінірек тағы сөйлесеміз».
Чжан Сяньлян «Көгалдандыру ағашы» («Жасыл ағаш»), «Ер адамның жартысы – әйел» сияқты шығармаларында өзінің өмірлік тәжірибесін негізге алып, “оңшыл” айдар тағылған жандардың қиындыққа толы өмірі мен ішкі жан дүниесін әсерлі суреттейді. «Көгалдандыру ағашында» бас кейіпкер Чжан Юнлин аштық пен рухани күйзелістің азабын тартып, адам табиғатының төзімділігі сынға түскен кезеңді бастан кешеді. Ал «Ер адамның жартысы – әйел» романында адамгершілік, махаббат және саяси жағдайлар арасындағы күрделі қарым-қатынастар терең талданады.
Вэйси «Қызыл магнолия» және «Қашыққа кеткен ақ желкен» шығармаларында еңбекпен түзеу лагерлерінің ауыр тіршілігін бейнелейді. «Қызыл магнолия» романында түрме өмірі арқылы Гэ Линь сияқты кейіпкерлердің тағдырын суреттей отырып, “солшыл” саяси бағыттың адам болмысына тигізген жойқын әсерін көрсетеді.
Ал «Қашыққа кеткен ақ желкен» шығармасы лагерьде отырған түрлі кейіпкерлердің тағдыры мен олардың үмітке деген ұмтылысын әр қырынан ашады.
Ли Говэнь «Ай тұтылуы» және «Қыстағы көктем» шығармаларында тарихи өзгерістер кезеңіндегі адамдардың қуанышы мен қайғысын нәзік сезімталдықпен жеткізеді.
«Ай тұтылуы» кейіпкердің ерекше тарихи жағдайда бастан кешкен оқиғалары арқылы заманның жеке адамға ықпалын сипаттайды. Ал «Қыстағы көктем» туындысы күрделі кейіпкерлер мен оқиғалар арқылы революциялық соғыс дәуірінен бастап бейбіт құрылыс кезеңіне дейінгі тарихи процестерді бейнелейді және адамгершілік пен тарих туралы терең ой салады.
Шао Яньсян эссе және поэзия жанрында жазған шығармаларымен танымал.
Оның «Інжілді қайта оқу» атты өлеңі өткір тілімен және терең философиялық ойларымен ерекшеленеді. Бұл туындыда ол Інжілді жаңа тұрғыдан талдай отырып, заманның өзекті мәселелерін астарлап жеткізеді, “солшыл” саяси ағымды сынға алып, шындық пен әділдікті іздейді.
Бұл жазушылардың шығармалары “оңшыл әдебиеттің” өзіндік әдеби әлемін қалыптастырды. Олар “жаралы әдебиеттің” (“Шанхэнь әдебиеті”) маңызды тармағы бола отырып, оқырмандарға ерекше тарихи кезеңді тануға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, бұл туындылар сол кездегі ой еркіндігі мен мәдени рефлексия толқынының өрістеуіне ықпал етіп, әдебиеттің көпқырлы дамуына серпін берді.
“Жаралы әдебиеттің” қалыптасуы
Қытай қоғамына үлкен соққы болған “Мәдени төңкеріс” аяқталғаннан кейін, халық рухани және тұрмыстық деңгейде терең ой-толғанысқа түсті. Осындай тарихи ахуалда “Жаралы әдебиет” (伤痕文学) ағымы дүниеге келді. “Мәдени төңкеріс” жылдарында қоғамның қалыпты тәртібі бұзылып, көптеген адамдар саяси қуғын-сүргінге ұшырады, отбасылар ажырады, адамгершілік құндылықтар аяққа тапталды, идеалдар күйреді. Интеллигенция өкілдері қудаланып, алыс ауылдарға жер аударылып, ғылыми-зерттеу және шығармашылық еркіндігінен айырылды. Қарапайым халық та материалдық тапшылық пен саяси қысымнан зардап шекті. “Мәдени төңкеріс” аяқталғаннан кейін, ұзақ жылдар бойы іште жиналған күйзеліс пен ашу-ыза сыртқа шығуды талап етті. Әдебиетке шынайылықты қайтару, халықтың үнін жеткізу қажеттілігі туындады.
Лю Синь У-дың «Сынып жетекшісі» шығармасы “Жаралы әдебиеттің” бастамасы болып саналады. 1977 жылы қараша айында бұл әңгіме «Халық әдебиеті» журналында жарияланып, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Шығарма сынып жетекшісі Чжан Цзюньши көзқарасы арқылы “Мәдени төңкерістің” жас ұрпақтың санасына тигізген кері әсерін бейнелейді. Басты кейіпкерлердің бірі Се Хуэйминь — солшыл идеологияның ықпалымен адамдық сезімдерді, мәдени білімді “қауіпті нәрсе” деп қабылдайтын қатыгез, догматикалық тұлға. Ал Сун Баоцзи – жөнсіз әдеттерге бой алдырған, тәрбиесіз өскен жасөспірім. Оның моральдық құлдырауы – қоғамдағы аласапыранның тікелей нәтижесі. Осы екі кейіпкер арқылы шығарма “Мәдени төңкеріс” кезеңінде жастардың санасы қалай бұрмаланғанын көрсетеді және бұл тақырып бүкіл қоғамда үлкен пікірталас тудырды.
Лю Синь У және оның шығармашылық жолы
Лю Синь У 1942 жылы Қытайдың Сычуань провинциясындағы Чэнду қаласында дүниеге келген. Ол өз дәуірінің саяси өзгерістері мен қоғамдық дауылдарының куәгері болды. Бала кезінен әдебиетке қызығушылық танытып, әртүрлі кітаптарды көп оқыды, бұл оның кейінгі шығармашылық қызметіне мықты негіз қалады.
Жастық шағында Лю Синь У білім беру саласында жұмыс істеді, бұл оған жастардың психологиясын терең түсінуге және олардың өміріне жақын болуға мүмкіндік берді. Бұл тәжірибе кейін оның әдеби шығармашылығында маңызды рөл атқарды.
Оның шығармашылық стилі алуан түрлі және жан-жақты. Роман, эссе, публицистикалық мақалалар сияқты әртүрлі жанрларда жазды. Оның романдарында қарапайым адамдардың күнделікті өмірінен үлкен қоғамдық мәселелерді терең зерттесе, эсселері шынайы эмоциялармен өрілген және өмірдің нәзік сәттерін бейнелейді. Публицистикалық еңбектерінде әлеуметтік құбылыстар мен мәдени мәселелерге өзіндік өткір көзқарасын білдіреді.
Лю Синь У қоғамның шындығы мен адамгершілік мәселелеріне ерекше мән беріп, өз шығармалары арқылы дәуірдің күрделі мәселелерін көтерді. Осылайша, ол өз уақытындағы ең маңызды жазушылардың бірі атанып, қытай әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосты.
«Сынып жетекшісі» шығармасының мазмұны мен көркемдік ерекшелігі
«Сынып жетекшісі» – Пекин қаласындағы мектептердің бірінде жаңа сыныпты қабылдап алған мұғалім Чжан Цзюньши туралы хикая. Ол оқу процесі кезінде оқушылардың ой-санасына «Мәдени төңкерістің» тигізген зиянын терең сезінеді.
Оқиғаның негізгі кейіпкерлері:
Се Хуэйминь – бастапқыда ақкөңіл, белсенді оқушы болғанымен, «Мәдени төңкеріс» идеяларымен уланғаннан кейін, оның ойлау жүйесі қатаң догмалық сипатқа ие болады. Ол қалыпты кітап оқу, жеке бас тазалығына мән беру сияқты қарапайым әрекеттерді қате деп санап, «революциялық қағидаларды»» соқыр ұстанушыға айналады.
Сун Баоци – тәртіпсіз, бұзақы оқушы, оқуға немқұрайлы қарайды. Оның азғындауы мен құлдырауы – «Мәдени төңкеріс» кезінде қоғамда қалыптасқан тәртіпсіздік пен моральдық дағдарыстың айқын көрінісі.
Чжан Цзюньши мұғалім ретінде бұл мәселелерді байқап, өзінің педагогикалық миссиясын орындауға тырысады. Ол оқушыларды «Мәдени төңкеріс» идеологиясынан арылтуға, олардың дұрыс бағытта дамуына көмектесуге бар күшін салады.
Шығармадан алынған мына диалог оқушылардың санасына сіңірілген теріс идеологияны ашық көрсетеді:
«Се Хуэйминь ашулы түрде мұғаліміне қарап: “Чжан мұғалім, Сун Баоци сияқты адамдарды сыныпқа кіргізгенде, сіз оның басқа оқушыларға қалай әсер ететінін ойладыңыз ба? Біз Мао төрағаның еңбектерін оқимыз, Лэй Фэн күнделігін оқимыз, ал Сун Баоци керісінше, «реакциялық сары әдебиеттерді» оқып, бізден жоғары тұра ма?»
Бұл үзінді Се Хуэйминьнің «Мәдени төңкеріс» идеологиясымен уланған санасын, сондай-ақ сол дәуірде қалыптасқан жалпы ойлау жүйесінің шектелгендігін дәл сипаттайды.
«Сынып жетекшісі» – «Мәдени төңкерістің» салдарын сынға алып, ой еркіндігі мен сананың азаттығын насихаттаған алғашқы шығармалардың бірі. Ол қоғамның өткен қателіктерден сабақ алуын, адамдардың көзқарасын өзгертуін, тарихқа сыни көзбен қарауын талап еткен туынды болды.
Осы шығарманың маңыздылығы – оның «Мәдени төңкерістің» жас ұрпаққа тигізген ауыр зардабын көрсетуінде, сондай-ақ Қытайдағы әдеби ой еркіндігіне жол ашуында.
Сынып жетекшісі (үзінді)
«Сабақтың қоңырауы соғылды. Чжан Цзюньши мұғалім сыныпқа кіріп, жас әрі сол дәуірдің белгісін айқын көрсеткен оқушылардың жүздеріне көз жүгіртті. Ол тамағын бір рет қырнап алып, сабақты бастамақшы болғанда, кенеттен сынып есігі ашылды. Сун Баоци еш қысылмастан кіріп келді. Оның шашы ұйпа-тұйпа, жейдесінің түймелері де дұрыс салынбаған.
Се Хуэйминь орнынан ұшып тұрып, қатты дауыспен:
— “Чжан мұғалім, Сун Баоци тағы да кешікті! Ол сабақты мүлде маңызды деп есептемейді, мұндай адамдарға тәртіп керек!” – деді. Оның беті ашуға булығып, қасын қатты түйіп алды, Сун Баоцидың бұл әрекеті оның қатаң ұстанатын «революциялық қағидаларына» ашық қарсылық секілді көрінді.
Сун Баоци мұрнын шүйіріп, немқұрайлы кейіппен:
— “Қойшы, жай ғана сәл кешіктім, сонша даурығатын мәселе емес қой” – деді.
Чжан Цзюньши мұғалім қолын көтеріп, екі оқушыға да орындарына отыруды ишара етті. Ол байыпты үнмен:
— “Балалар, бәріміз – бір сыныптың оқушыларымыз. Біз бір-бірімізге көмектесіп, бірге алға жылжуымыз керек. Өткен өтті, енді біз болашаққа қарауымыз қажет, білім алуға күш салуымыз керек” – деді.
Алайда, оның сөздері бұл шиеленіске толы сынып ішінде әлсіздеу естілді. Өйткені, «Мәдени төңкерістің» қалдырған жаралары бұл жасөспірімдердің санасына ол ойлағаннан әлдеқайда терең із қалдырған еді».
Арада көп өтпей, 1978 жылы тамыз айында Лу Синьхуа-ның «Жара» әңгімесі «Уэньхуэйбао» газетінде жарияланып, “Жаралы әдебиеттің” танымалдығын арттыра түсті.
Бұл шығарма Ван Сяохуа есімді жас қыздың тағдыры арқылы “Мәдени төңкерістің” адамдарға әкелген ауыртпалығын бейнелейді. Оның анасы “сатқын” деп жалған айыпталып, қуғын-сүргінге ұшыраған соң, Ван Сяохуа анасынан бас тартып, ауылға жұмысқа кетеді. Ол жылдар бойы өзін анасына деген сағыныштан бас тартуға мәжбүрлеп, “революцияға” толықтай беріледі. Бірақ, “Мәдени төңкеріс” аяқталғаннан кейін, анасының ақталғанын естігенде, ол үлкен қуанышпен үйіне оралады. Алайда, кешігіп қалған еді – анасы әділетсіздіктің құрбаны болып, көз жұмған. Анасының қалдырған заттарын ақтарып отырып, оның қызына деген шексіз сүйіспеншілігін көрген сәтте, Ван Сяохуаның өкініші мен қайғысы шексіз болады. Бұл әңгіме тек Ван Сяохуа тағдырындағы “жараны” ғана емес, бүкіл қытай халқының “Мәдени төңкеріс” кезінде көрген қасіретінің символына айналды.
Бұл кезеңде “Мәдени төңкерістің” салдарын әр қырынан көрсететін басқа да көптеген шығармалар дүниеге келді. Мысалы:
Ван Япиннің «Қасиетті миссия» шығармасы әділетсіз айыпталған адамдарды ақтауға тырысқан әділ тергеушінің оқиғасын баяндайды. Бұл туынды “Мәдени төңкеріс” жылдарында заң жүйесінің күйреуін және жазықсыз адамдардың қуғындалуын әшкерелейді.
“Жаралы әдебиет” шығармалары реалистік бағытта жазылып, “Мәдени төңкерістің” адамдарға әкелген тәндік және рухани азабын шынайы бейнеледі. Олар “Мәдени төңкеріс” кезінде билік жүргізген әдебиеттегі жалған оптимизм мен цензураны жоққа шығарып, қоғамның шынайы тарихын ашуға ұмтылды. Көптеген туындылар жеке адамның тағдырын суреттеу арқылы бүкіл қоғамның трагедиясын бейнеледі, бұл оқырмандар арасында үлкен эмоционалдық резонанс тудырды.
Тілдік және стильдік ерекшеліктеріне келсек, “Жаралы әдебиет” көбінесе қарапайым, шынайы тілмен жазылған. Олардың басты мақсаты — халықтың жан дүниесіне әсер ету болғандықтан, күрделі әдеби тәсілдерден гөрі, эмоцияға толы тікелей баяндау тәсілі қолданылды.
“Жаралы әдебиеттің” қалыптасуы — Қытайдың қазіргі заман әдебиетіндегі тарихи рефлексия мен адамгершілікке оралу жолындағы маңызды кезең болды. Бұл бағыт кейінгі әдеби даму үшін берік негіз қалады. Сонымен қатар, қоғамның тарихи шындықты түсінуіне және өткеннің қателіктерін қайталамауына ықпал етті. “Жаралы әдебиет” тек әдеби бағыт қана емес, бүкіл халықтың санасын оятқан құбылыс болды.
Рефлексиялық әдебиет және «Рух пен тән»
Рефлексиялық әдебиет – «Жаралы әдебиет» негізінде дамыған әдеби ағым, ол 1970 жылдардың соңынан 1980 жылдардың ортасына дейін кеңінен таралды. Бұл әдебиет «Мәдени төңкерісті» айыптап, оның қателіктерін әшкерелеумен ғана шектелмей, Жаңа Қытай құрылған кезден бастап бүкіл тарихи процесті терең талдауға тырысты. Жазушылар қоғамды, тарихты, мәдениетті және адам болмысын жан-жақты зерттеу арқылы тарихи қайғылы оқиғалардың негізгі себептерін іздеуге, қателіктерден сабақ алуға және тарихтың ішкі заңдылықтары мен мәнін ашуға ұмтылды.
Рефлексиялық әдебиет терең философиялық мағынаға, кең тарихи көзқарасқа және жоғары интеллектуалдық ойлауға ие. Бұл бағыттағы шығармалар тарихты қайта қарастыруға, қоғамның дамуын түсінуге жаңа мүмкіндіктер берді. «Рух пен тән», «Фуроң қаласы» сияқты туындылар осы ағымның көрнекті үлгілері болып табылады.
Чжан Сяньлян және оның шығармашылығы
Чжан Сяньлян 1936 жылы Нанкин қаласында жоғары лауазымды шенеуніктің отбасында дүниеге келді. Оның бай мәдени ортасы оған тамаша білім алуға және әдебиетке деген сүйіспеншілігін дамытуға мүмкіндік берді. Алайда, тарихи жағдайлардың әсерінен оның өмір жолы күрт өзгерді.
1950 жылдардың аяғында отбасының әлеуметтік мәртебесі оның тағдырына кері әсерін тигізді. 1960 жылдардың басында «оңшыл» деген айып тағылып, Хэланьшань ауыл шаруашылық лагеріне жер аударылды. Бұл қиын кезең оның өміріндегі ең үлкен сынақ болуымен қатар, оның әдеби шығармашылығына да терең әсер етті.
Ол ауыр еңбек жағдайында өмір сүрген қарапайым халықты терең түсіне бастады. Алайда, Чжан Сяньлян қайғыға берілмей, халықтың шынайы өмірін зерттеп, адамның қиындықтарға төтеп беру қабілетін зерттеуді жалғастырды. Оның шығармалары автобиографиялық сипатқа ие, реализмге негізделген, кейіпкерлердің ішкі жан дүниесін терең суреттеу арқылы адамның рухани күшін көрсетеді.
1992 жылы Чжан Сяньлян Нинся Хуася Батыс киноөнеркәсіп орталығын құрып, оның төрағасы болды. Ол жергілікті мәдени ресурстарды терең зерттеп, әдебиет пен киноны ұштастыру арқылы өңірдің мәдени дамуына айтарлықтай үлес қосты.
«Рух пен тән» романы
«Рух пен тән» – Чжан Сяньлянның ең маңызды шығармаларының бірі, ол ерекше тарихи кезеңдегі кейіпкердің тағдырын баяндайды.
Басты кейіпкер Сюй Линцзюнь Жаңа Қытай құрылғанға дейін әкесі-капиталистің оған мүлде көңіл бөлмеуінен қиын балалық шақты бастан өткереді. 1960 жылдардың басында, әкесінің әлеуметтік мәртебесіне байланысты, «оңшыл» деген жаламен айыпталып, Хэланьшань ауыл шаруашылық лагеріне жер аударылады.
Осы қатал ортада Сюй Линцзюнь қарапайым ауыл қызы Ли Сючжи есімді бойжеткенге үйленеді. Тұрмыстың қиындығы мен әділетсіздікке қарамастан, ол өмірге деген сүйіспеншілігін жоғалтпайды, білімге деген құштарлығын сақтайды. Күнделікті ауыр еңбекте жүріп, жергілікті халықпен шынайы достық орнатып, олардан өмірлік даналықты үйренеді.
Қытайда 1978 жылғы реформалар басталғаннан кейін, Сюй Линцзюньнің өмірі түбегейлі өзгереді. Ол Яньчуань қаласына ауыстырылып, мәдени зерттеулермен айналысады. Өзінің білімін, талантын пайдаланып, жергілікті мәдениетті дамытуға және экономиканы өркендетуге елеулі үлес қосады.
«Рух пен тән» романынан үзінді
«Түн қараңғылығы лагерьді бүркеп тұр. Балшықтан соғылған үйдің ішінде Сюй Линцзюнь мен Ли Сючжи бір-біріне қарама-қарсы отыр. Үстел үстіндегі майшамның әлсіз жарығы олардың қарапайым, бірақ шаршаңқы жүздеріне түсіп тұр.
Ли Сючжи терең күрсініп:
– Линцзюнь, сенің бай әкең қайтып келіпті, сені шетелге алып кеткісі келеді дейді. Сен не ойлап тұрсың? – деп сыбырлады. Оның көздерінде алаңдаушылық пен қимастық, болашаққа деген сенімсіздік ұялап тұрды.
Сюй Линцзюнь оның кедір-бұдырлы қолын ақырын ұстап, берік дауыспен былай деді:
– Сючжи, мен кетпеймін. Мұнда сен барсың, ауылдастарымыз бар – бұл менің үйім. Біз бірге сонша қиындықты еңсердік. Қазір жағдайымыз біртіндеп жақсарып келеді. Мен қалайша бәрін тастап кетемін?
Ли Сючжи көз жасын әрең тоқтатып:
– Мен сені өзіммен бірге азап шеккеніңді қаламаймын. Сен бұдан да жақсы өмір сүре алар едің… – деп күбірледі.
Сюй Линцзюнь оны жұмсақ құшағына алып, жай ғана сыбырлады:
– Сен бар жерде – мен үшін ең жақсы өмір сол. Сыртқы әлем қанша жерден жарқырап тұрса да, бұл кішкентай балшық үйімізден артық емес.
Осы қарапайым, жұпыны баспананың ішінде, олардың махаббаты мен адалдығы қараңғы түндегі шамдай жарқырап, бір-біріне деген сенімдерін нығайта түсті. Қиындыққа қарамастан, адам жанының жылуы мен мейірімі өз жарығын шашты».
«Ол сабан төсеніштің үстінде терезеден түскен ай сәулесіне қарап, ұзақ уақыт бойы әйелінің жүзіне зер салды. Айдың жұмсақ жарығы оның жүзіне ерекше жылулық беріп тұрғандай еді. Оның еріндерінің сәл жоғарылаған бұрыштары жүзінде бақытты күлкінің ізін қалдырғандай көрінді. «Бұл – өмір, бұл – менің отбасым», – деп ойлады ол. Сыртқы әлем қанша әділетсіздік пен азапқа толы болса да, осы кішкентай балшық үйдің ішінде ол шынайы жылулық пен тыныштықты сезінді».
Нұрхалық Абдырақын
Abai.kz